19,9 млрд теңгеге салынатын жаңа Мұз спорт сарайы өңірдегі қысқы спорт инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға мүмкіндік береді


Павлодардың спорттық инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілмек. Облыс орталығында бірден бірнеше қысқы спорт түрін дамытуға мүмкіндік беретін көпфункционалды Мұз спорт сарайының құрылысы басталды. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға 19,9 млрд теңге бөлінді.
Жаңа кешен конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлинг секілді бес олимпиадалық спорт түрін бір орталықта дамытуға мүмкіндік беретін заманауи спорт алаңына айналмақ.
Үкімет Мемлекет басшысының Құрылтайдың бірінші сессиясында қойған міндеттері аясында өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды озық дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді. Соның нақты бір көрінісі – Павлодар қаласындағы жаңа Мұз спорт сарайының құрылысы.
Өңір үшін мұндай кешеннің қажеттілігі бұрыннан сезіліп келеді. Павлодарда қысқы спорт түрлеріне қызығушылық жоғары болғанымен, қолданыстағы инфрақұрылым барлық тұрғынның, спорт секциялары мен кәсіби командалардың сұранысын толық өтеуге жеткіліксіз.
370 мыңнан астам тұрғыны бар Павлодар қаласында қазіргі уақытта 19 хоккей корты жұмыс істейді. Оның бесеуі – жабық. Сонымен қатар қалада мұз сарайы мен мұз аренасы бар. Алайда спортпен айналысушылар қатары көбейген сайын жаттығу уақытына, мұз алаңдарына және жарыс өткізуге қажетті инфрақұрылымға сұраныс та артып келеді.
Сондықтан жаңа кешен қолданыстағы спорт нысандарына түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, қысқы спортпен тұрақты айналысқысы келетін балалар мен жасөспірімдерге жаңа мүмкіндік ашады.
Жаңа Мұз спорт сарайының жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – Олимпиада талаптарына сай келетін 400 метрлік конькимен жүгіру жолының қарастырылуы. Бұл Павлодарда коньки спортын кәсіби деңгейде дамытуға, спортшылардың толыққанды жаттығуына және жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге жағдай жасайды. Сонымен бірге кешенде канадалық және еуропалық форматтағы екі хоккей алаңы болады. Мұндай шешім нысанды түрлі форматтағы оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға бейімдеуге мүмкіндік береді.
Керлинг спортына арналған арнайы жолақтар да қарастырылған. Бұл – Павлодар өңірінде аталған спорт түрін жүйелі түрде дамытуға жол ашатын маңызды қадам. Бұдан бөлек, нысанда 500 көрерменге арналған трибуна, жаттығу залы, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған арнайы бөлмелер салынады. Яғни кешен спортшылардың күнделікті дайындығынан бастап, көрермен қатысатын ресми жарыстарды ұйымдастыруға дейінгі қажеттіліктің бәрін қамтуға бағытталған.
Мұз спорт сарайының ең басты артықшылығы – оның көпфункционалдылығы. Нысан пайдалануға берілген соң мұнда қысқы спорттың бес олимпиадалық түрін – конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлингті дамыту жоспарланып отыр. Бұл балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту үшін де айрықша маңызды.
Жаңа спорт секциялары ашылып, жаттығуға қабылданатын балалардың саны артады. Жас спортшылардың тұрақты әрі сапалы жаттығуына жағдай жасалып, өңірдегі спорт мектептері үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады.
Ең маңыздысы – балаға спорт түрін таңдау мүмкіндігі кеңейеді. Бірі хоккейді таңдаса, екіншісі мәнерлеп сырғанаумен, енді бірі конькимен жүгіру немесе шорт-трекпен айналыса алады. Ал Павлодар үшін салыстырмалы түрде жаңа бағыт саналатын керлингтің де бұқаралық сипат алуына мүмкіндік туады.
Мұндай ірі нысанның маңызын тек кәсіби спорт жетістіктерімен өлшеу жеткіліксіз. Спорт инфрақұрылымы – ең алдымен халықтың өмір сапасына тікелей ықпал ететін әлеуметтік инфрақұрылым. Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды дене шынықтыруға баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қолжетімді әрі заманауи спорт нысандары қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Мұз спорт сарайы кәсіби спортшыларды дайындайтын орталық қана емес, бұқаралық спорттың ауқымын кеңейтуге ықпал ететін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.
Жаңа кешен спорт резервін даярлау ісіне де серпін бере алады. Спортшының жоғары нәтижеге жетуі тек оның қабілеті мен еңбегіне емес, жаттығу жағдайына да тікелей байланысты. Сапалы мұз, қажетті көлемдегі жаттығу уақыты, заманауи залдар мен кәсіби дайындық ортасы жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде Павлодардан республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын жаңа спортшылардың шығуына негіз қалайды.
Көпфункционалды кешеннің тағы бір маңызды қыры – Павлодарда түрлі деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыру мүмкіндігінің кеңеюі. Тиісті инфрақұрылымның болуы қаланың өңірлік және республикалық турнирлерді, оқу-жаттығу жиындарын қабылдау әлеуетін арттырады. Мұндай жарыстар спорттық өмірді жандандырып қана қоймай, Павлодардың басқа өңірлермен спорттық байланысын нығайтуға ықпал етеді.
Ірі спорттық іс-шаралар қала экономикасына да жанама әсер етеді. Жарыстарға басқа өңірлерден спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер мен жанкүйерлер келеді. Бұл қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және қызмет көрсету салаларына қосымша сұраныс қалыптастырады.
Осылайша спорт нысанының тиімділігі тек медаль немесе жарыс көрсеткіштерімен шектелмейді. Оның әлеуметтік және экономикалық ықпалы әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыру басталды. Жоспар бойынша көпфункционалды Мұз спорт сарайы 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуі тиіс. Алда құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы маңызды. Өйткені 19,9 млрд теңге бөлінген мұндай ірі жоба – ең алдымен халыққа қызмет етуге тиіс әлеуметтік инвестиция. Оның нақты нәтижесі ғимараттың көлемімен ғана емес, кейін қанша баланың спортпен шұғылданатынымен, қанша жаңа секция ашылатынымен, нысанның қаншалықты тиімді пайдаланылатынымен өлшенбек.
Павлодар – өндірісі дамыған ірі өңірлік орталық. Ендігі міндеттердің бірі – қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын да оның экономикалық әлеуетіне сай дамыту. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Мұз спорт сарайының салынуы Павлодардың спорттық келбетін айтарлықтай өзгерте алатын жоба деуге негіз бар. Бір нысанда бес олимпиадалық спорт түрінің тоғысуы – балаларға жаңа таңдау, жас спортшыларға жаңа мүмкіндік, кәсіби спортқа жаңа база, ал қала тұрғындарына заманауи спорттық орта деген сөз.
Ең бастысы, жаңа сарай тек әсем ғимарат болып қалмай, мұз үстінде алғашқы қадамын жасаған баладан бастап, үлкен спортты мақсат еткен кәсіби спортшыға дейін мүмкіндік беретін шынайы спорт ордасына айналуы тиіс. Сонда 2027 жылдың желтоқсанында Павлодарда тағы бір нысанның есігі айқара ашылуымен бірге өңірдегі қысқы спортты дамытудың жаңа кезеңі басталады.

Асыл ӘБІШЕВ. 

Добавить комментарий