(Қоңырдың қоңыр әуезі)
Әлбетте, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы, редактор, көсемсөзші, қоғам қайраткері, баспагер Сайын Мұратбеков секілді лирикалық, романтикалық сарында жазатын бірегей, біртуар қаламгерлерді ұлттық шеңберде ғана тұсап ұстау қателік, білеміз. Біздің айтпағымыз ‒ жақсы дүние, өтімді-өнімді шығарма, әуелі, өз отанында, өз топырағында туып, талқыланып, оқылуға тиіс. Өйткені, автор өзі өмір сүрген қоғам, өзі көрген-араласқан адамдар, өзінің өн бойынан өткізген оқиғалар, өз жанына батқан жағдаяттар турасында жазады, сөз етеді. Сонан соң ғана ол адамзатқа ортақ игілікке, мұраға айналады, көкірегі ‒ ояу, көзі ‒ ашық, сергек оқырман ұқсастықтарды іздестіре бастайды, солайша кейіпкерге деген эмпатия, көркем шығармаға деген сүйіспеншілік, авторға деген құрмет пайда болады.
Адам болсын, жан-жануар болсын, қыл аяғы ағаш екеш ағаштың өзі туған жеріне тартып жаратылады. Оның самал желі де, қапырығы да, үрме қары да, үйме қары да, қасат қары да, қырбық қары да, суы да, жаңбыры да ‒ ем, тау-тас, тал-терек, аң-құсына шейін кісіге ерік-жігер, күш-қуат берері даусыз. Сайын Мұратбеков ‒ Қоңырдың тумасы, Жетісу топырағынан. Бұл ‒ талай тарлан, небір мықты өніп-өскен киелі де құнарлы өңір. Мұның ауыл мұғалімінен бастап, Алашқа ортақ классик жазушыға дейінгі «жорығы» ‒ ол да бір ғажап әдеби шежіре. Осы ретте, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай бүй дейді: «Кішіпейілдене қалғанда – даналығы қайсы, балалығы қайсы, кірпияздана қалғанда – әкімдігі қайсы, ағалығы қайсы екені аңғарылмай, аң-таң қалдыратын. Өзі балалықтың қызығына мейірі қанбай жетілгендіктен шығар, балаларды бар қуанышымен бауырына тартатын да, көз қиығын тез қадап жіберіп, болмысын жазбай танитын. Танитын да бір сөзбен қабақ танытатын. Сол түйгеніне орай еркелететін, не сырттатып жіберетін. Сырт түсінен бауырмалдығы байқалмаса да, ішін жылытып қарағанын көзінен аңғару қиын да емес болатын. Керісінше, баланың аты – бала емес пе, артық-кемін жасыруға әлі түйсінбеген шикіөкпенің басынан сипай салатын жерде, байқамағансып теріс қарап кеткен кезін де шалып қалдым. Шалқалағанға – шалқақ, асқақтағанға – асқақ қарайтын қайыңның безіндей қатаң (қатал емес) Сайын, керісінше: жасқаншақ – батыл, жасыған – өжет, жаралы – дауалы, қайғырған – қайсар болса екен деп тілейтін және ол адамды бұрын танысын-танымасын, аралассын-араласпасын, оған қарамай сол адамның мұқтаждығымен бірге өзі де еріп кететін, өзгенің де сол адамға демеу болғанын қалайтын». Жазу ‒ жанның айнасы. Ішкі дүниең таза болмаса, қанша қиластырсаң да бір жері олқы соғатынын айтпаса да белгілі-ау. Тазалық, адалдық жөнінде айту бір басқа, ал сол нәрсе көркем туындыда көл бетінде ойнаған сәуледей алдарқатып, тамсандырып, тереңіне тартып тұрса, бұл ‒ деңгей, бұл ‒ мойындату.
Кей-кейде, осы Сайынның стилі қазақтан кімге ұқсайды деп ой жіберетініміз бар. Арғыны андыздайсың, бергіні шоласың, ұқсата алмайсың. Сайын ‒ дара, болмысы бөлек, ешкімге ұқсамайтын қаламгер… деген тоқтамға келесің. Оның әңгіме-повестерінде Қоңырдың қоңыр әуезі, табиғаты, табиғилығы бар. Мінезі де сондай сом: жайма-шуақ, бұйығы, сырбаз, адамгершіл, адал, сыпайы, сабырлы, салмақты, пәтуалы… Баз бір жан ұқсап мұратына алып та, шалып та, пәрім секілді бүріп те, жыртқыш сияқты жұлып та жеткісі жоқ, оған салса, бәрі мәдениетті, рет-ретімен, жүйе-жүйемен, орны-орнымен, жөн-жөнімен болғаны абзал. Сайын сөз өнерінде де осы жолдан, осы дәстүрден еш айныған емес. Бейімбетшілесек, Қоңыр десе, Қоңыр, Сайын десе, Сайын еді-у…
Бейімбет деген есім аузымызға бекер түскен жоқ. Бейімбет те, Жүсіпбек те, Мағжан да, Тобық та ‒ қазақ кәсіби прозасындағы психологизм бастауында тұрған тұлпар-тұлғалар. Әсіресе, Бейімбет ‒ қазақ жазушыларының ұстазы. Бұларға тән қадау-қадау қасиеттер: мөлдіретіп, төгілтіп-төкпелетіп жазу, кейіпкер ұңғыл-шұңғылын ақтарып-төңкеру, қысқа әрі нақты кестелеу және тағы бір атап айтарлық дүние ‒ поэтизмнің күштілігі. Қазақта поэтикалық проза я прозадағы поэзия үлгісінде қалам тербеген тегеуреді топ аз ба? Ғабит Мүсірепов, Тәкен Әлімқұлов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбайұлы, Асқар Сүлейменов, Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов, Таласбек Әсемқұлов, Тұрсынжан Шапай, т.б. «Нағыз прозада әрдайым поэзияның да элементтері болады…» деп топшылаған Константин Паустовскиймен келісесің, әрине. Бұған мысал автордың ‒ «Алтын раушангүл» повесі. Мұның сыртында, Джованни Боккаччо, Франсуа Рабле, Эрнест Теодор Амадей Гофман, Стендаль (Мари-Анри Бейль), Виктор Гюго, Николай Гоголь, Иван Тургенев, Гюстав Флобер, Эмиль Золя, Оскар Уайльд, Лев Толстой, Антон Чехов, Ромен Роллан, Андре Жид, Иван Бунин, Уильям Сомерсет Моэм, Генрих Манн, Томас Манн, Герман Гессе, Марсель Пруст, Джеймс Джойс, Олдос Хаксли, Владимир Набоков, Андрей Платонов, Хорхе Луис Борхес, Джон Стейнбек, Джордж Оруэлл, Хулио Кортасар, Станислав Лем, Дзюнъитиро Танидзаки, Джек Керуак, Габриэль Гарсия Маркес, Филип Рот, Кэндзабуро Оэ, т.б. жазушылардың шығармаларындағы поэтикалық қуат, лиризм және нәзіктік бірден көзге түсері сөзсіз. Себебі, бұлар ‒ прозадағы ақындар еді…
Тегінде, эпизмды тек қана романмен, оның ішінде дилогия, трилогия, тетралогия, роман-эпопеямен ғана айшықтауға болады деген біржақты түсінік бар сықылды. Біздіңше, эпикалық тыныс көлемде, ішекше шұбалған парақтар санында емес, ішкі мазмұнында, нәрінде, сөлінде, көп нәрсені, ауқымды ойды аз сөзбен сығымдап беруде. Сондай бір жазушылардың бірі – Сайын Мұратбеков. Оның алғашқы дебюті – «Менің қарындасымнан» бастап, «Күсен-Күсеке», «Көкорай», «Отау үй», «Басында Үшқараның», «Жабайы алма», «Қылау», «Кәментоғай», «Дос іздеп жүрмін», «Қалың қар», т.с.с. туындыларында адам эмоциясының контрастылы-полифониялық сипаты, аристотельдік «катарсис», поэтикалық леп, ең маңыздысы оқырманды тартатын бір қарапайымдылық бар.
«Алтын доптың» үш дүркін иегері, ұлы нидерланд футболшысы ‒ Йохан Кройфтың әйгілі қанатты сөзін парафразаласақ (парафразис), қарапайым жазу ‒ оңай, ал оңай жазу ‒ өте қиын. Алпысыншы жылғылардың басты жемісі – қазақ жазба әдебиетін жаңа биікке көтеріп, сапалық жағынан күшейте түскендігі. Яғни, оқырман іздеп оқитын, оның эстетикалық сұранысын қанағаттандыра алатын әдеби-мәдени ареал қалыптастырды. Бұнымен қатар жанр, стиль, техника жағынан, сюжеттік-мазмұндық, интеллектуалдық, философиялық тұрғыдан да байытқаны сөзсіз. Классик жазушы, ойшыл, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы былай деген еді: «Табиғаты әсем өлкеде туған суреткер көзін аша сала көрген әлемді сөзбен тіркеуге тырысты. Миуалы дүниенің мәуесін мәпелеп тірлік кешкен бағбан ортаның биязы да бипаз құлығын сол қалпында сөзбен жеткізуге ұмтылды. Шалғынның сусылы мен бұлақтың сылдырын тыңдап өскен нәзік сезім тіршілікті пәк қалпында түйсініп, түсініп, өзгелерді де сұлулыққа еліктіре біледі. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ сөз өнері жәрмеңкесінің бір төрінде – Жетісу бағынан жаңа үзіп әкелген бір себет миуадай жұпар аңқып бір үйір кітаптар тұрар. Ол – Сайын Мұратбековтің әңгімелері мен хикаяттары. Дер кезінде жұлынған жемістердей шырыны да сүйкімін таныта алатындай сындарлы туындылар». Белі қайысқан сөрелердің, бірін-бірі итере орныққан авторлар арасында Сайынның да тұруы ‒ заңдылық, әділеттілік. Иә, Уақыт ‒ қатал сыншы. Сүзгіден өткендер ‒ әлі де бізбен бірге, ал басқасы матростардың тілімен айтқанда «борт сыртында» қалды. Том-том кітаптарды топырлатып, бәріне тегіс «таңдамалы» деп таңба басқандардың ішінен тарихта таңдаулы жазбасы қалмаған жазушыларды да көз көрді. «Атың шықпаса ‒ жер өрте» дегендей, Геростраттың әрекетін қайталаудың қажеті жоқ. Ал, Сайынның жөні бөлек. Жазушы Тахауи Ахтанов осылайша ағынан жарылады, ақтарылады: «Бізде шағын жанр – әңгімені жаңа форма, тың тақырыппен байыта отырып, оны жоғары деңгейге көтерудің ізгі нышандары байқалуда. Оған жас жазушы Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесін мысалға келтіруге болады. Оймақтай нәрседен ой түйіндеуге тырысқан бұл шығармада мөлдірлік, табиғилық, сыршыл лиризм мен адам жанына барлау жасаған психологизм ұшқындары бар».
Уақыттың әдебиетке өзіндік көзқарасы, өзіндік пікірі, өзіндік талап-тілегі бар. XX ғасыр қилы-қилы оқиғаларға бай болды. Алайда, адамзат жадысы оның ең мәндісін ғана жаттап қалды. Ғылыми техникалық революция, мәдени төңкеріс, Дүниежүзілік соғыс, геноцид, репрессия, тәуелсіздік пен ірі-ірі қақтығыстар фонында Әдебиет құндылық деңгейіне жетті. Солайша ол өз функциясын толықтай атқара келе, жаны жаралыға – «ем-бальзам», шөл далада жүріп, қатты қаталағанға – «су», түнектен жол таппағанға – шамшырақ, тірексізге – «тірек» болды. XX ғасыр – әдебиет ғасырына айналды. Өткенге көз жүгірткенде қазақ әдебиеті, оның ішінде, алпысыншы жылғы әдебиет те homo sapiens ой-санасының дамуына өзіндік үлесін қосқанын түсінесіз. Батыс еңсені езген саяси, рухани, экономикалық дағдарыс, адамның Кафка «жәндігіне» айналып, Грегор Замза секілді мәнсіз тіршілік кешуі, құндылықтардың алмасуы, Камюдың Мерсосындай оқшауланып, қоғамды жатсынуы секілді күрделі тақырыпты қаузап жатқанда, қазақ жазушысы ауыл адамы арқылы ұлттың жан дүниесіне үңілуді құп көрген-ді. Сұрапыл жылдардың сұмдығын беру туындыгерлер үшін оңай жұмыс болмады. Бір дүниені қайта оқығанда не қуанасың, жаңа бір нәрсе ашасың, не мұңаясың. Әдебиетті, өнерді терең түсінбейтіндер әр жаңашыл сипаттағы шығарманы «Прокруст төсегіне» «жатқызғысы» кеп тұрады. Бұл ‒ көрсоқырлық па, данышпандық па, әлде әулиелік пе? Яғни, цензордың талғамына да көп дүние байланысты дегіміз келеді. Адам психологиясындағы ауытқушылықты, формация алып келген формалық өзгешелік пен оның тіршілік иесі ретіндегі еркіндігін, рух бостандығын, жан жарасын өз шығармасында қарымды қаламгер ескермесе, Жүйе мен әлеуметке мұның келіп-кетері аздау сияқты. Одан бұрын «ғылыми коммунизм» идеологтері әдебиетті басқару аппаратының бір тетігіне балады. Алпысыншы жылдың соңы, жетпісінші жылдың басындағы жазушылар мораль – ар-ұят, ождан тақырыбына ерекше ден қойып, дидактикалық сарыннан арылды. Бұл ретте, кезеңдік емес, келешек оқырманға бағытталған шығармалар жазуды Сайын ерте түсінгендей, қатарынан бұрын қамданғандай. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртазаның мына ойы ойландырды: «Зергер сөздің шебері жазушы Сайын Мұратбеков, өмірдің болмысын шынайы бейнелейтін таңғы шықтай мөлдір шығармалары арқылы оқырмандардың жан-жүрегін баурап, ықылас-құрметіне бөленген сирек дарын иесі. Сайын біздің – ұлттық құндылығымыз оның шығармасының ғұмыры ұзақ. Бүгін болмаса ертең, ұлтына қарамай-ақ өз оқырманымен ажырамастай табысатыны кәміл».
Атакама шөлінде, міне, төрт ғасыр бойы мардымды жаңбыр жаумапты. Сол секілді қарақты көз де жақсы, сапалы көркем шығармаға сусайды, іздейді. Жаратушы құпиясына бойлап, шырылдап шындық іздеуге бейімбіз. Десек те, Алланың басты құпиясы ‒ адам. Адамды ашқаның ‒ өзіңді ашқаның, өзіңді ашқаның ‒ оны өнерге айналдырғаның, өмір хақиқатын өнер тіліне көшіргенің. Әдебиеттің де біз сүйетін қыры осы емес пе?! Құм арасында ирелең-ирелең етіп қашқан сұржыланша көз арбайтын кезеңнің қалдық-қалбырын «өлшемнің өлшемі» деп ұққандардың өзі де қазір оқырман қажетіне жарамай қалды. «Түйенің танитыны ‒ жапырақ» дейтін шолақ пайым парасатты ортаның ұстанымына сәйкес келмесе керек. Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалихан Ысқақ Сайын туралы асқан махаббатпен, үлкен жүрекпен айтады, сағына жазады: «Алыста қалған балалық шағым… Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, есі қалмай далбақтап жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын», ‒ деген жалынышты үнін естимін» деп басталушы еді, бала кезімде оқыған «Жусан иісі» деген повесть. Авторы – Сайын Мұратбеков. Шығарманы оқи отырып, күрсінбеген, көзіне жас алмаған оқырман кемде-кем-ау. Шағын жанрдың шебері атанған жазушы Сайын Мұратбековтiң мықтылығы да сол, оқырманын самарқау қалдырмайтын. Бірге жетелейді, күрсіндіреді, күйіндіреді, қуандырады. Сонау қолға кітап алып, оқи бастаған шақта-ақ. Анау «Жабайы алма», «Басында Үшқараның», «Жусан иісі», «Менің қарындасым», тағы да басқа туындыларын бас алмай қайталап оқи беруші едім. Бөлек дүние-тұғын. Кейіннен КазГУ-дің журфагіне түскен соң бірнеше мәрте жазғандарымды Жазушылар одағына апарып жүріп, Сайын ағаны сұрастырғанмын. Ойым ‒ жақын танысу еді. Үлкен жазушыны көргім келген. Тіпті, шығармаларындағы кейіпкерлер өмірде бар адамдар ма, жоқ, қиялдан туған жандар ма, соны да білгім келген. Бірақ, ол кісімен кездесе алмадым…». Бір нәрсе ‒ даусыз. Сайын жанды ғып жазады: тірі суреттер, тірі адамдар, оқырман жатырқамайтын оқиғалар легі… Автордың «Кәментоғайында» кейіпкерлердің тағдыры, мұң-наласы, күйініш-сүйініші дөп һәм табиғи берілген-ді:
«Бетін басып ұялған Әйкен тасыраңдай жүгіріп сыртқа шығып кетті. Кәмен болса:
‒ Ұрыспасаңшы балаға, ‒ деп қойды әйеліне.
‒ Қойшы әрі! Еркелеткеннің жөні деп, о не? Қыз дегенге бір ауық қаталдау болсаңшы деп қанша айттым, ‒ деген әйелі бұрқылдай түсіп.
‒ Пәлі, шіркін сөзіңе болайын. Өзі қыз болмағандай сөйлеуін, ‒ деп Кәмен де беріскен жоқ. – Қыз бала деген ата-ананың аз күндегі қонағы емес пе, қайта ұлдан гөрі соларды еркелеткен жөн.
‒ Ие, со бойжеткенше мойныңа мінгізіп жүр.
‒ Бойжеткені несі, ей!.. Әлі бала емес пе. Осы сен, қатын, соңғы кездерде балаларға тым қатал боп барасың-ау, ә!
Менің көзімше дауласқысы келмеді ме, кім білсін, әйелі күңкілдей сөйлеп, тысқа шығып кетті. Кәмен басын шайқай күліп қойды.
‒ Біз де кейде өстіп шекісіп қаламыз, ‒ деді ақтала сөйлеп».
Василий Шукшин әңгіме-повестерінен орыс қоғамын, бейқам, таза, аңғал деревня адамдарының мінез-болмысын, бітімін көрсек, Сайынды оқығанда да дәл солай, бірақ сол замандағы қазақтың рухани-психологиялық картинасын, жан әлеміндегі күйзелісін, арман-аңсарын, мақсат-мұратын айнымай танисыз. Бұны шеберлік дейміз. Бәрі Сайын секілді жазуды армандайды. Дегенмен, бұлай істеу оңай шаруа емес. Мәриям Мұратбеккелінінің естелігінде жазушы лабораториясы жан-жақты ашылған, жақсы-жайдары берілген: «Сайын көбіне түнде жазатын. Күзде қарлы жауын жауады ғой. Әсіресе сол кезді қатты жақсы көретін. Ондай уақыттарда жұмыстан келе сала жазуға отыратын. «Алғашқы қар», «Қысқы кеш», «Ананың арманы», «Отау үй» әңгімелерін, «Қыран құс көк жүзін шарлап кетті» атты очерк-диплом жұмысын сол әуежай маңындағы үйде тұрғанымызда жазды. Төрт-бес жылдан кейін қаладан пәтер берілді де, сонда көштік. Ол үйде «Көкорай», «Күсен-Күсеке», «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Басында Үшқараның» сынды шығармалары дүниеге келді. «Жусан иісін» жазып біткен соң ол керемет көңіл күйде жүрді. Сірә, оқырман қауымға, балаларға ұнайтынын сезген шығар». Сайын Мұратбеков Күсен, Мәржәпия, диірменші Қанатай, Гришка, Ұзақ, Тана, Рабиға, Дәнеш, Қайрақ, қарт шопан Бекен, Үрміз ақсақал, Зағипа, Сатай, неміс Отто, Райгүл, Кәмен, Сәулетай, Шынар, Бисұлтан, Рысжан, Ұлтуған, Ырысбек, Қанат, Әсет, Әжібек, Зейнеп шешей, Аян, Жеңіс, Мұхтар Әуезов, Әбдібай, т.б. көркем бейнелерді дәл, нақты, шынайы ғып бедерлеген-ді. Бұл кейіпкерлер қазақ әдебиетінің галереясына еніп кеткелі қашан. Ал, автор «Таңғы шық», «Райгүл», «Ана арманы», «Қылау», «Үскірік», «Күзгі бұралаң жол», «Біреу», «Бекеңнің құбылысы», «Ұлтуған», «Қыран құс көк жүзін шарлап кетті» әңгімелері арқылы Ихара Сайкаку, О’Генри, Стефан Цвейг, Ги де Мопассан, Андре Моруа, Фазиль Искандер, Анна Гавальда секілді әлемге әйгілі қаламгерлерден бірде-бір кем емес екендігін дәлелдеді, қысқа, мазмұнды, мәнді, құрылымды және тартымды етіп жазудың үлгісін танытты. Мәселен, «Қылау» әңгімесіндегі автордың жанды, қозғалысқа, динамикаға негізделген көркем көрінісіне назар аударыңызшы, тұнған сүгірет, сүйкімді этюд, өмір этюды: «Сатай көзін сығырайтты. Үйдің іші әлі қараңғы екен. Терезеден бұлыңғыр ғана жарық түсіп тұр. Түн ортасынан жаңа ғана ауған мезгіл сияқты. Нағыз тәтті ұйқының шағы да. Бүкіл тұла бойы маужырап ұйып, дәл осы күйде талықсып ұйықтап жата бергісі келеді. Бірақ, ендігі жерде әкесі ұйқы береді дейсің бе? Әнеки, шақырған тауықтай бас жақтан тағы қылқылдай бастады.
‒ Сатай-ау, таң атты ғой, тұрсаңшы енді, ‒ дейді».
Кітаптың соңғы парағын аударғанда, одан Қоңырдың қоңыр желі есіп, Қоңырдың қоңыр әуезі естілгендей болды…

Әлібек БАЙБОЛ,
жазушы-драматург,
әдебиеттанушы-ғалым,
алаштанушы, PhD
Фотосуреттер “Википедия” эл.энциклопедиясынан алынды.
