Елдің ертеңгі қуаты ең алдымен бүгінгі мектептен басталады. Жаңа өндіріс орындарын ашу, экономиканы әртараптандыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту қаншалықты маңызды болса, сол игіліктерді игеретін білімді, білікті ұрпақ қалыптастыру одан кем емес міндет. Сондықтан Қазақстанда соңғы жылдары мектеп инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында бұл бағытта ауқымды әрі жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылдың өзінде елімізде 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп пайдалануға берілген. Бір қарағанда бұл – статистикалық көрсеткішті көз алдымызға әкеледі. Десек те, мұның ар жағында жаңа мектеп табалдырығын аттаған жүз мыңдаған бала, қолайлы ортада білім алуға мүмкіндік алған мыңдаған отбасы, жаңа тыныс алған ауылдар мен шағын қалалар тұр.

Ресми орган таратқан дерекке сүйенер болсақ, нақ осындай ауқымды құрылыстың нәтижесінде еліміздегі үш ауысымды мектептер саны мен оқушы орындарының тапшылығы төрт есе, ал апатты мектептер саны екі есе қысқарыпты. Демек, мектеп салу науқаны жекелеген ғимараттарды көбейтумен шектелмей, жылдар бойы қордаланған әлеуметтік мәселені кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беріп отыр.


«Келешек мектептері» – бірегей жоба

Білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудағы негізгі бастамалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Бүгінге дейін осынау бірегей жобаның аясында еліміз бойынша 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Ұлттық жобаның бір ерекшелігі – мектептердің саны ғана емес, олардың сапалық тұрғыдан жаңа үлгіде салынуына жіті маңыз берілуі. «Келешек мектептерінде» бүгінгі заманның білім мен тәрбие беру процесіне қажетітінің барлығы дерлік бар. STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, коворкинг алаңдары, хореография және спорт залдары және тағы да басқа игіліктер жан-жақты қарастырылған. Осы бағдарлама арқылы пайдалануға берілген ғимараттарда бастауыш және жоғары сынып оқушылары дербес блоктарда білім алады. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылған.
Бір сөзбен айтқанда, қазіргі мектеп тек сабақ өтетін ғимарат емес. Ол – баланың білім алып, ғылымға қызығып, технологияны игеріп, шығармашылық және спорттық қабілетін қатар дамытатын заманауи кеңістікке айналуы тиіс. Ұлттық жобаның басты маңызы да осында және осы мақсатқа сай өміршең етілуде.
Әсіресе мұндай мектептердің ауылдық жерлерде ашылуы қала мен ауыл балалары арасындағы білім алу мүмкіндіктерінің алшақтығын азайтуға ықпал етері даусыз. Баланың қай жерде туғаны немесе тұрғаны оның сапалы білім алу мүмкіндігін шектемеуге тиіс.

Қайтарылған активтер – балалар игілігіне

Соңғы жылдары білім инфрақұрылымын қаржыландырудың тағы бір маңызды тетігі қалыптасты. Мемлекетке қайтарылған активтердің бір бөлігі әлеуметтік нысандар салуға, соның ішінде мектеп инфрақұрылымын дамытуға бағытталуда. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы және жіті бақылауындағы мәселе.
Статистикалық мәліметтерге ден қойсақ, 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Қазірге дейін оның 83-і толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Ал қалған жеті нысанды жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Бұл – мемлекетке қайтарылған қаражаттың қоғамға нақты пайда әкелуінің айқын көрінісі. Қайтарылған активтің мектепке, ал мектептің баланың білімі мен болашағына айналуы – әлеуметтік әділеттілік қағидатының нақты нәтижесі.

Қолданыстағыны жаңарту мен ұқсату да маңызды 

Әрине, білім беру саласындағы өзгеріс тек жаңа мектептердің құрылысымен өлшенбейтіні белгілі. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған білім ошақтарының жағдайын жақсарту, заманауи қалыпта қайта түлету де айрықша маңызға ие. Осы бағытта соңғы бес жылда елімізде 5026 мектеп қайта жаңғыртылып, 4,5 мыңға жуық мектеп 7009 заманауи пән кабинетімен жабдықталыпты.
Құзырлы орган өкілдері бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады деп отыр. Алдағы үш жылда тағы 1300 мектепті реновациялау, яғни қайта түлету һәм жаңарту жоспарланған екен. Айта кетелік, оның 820-сы ауылдық жерлерде орналасқан.
Реновация, яғни қолда барды қайта жаңғырту жұмыстары тек ғимараттың қабырғасын сырлап, шатырын жөндеумен шектелу деп ойлап қалмасақ керек. Бұл жоба мектептерді күрделі жөндеуді, заманауи пән кабинеттерімен қамтамасыз етуді, кітапханалар мен асханаларды жаңартуды, спорт залдарын жақсартуды, аумақты абаттандыруды және қауіпсіздік жүйелерін күшейтуді, жаңа технологиялармен жарақтандыруды қамтиды. Бір сөзбен айтқанда, осы бағдарлама арқылы жөндеуден өткен білім ғимараты толыққанды жаңа келбет пен мазмұнға, технологиялық мүмкіндіктері жағынан жаңаша сипатқа ие болады.
Міне, осылайша елімізде жаңа мектеп ғимараттарын салу мен бұрынғы білім ошақтарын жаңғырту біртұтас мемлекеттік саясатқа ұласып, өз нәтижесін беріп отыр. Болашақты болжау, алдағыны жіті жоспарлау, мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалану деген осы болса керек.


2026 жылы тағы 101 мектеп

Мемлекеттің алдағы кезеңдерге меже еткен стратегиялық жоба-жоспарларына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыс еш тоқтамайды һәм бәсеңсімейді де. Биылдың өзінде 60 мыңға жуық оқушы орнына арналған тағы 101 мектеп салу жоспарланған-тұғын. Негізгі мақсат айқын: оқушы орындарының тапшылығын жүйелі түрде шешу, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін барынша азайту, қала мен ауылдағы балаларға бірдей заманауи білім алу жағдайын қалыптастыру.
Бес жылдың ішінде мыңнан астам мектеп салу – тәуелсіз Қазақстанның білім инфрақұрылымын дамыту тарихындағы ауқымды жұмыстардың бірі. Оның экономикалық мәні де зор. Өйткені жаңа мектеп – құрылысқа салынған қаржы ғана емес. Мұның сыртында жаңа жұмыс орындары, жаңа инфрақұрылым, өңірлердің дамуы және ең бастысы, адами капиталға салынған ұзақ мерзімді инвестиция жатыр.
Бүгін мектепке жұмсалған қаражаттың нақты қайтарымы ертең инженер, дәрігер, мұғалім, ғалым, ІТ-маман, кәсіпкер болып қалыптасқан жаңа буынның еңбегі арқылы айқын көрінетіні сөзсіз.

Жаңа мектепке – жаңа технология

Дүниежүзінде аз уақытта жүзедеген мектеп ғимаратын тұрғызып жатқан ел жоқтың-қасы. Қазақстан осы бағытта қамшы салдырмай, болашақтың іргетасын әбден қалыптастыруда. Әлбетте, мұндағы басты міндет тек жаңа ғимараттар тұрғызумен шектелмейді. Заманауи мектептің мазмұны да заман талабына сай болуы қажет екені мәлім. Қазір білім беру саласын цифрландыру, оқу үдерісіне заманауи технологияларды енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бағытындағы жұмыс белсенді жүргізілуде. Жасанды интеллект мұғалімді алмастыру үшін емес, оның мүмкіндігін кеңейтіп, оқушының білім алуына жаңа құралдар ұсыну үшін қызмет етуге тиіс дегенді үнемі айтып та, жазып та келеміз.
Бүгінгі бала ақпаратты жаттап қана қоймай, оны сараптай білуі, дерекпен жұмыс істеуі, цифрлық сауатты болуы, технологияны тұтынушы деңгейінде ғана емес, оны жасаушы деңгейінде меңгеруі қажет. Сондықтан STEM, робототехника, бағдарламалау, инженерия, математика және жаратылыстану бағыттарына басымдық беру – уақыт талабы.
Жаңа мектептердегі зертханалар мен технологиялық кабинеттердің маңызы осы тұста арта түседі. Олар баланың ғылымға деген қызығушылығын мектеп қабырғасынан бастап оятуға мүмкіндік береді.

Келешектің кілті – білімді ұрпақта 

Уақыт алға басқан сайын әлемде білім, ғылым және технология бәсекесі өрістеп келеді. Табиғи байлық белгілі бір кезеңде экономиканың тірегі болуы мүмкін. Ал мемлекеттің ұзақ мерзімді қуатын қалыптастыратын негізгі капитал – білімді адам. Сондықтан жаңа мектептердің салынуын қарапайым құрылыс статистикасы ретінде бағалау жеткіліксіз. 1120 мектеп – миллионнан астам жаңа мүмкіндік. Нәтижесі сол – жүздеген мың баланың жақсы жағдайда білім алуына жасалған қадам, мыңдаған ұстаздың еңбек ету ортасының жаңаруы, көптеген елді мекеннің әлеуметтік келбетінің өзгеруі.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың түпкі мақсаты да осыған саяды: білімді, ойы еркін, технологияны меңгерген, ғылымға ұмтылған, ел дамуына жаңа игіліктер әкеле алатын ұрпақ қалыптастыру.
Мектеп салу – ғимарат тұрғызу ғана емес, сонымен бірге болашақтың жарқын жолын салу. Ал білімге, ғылымға және жаңа технологияға бағытталған әрбір инвестиция – Қазақстанның ертеңгі экономикалық қуатына, интеллектуалдық әлеуетіне және әлемдік бәсекедегі орнына салынған инвестиция.
Мемлекет  білімді ұрпақ тәрбиелеп, жас буынды ғылым мен технология соқпағына бағыттауды өзінің ұзақ мерзімді стратегиялық мұраты ретінде қарастырып отырғаны сондықтан. Қазақстанның келешектегі биігін бүгін “Келешек мектептерінде” білім алып жатқан балалар айқындайды.

Асыл ӘБІШЕВ. 

Добавить комментарий