
Соңғы кезде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әйгілі «Шәкірт ойы» өлеңінің алғашқы шумағын:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?! – деп оқу жиі кездеседі.
Бұл нұсқа әлеуметтік желіде ғана емес, ақын шығармаларының бірқатар кітаптық басылымдарында да бар. Алайда өзге жинақтарда үшінші тармақ «Қараңғылықтың кегіне» деп беріледі.
Бір ғана «е» мен «ө». Бірақ екі сөздің мағынасы екі басқа. Ақын қараңғылықтың көгіне Күн болуды айтты ма, әлде қараңғылықтың кегіне Күн болуды мұрат етті ме?
Жуырда Facebook қолданушысы Ғалым Қасымхан осы мәселеге назар аударып, «Шәкірт ойының» ақынның көзі тірісінде жарияланған нұсқасын көрсетті (https://www.facebook.com/share/p/1D53xNT9FK/). Өлең «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 9 қарашадағы №19 санында араб графикасымен басылған. Газет фотокөшірмесіндегі даулы тармақ «Қараңғылықтың кегіне» деп оқылады.
Бұл – маңызды дерек. Мәтінтануда қай сөздің бүгінгі оқырманға көркемірек естілетіні емес, алдымен шығарманың ерте нұсқалары мен автор өмір сүрген тұстағы жарияланымдары ескеріледі. Сұлтанмахмұт 1920 жылы дүниеден өткенін ескерсек, 1917 жылғы газет мәтінінің салмағы айрықша.
«КЕГІНЕ» – КЕЙІНГІ ТҮЗЕТУ МЕ?
«Кегіне» сөзін кейінгі редакторлардың түзетуі деп қарауға негіз жоқ. Бұл оқылым Сұлтанмахмұт шығармаларын жариялаудың бұрынғы дәстүрінде де сақталған.
Мәселен, 1957 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан «Таңдамалы шығармаларды» Бейсембай Кенжебаев баспаға әзірлеген. Жинақтағы «Шәкірт ойында»:
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам? – деп берілген.
Бейсембай Кенжебаев Сұлтанмахмұт мұрасын жүйелі зерттеп, шығармаларын жинап, жариялауға үлкен еңбек сіңірген ғалымдардың бірі. Сондықтан бұл басылымдағы оқылымның текстологиялық мәні бар.
«Кегіне» нұсқасы 1958 жылғы «Мағнасыз мешіт» жинағында және 1967 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан шығармалар жинағында да сақталған.
Бұл дәстүр тәуелсіздік кезеңінде де жалғасты. 2002 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан жинақта, сөз басы ретінде академик Серік Қирабаевтың «Ақын тағдыры» атты зерттеуі берілген басылымда да «кегіне» нұсқасы тұр.
Сол сияқты Есенбай Дүйсенбайұлы құрастырған, 2007 жылы «Раритет» баспасынан шыққан жинақта да осы оқылым сақталған.
Демек, «кегіне» – бір ғана ерте басылымға тән емес, әр кезеңдегі бірнеше жинақта жалғасқан мәтіндік дәстүр.

«КӨГІНЕ» НҰСҚАСЫНЫҢ ДА ТАРИХЫ БАР
Сонымен бірге «көгіне» сөзін кейінгі жылдары пайда болған қарапайым қате деуге болмайды.
Қолымыздағы 1971 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Өлеңдер» жинағының 41-бетінде үшінші тармақ «Қараңғылықтың көгіне» деп берілген.
Бұл нұсқа кейінгі басылымдарда да кездеседі. 1993 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан екі томдық шығармалар жинағының І томының 121-бетінде де:
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам? – деп тұр.
1993 жылғы басылымға қатысты бір қызық жайт бар. Кітаптың 263-бетіндегі түсініктемеде:
«Шәкірт ойы (1917). Бірінші рет “Сарыарқада” (1917. 9 қараша. №19) басылды» деп көрсетіліп, соңында: «Текст газет бойынша берілді», – делінген.
Яғни құрастырушылар мәтінді «Сарыарқа» газеті бойынша бергендерін көрсетеді. Бірақ 1993 жылғы негізгі мәтінде – «көгіне», ал 1917 жылғы газет фотокөшірмесінде – «кегіне».
Бұл – назар аударуға тұрарлық текстологиялық айырма. Оның қалай пайда болғанын қосымша салыстыру арқылы ғана анықтауға болады.
«Көгіне» нұсқасы 2003 жылы Павлодардағы «ЭКО» ҒӨФ баспасынан шыққан жинақта, сондай-ақ 2012 жылы Гүлсім Мұқышева құрастырып, «Өлке» баспасынан шығарған басылымда да кездеседі.
Қолымыздағы басылымдар әзірше мынадай көрініс береді:
1917 – кегіне
1957 – кегіне
1958 – кегіне
1967 – кегіне
1971 – көгіне
1993 – көгіне
2002 – кегіне
2003 – көгіне
2007 – кегіне
2012 – көгіне
Яғни «көгіне» соңғы кезде ғана пайда болмаған, ал ол тарағаннан кейін «кегіне» нұсқасы да қолданыстан шықпаған. Екі оқылым ұзақ уақыт қатар жүрген.
МӘСЕЛЕ БҰРЫН ДА КӨТЕРІЛГЕН
Бұл айырма зерттеушілер назарынан тыс қалмаған.
Т.Жорабай 2016 жылы жарияланған «Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларының текстологиясы жөнінде» атты мақаласында «Шәкірт ойының» осы тармағына арнайы тоқталады. Ол 1958 және 1967 жылғы басылымдардағы «кегіне» нұсқасына назар аударып, Бейсембай Кенжебаевтар бұл сөзді негізсіз алмаған болуы керек деген пікір білдіреді.
Зерттеуші 1993 жылғы жинақ түсініктемесінде мәтіннің «Сарыарқа» газеті бойынша берілгені көрсетілгенін де атап, газеттегі араб графикалы нұсқаны қайта қарау қажеттігін айтқан.
Бүгінде 1917 жылғы газет фотокөшірмесінің қолжетімді болуы осы мәселені нақтырақ салыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кейінгі 2002 және 2007 жылғы басылымдарда да «кегіне» нұсқасының сақталғаны бұл мәтіндік дәстүрдің біршама кең болғанын көрсетеді.

ӨЛЕҢНІҢ ІШКІ ЛОГИКАСЫ
Мәтіндік мәселені мағыналық қисынмен ғана шешуге болмайды. Дегенмен шығарманың ішкі құрылымы да екі нұсқаны салыстыруға мүмкіндік береді.
«Көгіне» деп оқығанда:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?!
Бірінші және үшінші тармақта «көк» сөзі бірдей құрылыммен қайталанады: қазақ көгіне – қараңғылықтың көгіне. Әрине, қайталаудың өзі көркемдік кемшілік емес. Поэзияда ол арнайы тәсіл ретінде қолданылуы мүмкін.
Ал «кегіне» нұсқасында ойдың дамуы басқаша:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам?!
Алғашқы екі жолда ақын қазақтың қараңғы көгіне көтеріліп, Күн болу образын жасайды. Кейінгі екі жол сол Күн болудың мақсатын – қараңғылыққа қарсы тұру мұратын айқындай түседі.
Өлеңнің келесі жолдары да осы желіні жалғастырады:
Мұздаған елдің жүрегін
Жылытуға мен кірермін.
Одан әрі:
Қыздырып күннің қарауы,
Надандық теңізі тартылар.
Мұнда қараңғылық – Күн, мұздау – жылу, надандық – ағарту секілді қарама-қарсылықтар бар.
Сұлтанмахмұттың:
Тебем деп тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өзіме-өзім еткем егес… – деген жолдары да осы ағартушылық, күрескерлік сарынмен үндеседі.


СОНДА ҚАЙ НҰСҚА НЕГІЗГІ?
Қолда бар деректерге сүйенгенде, «Қараңғылықтың кегіне» нұсқасын негізгі мәтінге алуға негіз басым.
Ең басты дәлел – ақынның көзі тірісінде жарияланған 1917 жылғы «Сарыарқа» мәтіні. Бұл оқылым кейінгі бірнеше беделді басылымда да сақталған және өлеңнің ішкі мағыналық жүйесімен үйлеседі.
Ал «көгіне» – ескерусіз қалдыруға болмайтын мәтіндік вариант. Ол кемінде 1971 жылдан бері бірқатар басылымда қолданылып келеді.
Ендігі маңызды мәселе – «көгіне» оқылымы алғаш қай басылымда пайда болғанын анықтау. Ол үшін қолжазбалық деректермен қатар, соңғы жылдарға дейінгі жинақтарды және ертеректегі оқулық-хрестоматияларды салыстыру қажет.
Бір әріп ұсақ көрінуі мүмкін. Бірақ мәтінтануда кейде сол бір әріп шығарманың тұтас басылымдық тарихын аңғартып тұрады.
Сұлтанмахмұт қазақтың қараңғы көгіне өрмелеп шығып, Күн болуды мұрат етті.
Ал сол Күннің шығуы – қараңғылықтың кегіне еді…
Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ,
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының ғылыми қызметкері,
PhD докторант.
