2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды белес. Бұл науқан жаңа Конституция негізінде қалыптасқан жаңа парламенттік жүйенің алғашқы қадамы ретінде Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтын тарихи кезең саналады. Осындай жауапты сәтте зиялы қауым өкілдері де ел азаматтарын белсенділік танытып, өз таңдауын жасауға үндеп келеді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері – жазушы, публицист, дінтанушы Амантай Тойшыбайұлы мен ақын, сазгер, ұстаз Асығат Тұрғанбек Құрылтай сайлауының ел тағдырындағы маңызына тоқталып, азаматтық жауапкершілік, халық бірлігі және саналы таңдау туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, публицист, дінтанушы:
Жалпы тарихтың таразысы кейде бір күнге, бір шешімге, бір ғана таңдауға келіп тіреледі. 23 тамыз күні – сондай күндердің бірі.
Бұл күні тек сайлау күні емес, бұл күні елдің ертеңіне кім еңбек ететінін таңдайтын күн, соны айқындайтын күн. Бұл халықтың үнін кім жеткізетінін анықтайтын күн, жоғары үкіметке, билікке кім жеткізетінін анықтайтын сондай күніміз. «Біз кейде Қазақстан неге өзгермейді? Неге дамымайды?» деп сұрап жатамыз. Ал өзімізден «Мен елім үшін не істедім?» деп сұраймыз ба?
Ақиқаты, ешкім бізге сырттан келіп қуатты мемлекет құрып бермейді. Ешкім келіп бізге әділетті қоғам орнатып бермейді. Ешкім келіп ұлтымыздың болашағын бізден артық ойламайды. Қазақстанды өзгертетін – Қазақстанның өзінің азаматтары.
Сондықтан елдің тағдырына бейжай қарамайық. «Идеясы бар азаматтарды қолдайық. Жауапкершілікті түсінетін, сезінетін тұлғаларды қолдайық. Халыққа адал қызмет етуге дайын азаматтарға сенім артайық.
Қазақ жалпы талай сынақтан өтіп, талай тар кезеңді басынан өткізген халық. Бүгінде бізге бірлік керек, парасат керек, ұлттың ертеңін бүгіннен ойлайтын сана керек. Елдің болашағы кездейсоқ қалыптаспайды. Ол әр азаматтың, ұстанымынан, әр отбасының тәрбиесінен, әр буынның жауапкершілігінен құралады.
Сондықтан бейжай қалмайық, ойланып таңдау жасайық. Өйткені бүгінгі таңдауымыз ертеңгі болашақ Қазақстанның келбетін айқындайды. Жалпы елдің күші – халықтың бірлігінде, халықтың күші – сол таңдаған азаматтардың, ел халқының азаматтарының жауапкершілігінде. Сондықтан да ел болашағы үшін белсенді болайық, 23 тамыз күнгі сайлау – таңдауға белсенді қатысайық деп айтқым келеді.

Асығат ТҰРҒАНБЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер, ұстаз:
– Құрылтай сайлауына санаулы күндер қалды. Ел азаматы, қоғамның белсенді мүшесі ретінде алдағы маңызды саяси науқанға зор мән беремін. Өйткені бұл – әрбір азаматтың өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне бейжай қарамайтынын білдіретін маңызды кезең. Осындай тарихи сәттерде халықтың бірлігі мен азаматтық жауапкершілігі ерекше көрінеді.
Менің ойымша, жаңа Конституция негізінде өтетін Құрылтай сайлауы Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Бұл сайлау арқылы мемлекетіміздің алдағы даму бағыты айқындалып, ел мүддесіне қызмет ететін жаңа бастамалар мен маңызды шешімдер қабылданады деп сенемін. Заң шығару жүйесінің жаңаруы, халық үнінің билікке жақындай түсуі, қоғам сұранысына сай реформалардың жүзеге асуы – осы саяси үдерістің басты нәтижелерінің бірі болады деп ойлаймын.
Біздің басты мақсатымыз – тұрақты, қуатты, әділетті әрі өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастыру. Бұл жолда әрбір азаматтың дауысы маңызды. Сондықтан сайлауға қатысу – тек құқық қана емес, туған ел алдындағы үлкен азаматтық парыз әрі жауапкершілік.
Барша жерлестерімді алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырамын. Елдің болашағына бейжай қарамай, бірлігімізді бекемдеп, жарқын келешек жолында ортақ жауапкершілік танытайық. Өйткені Қазақстанның ертеңі – бүгінгі әрқайсымыздың таңдауымызға тікелей байланысты.
***
Азаматтардың ортақ пайымы – Қазақстанның жарқын болашағы әр азаматтың белсенді ұстанымы мен саналы таңдауына тікелей байланысты. Елдің ертеңін өзгелер емес, өзіміз айқындаймыз. Сондықтан 23 тамыздағы Құрылтай сайлауына қатысу – тек конституциялық құқық емес, мемлекет алдындағы азаматтық борыш пен ұлт болашағына деген жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бірлік пен парасатты ту еткен халық қана қуатты әрі әділетті Қазақстанды бірге қалыптастыра алады.
Пікірлескен – Асыл ӘБІШЕВ.
