Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, ал тіл мен тарихи жады – оның мәңгілік негізі. Павлодар облысында осы бағыттарды дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау және мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Өңірдегі мәдени саясаттың бүгінгі тынысы, алдағы жоспарлар, мемлекеттік тілдің өрісі, архив ісінің дамуы және мәдениеттің цифрлық дәуірдегі жаңа мүмкіндіктері туралы Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Алпысбайұлы Тауасқан Aiqara.kz ақпараттық порталына берген арнайы сұхбатында кеңінен әңгімеледі.

– Медет Алпысбайұлы, портал оқырмандарын кең тұрғыда ақпарттандыру мақсатында сұхбаттасу туралы ұсынысымызды қабыл алғаныңызға рақмет!

Әңгімемізді Павлодар облысының мәдениет саласында соңғы жылдары қандай маңызды өзгерістер жүзеге асты деген сауалдан бастасақ. Өзіңіз басшылыққа келгеннен кейін қандай басымдықтарға ерекше көңіл бөлдіңіз?

– Павлодар облысының мәдениет саласы соңғы жылдары жүйелі түрде дамып, өңір тұрғындарының рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жобалар мен бастамалар іске асырылуда. Жалпы, мәдениет – үздіксіз дамитын сала. Мәдени майдан кеңістігіне екі-үш жылдың ауқымымен ғана баға бере алмаймыз. Сонау кезеңдерден жалғасып келе жатқан мәдениеттің жілік майын үзіп алмай бір толқында ұстап, даму бағытына қарай көш түзеуіміз керек. Әрине, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту, мәдени мұраны сақтау, шығармашылық ұжымдарды қолдау, цифрландыру үдерістерін дамыту және халықтың мәдени қызметтерге қолжетімділігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілетіні хақ.

Соңғы жылдары облыста бірқатар мәдениет нысаны күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың қызметін жандандыруға ерекше көңіл бөлініп, олардың заманауи дыбыс, жарық және сахналық жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі арттырылуда. Сонымен қатар кітапханаларды жаңғырту, олардың цифрлық ресурстарын кеңейту, оқырмандарға жаңа форматтағы қызметтер ұсыну жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

Өңірдің мәдени өмірінде халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі фестивальдер, конкурстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде дәстүрлі «Ертіс-Баян» театр фестивалі, айтыс өнері, халық шығармашылығын дамытуға бағытталған республикалық ақындар айтыстары, мүшәйралар өңірдің мәдени брендтеріне айналды.

Сондай-ақ ұлы тұлғалардың мерейтойлары мен мемлекеттік маңызы бар атаулы күндер жоғары ұйымдастырушылық деңгейде аталып өтіп, олардың аясында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, көрмелер, театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар желісі үзілмей келеді.

Театр өнерін дамыту бағытында облыстық театрлардың  репертуары жаңа қойылымдармен толықтырылып, отандық драматургиямен қатар әлемдік классика туындылары сахналануда. Театр ұжымдарының халықаралық және республикалық фестивальдерге қатысу, сол арқылы кәсіби деңгейін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Музей ісін жаңғырту мақсатында экспозициялар жаңартылып, заманауи интерактивті технологиялар енгізілді, өңір тарихы мен мәдени мұрасын насихаттайтын жаңа көрме жобалары жүзеге асып жатыр.

Біздің басты мақсатымыз – Павлодар облысының бай тарихи-мәдени мұрасын сақтай отырып, мәдениетті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігіне айналдыру. Осы бағытта мемлекеттік мекемелермен, шығармашылық зиялы қауыммен, қоғамдық ұйымдармен және жастармен тығыз ынтымақтастық орнатып, мәдениеттің барлық саласын жаңа деңгейге көтеруге күш салып келеміз. Алдағы уақытта да мәдени инфрақұрылымды жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, шығармашылық әлеуетті дамыту және өңірдің мәдени брендіне айналған жобаларды одан әрі кеңейту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

 – Президент жариялаған реформалар мен жаңа қоғамдық өзгерістер өңірдің мәдени саясатына қалай әсер етуде?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар еліміздің мәдениет саласының дамуына жаңа серпін берді. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы, ұлттық құрылтайларда көтерілген бастамалар, мәдениет пен руханиятты дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат өңірлердегі мәдени жұмыстың мазмұны мен форматына елеулі өзгерістер енгізді. Бүгінде мәдениет тек концерттік немесе мерекелік іс-шаралар өткізумен ғана шектелмей, ұлттық бірегейлікті нығайтатын, қоғамдық келісімді қалыптастыратын, тарихи сананы жаңғыртатын маңызды стратегиялық сала.

Павлодар облысында да осы басымдықтарға сәйкес мәдени саясат жаңа мазмұнда жүзеге асырылып келеді. Біздің негізгі мақсатымыз – өңір тұрғындарының мәдени игіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, ұлттық мәдени мұраны сақтау, шығармашылық әлеуетті дамыту және мәдени инфрақұрылымды заман талабына бейімдеу.

Президент реформалары аясында бірнеше маңызды бағытқа басымдық беріліп отыр.

Біріншіден, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту. Облыста мәдениет үйлерін, кітапханаларды, музейлерді кезең-кезеңімен жөндеу, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Заманауи сахналық, жарық және дыбыс жабдықтары сатып алынып, ауылдық мәдениет ошақтарының мүмкіндігі кеңейтілуде. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы мәдени қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Екіншіден, ұлттық мәдени мұраны сақтау және дәріптеу. Павлодар өңірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бұқар жырау, Иса Байзақов, Жаяу Мұса, Естай Беркімбайұлы сынды және басқа да тұлғаларымыздың қасиетті мекені. Осы тұлғалардың шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында ғылыми конференциялар, республикалық оқулар, әдеби кештер, көрмелер және мәдени-ағартушылық жобалар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру және оларды цифрлық форматқа көшіру бағытындағы жұмыстарымыз өз ретін тауып атқарылып жатыр.

Үшіншіден, театр және кәсіби өнерді дамыту. Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры, А.Чехов атындағы драма театры, Иса Байзақов атындағы филармония шығармашылық репертуарларын жаңа қойылымдармен толықтырып, республикалық және халықаралық фестивальдерге тұрақты қатысып келеді. Жас режиссерлер мен орындаушыларға қолдау көрсетіліп, отандық драматургияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Төртіншіден, кітапхана ісін жаңғырту. Президент тапсырмасына сәйкес кітапханаларды тек кітап сақтау орны емес, заманауи мәдени-ағартушылық орталықтарға айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Электрондық каталогтар дамытылып, цифрлық қорлар толықтырылуда, жастарға арналған коворкинг алаңдары, шығармашылық кездесулер мен әдеби клубтар ұйымдастырылуда.

Мәдениеттің ашықтығы мен тиімділігін арттыру да реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі болып отыр. Бүгінде мәдениет ұйымдарының қызметіне цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, онлайн көрмелер, виртуалды экскурсиялар, электрондық кітапханалар мен архивтік ақпараттық жүйелер халыққа қолжетімді.

Жалпы алғанда, Президент реформалары Павлодар облысының мәдени саясатын жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Бүгінде мәдениет саласының басты міндеті – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи талаптарға сай мәдени кеңістік қалыптастыру, шығармашылық индустрияларды дамыту, жастардың мәдени өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз ету және өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын келер ұрпаққа жеткізу болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Павлодар облысының мәдениет саласы халықаралық және республикалық деңгейдегі маңызды мәдени жобаларды табысты жүзеге асырып, өңірдің шығармашылық әлеуетін кеңінен танытты. Фестивальдер, конкурстар, гастрольдік сапарлар мен көрмелерге қатысу арқылы облыс өнерпаздары жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеп, ұлттық мәдениеттің мәртебесін арттыруға елеулі үлес қосты. Айта кететін болсақ, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдары халықаралық байқауларда жарқын жетістіктерге жетті. «Нұр» би ансамблі Татарстан Республикасының Қазан қаласында өткен XV халықаралық «Зажги свою звезду!» би өнері фестиваль-конкурсында І дәрежелі дипломға ие болса, камералық хор Ақтөбе қаласында өткен Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған «Жұбановтар көктемі – 2026» халықаралық хор музыкасы фестивалінде ІІ орынды иеленді.

Облыстық «Шаңырақ» орталығының «Шаңырақ сазы» ансамблі Италияның Сардиния аралындағы халықаралық «IS Pariglias» фольклор фестиваліне арнайы шақырту алып, қазақтың дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерін шетелдік көрерменге таныстырды.

Креативті индустрияны дамыту бағытында да маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Облыстың креативті индустрия өкілдері республикалық Creative Aimaq көрме-жәрмеңкесіне қатысып, Ертіс-Баян өңірінің шығармашылық әлеуетін таныстырды.

Жыл басынан бері музейлер де мазмұнды мәдени іс-шаралардың негізгі алаңына айналды. Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде экскурсия жүргізушілердің облыстық байқауы өткізіліп, қатысушылар өңірдің тарихи-мәдени мұрасын насихаттаудағы кәсіби шеберліктерін көрсетті.

– Бүгінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесі өте өзекті. Осы бағытта Павлодар облысында қандай тың бастамалар жүзеге асырылып жатыр?

– Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – қоғам дамуындағы маңызды бағыттың бірі. Ұлттық мәдениетті насихаттау, дәстүр мен салт-сананы жаңғырту, тарихи-мәдени мұраны сақтау, жастарға ұлттық тәрбие беру және ұлттық өнерді қолдауға бағытталған жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Павлодар облысының музейлері бұл бағытта дәстүрлі көрмелермен ғана шектелмей, заманауи жобаларды да жүзеге асыруда. Интерактивті этнографиялық көрмелер. Музейлерде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, қолөнері, ұлттық киімдері, салт-дәстүрлері таныстырылатын экспозициялар заманауи мультимедиялық технологиялармен толықтырылуда. Келушілер кейбір жәдігерлердің цифрлық нұсқаларымен танысып, тарихи мәліметтерді интерактивті форматта ала алады.

Халықаралық музейлер күні аясында өткізілетін «Музей түні» шараларында ұлттық музыка, қолөнер шеберлерінің көрмелері, шеберлік сабақтары, тарихи қойылымдар ұйымдастырылып, жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын оятты.

Ертіс музейінде «Құрақ үні» атты заманауи ART-көрменің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара аясында сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің авторлық жұмыстары ұсынылып, дәстүрлі құрақ техникасы заманауи көркемдік формалар, түстік шешімдер мен композициялар арқылы жаңаша түрде көрсетілді.

Павлодар облысының музей мамандары халықаралық музей конгрестеріне қатысып, тарихи-мәдени мұраны цифрландыру, жәдігерлерді электронды форматта сақтау және виртуалды көрмелер ұйымдастыру тәжірибесін енгізіп келеді.

Музейлер мектептер мен колледждер үшін танымдық экскурсиялар, ашық сабақтар, ұлттық құндылықтарға арналған кездесулер өткізіп, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға үлес қосуда.

Өңір музейлері басқа ғылыми және мәдени мекемелермен меморандумдар жасап, ұлттық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және кеңінен таныту бағытында бірлескен жобаларды іске асыруда.

Жалпы, Павлодар облысының музейлері ұлттық құндылықтарды дәріптеуде дәстүрлі музей жұмысын заманауи технологиялармен ұштастырып, жастардың қызығушылығын арттыруға, тарихи мұраны сақтауға және оны кеңінен насихаттауға басымдық беріп отыр.

Жастарды мәдениетке, кітап оқуға, ұлттық өнерге баулуда қандай тиімді жобалар бар? Жас буынның қызығушылығы қандай деп ойлайсыз?

– «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» – дейді Әбіш Кекілбаев. Біз қанша цифрлану дәуіріне көшіп кетсек те, кітапты, кітапхананы ұмытпауымыз керек. Біздің жадымызда кітапхана деген сүйіспеншілік, қажеттілік болу қажет. Сонда ғана мықты ұлтқа айналамыз. Өзіңізге белгілі  Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы аясында 2025 жылдың қыркүйек айында «Кітап оқитын ұлт» жобасы пилоттық режимде іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың білімге деген қызғушылығын арттыру және Қазақстанды ең көп кітап оқитын елдердің қатарына қосу.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Қайыртасқызымен «Кітап оқитын ұлт»  жобасын іске асырушы тарап арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға шілде айында қол қойылды. Бұл құжат өңірде кітап оқу мәдениетін дамытуға, жастардың кітапқа қызушылығын арттыруға, кітапханалардың жұмысын жаңа форматта ұйымдастыруға және бірлескен мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталмыш жоба 7 бағыт бойынша жұмыс жасайды.

– Тілдерді дамыту саласында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Қандай нәтижелерді ерекше атап өтер едіңіз?

– Жалпы өңірімізде тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына, ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына және Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жүргізіліп келеді. Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі – қазақ тіліне оқыту. Осы орайда жыл сайын қазақ тіліне тегін оқыту курстары ұйымдастырылуда. Ол дегеніміз тіліміздің қарқынды дамуына серпіліс береді. Осы курстың аясында 857 адам тегін оқытылды. Оның 441 қазақ, 416 өзге этнос өкілдері. Жыл соңына дейін жалпы саны 2126 адамды оқытуды жоспарлап отырмыз. Ол дегеніміз тілдің өркендеуіне біршама үлес екені айқын.

Бұған қоса жыл басынан бері басқарма тарапынан мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында да шаралар ұйымдастырылуда. Солардың қатарында «Тіл шебері», «Түркі жазбалары – мәңгілік мұра», «Ұлттық ономастика – ел айнасы», «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы», «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» тәрізді облыстық байқауларымыз бар. Сонымен қатар, жыл соңына дейін «Тіл – достық құралы» фестивалі, «Тіл форумы, «Жас ақындар мүшайрасы», «Тіл жанашыры», «Мен қазақша сөйлеймін!» акциясы, «Жүзден жүйрік», «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты іс-шараларымыз  жоспарға сәйкес өткізілетін болады.

Осылардан өзге Тіл заңнамаларындағы енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатындағы «Тіл-рухани қазына» тақырыбында көшпелі семинар жалғасын тауып келеді. Аталған шара жыл басынан бүгінгі күнге дейін Ақтоғай, Аққулы, Баянауыл аудандарында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта басқа да қала, аудандарда ұйымдастырылып, өңір бойынша кең көлемде семиналар өтетін болады.

Сонымен қатар, мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру үшін басқарманың тапсырысымен облыстық «Халық» радиосында «Сөз жорға» радиобағдарламасы шығарылуда. Жыл бойына 18 бағдарлама жарияланатын болса, бүгінгі күнге дейін 8 хабар тікелей эфирде тыңдармандардың назарына ұсынылды.

Қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесін көтеруде ең алдымен нені өзгерту қажет деп есептейсіз?

– «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады», – дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Ана тіліміздің мәртебесін өзімізден, отбасымыздан бастауымыз керек. Отбасынан басталып, сүйекке сіңген тіл өмір бақи жадыңнан өшпейтіні хақ. Мен қоңыр тіршілігі аңқыған қазақы ауылда өстім, өндім. Ойлау жүйемнің бәрі қазақша. Мен әр қазақ баласына соны тілеймін. Тілді жеттік білу – ана тілімізге деген құрмет. Тіліміз шұбарланбауы үшін басқарма тарапынан қаншама істер қолға алынып, жұмыс жоспарлы түрде жүріп жатыр. Әрине, сіз айтып отырған  қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесі жоғары деңгейде. Біз тілдің қоғамдағы мәртебесін айқындау үшін Ата заңымызға сүйенетініміз анық. Тілге байланысты қандайда бір жағдаяттар  жеке адамның мүддесі арқылы шешілмейді. Өзіңізге белгілі 15 наурызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған   ата заңымызда тіл туралы тайға таңба  басқандай көрсетілген. Қозғап отырған дүниеміз тіл мәртебесі болса, басқарма тарапынан атқарылып жатқан мына істерге тоқтала кетейін.  «Мемлекеттік тіл – сапалы қызмет кепілі» тақырыбында тіл заңнамасының талаптарын түсіндіру жұмыстары «Қазпошта», «Қазақтелеком» мекемелерінде жүргізілді. Бұл да тіліміздің абыройын көтеруге ықпал ететіні сөзсіз.

Бұдан өзге «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының сақталуы бойынша мерзімді тексеру жұмыстарын жүргізу де қолға алынған. Тексеріс жоспары Павлодар облыс әкімінің өкімі негізінде бекітіледі. Осы мақсатта 2026 жылдың І жартыжылдығында 6 мекеме тексерілді. Атап айтсам, Павлодар ауданынан 3 мекеме, Ертіс ауданынан 3 мекеме. Ал, ІІ жартыжылдықта 10 мекемені тексеру жоспарға  кіргізілген болатын. Баянауылдан 6 мекеме, Шарбақтыдан 4 мекеме толық тексерістен өтті. Тексеру мақсаты кемшіліктерді тауып, жауапты тұлғаларға шара қолданудан көрі, оларға әдістемелік көмек көрсету мен заңнама талаптарын түсіндіруге бағытталып, бірлескен жұмыстар атқарылды.

 «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» – дейді Мемлекет басшысы. Қандай да бір атқарылған іс – тіліміздің мәртебесі үшін.

– Архив саласы көбіне көпшілік назарынан тыс қалып жатады. Бүгінде архивтердің цифрландырылуы мен тарихи құжаттарды сақтау бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Руханиятқа қатысты құндылықтар ешкімнің  де назарынан тыс, көзінен жырақ қалмайды. Маңдай тері мен, көзмайын тауысып қызмет жасап жатқан мамандар жетерлік. Джон Рескин: «Талғам дегеніміз – адам руханиятының көрінісі.   Сіз маған нені жақсы көретініңізді айтыңыз, мен сізге кім екеніңізді айттым» – дейді. Сіз айтып отырған назардан тыс қалған архив туралы аз-кем сөз қоғайын. Қараңыз, облысымыздың  архивтерінде  4625 қор, 1391987 құжаттар сақталуда. Өңір  бойынша 11 филиалы өз жұмысын жүйелі түрде істеп жатыр. Әрине, сіз айтып отырған цифрландыру мәселесіне келетін болсақ, Е-архив ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылатыны бәрімізге аян.  Мына бір  сандық тізбекке назар аударыңыз, 183 636 құжат цифрлық форматқа көшірілді. Ал, 952 тізім жасалды. 2025 жылы Павлодар облысының мемлекеттік архивінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоса Павлодар ауданының архиві үшін ғимарат іздестіру жұмыстары оң шешімін тауып, Академик Бектұров көшесі, 50А мекенжайыдағы, жалпы алаңы 917 ш.м. болатын ғимарат Павлодар облысының мемлекеттік архиві теңгеріміне алынды. Бұл дегеніміз жасалып жатқан жұмыстың бір парасы ғана. Алдағы уақытта жүзеге асырар жұмыстарымыз шаш етектен.

– Павлодар өңірінің мәдени мұрасын кеңінен насихаттау үшін қандай жаңа жобалар жоспарланып отыр?

– Өзіңізге мәлім, бұрында айтылып жүрген ақпарат өңіріміз бойынша 596 ескерткіш, оның ішінде: 3 – республикалық маңызы бар ескерткіш, 199 – археология ескерткіштері, 61 – қала құрылысы және сәулет ескерткіштер, 109 тарих және мәдениет, 224 – Ұлы Отан соғысына  болса, 283 мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштер. Бұлардың барлығы дерлік «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәкес қорғалады және қадағалынады. Қала және аудан әкімдіктері,  еріктілер, жастар және жергілікті  тұрғындар   ескерткіштерді  абаттандыру, косметикалық жөндеу,  көгалдандыру, ағаш отырғызу, әктеу жұмыстарын жүйелі жүргізілді.  Біз үшін әр есерткіш құнды. Олар көне тарихтан сыр шертіп, кешегімізді айқындап беретін құнды мұрамыз.  Сол себептен де  бей-жай  қарай алмаймыз. Мысалы, биыл жылдың басында Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне  жөндеу жұмыстары  жүргізілді. Біздің аузы толтырып айтатын дүниеміз – Байдала археологиялық кешені. Бұл ертедегі Қимақ қағанаты дәуірімен тұс па тұс келеді. Байдала кешенінде 14 қорған бар. Осы күнге дейін 6-ауы қазылған, қалғандары қазылу үстінде. Бұл – облыстың мәдениетіне ғана олжа емес, күллі Алаш баласы үшін ерекше құнды олжа. Біз оны ары қарай дамытып, зерттеп-зерделеп жұмыстар атқаратын боламыз.

Сонымен қатар, Павлодар облысының 2023-2028 жылдарға арналған туризм саласын дамыту бойынша  аймақтық бағдарламасына «Рухани тур» экскурсиялық- танымдық жобасы жылжымалы көрме және  «Туған жер – алтын бесігім» жобасы көрме енгізілді. Жастардың қызығушылықтарын арттыру және қасиетті нысандармен  таныстыру үшін Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен  өңірдің қасиетті жерлеріне экспедициялар ұйымдастыру бойынша 2026 жылға облыстық жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес  жергілікті қалалар мен аудандарда сәуір айынан бастап қазан айлары аралығына экспедициялар ұйымдастырылады.

– Ауылдық мәдениет ошақтарының жағдайы қандай? Олардағы инфрақұрылымды, материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Әрине, біз аудандық, ауылдық мәдениет ошақтарын назардан тыс қалдырмаймыз. Бәрін күнде жаңартып жібере алмаймыз. Уақыт ағымымен біртіндеп істейміз. Мысалы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының қолдауымен Ертіс ауданының мәдениет үйі мен Май ауданы Қаратерек ауылдық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Бұл тұрғыда жұмыс өз жалғасын табатын болады.

– Өңірдегі шығармашылық ұжымдар мен өнер адамдарына мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?

– Қашанда болсын өнер адамдары мен шығармашылық ұйымдар өздерінің қажеттіліктеріне қарай қолдау тауып жүр. Өңірімізде жыл сайын «Шеберлік шыңы» облыстық байқауы өткізіледі. Ережеге сәйкес әдебиет, айтыс, өлкетану, музыка, би, сурет, театр және саз өнері бағытында жоғары жетістіктерге жеткен мәдениет және өнер қайраткерлері марапатталады. 2025 жылы аталмыш байқаудың қорытындысы бойынша 18 адам лайық деп танылып марапатталды. Басқа да ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр.

– Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мәдениет саласының жұмысына қандай мүмкіндік береді деп ойлайсыз? Басқарма бұл бағытта қандай жобаларды қарастырып жатыр?

Цифрлық технология, жасанды интеллект қай салаға болсын ендеп кіріп, белгілі бір деңгейде өзінің қызметін атқарып жатыр.  Бұл әрине қоғам талабы. Мына бір қызыққа қараңыз Герберт Уэллс 1895 жылдың шамасында «Уақыт машинасы» деген ғажап роман жазған. Бәрімізде уақыт машинасының ішінде келеміз. Қоғам бізді түсірмейді. Содықтан біз уақыт ағымымен үндесіп, қоғамдағы барлық жаңалықтарды қабылдауымыз керек. Бізде цифрлық технологиядан қалмай Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ғасырлар жолы: жасанды интеллект көзімен» және Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі «Жаңғырған тарихи мұра» цифрландырылған экспонаттар көрмелерін дайындап, көрермендерге ұсынып жүр. Тағы да айта кететін дүние өткенде ғана Баянауыл ауданында ашылған «Визит» орталығы соңғы технологиялармен жабдықталған.

– Павлодар облысының мәдениетін республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде таныту үшін қандай жоспарларыңыз бар?

– Павлодар өңірі өз мәдениетін, руханиятын, ғылым-білімін халықаралық дегейде танытудан тұралап тұрған жоқ. Сондай-ақ, өңірдің тарихи-мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуетін заманауи цифрлық платформалар арқылы насихаттауға ерекше көңіл бөлінуді. Өңірде халықаралық деңгейдегі мәдени іс -шараларды өткізу арқылы Павлодар облысының мәдени брендін қалыптастыру және мәдени туризмді дамыту жұмыстары жалғасады.

– Медет Алпысбайұлы, уақыт бөліп, сауалдарға жауап бергеніңіз үшін оқырман атынан алғыс білдіреміз. 

 

Сұхбаттасқан – Асыл ӘБІШЕВ.

 

Добавить комментарий