Pavlodar, KZ
16°
Fair

Ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлымен сұхбат

Ақын Серік Ақсұңқарұлының есімін ең алғаш Мұхтар Шахановтың бір сұхбатынан кездестірдім. Сол сұхбатта Мұхтар ата өзінен кейінгі толқынның ішінде Серік ақынды ерекше атап, «…Қазақ деген – Кенесары, денесі – бар, басы – жоқ» деген өлеңіне таңдай қаққанын айтады. Осы жолдар менің бала санамды да тосыннан тиген соққыдай есеңгіретіп жіберді, есейтіп жіберді.  Одан кейін кітапханадан тауып алып, «Өмір деген – Күнді айналу» кітабымен таныстым (Маралтайдың «Кентаврымен» қатар оқығам). Өлеңді осылай жазу керек екен ғой деп ой түйдім. Еліктеп, бірер шумақ та тіздім…

Өлеңдегі рухани ұстазым Ертіс-Баян өңіріне келді дегенді естіген соң, бір парақ қағазға сауалдарымды жазып, алдына бардым. «Інім-ау» деп, еркелеп отырып, «Айналайын» деп еркелетіп отырып, емін-еркін әңгіме-дүкен құрдық.

Естігенім менің ғана ой-қоржынымда қалмасын, өзгенің де сана-қанжығасына байлансын деген ниетпен, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көкейінде Күлтегіннің жазуы бар ақын Серік Ақсұңқарұлымен арадағы әңгімені оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

– Серік Ақсұңқарұлы, әңгімемізді Павлодар қаласына келген алғашқы сапарыңыздан бастасақ. Сол кездегі аймақтық жас ақын-жазушылар кеңесін еске алыңызшы…

– 1974 жылы Павлодарда өткен жас ақын-жазушылардың аймақтық съезіне келдім. Дүбірлі жиынға Қалижан Бекхожин, Олжас Сүлейменов, Нұтфолла Шәкенов қатысты. Осы елдің жігіттерін ғана атап отырмын. Мен Қуандық Шаңғытбаевтың секциясында болдым. Маған өлең оқу кезегі он бес шақты ақыннан кейін, кештеу келді. «Пабло Неруда. Реквием» деген ұзақ өлең оқыдым. Бұл – Чилидегі азаматтық революция уақыты, Аугусто Пиночеттің үкімет басына келген кезі, Чилидің ұлы ақыны, Лениндік сыйлықтың иегері Пабло Неруданың қайтыс болып жатқан кезі.

Сол өлеңді оқып болып едім, Қуандық Шаңғытбаев орнынан тұрып кетті. Қуандық деген – қазақ поэзиясының білгірі. «О, мен өз ақынымды таптым, сендер бара беріңдер», – деп жиналғандырды таратып жіберді де, мені қолтықтап алып шықты, Олжас Сүлейменовтың қасына қосып жіберді.

Осы оқиғаға қатысты тағы бір әңгімені айтайын. Өткен жылдары Астанада «Кітап көрмесі» өтті. Сол жиында, менен 4-5 жас кіші болуы керек, келісті әдемі бір әйел келіп: «Мені ұмытып қалған жоқсыз ба? Біз Павлодардағы жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесіне бірге қатысып едік. Қуандық Шаңғытбаев сізді өзімен бірге алып кетті. Содан кейін маңымызға жолаған жоқсыз», – деді. «Сол съездің бас жағы есімде, соңғы жағы бұлдыр…», – дедім шынымды айтып. «Мен 25 жасыңда көргенде-ақ көзің бұлдырап жүр еді, – деді ол бірден «сенге» көшіп, – Қуандық Шаңғытбаевтың секциясында да, поэзия кешінде де екеуміз қатар отырдық. Олжас жыр оқығанда көзіңді ашып аласың да, қайта қалғып кетесің. Сол жиында маған: «Ертістегі неткен ерке елік ең, Керекуге бір сені іздеп келім ем…», – деп өлең де арнағансың. Ол кезде Олжекеңнің қырықта қылшылдап тұрған кезі. Бәріміз соған ғашық болып жүргенбіз! Сендерге көңіл аудару қайдааа?!» – деп, әлгі әйел дауысын созды…

«…Керекуге бір сені іздеп келім ем…», – дей бердім ішімнен күбірлеп, қаншама өлеңім өстіп өліп кетті екен?! Қаншама жерде… Сол шашылған өлеңдерімді жинап алар ма едім деп ойладым сол сәтте.

Мұқағали Мақатаев

«…Ақындар айтып өтеді,

Арманын күллі пенденің…»,  – дейсіз бір өлеңіңізде. Сіздің жүрегіңізге жүк болған арман қандай?

– 1974 жылы Алматыға бара салып Мұқағалиды іздедім. Бар арманым – онымен кездесу, танысу. «Одан басқа шаруаң жоқ па?» – деп, қасымдағы ақын Дәуітәлі Стамбеков сылқ-сылқ күледі. «Оны көруге сен әлі дайын емессің!» – дейді сонсоң көзін ежірейтіп. Неге дайын емеспін?! Жауабын таба алмай, миым қатады. Неге дайын еместігімді ол да тарқатып айта қоймайды.

Барлығын жасырмай айтайын. Бір күні Үкімет Үйі алдындағы гүл алаңында келе жатсақ, Мұхаң тапа-тал түсте скверде ұйықтап жатыр! «Мұқағали Мақатаев қой мынау?!» деп айқайлап жіберіппін. Дәуітәлі маған ала көзін ата қарап: «Сен, немене, Мұқағали Мақатаевтың осында шаршап-шалдығып жатқанын Алматыға айқай салып айту үшін келіп пе едің?!», – деді. Ұялып қалдым. Солай таныса алмай кеттім. Бұл – Мұқағалидың Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет инстититутын тәрк қылып, елге қайтып келген, өзі туралы өсек-аяңның өршелене өрге шапшып тұрған уақыты.

Жаңадан ашылған «Жалын» альманахына «Хиросима дегенім – Отырарым, Отырарым, ол да бір – Хиросима», – деген өлеңім шығып, өзімше ақын болып, алшаңдай бастаған кезім еді. Панфилов бағындағы мейрамхананың үстіндегі кафенің қиқулап қызған шағы. Бір топ ақын өлең оқып, гуілдеп отырмыз. Алпамсадай Мұқағалидың кафеге кіре берген кезін көзім шалып: «Мұқағали келе жатыр!» – деп орнымнан атып тұрдым. «Үндеме, сен тыныш отыр. Ақынмын деп айтпа!» – деп, Дәуітәлі мені тура ақыл-есі кіре қоймаған жас баладай тиып тастады. – Политехта оқимын дейсің», – деді.

Мұқағали Дәуітәліні жақсы таниды екен. «Дәуітәлі, сен де отырсың ба осында?» – деп, Мұхаң біздің үстелге қарай бұрылды. – Бүгін біраз жұмыс істейін деп отыр едім, мына екі бала іздеп келген соң шығып кеттім». Қасында Есенғали Раушанов пен атыраулық бір ақын бар. Мұхаңның аяғында кәдімгі үйге киетін тәпішке…

Мұқағали: «Мен Евгений Евтушенко мен Андрей Вознесенскийді жақсы көрем ғой. Екеуін ресторанға алып барып, құдайы қонақ қылып ем, екеуі «Мен гениймін бе, сен генийсің бе?» – деп тәжікелесіп кетті. Мен –Тарас Бульбамын ғой (екі жұдырығын көкке көтере көрсетіп), екеуін екі жаққа айырып жібердім. Ол жақта екеуінен басқа ешкімім жоқ қой. «Ал, енді хош болып тұр, сардар аға, Мен ертең кетем ұшып сардалама, Ақынның ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы – арда ғана!», – деп, Пушкинмен кешу айтысып, Қазақстанға қайтып кеттім», – деді.

«Мынау кім?» – деді біраздан кейін маған көзі түсіп. «Бұл – Политехтың студенті!», – деді Дәуітәлі жұлып алғандай. «Бәсе, түрі топастау екен!» – деді Мұхаң жайымен ғана. Ішімнен жарылып кетердей әзер отырмын! «Ал, «Полит», сөйле!» – деп, қайта-қайта тисіп қояды маған. Бір мезетте Дәуітәлінің өзі де шыдай алмай: «Бұл да – ақын», – деді. «Аты-жөні бар ма өзінің?» – деді Мұқағали. «Бар, Серік Ақсұңқарұлы», – деп таныстырды Дәуітәлі. «Өзінен фамилясы күшті екен!», – деп, маған мейірлене қарады да, есіне бірдеңені түсіріп: «Өй, мен сені кеше «Жалыннан» оқыдым ғой?!», – деді. Мен мәз-мейрам болып кеттім! «Ал, Ақсұңқар, ұш енді! Оқы өлеңіңді!», – деді Мұқағали.

Қарқаралыдағы Ләйлаға ес-түзсіз ғашық болып жүрген шағым, содан жаңағы сен айтқан өлеңді оқыдым:

«Шайтанкөл – Аққу мекені,

Жанымды жаула сен менің,

Ақындар айтып өтеді,

Арманын күллі пенденің…», – деп бастап,

«…Табиғат, ессіз, әрине,

Адамның ғана серігі – ой;

Бір Қасым сыйған қабірге,

Мың масыл сыяр еді ғой?!…» – деп жалғап келе жатыр едім, «Тоқта! – деп айқай салды Мұхаң, – Қасым туралы не дедің сен?!» – деп осы шумақты патефонша бірнеше мәрте қайта оқытты. Ары қарай оқиын десем, оқытпайды. Бұл өзі 20-25 шумақтан тұратын ұзақ өлең болатын. Кейін осы шумақты ғана қалдырдым. Жөні сол екен. Мұхаң қырандай қиядан шалыпты.

Менің арманым асқақ болды. Сол арманымның барлығын өлеңдерімде айттым-ау деп ойлаймын.

Қасым Аманжолов

– «Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің, әммесінен Қасымның десі басым» деп Мұқағали Қасымды ерекше қадір тұтқан ғой?

– Мұқағали Қасымды ерекше жақсы көрген. Жалпы, алпысыншы жылдары әдебиетке келген буынның барлығы – Мұқағали, Жұмекен, Сағи, Қадыр – Қасымның балалары, шәкірттері. Бізде Мағжанның мектебі болған жоқ. Себебі, Мағжан ол кезде оқуға тыйым салынған ақын болатын. Бізге Мағжанды ақталғанша оқытқан жоқ. Мағжанның мектебі енді туады.

Қасымның әрбір өлеңі жарияланған сайын «Социалистік Қазақстан» газетінде: «Бұл – антисоветтік тенденция, бұл – ұлтшыл ақын» деп бір апта бойы сынайтын болған. Өлең жазуына мүкіндік бермей қыспақ көрсеткен. Қалай шыдаған десеңші?! Кеңес одағы кезінде екі қаламгер қорқынышпен өмір сүрген. Біреуі – осы Қасым. Ол кезде «Ұлтшыл» деген сөз «Халық жауы» дегенмен бірдей. Екіншісі – Мұхтар Әуезов. Ол Лениндік сыйлық алғанша «Мені қашан НКВД ұстап алып кетеді» деп күтумен болған. Лениндік сыйлықты алғаннан кейін барып қана жүрегі орнына түсіп, көңілі жайланған. Әуезов – Алашордадан шыққан. Әлихан: «Біз жеңілдік, Совет үкіметіне қарсы біздің қолдан келетін дәрмен жоқ, енді сендер кіріңдер мына партияға, ішінде жүріп-ақ Алаш идеясын жүзеге асыруға болады», – деп айтқан. Әуезов сол өсиетті ұстанып қалған.

Қасымда да, Мұқағалида да әлеуметтік тапсырыспен жазылған өлеңдер көп. Ол заманда – тоталитарлық қоғамда «заказды» орындамау мүмкін емес еді.  Сондай қиын кезеңде де олар қаншама шаһқар дүниелер жазды.

«Мен – тумысымда принципшіл адаммын. Өзгеруім қиын. Мүлде өзгермеуім де мүмкін», – дейсіз бір сұхбатыңызда. Сіздің айнымас принципшілдігіңіз қалай қалыптасты, кімдер немесе қандай оқиғалар әсер етті?

– Мен коммунистік заманда тудым. Әкем Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Мені «Генеральный секретарь» боласың деп тәрбиеледі, Марксизм-ленинизмнің барлық кітабын басыма үйіп қойып оқытты. Біз қазір коммунизмді жамандағанымызбен, коммунистерде принцип бар еді. Сол тәрбиеден бойыма сіңген ең үлкен қасиет – адалдық, азаматтық. Мен «Бас хатшы» емес, ақын болдым. Бастысы, принципшілдік позициямда қалдым.

Ең жақсы көретін ақындарым азаматтық лириканы керемет жазатын ақындар – А.Вознесенский, Е.Евтушенко. Мысалы, А.Ахматова, М.Цветаевалар үйсіз, күйсіз өтсе де, принципінен айныған жоқ. Ақын азамат болуы керек, ол адалдықтың жолында өлуі керек. Егер оның бойында ұсақ-түйек пенделік, айтқанға көне салу, айтаққа ере салу, қоғамды айналып өту секілді қулық-сұмдық болатын болса, ол ақын емес.

«Моцарт пен Сальери» атты поэмаңызды 27 жыл жаздыңыз. Бір шығарманы осынша ұзақ толғатып жүріп тудыру қаншалықты азап, қаншалықты ауыр?

– Менің ұғымымда әдебиет деген – Моцарт пен Сальеридің айқасы, таланттар мен дәлдүріштердің арасында жүріп жататын, көзге көрінбейтін айқас. Бұл шайқаста күндердің күні таланттылар жеңіп шығады. Бірақ олар көресіні көреді. Ал дәлдүріштер рақатқа батады. Дәлдүріштер аға сұлтан Құнанбайдың баласы Абайдың да арқасына ащы таяқ ойнатты емес пе?! Партияны жырлаған Маяковскийдің өзінің тағдыры толған трагедия.

Мен, кейіннен, қырық жастан асқан соң әдебиеттегі дәлдүріштерді көп байқадым. Қарағандыдағы бүкіл өмірім солармен күресумен өтті. Солармен тістесе жүріп, әдеби орта қалыптастырдым.

Мағжанды, Сәкенді өлтірген Берия мен Сталин ғана емес, оларды өлтіріскендер – қолдарына қалам ұстаған дәлдүріштер. Солардың бірінің де аты жоқ. Ал, таланттардың аты өлмейді.

– Жұмекенге арнаған өлеңіңізде: «…Ішімізде – бірін-бірі жеңе алмай, Пушкин менен Дантес жатыр атысып!…» – дейтініңіз осы оймен өзектес қой…

– Мен Жұмекенді, жалпы, қазақ поэзиясындағы бір-біріне ұқсамайтын күшті ақындардың барлығын жақсы көремін. Баяғыда, шопандардың кеңесіне, Ақтоғайға Қадыр келді. Сол кезде ағама: «Мен сізді жақсы көруші едім, бірақ мені Мұқағали «екі қолымнан ұстап, дедектетіп, өзімен алып кетті», – дедім. «Алса ала берсін, менің сенсіз де шәкірттерім көп», – деді Қадағам.

Өзім жақсы көретін ақындардың барлық жақсы қасиетін алдым. Менде Мұқағалидың әуені бар, Қадыр, Жұмекен, Сағи, Фариза да бар. Бірінші өлеңімді Тұманбай ағама еліктеп жаздым. Одан кейін Жұмекенге келдім. Оған еріп кеткен қиын екен, аларыңды алып үлгермесең, не адасып кетесің, не өз-өзіңді сақтай алмай, Жұмекеннің ішіне кіріп кетесің. Мен өзімді-өзім табу үшін көп еңбектендім. Ақыры таптым деп ойлаймын.

Әлемдегі ең дамыған 30 елде қазақ позиясындай поэзия жоқ. Жыраулар поэзиясынан бастап келе жатқан біздің жауһарларымыз әлем тілдеріне аударылмай тұр. Ақыр аяғы, Абайдың өзін орысша сөйлете алмай отырмыз. Егер талантты талант аудармаса, ол бір халтурщиктің өлеңі болып қалады. Қасым мен Мұқағалиды Е.Евтушенко аударуы керек еді. Мысалы, Расулдың аудармашылары керемет, ол орыс тілінде авар тілінен кем сөйлеп тұрған жоқ. Сондықтан, қазақ ақындарын ағылшын, орыс тілдеріне тікелей аударатын мамандар қажет. Қазақ поэзиясы ағылшынша сөйлемесе, осы қалғаны қалаған. Өйткені, қазақты жетпіс жыл одақ құрамында бірге болғанда орыс аудармаған соң, басқасы мүлдем аудара алайды.

«ХХ ғасырдың жиырма сәті» поэмасы жайлы сөз қозғайықшы…

– Бұл – менің бірінші кітабым. Бала кезден ойда жүрген дүние. 1977 жылы Ресейдің Пенза шаһарында әскери борышымды өтеп, елге келдім. Жыр Қызыларайға аяғым тиген бетте қағаз бетіне түсті. Одан кейін де жиырма шақты нұсқасы жасалды деуге болады. Поэмамен алғаш танысқан Ақселеу Сейдімбек пен Кеңшілік Мырзабеков жылы лебіздерін білдірді. Бұл жыр «Социалистік Қазақстанның» жәшігінде біраз жатып, 1981 жылы осы газеттің соңғы бетін түгел алып, «Құрлықтар» деген атпен жарияланды. Содан Жазушылар Одағының поэзия секциясында Кеңшілік Мырзабеков баяндама жасап, қызу талқыланды. Жұматай Жақыпбаев, Ұлықбек Есдәулет қуана қолдады. 1984 жылы сол кездегі цензура мен жабық рецензиялардың сүзгісінен әрең өтіп, «Жалын» баспасынан қиылып-қысқарып жарық көрді. Оны сол кездегі оқырман қуана қарсы алды. Мен осы бір-ақ жинағыммен СССР Жазушылар Одағының мүшелігіне өттім. Бірде Дәуітәлі Стамбеков пен Сайын Мұратбеков Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовке алып кірді. Олжас өлең оқытты. «Арғымақтар-ай – ғасырдың мазақ, құрбаны, менің де қаным қыр қаны, қазақтың қаны…», – деген өлеңімді оқыдым. Олжас разы болып, одаққа мүшелікке өткізді. Ол кезде екі кітапсыз өткізбейтін еді, Олжас оған қараған да жоқ. Кейін Ақселеу Сейдімбектің: «Ол кезде цензура болды, сен еркін көсіле алмадың. Қазір елің егемен, енді көсіл», – деген бір ауыз сөзімен, бұл поэмамның алғашқы нұсқасын қайтадан кітап қылып шығардым.

Ақын Мойылды шипажайына келгенде

«Серіктің өлеңдерінде еркін, көтеріңкі үн бар. Ол үн кейде романтикалық сарынға ауысып кетеді. Бірақ ақын романтикасы реалистік деталь-образдармен, бояулармен қанықтырылып отырады екен», – депті Жұмекен ақын.

Ал, Аягүл Мантай: «Оның өлеңдеріндегі еркіндік – ақын болмысына тән ғана еркіндік емес, түркіге, қазаққа тән еркіндік», – дейді сіз туралы мақаласында. Сіз өз еркіндігіңізді қалай сақтадыңыз? Қалай сақтап келесіз?

– Мен – әкемнің бірінші ұлымын. Алдымда – үш қыз. Бетімнен ешкім келмей, еркін ер жеттім. Ақын алаңсыз өсуі керек. Жетімдік көрмеуі керек, жоқшылық тартпауы керек – киімнен де, тамақтан да таршылық көрмеуі керек, ақын ешкімнен таяқ жемеуі керек. Мен – уызыма жарыған ұрпақтың баласымын. Сондықтан да әкеме, шешеме еркелегендей елге еркелегім келіп тұрады. Еркіндік менің бойыма шешемнің ақ сүтімен дарыды деп білемін.

Мұқағали көшеде жүргенде жол жүру ережесін бұзып өтетін. Жұматай да, Дәуітәлі де ешкімге бағынбайтын. Бұлар ерен, еркін тұлғалар ғой.

«Тобыр тудырмайды әдебиетті, – Тұлға тудырады!» – деген сөзіңіз бар. Әдебиет тудырар Тұлға болып қалыптасу үшін қазіргі жастар қандай қадамдар жасауы керек?

– Адамзаттың бірінші ақыны Гомерден бастап бүгінгі Танакөзге дейін, қазақ, орыс, әлем әдебиетін түгел оқып шығуы керек. Қазір жастарымыз ортамызға ұйқассыз өлеңді алып келіп жатыр. Қазақ одан баяғыда-ақ өтіп кеткен. Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің сөздерінің барлығы – ақ өлең. Бізге кейін шегінуге болмайды. Батысқа көзсіз еліктемеуіміз керек. Қазақ өлеңіне сондай өзгеріс әкелуге мен қарсымын. Әкелген күннің өзінде, ол эксперимент күйінде ғана қалады. Біздің бойымызға сіңбейді. Қазақ ұйқассыз өлеңді  қабылдамайды. Өлеңді ұйқассыз жазу орыс поэзиясына жарасады. Мысалы Е.Евтушенко тұстас бір поэмасын ұйқассыз жазып шыққан. А.Вознесенскийде де бар. Қара өлеңнің потенциалы таусылған жоқ. Әлі бір он шақты ғасырға дейін жетеді. Сол ұшан-теңіз потенциалды біз пайдалануымыз керек.

– Өлең өрлей берсін! Әңгімеңізге мың алғыс, аға!

– Біздің қатарда Павлодар қаласынан бірінші болып жұлдызы жарқырап, жұлынып шыққан ақын – Арман Қани еді. Арманның соңынан шығып келе жатқан жастарға айтарым шығармашылық ізденістерің келісті болсын!

Әңгімелескен: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу