Баяғыда бір жарлы болыпты. Мінуге аты, ішуге асы болмапты, бала-шағасы көп болыпты. Мал дегенде маңдайына біткен жалғыз ғана қазы болыпты. «Аштық – атаң емес» деген, тесік тамақ шыдата ма, ақыр соңында сол қазды жемекші болып сойып, пісіреді. Бірақ оған салатын тұзы да, қосып жейтін наны да болмайды. Сонда жарлы әйеліне: – Осы қазды тұзсыз, нансыз жегеннен де ханға апарып тартсам қайтеді? Сөйтіп, одан бірнеше күн тамақ қыларлық астық сұрасам қайтеді, – дейді. Әйелі: – Мейлі, сүйтсең, сүйте ғой, – дейді. Жарлы ханға пісірген қазды алып келеді. – Тақсыр хан, – дейді ол, – Мынау сізге әкелген сыйлығым еді, аз да болса көптей көріп қабыл алыңыз, барымыз әзір, жоғымыз жай, – дейді жарлы. Сонда хан: – Рақмет, сізге, рақмет! Ал енді, бұл қазыңды үй ішімізге бірдей етіп өзің бөліп бер! – дейді де, жарлының қолына пышақ береді. Ханның өзін, ханымын, екі ұлы, екі қызын қосқанда алты жан екен. Сонда жарлы қаздың басын кесіп алып, ханның алдына қояды. – Сіз үйдің басысыз, сондықтан сізге бас лайық, ал бас мойынсыз, хан ханымсыз болмайды, сондықтан сіздің ханымыңызға мойын, – деп мойынды кесіп, ханымның алдына қояды. Екі аяғын кесіп екі баласына береді. – Сендер атаның жолын қуып, ізін басасыңдар, сондықтан сендерге аяқ лайық, – дейді. Содан соң екі қанатын кесіп екі қызына береді. – Сендер жат жұрттыққа жаратылғансыңдар, ертең бойжеткен соң ата-ананың қасында қалмай, құсқа ұқсап ұшып кетесіңдер, сондықтан сендерге қаздың қанатын беруге тура келеді. Ал жарлы – қонақ, кеудесі жарлыға қалмақ, – деп қаздың бар етін өзінің жанына қояды. Хан жарлының әділ бөлісіне таң қалып, қарқ-қарқ күліп, ырза болады. Өзін әбден сыйлап, тамаққа тойдырып, астық беріп үйіне қайтарады. Мұны бір мырза естіп, жарлы бір қаз апарып ханнан мұнша сыйлық алды, мен одан кеммін бе? – деп жарлының алғанына қызғаныш етеді. Сүйтеді де, ханға ол бірден бес қаз пісіріп әкеледі. Хан: «Әкелгеніңізге рақмет, бірақ мұны алтауымызға тең қылып бөліп бер», – дейді. Мырза олай салып, былай салып көреді. Бірақ қаздарды тең бөліп бере алмайды. Содан соң хан баяғы жарлыны шақыртып алып: «Мына қаздарды сен бөл!», – дейді. Жарлы бір қазды алып, хан мен ханымға береді де: «Сіздер үшеу болдыңыздар!» – дейді. Бір қазды екі баласына беріп: – «Сіздер де үшеу болдыңыз», – дейді. Тағы бір қазды екі қызына береді де: «Бұлар да үшеу болады, мына қалған екі қазбен мен де үшеу болдым», – дейді. Сонда хан: «Міне, әділ болсаң осындай бол! Бізге де тегіс берді, өзін де ұмытқан жоқ», – депті. «Бере білген, бөле білер» деген мақал осыдан қалған екен. Хан жарлыға тағы да қазынасынан көп сыйлық беріп қайтарады, ал мырзаны қуып жібереді.

ӨНЕГЕ

Бұрынғы заманда бір үлкен шаһар бар екен. Бұл шаһардың ханы болыпты. Ол күнде жаман киініп, жай кісі болып, шаһарды, базарды аралап жүреді екен. Күндерде бір күн хан базарды аралап келе жатып, басына бір кесек алтын, аяғына бір кесек алтын қойып жатқан бір адамды көреді. Мұны көріп, хан таң қалып, неше күндей мұны сыртынан бағып жүреді. Бұл адам ерте де, кеш те бір қалыпта: басына, аяғына бір-бір кесек алтын қойып жатады. Ақырында, бір күні хан:
– Сен не қылған адамсың? – деп сұрайды. Ол адам басын көтеріп:
– Мен ақыл сатушымын, – дейді.
– Олай болса, маған бір ақыл сатшы, – дейді патша. Сонда ол адам:
– Құп болады, бірақ әр ақылымның бағасы мың алтын, – дейді. Хан санап, мың алтын береді. Сонда ақыл сатушы:
– Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боласың, – дейді. Мұнан соң хан ордасына келіп, баяғы сөзді әрбір көзге түсетін жерлерге, орамал-дастарқанға дейін жазып қояды. Күндерде бір күн хан шашын алғызатын болып: «Шаштараз алып кел», – деп, бас уәзірге әмір қылады.
Уәзір дереу бір шаштаразға барып: «Ертең келіп, ханның шашын ал» – деп бұйырады. Ертең ерте шаштараз ханның ордасына келе жатса, алдынан уәзір шығады. Уәзір:
– Ей, шаштараз, ханның шашын қандай ұстарамен алмақшы едің? – дейді. Шаштараз:
– Ай, тақсыр, күндегі ұстап жүрген жай ұстарамен аламындағы. Жақсы ұстараны мен байғұс қайдан табамын? – дейді. Сонда уәзір:
– Ей, ақымақ! Ханның шашын жай ұстарамен алуға болмайды. Мә, мынау ұстарамен ал, – деп, қалтасынан шығарып, бір алтын сапты ұстара береді. Шаштараз қуанып, ханның құзырына келіп, шашын жібіте бастайды. Сол уақытта шаштараз: «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боларсың! – деп, әр жерге жазылған сөздерді көреді де ішінен: «Қой, уәзірдің ұстарасын қояйын, өзімнің үйренген жаман ұстараммен-ақ ханның шашын алайын», – деп, уәзірдің алтын сапты ұстарасын былай қойып, өзінің ағаш сапты ұстарасымен ала бастайды. Мұны көріп хан ішінен: «Бұл ақымақ алтын сапты ұстарасын менің шашымды алуға аяды ғой! Онымен менен артық кімнің шашын алады. Тоқтай тұр, мен саған көрсетейін!» – деп шашын алғызып болған соң хан:
– Дереу жендетті шақырып келіңдер, мен бұл шаштараздың басын аламын! – деп, кісілеріне әмір қылады. Шаштараз мұны естіп, неге қылмысты болғанын білмей, қайран қалып тұр еді, жендет келген соң, бейшара шаштараз ханның аяғына жығылып:
– Ей, тақсыр, менің басымды алсаңыз да ықтияр, бірақ менің кінәмды айтып алсаңыз екен! – дейді. Хан:
– Сен басында менің шашымды алтын сапты ұстарамен алмақшы болдың. Ақырында оны менен аяп, ағаш сапты жай ұстарамен алып, мені қорладың. Сенің кінәң осы, – дейді. Сонда шаштараз:
– Жаңа сіздің шашыңызды алуға ордаға келе жатқанымда алдымнан бас уәзіріңіз шығып: «Ханның шашын алуға мына ұстара лайық», – деп, осы алтын сапты ұстараны беріп еді. Мен сіздің шашыңызды жібітіп жатып, әр жерде жазылған «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң қор боларсың», – деген сөздерді көріп: «Бұл уәзір берген ұстараның қандай екенін білмеймін, ханға бір зиян келтіріп жүрмейін. Жаман да болса, үйренген өзімнің ұстараммен алайын», – деп ойладым. Шашыңызды ағаш ұстарамен алғанымның себебі осы еді, – дейді. Сонан соң хан жасауылдарын жіберіп бас уәзірін шақыртып алдырып:
– Мынау ұстараны шаштаразға сен бердің бе? – деп сұрайды. Уәзір:
– Мен бердім, – дейді.
– Олай болса, бұл ұстарамен уәзірдің шашын ал, – деп, Хан шаштаразға бұйырады. Шаштараз уәзірдің шашын жібітіп, алтын ұстарамен бір сипағанда, уәзірдің жаны шығып кетеді. Сөйтсе, бұл уәзір ханға қас екен. Соны өлтірмекші болып, ұстарасын зәрге суарған екен. Мұны көріп, хан шаштаразға дән риза болады. Көп алтын, күміс сыйлық беріп, үйіне қайтарады.

Білгіш

Баяғыда үш ағайынды болыпты. Үлкен екеуі – бай, кішісі – кедей, жалғыз арық аты бар екен. Оны ағаларының жылқысына қосып қойса, ағалары өз малдарын аяйды, сол байғұстың жалғыз шолағын мінгіздіреді екен. Бұ байғұс ағаларының бұ қылығын біледі екен. Ағалары оны біліп, (үндемейтіндігінің) інішегіне ашуланады екен.
Бір күні ханның қазынасынан алтыны жоғалыпты. Сонда хан жасауылдарын шаптырып, елінен білгіш іздетіпті. Сонда әлгінің екі ағасы жасауылға:
– Біздің осында бір білгіш ініміз бар, бізге қосқан жылқысы, аты бар, соны мініп қойсақ, біле қояды. Соны алып бар, – депті. Жасауыл әлгі сорлыны «Білмеймін» десе де, болмай, су еңіретіп, ханға айдап барады.
Сонда хан:
– Ай, білгіш, менім алтынымды кім алды, тап, – депті.
Бұ бишара күні-түні жылап жүрсе, бір кісі келіп:
– Әй, бишара, білгіш сен екенсің. Алтын алған мен едім. Ханға мені айтпайсың. Алтынды сен айтасың, алтын анау сайда, – депті.
Бұл ханға келіп айтса, хан:
– Маған ұрының керегі жоқ. Алтыным табылса, болды, – дейді.
Бұл алтынын алып келіп береді. Бұ байғұс үйіне келіп жатса, сол түні ханның арғымағы жоғалыпты. Хан тағы білгішке шаптырады. Ол жылап–сықтай тағы ханға келеді.
Хан:
– Ай, білгішім, арғымағым жоғалды, тап, – дейді.
Бұ бишара «Енді өлгенім осы ғой», – деп отырса, бір адам келіп:
– Ай, білгішім сен екенсің, атты алған мен едім, – деп, – ханға айтпасаң, арғымақтан көп пұл берейін, – деп, – арғымақ анау қорада тұр, – дейді.
Бұ арғымақты алып келіп, беріп, хан бұ шын әулие екен деп, мұны жанына отырғызып қояды.
Патшаның жанында отырып, бұ ұйықтап кетеді. Сол мезгілде ханға бір шегіртке қонып еді. Оны хан ұстайын деп, екі рет оқталып, ала алмай, үшінші ұмтылғанда ұстады. Жанындағы білгішті оятып:
– Ай, балым, бір іс болды, тап, – дейді.
Бұл «Енді өлдім» деп отырып, ханға:
– Екі тауып құтылдым, үшіншісін тұтылдым. Енді өзіңіз біліңіз, тақсыр, – десе, хан «екі рет оқталып, ұстай алмадың, үшіншісінде шегірткені ұстадыңыз»дегені екен. «Бұл шын кемеңгер, білгіш екен», – деп, өзіне уәзір қылып алыпты.

Пікір үстеу