Бүгін – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні. Осы күнге орай сатирик, ақын Алпысбай Әбділұлының «Әріпті соттау» кітабы туралы ой-пайымымызды оқырман назарына ұсынуды жөн санадым.

Сатиралық жинақ болғандықтан, кітап атауы мен ішкі безендірілуі өзгеше. Оқырманды бірден еліктіріп әкетеді. Ал, мұқабадағы карикатураға қатысты бір пікір – авторды сот кейпінде бейнелесе, басына мантия кигізіп, қолына тоқпақ ұстатса, тіптен керемет болар еді? Сыртқы сурет пен кітап атауы үйлесіп кетер еді. Бұл – кітапты қолыма алғанда менің басыма келген бірінші ой болатын.

Екі бөлімді кітаптың алғашқысында әзіл өлеңдер топтастырылса, екінші бөлімде әзіл әңгімелер шоғырланған. Сатиралық шығармаларды оқып отырып, автордың тақырыпқа сараң еместігін байқадым. «Жатыпатар жауынгердің» нысанасына ілінген әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық, қоғамдық, рухани мәселелер өткір сыналып, әжуаланады. Автор, алаяқтықтарды, аңқауларды, «жеп – қор болатындар мен жеп – зор болатындарды», «көкпардың көкесін» көрсеткен ажырасушыларды, «ақшаны алғашқы махаббатындай жақсы көретіндерді», «бастық жымиса, күлуге, түшкірсе, ауыруға, бұртиса, жылауға дайын тұратындарды», «екі сөздің басын құрай алмайтын Нетіпәлі секілділерді» сынайды.

Мысалы, «Әріпті соттау» өлеңі ХҚКО-да болған оқиғаны баяндай келе:
«…Біздің елде кейде,
Барып кел, шауып кел емес,
Мол олжа тауып кел емес,
Қатер мен қауіптер емес,
Қанішер «ғаріптер» емес,
Халыққа несие беріп қатырған,
Қарызға белшесінен батырған,
Елді жеген банктер емес,
Кей кезде әріптер сотталады…»,
– деп түйіндейді. Еркісіз күлесіз. Езуіңізге ызалы күлкі үйіріледі.
Бармақ басты, көз қысты, жемқорлық тақырыбы – Алпысбай шағармашылығының негізгі бөлігі. Бұл індетпен қарқынды күрес жүргізуді қолға алған Алпысбай қолына қалам алыпты. «Ар мен авария» өлеңінде ол:
«…Бағына қоймас әмірге,
Мінгендер батыл «Хаммерге».
Көк қағаз беріп құтылмас,
Көктегі, бірақ, Тәңірге…»,
– дейді.
Айтар ойы осы өлеңмен өзектес «Сауапты іс немесе жемқорды жеу» өлеңіндегі ​ кейіпкер өте қызық адам. «Біреуді көре алмағандықтан емес, ел жайына алаңдағандықтан, оны әділетсіздік қинайды, айтпаса ішіне сыймайды». Пара беруді әшкерелеп, «Сенім телефонына» хабарласқанға сыйақы барын естіген кейіпкердің «Парақорды түгендеп, жемқорды түгел жүгендеп, «Сенім телефонына» қоңырау шаламын» деген ойының астарында құйтырқылық қылаң береді. Сол сыйақы параға айналып кететінін ойлағанда «Әй, пәлем-ай!» дейсің іштей…

Алпысбайдың айтқыштығын айғақтайтын тағы бір туынды – «Дениз бе, теңіз бе?» өлеңі. Онда автор баршамызға әбден таныс жағдай – теледидар алдында, телехикаяға телміру жайын сөз етеді. Балаларымызға тәрбиені телефон, тәлімді теледидар беріп келе жатқаны – шындық. Оны қойып, үлкендердің қаншама уақытын – баласына ертегі айтып беруге кететін есіл уақытын түрік пен кәріс сериалдары жаулап алды. Осы жағдайды сынаған Алпысбай, өлеңін қисық-қыңыр қалыпта түйіндейді:
«…Қол жеткізіп арманға,
Ел Егемендік алғанда.
Қазақстанды алғаш боп,
Мойындаған осы түріктер.
…Түріктердің сериалын,
Мойындаған алғаш боп,
Мына біздің қазақтар»,
– дейді.
Ал, «Атың шықпаса…» деген өлеңде автор «…Бұл ғалам толып бара жатқандай, оқырманы жоқ қаламгерлерге», – дейді. Иә, қазір кімнің ақшасы бар, сол кітап шығарғыш болып кетті. Жүз беттің жартысынан көбі той-томалақта, демалыс-отырыста түскен отбасылық суреттермен безендірілген, қалғаны әдеби тілден жұрдай, қателері көп «жазбаларға» толы кітаптарды көтере алмай сөрелер майысады.
Бұндай отбасылық кітаптардың авторларының бір тобы: «Өзіміз үшін, ұрпақтарымызға үлгі болуы үшін шығардық!», – десе, енді біреулері өздерін кәдімгідей жазушы сезінетінін қайтерсіз?!
Кітапханадан ұшыратқан бір-екі кітап туралы айтайын. Біріншісінің қалыңдығы – 500 бет. Авторы – Пәленше Түгеншеев. Ішінде не жоқ десеңізші? Абай атамыздың 45 қара сөзі түгелімен жүр. Атақты би-шешендеріміздің, ақын-жазушыларымыздың нақыл сөздері, өлеңдері, тіпті әңгімелері еніп кеткен. Көрдім де, ойладым: «Автор» өзі оқыған кітаптарынан ұнатқан шығармаларын іріктеп жинап, бір кітапқа топтастырған-ау. Бірақ, олай етсе, кітап авторы емес, құрастырушы болса керек еді. Амал не, олай емес.
Ал, екінші бір кітапта баяғы өткен алыптардың ел аузындағы ақ баталары мен халықтың тұрмыс-салт баталары топтастырылыпты. Бұл кітаптың да авторы – Түгенбай Пәленбаев. Дұрысы, құрастырушы болуы керек еді! Тағы да, амал қанша?
Оқу былай тұрсын, қолымызға ұстап тұрып, өзім ұялдым.
Алпысбай айтқандай, кітап шығаруды жасы келген үлкендер ғана емес, біз жастар да ермек еттік. Осы бір ермек пен еңбекті шатастырып алған секілдіміз.
Бұрын «Атың шықпаса, жер өрте» болатын. Қазір «Атың шықпаса, кітап шығар!».
Алпысбайдың «Трамвайдағы трагедия» және «Бейтаныс бейне немесе кездейсоқ махаббат» өлеңдері ер азаматтардың бойындағы ұнамсыз бір қасиетті сынайды. Неге біз осы сондаймыз? Көрсеқызарлығымыздың кесірінен опық жейтінімізді біле тұра көзсуаратынымыз несі?!
Мен де көшеге шықсам, айналамдағы бойжеткендердің барлығы ерекше сұлуланып кеткенін байқаймын. Әне, ана біреуі жер бетімен жүріп емес, жүзіп бара жатқандай, мына сылқым жанарынан нұр шашып, жүрегімді қытықтайды, мына бір сұлудың ерінінің ұшынан ұшып шыққан леп, көңілімді желпиді, ал, мына ару бізөкше топылайымен тық-тық басып, көңілімнің терезетін тықылдатқандай, мына қыз болса, «Сәлеметсізбе!», – деп сәлемдесіп қана қоймай, әуезді әндей әуелеген нәзік дауысымен жан-дүниемді тербейді…
Ой, есің кетеді. Осылар мен бойдақ кезде қайда жүрген, ей, ә?!
Осылай көшеде көрген көріктілердің әр қайсысына жеке-жеке таңданып, жеке-жеке тамсанып үйіме де жетемін.
Алдымнан кішкентай қызымды құшақтап, үй шаруасынан шаршаған, екінші жағынан бала күтімі шалдықтырған келіншегім шығады. Күліп қарсы алады.
Қанша күліп қарсы алса да, баяғы қыз кезіндегі көркі келмеске кеткендей. Оның үстінде жаңа ғана көшедегі сұлулық фестивалін өз көзіммен көріп келген бетім.
Келіншегімнің жымиысы қанша жылы болса да, «бетіндегі сүт шұқырына ақыл-есім бір батып шыққан ана бір күлімкөздің езу тартқанына» жетпейді ғой…
Осы оймен бүлдіршін қызымды қолыма аламын.
Әуелі маңдайынан, сосын көзінен, бетінен, мұрнынан, тамағынан, қолынан, аяғынан құшырлана иіскеймін.
Сол сәтте көшеден бірге еріп келген әлгі «сұңғақ бойлы, толқын шашты, бота көзді, қыпша белді, бүлдірген еріндінің» бәрі табалдырықтың сыртында қалады, санадан сызылып кете барады.
Жұмақтың жұпары аңқыған сәбидің иісін сыйлаған анасынан – сүйіп қосылған асыл жарымнан өткен сұлудың мына жер жаһанда жоқ екеніне көзім де, көңілім де жетеді…
«Тышқан мен журналист» өлеңін оқыған мен секілді журналистер қауымы бірден ұнатары сөзсіз. «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» (Шерхан Мұртаза) журналистер қауымының басты проблемасын алға тартқан Алпысбайды құшақтап алғың келеді. Сосын, «Тышқан құрлы құнымыз жоқ па?!», – деп, мұң шаққың келеді. ​
Кітапқа енген «Әке мен баланың немесе ауыл мен қаланың айтысы» және «Із» өлеңдерінде әзілден көрі, тәлімдік мән мол секілді.
Бұл өлеңдерде автор: «Тектілікті жойып алма, қазағым, Жусан иісі бұрқыраған бойыңнан…», деп, «Мен ешқайда шектен шығып кеткем жоқ, Жүріп келем өзің салған ізбенен» деп ұрпақ сабақтастығын жыр етеді.
***
Енді автордың әзіл әңгімелеріне кезек берейік.
Алпысбай жеңіл күлкіні мақсат тұтпайды. Әзілдері түсінуге жеңіл болғанымен, қабылдауға өте ауыр. Себебі, шығармаларда айтылатын ойлар санаңызға соққы болып тиетіндей. Сөзім дәлелді болу үшін бір-екі мысал келтіріп өтейін:
«Жұрттың байы» деген әңгімеде ішкіш күйеуіне үнемі ұрсатын әйелінің шарасыз күйіне қынжыласыз. Босағада ұйықтап қалатын күйеуіне: «…Балалардан ұялсаң етті?! Таңертең мектепке сенің үстіңнен аттап өтіп кетті», – деген сөзден асқан қандай қорлық бар?!
Ащы судың қасіреті қаншама отбасыны ойрандады, қаншама ошақтың оты сөнді. Ерлі-зайыптыларды қойшы, ересек адамдар ғой. Сол ылаңды көрген баланың жағдайы не болмақ?!
Күнде ішіп келіп, үйінің берекесін қашыратын әкесінің қылығынан намыстанған баланың «Әкемді жек көремін!» дегенін көрген көзіміз. Мас болып келген әкесі анасын ұрып, көк-ала қойдай сабағанын көрген баланың шырылдап, «Маған әке керек жоқ, анашым екеуіміз өзіміз жеке өмір сүре аламыз» дегенін естіген құлағымыз…
«Қырықтың бірі – «тырық» деген қып-қысқа ғана жазбасында Алпысбай көркем, бай, қасиетті Қазақ тілін қорлаған жастар жайын қозғайды. Саханаға шығып алып, баратырық, келеатырық, жебатырық… деп «тырқылдайтындарға» «…Өз басым «тырық, тырық» деген дыбыстың негізінде ауыздан шықпайтынын ескерсем, жүрегім айнып, құсқым келеді. …Қазақ жастары, «тырқылдамаңыздаршы», қазақтың тілінен жағымсыз «иіс» шықса, масқара, ұят болады!», – дейді. Ойланайық. Жұпарланып, аңқымағымыз тек арымыздан!
Алпысбай «Қап, бәлем-ай, ә!» деген әзілінде халықты жалған дауысымен, өтірік өнерімен алдап, жұлдыз атанған әншісымақтарды «… «До» мен «Ре»-нің арасына такси ұстаған өнеріңе болайын сенің?!», – деп сынайды.
Ал, «Биші болдық» әңгімесінде «Тас жолдың жыры біткенше жапондар қанатты машина ойлап тауып қоятын сияқты», – деп әжуалайды.
«Бөтен қой бар ма?» деген әңгімесінде интернет деген игілікті орынсыз пайдаланып жүрген біздерге уәж айтады. Оқиға «Балалық шағының ізі қалған туған ауылын көзімен көруге» келген Қисықтың төңірегінде өрбиді.
Автобустан түскен ол ауыл ішінен ешкімді ұшыратпады. Тіпті, анадайдан көрінген шопан қарт та мұның айқайлай сәлем бергенін елемей өтіп кетті. Үйіне келген оны «бұрқылдап қайнап тұрған самаурыннан басқа ешкім қарсы алмады». Бұның сыры – туған ауылының түгелдей телефонға телміріп кеткенінен екен. Ауылдың іші емес, ұялы телефонның іші қайнаған тіршілік екен. Туған-туыс, жора-жолдас, ауыл-аймақ, қой кезек – бәрі-бәрі осының ішінде екен.
Расымен, ғаламтор қанша пайдалы, қанша қолжетімді болса да адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты жойып бара жатқан секілді. Автор осы ойды ортаға салады. Ал, түйіннің өзі қызық қойылыпты. Бағана сәлеміне селк етпеген шопан қарт тікелей желіден: «Қисық шырақ, қашан келдің?», – деді жарқын үнмен. Не дерін білмей қалған Қисық аңтарылып тұрып қалды…»
Алпысбайдың кейіпкерлерінің есімдері де ерекше: Мыжбан, Үбән, Дымбілмес Түкоқымағанов, Білгішгүл Көпоқығанова,​ Мықтыбек, Қисық, Түпән, Бөдеш, Қамшыбек. Сатиралық шығарма кейіпкерінің есімі де қызық болғаны, оқушыны баурай түседі екен.

Сөз соңында баяғы әдетімше, Алпысбай шығармаларындағы шымыр тіркестерді ұсынамын:
«…Бадырақ көзді бағдаршам…» («Ар мен авария»)
«…Дауысына қосып мойнын соза сәлем берді…»
(«Шындық па, сұмдық па?»)
«…тақтай болған басыңды, әжетхана болған аузыңды, сыпырғыш болған шашыңды…»
(«Жұрттың байы»)
«Аш халық тоқ шенеунікпен ойнамайды» (Бірінші сәуір – алданбасаң тәуір)
«Қалжыңыңыздың сиқы сиыр сүзгендей», «Қазақ екенімізді Наурыз айы келгенде ғана сасқалақтап есімізге әрең түсіреміз»
(«Маска»)
«…Есімді жисам, тірі екенмін…»
(«Әттең, тонның келтесі-ай!»)
«…далада жатқан жарты минут та уақыт жоқ…»
(«Қап, бәлем-ай, ә!»)
«…Алақанымыздағын ауызымызға сала алмаған соң бар дүниенің қадірі қашады екен-ау»
(«Итеріп жіберіңізші…»)
«…аузы сасық әңгімелер…»
(«Лайкың азайғыр!»)
«…ұялы телефоны іші ауырған баладай шар ете қалды…»
(Не десем, не жесем еке, ә?)
«…қара телефон шошып оянған баладй баж ете қалды…», «…арық малдың жілігіндей арзан…»
(«Қашан шығат?»)
«…Диагнозын іздеу жариялап, таба алмай отыр…»
(«Түкең тірілді!»)

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий