Pavlodar, KZ
18°
Fair

Нұрбек Мырзабекұлы.

1991 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Аппаз ауылында дүниеге келген. ҚарМУ-дың химия факультетін бітірген. Қарағанды  облыстық А.Сейдімбек  атындағы жас жазушы, көсемсөз  шеберлері  байқауының проза жанры бойынша 2-орын иегері. Әңгімелері мен өлеңдері «Әдебиет порталы» сайтында және  республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған.

Қыз күнделігінен

Әке мейірімі

Әке…

Айғайлап жібергісі  келді. Жүрек  түкпіріндегі сағыныш дертінің тасқынынан көмейге өксік тіреліп, ол көз ұшында мөлдір тамшыға айнала берген тұста «Мені еске алғанда жыламаңдар» деген әкенің аманаты бағдаршамның қызыл түсі жанғандай қозғалысты тоқтатып тастады. Аманатқа қиянат жасамайтын текті елдің ұрпағы аталы сөзге тоқтамаса жөн бе еді?! Сондықтан қанша қиналса да, қанша жанына батса да сыртқа білдірмейді, шығармайды. Әкесі туралы айтқанда, бұның жылағанын, көзге жас  алғанын күткендердің талайы, сабырлы түрде еске алып, әңгімелегеніне таң қалып, бастарын шайқады. Мейлі не ойласа да, не айтса да, қалай қабылдаса да өз еріктерінде.

Оңаша қалғанда есте қалған тәтті сәттерді еске алып, ойша тіл қатысып, сырын айтар еді. Сол мейірімді алақанды аңсап,  еркелеткен балдай  сөздерді  қайта  естігенді, жып-жылы құшақты сағынып отырар еді. Сол кездерде кішкентай болса да, әкенің мейірімі осы кезге дейін жанына жылу, тәніне қуат беріп келіпті. Ойлаңызшы, бір аз ғана мейірімнің қуаты қанша жылға азық бола алады?!

Қай жаққа  қараса  да әкедегі мейірімді іздеп жүретін сияқты. Сол мейірімді басқаларға  беруге тырысатыны да бар. Әттең қатты сеніп қалып сол мөлдірліктің шытынап кеткені жанына батады. Жара жазылса да, бәрін кешірсе де орны қалып қояды екен.

Содан  бері  абайлап  басады.  Сенбейді. Тіпті  айналсоқтап, хат жазып, сезімін білдіріп жүрген жігіттерге де. Бірақ бір түсінгені сол әкедегі мейірім бір жолықса, болашақ жарының бойынан табылар деген үміт. Ал оған лайықты ақ боз атты ханзада әлі жолықпады. Тек… анау бір жігіт болмаса… Оның өзін бір-ақ рет көрді. Желілік маркетингпен айналысатын компанияға барғанда. Оның алдында телефонмен, WhatsApp-та сөйлескен-ді. Сымбатты, келісті жігіт сияқты.

«Бұлар сияқты кәсіпкер  болу қайда?» деп бір ойлап өтті. WhatsApp-та сөйлескені сол кісі екенін сонда бір-ақ білген.

–  Кешіріңіз, есіміңіз кім еді? Сізді компанияңыздың атымен сақтап қойып едім, – деген. Ашуланып, не ренжіп қалар ма екен деп еді, өйтпеді, жымиды да атын айтты.

Одан кейін де WhatsApp-та тіл қатысып жүретін. Ана күнгі әңгіме бір бөлек басталып, бір өлеңмен жалғасып (өлең шығарады екен, ақын екен) одан кейін әңгіме кездесуге шақырумен, кездесу әппақ раушан гүлмен аяқталды. Ерке көңіл аспанды кезіп, сезімге тез беріліп кеткен сияқты ма? Әйтеуір кеше бір күн жазбай қалғанда көңілге күп тірелген.

Кездесуде әдемі бір әңгіме өрбіп, шынайы әсерге бөленгендей болып еді. Әппақ раушанды ақ ниеттің белгісіне балаушы еді. Сыйлыққа алғанда қатты қуанып WhatsApp пен Instagram-ды жаңа мәліметпен толықтыра қойды.

Қатты сеніп қалудан әлі де қорқады. Әр күні әртүрлі эмоция сыйлап жүрсе  де өзін тежеп қалып жүр. Қатты ғашық болып қалудан да қорқатын сияқты. Әнтек жаны қалмай көмектесуге әрдайым дайын екенін көрсетіп жүр бұл жігіт.

«Әке… Жанашырым, қамқорым!  Сен  жетпей тұрсың маған!  Әттең, қасымда  болсаң, саған  еркелесем,  ақыл сұрасам, қандай бақытты болар едім. Жол көрсетіп бағыт-бағдар сілтер ме едің?! Сен болғанда мен бұдан да мықты, бұдан да күшті болар ма едім?! Сенің бар екеніңді сезіну орны толмас дүние екенін білемін».

Күйбең тіршілік ұмыттыра жаздағанымен жадының ең маңызды папкасында  сақталған бейне  «іздеу»  жүйесінің көмегінсіз жарқырап шығады екен. Тағы сол тәтті әрі ащы, өң мен түс арасындағы қиял мен арман, сағыныш пен қимастық аралас сезім. Өкінгенмен өткен күндер қайтып келер болса… Алдына алып бұны еркелеткен сәттер қандай еді. Бақыттың құшағында тербелу, мейірімге бусанған әзиз жан, парасатқа толы жүрек, алаңсыз, қамсыз шақ. Шын бақытты шақтар сол еді ғой. Қайда кеттің, ей, сол бір күндер?!

Әкесі бар болса да әкесі жоқтай жүретіндерге таң қаласың! «Әкесі жоқтай» дегенім қадірін білмей, сыйламай, ары мен абыройына нұқсан келтіріп, үмітін ақтамай жүргендігі. Қалайша, қолда бар алтынның қадірін білмеуге болады? Қалайша, асқар  тау тұлғаны сыйламауға болады? Қалайша, онымен сырласып, оған еркелеп, мейірімге бөленетін сәттерді тәрк етуге болады? Құдай-ау әкенің бар мейір-шапағатын жұтып, сіміріп  алсаңдаршы!  Адассаң, үйіріңе қайтаратын да, түзу жолға салатын да, керек жерінде тоқтататын да сол болар еді ғой! Қанша жылға жаныңа рухани азық жинар едің?! Түсіне алмады. Миына сыймайды осы жағдай!

Әкесі бұның 5-6 жасар кезінде қайтыс болған. Еміс-еміс болса да есінде қалған естеліктер ғана. Әсіресе, тізесіне отырғызып еркелеткен сәттер. Бала болса да жадында тасқа басқан  таңбадай әкенің мейірімі қалып қойған. Алға жетелеп арман,  мақсаттарға ұмтылуға күш-қуатты да содан алар еді. Шүкір анасы, ағалары бар. Бір ағасына еркелеп, бірімен сырласып, бірімен алысып, жұлысып өмір

кемеде жүзіп келе жатыр. Өмір жалғаса  бермек.  Барда қадірін біл, жоқта қадірін ұғын. Өмір сүр. Бағала. Қуат ал! Жүрек түкпірінде қанша сызат қалса да өмір жалғасады. Ұмытпа!

Әкеме хат

XXI  ғасыр  өз жаңалығымен келді. «А»  деп аузыңызды ашып үлгергенше, талай жаңалықтың куәгері не естушісі, көрушісі боласыз. Күнде бір жаңалық, бір өзгеріс. Ракетаның жылдамдығымен қозғалып бара жатқан заман. Ілескен ілесті, ілеспеген қалды. Америка мен Еуропаның білімін әлі сол орыстардан аударып, соңында келеміз. Сол білімнің соңынан қуып Мәскеуге  келгеніне екінші күн. XXI  ғасыр өз жаңалығымен келді дегенде ақпараттар  соғысы ғана емес,  сұранысқа  ие болып тұрған білім – бизнес жасау мен  психология, мотивациялық білімдер. Әйгілі Дашкиев пен Осиповтың тренингіне келген. Жастары әлд қайда кіші болса да білім үшін кішірейіп келуге арланбаған. «Жасы кіші демеңдер, ақылы асса, аға тұт» деген баба сөзі санада жатталған болса керек. Ұлтым, елім, қазақ, Алаш деп ішінде қайнап жатса да аттандап, ұрандап бәзбіреулердей атой салмаған. Ойлана келе тапқаны Әлихан, Ахметтердің жолы – ағартушылық.  Дүниеде шайтанарба  ойлап табудың қажеті жоқ. Білімің болмаса, ақпарат тасқынының арасында ағып өлесің, не кітап артқан есек боласың. Тасқын арасында аман қалу үшін екінші керегі – мидың жұмысы. Миды зерттеу арқылы біраз құпия ашылды. Талай керемет жаңалықтар мыңдаған елдің игілігіне айналуда. Тек қазақтың емес… Енді соны жұртпен бөлісу керек. 25 жыл бизнестегі тәжіриесі бар. Бәрін жинап кәсіпкерлік мектеп ашқан. Нәтиже жаман емес. Талай бұлақтың көзі ашылды. Білім беріп жүр екенмін деп білім алуын да тоқтатқан емес.

***

Басы әлі мең-зең. Өз-өзіне келер емес. Бірақ жеңілдеп қалғанын сезді. О, құдірет! Бәленің бәрін ішімізге жинап алады екенбіз де, «Ауырдық» тағы басқа дейді екенбіз. Әлгі бір затты қойып қойсаңыз біраз уақыттан кейін бұзылатыны сияқты, ішіңізге сақтаған өкпе-ренішіңіз, кек сияқты жанның кеселі тән кеселіне айналады екен ғой. Ал шығарып тастау қандай ауыр! Дегенмен соңында үстіңізден ауыр жүк түскендей жеңілдеп қаласыз.

Бағана тренингте «Ренжіген адамыңызға хат жазыңыз» деген тапсырма болған. Ақшасын төлеп (және аз емес) қатысып отырғаннан кейін толығымен пайда алып кету керек қой. Орында дегенін шынайы орындауға басында біраз батылы жетпей отырған. Әкеме ренжідім деген әбестік сияқты ма?  Бала жүрегінде бәленбай жыл қатып қалған екен. Шығарып тастамаса болмайтынын сезді. Содан хат жазып отырғанда ботадай боздап, көз жасы  парласын. Тоқтай алмай, солығын баса алмай қойды. Қасындағылар бірі аянышты, бірі түсінбеген көзбен қарап отыр. Оқып берейін деп еді, оқи алмады. О заман да бұ заман Ақай жылады десе жанында жүргендер миығынан күліп, сенбейтін шығар. Әсте айта көрмеңіз өтірік айтып тұрсың деп жүрер.

Әке.. Құдай-ау соңғы рет қай кезде айтқаны есінде жоқ. Параққа  бірнәрсе  жазды да қарап  отырып умаждап-умаждап лақтырып жіберді.

Біраз отырған соң тағы бірдеңе жазып қойды. Оны да умаждап лақтырып тастады.

Тағы бірдеңе жазды. Оны да…

Айналасына бір қарап  өтті. Бәрі бұрқыратып бірдеңелерін жазып жатыр.

«Қой, жазайын!», – деп дауыстап жіберді. Күрсінгендікі ме? Не деп жазарын, қалай бастарын білмей ақыры па- рақтың бас жағына, дәл ортасына үлкен әріппен «Әке» деп жазып қойды.

«Әке!

Дәл қазір қандай күйде екеніңді де білмеймін. Бұл жазғандарым саған жете ме, жетпей ме тағы белгісіз?»

Ойланып кетті. Осыным ақымақтық емес  пе? Параққа да сол сөйлемді тізе салды.

«Мүмкін ақымақтық та болар. Бірақ тренерлер бекер берген жоқ. Бір білгені бар шығар, әке. Дұрыс емес болса, айыпты болсам,  кешірерсіз. Бірақ мен емес  сіз кешірім сұрауыңыз керек сияқты. «Неге» дейсіз бе? Өйткені кінәлісіз ғой. Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды, кешір дейсіз бе? Кешіргім келеді. Кешірдім деп ойлаймын. Бірақ жүрек түбіне тастай қатып қалған екен. Жібір емес».

Жүрек түбіндегі шемен сәл жұмсарған болуы керек, тамағына бір өксік тығылғандай болды. Жұмбақтамай ашып жаз  деп  тренердің ескерткені  есіне  түсті. Бұл керемет ақтарылып жеңілдеуге көмектеседі деді ме? Ал, бісміллә көрейік.

«Шынымен саған ренжіген екенмін, әке. Ащы да болса, бір шындық  – осы. Бұдан артық ішімде сақтай алмаймын. Бекер мені жетектеп апарып өз қолыңмен табыстадың. Дәл сол сәт қалып қойыпты. Неге екенін білемін ғой. Сен мені кешір, әке, бірақ бұл қатігездік қой. Іштен шыққан шұбар жылан емес  ем? Қолыңда болсам, үмітіңді ақтар ұланың болар ем ғой.

Апам сізден де қатігез екен. Жаны жаралы адам солай бола ма, кім білсін? Қате ісім үшін таяқ жеп далада қонған кездерім болды. Бірақ алдыңа бармадым.  Қайсарлығым ба, намыс па, жоқ әлде жалған намыс па, білмеймін?! Бір білерім – өкпе-реніштің салдарынан болғандығы. Сол мені жібермеген.  Талай нәрсені  бастан  өткердім,  мойымадым, қажымадым, шыдадым. Бірақ сол бір ғана сәт бүкіл өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберген сыңайлы. Және менің жанымнан титтей де болса шыққан емес.  Бірақ бүгін дәл қазіргі сәтте мен сізді кешірдім, әке. Кешірдім бәрін».

Көзінен жас парлап қоя берді. Өзі де түсінбеді. Қайдан шығып жатқаны белгісіз. Басқалардың аңырап қарап қалғанын сезді. Өз еркінен тыс болғандықтан ба тоқтауға, тоқтатуға тырысқан жоқ. Біржола таусылып біткенін қалады. Сәл басылған соң оқып беруін сұрағанда да, жылауын доғара алмаған еді.

Кешке қарай есін жиды. Денесінің соншалық жеңілдеп қалғанын байқады. Сондай  ауыр нәрсені  қалай  ішінде сақтап жүргеніне таң қалды. Адамдардың 99 пайызы солай өмір  сүріп жүр. Бәрінің ішінде – өкпе-реніш. Бәрі біреуді кінәлайды. Кедей өмірі үшін үкіметті кінәлайды. Жанымды

түсінбеді,  қолдау көрсетпеді деп туған-туысын, достарын кінәлайды. Әңгімелерін тыңдасаңыз, кінәсіз – өзі, қалғаны- ның бәрі – күнәһар.

Өзіңіз ойлап көріңізші, әр ренжіген сайын қалтаңызға кез келген бір затты салып отырсаңыз. Біраз уақыттан кейін ол заттар ауырлап салмақ  салады, бұзылады, жағымсыз иіс шығарады. Реніш арқылы біз жан-дүниемізді қаншалықты улап жатырмыз. Әлем тап-таза, тек біз оны құртатын.

Моншадан  шыққан  адамдай  шаршап   қалыпты. Жастыққа басы тиісімен ұйықтап кетіпті. Ұйықтап жатып бір жылап алды, бірақ күліп оянды.

Түсіне әкесі кірді.

– Балам, – көзінен жас  тамшылап жылап тұр екен. – Кешіргеніңе рахмет! Иә, мен  сені өз қолыммен апарып апаңның қолына тапсырдым. Бірақ жүрегімнің қаншалық қан жылағанын сезбедің. Мен сездіргенім жоқ. Бауыр еті балаңнан өз еркіңнен бас тарту жүрегіңнен ет кесіп алғандай ауыр екенін білесің бе? Қатал да болған шығармын, бірақ менде де жүрек бар ғой. Егер мен сезімімнің ұшқы- нын шығарар болсам, сен үйге қайта айналып келер едің. Сондықтан білдірмедім. Апаңа ауыр болар еді. Жесірін жылатпаған ұлт едік. Жалғызсырамасын деп сені бердім бала қылып. Дақ қалып қойған екен ғой жүрегіңде. Кешір, балам!

Әкесімен бірге өзінің де жылап жатқанын байқады.

– Бала кезіңнен жүрегіңде қалған шер-шеменнен  енді азатсың, балам.  Еркіндік сүйгіш  жаның қаншалық тазарып қалды. Менде бір аунап  түсіп, тазарып қалғанымды сеземін. Керек емес  нәрсемен  жаныңды улама ендігәрі. Есіңе түсіп есіңді шығарардай болса, мынаны ұмытпа: Әке баласына ешқашан жаман болсын демейді. Өзіңде осыны айтар жасқа келдің. Айтып та жүрген шығарсың? Өмірді өз қолыңмен қиындатпа! Келші, балам, құшақтайын!

Өмір бойы аңсаған арманы түсінде орындалды. Жасы елуден асса  да әкесінің құшағында бала екенін сезінді. Жылауын қойып соншалық рахат сезімге батты. Әкенің құшағы мейірімге толы құшақтардың бірі екен ғой. Жасынан жылу аңсаған жаны күннің шуағына шомылып, ай сәулесін сіміргендей күй кешті.

Қуанып оянды. Ерте тұратын ғадеті. Жаттығуды ләззатпен ожасады, таңғы асты сүйсініп ішті. Балалық шағын есіне алып, қиналыс сезімінсіз миығынан күліп қойды.

Қарағанды қаласы.

Пікір үстеу