Pavlodar, KZ
18°
Fair

Якутияның халық ақыны, А.Пушкин медалінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, А.Твардовский атындағы Бүкілресейлік әдеби сыйлықтың, П.Ойунский атындағы Саха (Якутия) Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Якутия Жазушылар одағының басқарма төрағасы Наталья Харлампьеваның өлеңдері қазақ тіліне аударылып, «Фолиант» баспасынан «Саханың сандал садағы» деген атпан жарық көрді.

Бұған дейін орыс, ағылшын, әзербайжан, татар және тува тілдерінде жиырмаға жуық поэтикалық және публицистикалық кітабы шыққан қаламгер жақында қазақ тілінде сөйледі. «Саханың сандал садағы» кітабы Астана қаласында өткен «Eurasian book fair – 2024» Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде көпшілікке таныстырылды.

Жаңа жыр жинағының жарыққа шығуына ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы мұрындық болды. Кітаптың алғысөзін ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жазды.

«…Наталья жырларында ең көп кездесетін сөздің бірі мөлдірлік! Оның махаббаты кіршіксіз тап-таза, пәк. Осы тап-таза сезім оның поэзиясының негізгі лейтмотиві, үзілмес өзегі. Ол тағдырдың алуан-алуан ауыртпалығын, заманалар арпалысындағы басқа түскен түрлі қиянатты көріп, белуардан кеше жүріп, жаны жаралана жүріп, ақындық арына дақ түсірмей, жүрек сүзгісінен өткізіп, кәусарлығынан айнымаған мөп-мөлдір жыр ұсынады. Бұл жырда меңдеген ой да, сағыныш та, өкініш те, қиналыс та, құса да, төзім де, кешірім де, намыс та, өр рух та бәрі бар – баршасы да зәредей қылаусыз, зәм-зәм тамшысындай таза, әбілхаят суындай нәрлі қалпында», – дейді Ұлықбек Оразбайұлы.

Наталья ақынның өлеңдерін қазақ тіліне Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Дәулеткерей Кәпұлы, Танакөз Толқынқызы, Гүлбақыт Қасен, Сағыныш Намазшамова, Саят Қамшыгер, Нәзира Бердалы, Толқын Қабылша, Жанат Жаңқашұлы, Жәнібек Әлиман сынды өзге де ақындармен қатар, павлодарлық қаламгерлер Айбек Оралхан мен «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы Еламан Қабділәшім аударды.

Наталья Харлампьеваның өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.

Олжа

Ұзан-жыр болып борышы, 
Көрешек ғұмыр кешті атам.
Өлеңнің ғана өрісін,  
Арман-мұңына қосты атам. 

Көне сарыннан сыр ұғып, 
Көршілер кезек елтитін.  
Бабабалар бір сәт тіріліп,
Ақ кебін – қарды серпитін.  

Батырлар онда шайқасып,  
Бір-бірін сынап барлаған.    
Күштілер құшақ айқасып,
Әлсіздің арын қорғаған.   

Ертекке осы хошы кеп, 
Ел іші қызу қолдайтын.  
«Жырлашы тағы!»
Шашып от,  
жырлаудан атам талмайтын.

Сол сәтте сызды күркеде,
Басылмай таңнан ентігі,
Іреп те сойып іргеден,
Сөгетін еді кемпірі. 

Тұрмысқа епсіз жазған шал, 
Жазғыруларға төзетін. 
Аш көзден аулақ озғанша,
Ауласын үйдің кезетін. 
 
Сүзілген сүттей саусақтан
төгіліп жатар тоқшылық. 
Қамсыз әлемді аңсатқан,
Қиялы ойдан ап шығып.  

Бір жолы ол есік алдында,
Ағынды өзенге атты өзін.
…Отыз жыл жасап соңында,
Омалып әжем қапты өзі.

Немерелерін ертіп ап,
Ат шалып ескі қонысқа. 
Ішінде ашу өрті қап,
Өкпесін айтты арысқа. 

Тізесін тіктеп аса ауыр,
Тілдеді тағы жоқ шалын. 
«Олонхо емес, осы өмір. 
Қанша рет оған қақсадым!»

Қайтатын жолда сабыры
Сабаға түсіп, салқындап,
Өткен дәуірдің дауылы
Жанарларында жалқындап,

Өзімен кетті дегендей
Өлеңшілдіктің ғылымы.
Балаларына бөгелмей,
Немереге жұқпай жұғыны.

Қуанған іштей оның да,
Қате боп шықты болжамы.
Бағым ба, әлде сорым ба,
Белгісіз маған ол жағы.
Атамнан алдым мұра ғып,
Өлең дейтұғын олжаны.

Аударған, Айбек ОРАЛХАН.

Бақсының жыры

Орта әлем – кеңістік, ол – ғажайып, ғаламат,
Төбемізде күн күлді. Аспан – ырыс, дала – бақ.
Бойымызға дарыған болмысымыз байырғы –
Мәңгіліктен мол мұра, бабалардан аманат.

Бүгінде олар бұзылған, бүлінген һәм тоналған,
Қорықпаймыз обалдан жарты жолда жоғалған.
Құдіретті күштер мен қайда ұлы рухтар?
Қапелімде көз жазып қалдық қалай олардан?

Сақталмайды ғұрыптар және әдептер ежелгі,
Құрсауында уақыттың ең қастерлі сөз өлді.
Келешекке күрес жоқ, болашаққа егес жоқ,
Қалай асып өтерміз осы өлара кезеңді?

Кеткен қателіктерге жауап берер күн туды,
Соны ойласам, бойымда күш жұлқынды, бұлқынды.
Алғыс па, әлде қарғыс па?
Не аламыз ертеңнен?
Қарс айырылып көкірек, жұмыр жүрек жыртылды.

Кінәлі оған өздерің,
тілден безсе ұрпағың,
Ақ батадан бас тартып, танытса егер құл-таным.
Кінәлі оған өздерің,
ашкөздікпен пайда үшін,
Ақсақалдар адасса, ұлтарақ қып ұлт арын.

Туады әлі ұл-қыздар, ұлы сенім жырымен,
Адасуға жол бермес және олардың бірі де.
Келер ұрпақ – талапшыл, дана әрі дарынды.
Соларды енді тыңдайық, құлақ түріп үніне.

Аударған, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу