Кітапқұмар бала болдым

Алыста қалған балалық шақ… Қазір кейбір сәттері есте болса, қайсыбірі біржола ұмытылған…

Есімде ерекше қалғаны, бала күнімнен кітапқұмар болдым. Бірінші класқа барғасын, бір тоқсан бітпей жатып, кәдімгідей зуылдатып оқитын дәрежеге жеткем. Ол уақытта екі кластың балаларын қосып, бір бөлмеде оқытады. Мысалы, 1-ші мен 3-ші кластар бір бөлмеде, 2-ші мен 4-ші класс бір бөлмеде оқимыз. Мен бірінші тоқсаннан соң әліппені бастан-аяқ жаттап алып, 3-ші, 4-ші кластың «Ана тілін» түгелдей оқып алғам.

Менімен бір класста Қойшыбай деген бала оқыды. Екеуміз доспыз, бірге жүреміз. Және бір қызығы, бүкіл ауылда іздеп жүріп кітап оқитын екеуміз ғана. Бертін есейгенде де солай болдық, оқыған кітаптарымызды бір-бірімізге айтып, тауып алып оқитынбыз.

Ол кезде Қазақстанда аударма жұмысы керемет болды ғой. Осы аудармалар арқылы біздер шет ел және орыс жазушыларының шығармаларын оқып, таныстық. Мысалы, Жюль Верннің «Он бес жасар капитан», «Капитан Гранттың балалары», «Су астымен 20 мың миль», Марк Твеннің «Том Сойердің таңғажайып оқиғалары», «Гекльберий Финнің бастан кешкендері», Луи Буссенардың «Қаһарман капитан», Даниель Дефоның «Робинзон Крузо», Майн Ридтың «Бассыз салт атты», Льюис Стивенсонның «Қазына аралы», Дюманың «Үш Ноян», Конан Дойлдың Шерлок Холмас жайлы әңгімелері, Агата Кристидің детектив жанрындағы шығармалары,  Обручевтің «Санников жері», Беляевтың фантастикалық кітаптары дейсіз бе, небір қиял-ғажайыпқа толы томдарды басымызға жастап жатып оқыдық қой.

Ол кезде кітап оқу «культы» болатын. Теледидардың әлі ауылдарға жете қоймаған уақыты. Үлкендер «омыртқаға» жиналған жерде оқыған кітаптарын әңгіме қылатын. Түсінбесек те біздер сол кезде Войничтің «Бөгелек», Стендальдың «Қызыл мен қара» деген романдарын да оқыдық. Осы екі кітап түк те қызық емес, дұрыс түсінбейсің де. Бірақ оқыдық, өйткені баспасөзде мақталып жатқан кітаптарды оқу керек. Сөйтсек, оның артында коммунистік саясат тұр екен ғой…

Осы жоғарыда айтылған қиял-ғажайып кітаптардағы теңіз қарақшылары (пираттар), біз білмейтін елдерге саяхат, Амарикадағы үндістер, алтын іздеушілер дейсіз бе, небір таңғажайып оқиғалар бала қиялымызға қатты әсер еткені сонша, үш бала – мен, Қойшыбай, Қабиден, өзімізше сал буып жүзіп, саяхатқа шықпақшы болдық. Бірақ оған жақын маңда көл де жоқ. Ауыл іргесіндегі Өлеңтінің өзені ондайға жарамайды, шағын ғана. Сөйтіп жоспарымыз іске аспай қалған еді.

Сол уақытта осы Жюль Верннің кітаптары біздің қазақ жазушыларына да әсер етсе керек. «Жалын» журналының жабық конкурсында жазушы Сайлаубай Жұбатыровтың «Алыстағы аралдар» атты повесі бәйге алғаны есімде. Сол шығармада да ауыл балалары сал буып, теңізге саяхатқа шықпақшы болады….

Қазіргі жасөспірімдер осы кітаптардың бірін де оқымаған шығар деп ойлаймын. Әңгімелесе қалсаң, сөзді Абай мен Мұхтардан бастайды. Әрине, Абай мен Мұхтарды оқу керек. Бірақ әр жастың өзіне лайық кітаптары болады ғой. Жас уағыңда романтикаға толы, қиял-ғажайып кітаптарды оқысаң, есейгеннен кейін, соған лайықты кітап іздейсің.

Бозбала жігіт шағымнан бастап, өлеңді көп оқыдым және әдеби сын кітаптарын алып оқитынмын. Себебі, сыни мақалалар әдебиет, оның ішінде поэзия туралы көзқарасыңды қалыптастырады. Яғни ол әдебиеттанудағы медодикалық құрал деген сөз. Аудан орталығы Ерейментауда «Кругозор» деп аталатын кітап дүкені болды. Сол жерден барып ақындардың өлең жинақтарын, әдеби сын кітаптар сатып алам. Жанымдағы ауыл балалары «сен осыны сен шынымен оқисың ба?» деп таң қалатын.

Ол кезде ауылдарда (совхоз бөлімшелері) мектеп төрт класс қана болады. Бесінші кластан бастап интернатқа кетеміз. Өлеңті деген ауыл – совхоз орталығы, сол жерде интернат болды. Осы төңіректегі Ажы, Бозтал, Сарыадыр, Усамбай, Төре т.б. ауылдардың балалары сол интернатта жатып оқимыз.

Интернатта балаларды «общественник», «бюджетник» деп екіге бөліп тамақтандырады. «Бюджетнигі – біздер, малшы, қойшы, трактористердің балалары. Біз үшен қаражатты мемлекет төлейді. Бірақ беретін тамақтары тым нашар. Ал, өз қалталарынан ақша төлеп тұратын (сол кезде айына 15 сом ғой деймін) «общественниктердің» тамағы жақсы болатыны есімде.

Сол интернатта есімде қалған оқиғалар. Неге екенін білмеймін, жылдың басынан біздерге нанды екі тілім ғана беретін. Оған тоймаймыз. Кейде бір тілім нанымызды үлкен балалар тартып жеп қояды. Және үлкен балалар өз тамақтарын жылдам жеп алады да, ыдысын бізге беріп, «бар, мен үшін «добавка» сұра» дейді. Амал жоқ, барып «добавка» алып келеміз. Сосын өзіміз үшін «добавка» сұрасақ, аспазшы әйел «жайрап қалғырлар, сендер тамаққа тоймайды екесіңдер!» деп айғайға басатын.

Содан әлі есімде, қыс ортасында интернатқа комиссия келіп, тексеріп, «неге нанды екі тілімнен ғана бересіңдер!» деп басшыларға ұрысса керек. Сол күннен бастап нанды мол қылып турап, ортаға қоятын болды. Сөйтіп нанға әбден тойып, біздер үшін бір мереке болып еді.

Ол кезде орталық жылу жүйесі деген жоқ. Интернатта әр бөлмеде жеке-жеке пеш бар, соны бір әйел адамдар келіп жағады. Бірақ қанша жақса да, бөлме жылынбайды, қыстай тоңып шығамыз. Бұл 1970 жыл болатын. Мен бесінші кластамын. Бір бөлмеде Ажы мен Бозталдың ылғи ұсақ балалары жатамыз. Біздің бөлменің пешін темір жол станциясы жағынан келіп, түрі өте қорқынышты бір орыстың кемпірі жағатын. Әлгі кемпір пешке от салып қойып, ол қызғанша махоркасын орап, будақтатып темекі тартып отырады. Біздер кілең ұсақ балалар, әлгі кемпірді айнала қоршап, аузына қарап отырамыз. Сосын ол бізді аяйтын болса керек, махоркасынан алып, бізге де бір орам темекі жасап береді. Содан біз де рахатқа батып, әлгі газетке ораған темекіні кезек сорып, мәз болып қалатынбыз.

Сөйтіп жүріп, осы бөлмеде иіс тиіп қырылып қала жаздап едік. Әлі есімде, сол күні бөлме суық болып, мен кереуетімді пешке қарай жылжытып, жақындатып жатқам. Түн ішінде иіс тигенде, тек кіресілі-шығасылы есіміз ғана бар, әйтеуір Болат деген баланың түні бойы жылап шыққанын білем. Біріміз де құсыппыз. Таңертең тәрбиеші келіп есік ашса, біздер еденде әр жерде шашылып жатыр екеміз. Сол түні қалай қырылып қалмағанымызға таң қалам. Содан біздің есімізді жиғызып, далада су құйылған бөшкедегі қатқан мұзға жалаңаяқ тұрғызып қойып, әйтеуір аман қалып едік.

Ол кезде «сабақтан қашу» деген болатын. Қашқанда тура жаяу-жалпылап ауылға қарай тартамыз. Біздің Ажы ауылы Өлеңтіден 30 шақырымдай. Үлкен кластағы қыздар мен ұлдар ересек. Біздер кілең ұсақ балалар. Томпаңдап солардың соңынан қалмаймыз. Кейде қашып бара жатқанда, интернаттың мұғалімдерінің бірі совхоздың жүк машинасымен қуа шығады соңымыздан. Балалар көліктің ішінде кім бар екенін қайдан білсін, қол көтеріп тоқтатады. Машина тоқтағанда, кабинада бұғып жатқан мұғалім шығып, біздерді қайтадан машинаның қорабына артып алып, интернатқа алып баратын.

Қазіргі балалардың өміріне қарап отырсаң, кәдімгі ұжымақ. Не керектің бәрі бар. Ал, біздер солай интарнатта жатып оқып едік…

Добавить комментарий