(Болған оқиға ізімен)

– Бағана бір бейтаныс адамдар келіп кетті. Бір-бір кеседен айран ішті. «Отағасы қайда?» – деп, сені сұрады. «Далада қой бағып жүр», – дедім. Түрлері суық. Ашылып ештеңе айтқан жоқ. Өздері тіркемесі бар КамАЗ-бен жүр.

Қатпар әйелі Айғаншаның мына сөзін тыңдай отырып, қолындағы кесесін ақырын дөңгелек үстелге қойды.

– Неше адам?

– Төртеу.

– Төрт адамға бір КамАЗ-дың кабинасы тарлық етпей ме? Әлде жатын орны бар КамАЗ ба?

– Онысын байқамадым…

Қатпар жедел түрегеліп, сандықтың түбінде жатқан бесатар бердеңкесін тексерді. Орнында екен. 30 оқты оқшантайы да жанында.

– Бәйбіше, жинал!, – деді бір кезде. – Мен бірдеңе білсем, әлгілер тегін келген жоқ. Қой ұрлауды кәсіп қылған қарақшылар. Ойларында не барын қайдан білесің? Бүгінше киіз үйден тысқары цемент құдық жанына барып жатайық. Күн әзірге жылы ғой, ештеңе етпес, балалар тоңа қоймас… Арбаны да сүйретіп сонда апарамыз.

Шопан үйінде кешкі шай со бойы ішілмей қалды.

Қатпардың азан шақырып қойған аты – Қайырбай. Кейіннен құрдастары мұның тақырлап алынған басындағы бұжыр-бұжыр тері қатпарларын көріп, Қатпар деп атап кетті… Сол ат сонау Моңғолиядан жабысып, мұнда, Қазақстанға да келді.

Қатпар бес баласымен, әйелі Айғаншамен алғашқы лекпен жетті. Қазақстан үкіметі арнайы жүк көліктерін шығарып, бұлардың барлық дүние-мүліктерін түгелдей көшірісті. Әттең, мыңғырған мал сонда қалды… Арзанға сатылды, ағайынға таратылды…

Сондағы аса қадірлі мүліктің ішінде киізге орап жеткізгені – осы қара мылтық болатын. Әкесі Мұсақұлдың сонау Қара Оспан көтерілісінен қалған қимас серігі еді. Шалдың көзі жұмылғанда, жалғыз ұлы бұған бұйырды. Е, бұл мылтықтың қызығын Алтай тауларында талай көрді ғой. Қыстыгүні қоян, түлкі атып, кекілік пен құр дейсің бе, мәлін мен суырға да барды-ау… Бұл жақта мылтық ұстатпайды екен, мылтығың болса, мемлекетке өткізуге міндеттісің… Әйтпесе кәнігі аңшы ретінде тіркелуің керек. Ақыл-есің дұрыс па, маскүнем емессің бе, тағысын-тағылар. Бәріне анықтама керек. Ол құжаттарды қуып жүретін бұның уақыты бар ма? Мына алдындағы бір отар қойды кім бағады?! Және «Айдалада отырған жалғыз шопан қарусыз, мылтықсыз болсын» деген де дұрыс қисын емес сияқты. Қазір құтырып тұрған қос аяқты хайуанды қоя тұрайық. Әу, атамзаманнан қойшының ата жауы – даланың ит-құсы бар емес пе?! Оны таяқпен қорқытасың ба? Қатпардың осыған миы жетпей қойды…

Құдықтың жолдан таса жағына киіз төселіп, көрпе салынды. Айғанша екеуі сүйретіп, арбаны да қол созым жерге қойды. Баяғы, сәл де болсын қалқа, ықтасын ғой дегендері…

Балалар пысылдап ұйықтап қалыпты. Тып-тыныш. Аспанда жыпырлаған көп жұлдыз төбеден төне қарап тұр.

«Моңғолияда да осы жұлдыздар жарқырап тұрған шығар?»

– Өлсек, ата-баба жерінде өлейік!, – деп, ондағы көшпей қалған ағайындарын ойлады…

Қара мылтығын құшақтап жатып ұйықтап кетіпті. Ажылдаған, барқыраған, құлағына ине сұққандай сүйкімсіз бір дыбыстан шошып оянды. Қос жарық бар пәрменімен бұлардың киіз үйлеріне қарай ағызып келеді, тіпті тоқтар түрі жоқ. Сол жылдамдықпен құйғытып келіп, киіз үйді баса-маса бергі жағына өте шықты да, қайта айналып, қиғаштап тағы басып өтті. Қой қамалған шыттың жанына барып, солқ етіп тоқтады. Ауыр жүк көлігінің сарт етіп есігі ашылды.

– Әкеңді ұрайын, маңғұл! Жат енді… үрім-бұтағыңмен!

Қырылдаңқыраған тарғыл дауыс кенет орнаған тыныштық сәтінде анық естілді.

– Әй, жігіттер, малды тездетіп тиейік! Таң атып қалар қазір…

Тарғыл дауыс бәріне бұйыра сөйлеп жүр. Шамасы, бастықтары осы болуы керек… Кабинадан тағы үшеуі түсті.

«Бағанағы төртеу осылар болды!»

– Есігі қайда еді мына иттің?!, – деп шытқа жақындай берген тарғыл дауысты жуанның жауырын тұсынан көздеп тұрып шүріппені басып қалды. Әлгі неме не болғанын да түсініп үлгерместен, шыт қоршауды сұлай құлады. Қалған үшеуін де қайта машинаға жеткізбей, бір-бірлеп сұлатып салды. Жоқ, адам баласы-ау деген аяныш сезімі болған жоқ Қатпарда. Өйткені бұлар – адамдықтан кеткен қаныпезер ұрылар еді. Әйтпесе, күндіз ғана көріп кеткен шиеттей бес баланы өлімге қияр ма еді?

Кімге қуаныш, кімге күйініш сыйлары белгісіз алып Күн де қып-қызыл қарбыздай болып, көкжиектен көрініп қалған еді…

Әлгі төртеудің үшеуі ауыр жараланса да, әупірімдеп аман қалды. Бірақ бәрібір сотталды. Ал алғашқы оқ тиген тарғыл дауыс жуан сары со бойы тіл тартпай кетіпті…

– Саған енді мұнда қалуға болмайды, Қатпар!, – деді совхоз директоры. – Өлген жігіттің туған – туыстары, дос-жарандары бар дегендей… Тіпті сол Моңғолияңа қайта тартып кетсең де, ешкім қой демейді!

Қазір Қатпар бала-шағасымен Моңғолияда тұрып жатыр. Бір кездері ағайындарына таратылған малы қайтадан алдына келген. Біреуден озыңқы, біреуден қалыңқы күй кешіп, аман-есен жүріп жатқан жайы бар…

«Балаларым Қазақстанда тұрса, болады да!», – деп қояды өзіне-өзі…

Ғабит САПАРОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Павлодар қаласы.

(Суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды)

Пікір үстеу