Павлодарлық қаламгер Нұрбек Кеңесбай «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауында «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. «Amanat» партиясының ұйымдастыруымен өткен байқау Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналды.
Құрметті оқырман, жерлесімізді жарқын жеңісімен құттықтай отыра, байқауда топ жарған «Әнипа апаның қара қазаны» әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.
Әнипа апаның қара қазаны (12+)
«Әнипа тағы бір ұйғырдың баласын бауырына басыпты» деп сырттан күбірлеп кірді әжесі, қолындағы ұршығын кебеженің үстіне қойып жатты.
– Қайсы Әнипа, – деп сұрады шешесі.
– Қайсы Әнипа болушы еді. 17 баласы бар Әнипаны айтам.
– Тағы да жетімдер үйінен әкеліп пе?
– Жоқ, әке-шешесі көлік апатынан қайтыс болған екі жетімектің бірі дейді. Мынауы қыз екен, қыздың ағасын нағашылары жағы алып кеткен көрінеді.
– Ойби бейшаралар-ай, қиын болған екен, – деп күрсінді шешесі.
– Е, құдайдың жаны ашысын! Әнипаға келгені аш қалмайды, әлі-ақ адам боп кетеді, – деп жұбату айтқан болды әжесі.
Ия, Әнипа апаны бүкіл ауыл біледі, Сағым да ол кісіні жақсы көретін. «Мен апамның сүт кенжесімін» деп жүретін Салих дейтін дұңған бала, Сағымның сыныптасы болатын.
Салих – Әнипа апаның 17-ші баласы. Бұдан бұрын балаларының ең кенжесі сол Салих еді. Енді міне, Әнипа апаның үйіне Салихтан да жасы кіші Гүзәйнұр дейтін ұйғыр қыз келді.
Сағым Салихтің жақсы досы. Сағым әр күні сөмкесіне бір жапырақ нан салып алып, Салихқа апарып береді. Өйткені, бір үйдегі 18 баланың барлығы дерлік тоюы мүмкін емес. «Қарным көп ашады» деп жүретін онсыз да…
Енді міне, Әнипа апамның үйіне тағы бір ауыз қосылды деген сөз. Естияр бала болса тағы бір жөн, жасы сегізге енді ғана толған қаршадай қыз, Сағымнан төрт жас кіші.
Салихты көбінде шақырып алады, кейде үйіне қонады. Ал Сағым да оның үйіне барғысы келеді. Бірақ әжесі «Әнипаға жетпегені сен едің енді» деп, көп жібермейді. Сонда да орайын тауып бір баратыны бар. Өйткені Әнипа апа ешкімге кет демейтін. Сағым олармен бірге жүрсе, көп баламен мектепте жүргендей сезінетін.
Әнипа апаның шалы Құрман ата, балаларының тамақ ішкен сәтін «Шаруалар көтерілісі» дейді. Сағым сөзінің мәнін түсінбесе де, 18 баланың бір жерден тамақ ішкен кезін жақсы білетін. Әрбірі қолдарына бір-бір темір қасық пен темір кесесін алып, Әнипа апаның қара қазанын жағалап кезекке тұрады. Темір кеселерін қасықпен ұрғыштап, неше түрлі музка шығарып жіберетіндері де бар. Ондайдың қас шеберінің бірі Салих. Тіпті сол үйдегі «Теміраяқ» оркестірінің дирижёрі боп кететін кейде…
Әнипа апа дәу қара қазанының маңайынан шықпай, біресе сүт пісіріп, біресе қазан асылған үлкен ошақтың отын көсеп жүреді. Кешкі асқа көбінде күріштен ботқа істейді. Сағым сол ботқаның дәмін де татқан, тамсанып жүретін. “Тағы бір кесе” деп сұрауға ұяты жібермейді шіркін, әйтпесе бар ғой… Сағым түгіл, өз балалары да, бір уаққы аста кеселерін екі рет ұсынып көрмегенін ол жақсы біледі.
Әнипа апа мен Құрман ата үшін де, балалары үшін де сол қара қазандары ең аяулы болатын. Салихтың айтуына қарағанда, түнге қарай, астан босаған қазанды қойдың құйрық майымен майлап қояды екен.
Құрман ата да Әнипа апа сияқты аңқылдаған ақкөңіл адам. Балаларын ұрсып көрген емес. Көп балалы шаңырақ болғандықтан, бастықтар да мүмкіндігінше ескеріп, жағдайларына қарасып жүреді. Мысалы, Әнипа апаны ауылдағы сойысханаға ішек-қарын тазалаушы жұмысшы ретінде қабылдаса, аттың тағасы мен шегесін соғатын Құрман атаға ескі темірлерді тегін береді.
Ал ауыл жұрты да қарап отырмай, біреулері бірер баласының киімін қамдаса, біреулері қазған картобынан кеусен апарып береді, ал біреулері балаларын мектепке тегін тасиды. Сағымның да әжесі қарап отырмайды әрине, «қыста жеңдер» деп май-құртынан беріп жүреді.
«Біздің үй – Америка Құрама Штаты», деп қояды Құрман ата.
Неге десе, 18 баласы – қазақ, қытай, қырғыз, татар, ұйғыр, дұңған сияқты алты ұлттан құрам тапқан. Шал мен кемпірдің өз балалары – алтау, оның төртеуі ұл, екеуі қыз. Қалған 12 бала тұл жетім.
Құрман ата отбасының жағдайы мәз емес екендігін, бала болса да Сағым сезетін. Әнипа апа сойысханадан кеште үйіне қайтқанда, екі шелекке толтырып отырыып, қан мен жыны аралас қойдың ішек-қарынын алып келіп, балаларының тамағын беріп болған соң, ауыл шетіндегі өзенге жуады. Жаздың жаймашуақ күні болса тағы мейлі, қыстың қақаған суығында, қолын тастай суға малып отырғанын Сағым талай көрген. Кейде Салихпен бірге барып көмектескен болады. Көмектескенде сол жуылған қарындарды шелекке салып алып, үйіне дейін апарысатын. «Өркенің өссін айналайын» деп риза болады Әнипа апасы.
Сағым бір күні өзен бойына ат суарғалы барған болатын, Әнипа апасы өзіне ғана тиеселі мұздың ойығында ішек-қарын жуып отыр екен. Апасы отырған жердің жоғары жағындағы мұздың ойығынан атының шөлін қандырып алып, жанына келді.
– Балам-ау, атты ауыздығымен суарғаның не, – деді.
– Апа, мына аттың бас асауы бар, басына қол тигізбейді, оның үстіне біреудің көмегі болмаса, түссем қайтып міне алмаймын ғой – деді Сағым.
– Е, балам-ай, айдың күннің аманында атты ауыздығымен суарма, – деп қойып, жұмысын жалғастыра берді.
– Апа, жуысып жіберейін, – деп аттан қарғып түсті Сағым.
– Онда атыңды анау тұрған талға байлап қой, – деді апа.
Әнипа апа сол күні сырқаттанып қалған екен, суық суға салына берген қолдары домбығып ісіп кеткен.
– Апа, бұл ішек-қарындарды ертең сойысханаға алып барасыз ба?
– Жоқ а, балам! Сойысхананың бастығы бір құдайға қараған адам. Өзіме тиеселі ішек-қарындарды тазалап болған соң, аптасына бір рет, бүтін бір қойдың іш құрылысын маған береді, «балалар жесін» деп. Сол ғой жуып отырғаным, – деді.
– Үйден неге жумайсыз!
– Ішек-қарын жууға көп су кетеді. Өзеннен үйге су тасып балаларым да әбден жауыр болды. Одан да осы дайын суға малып жуғаным артық, – деп түсіндірген болды.
Әнипа апамен қатар тұрып, ішектерді жуысқан болды Сағым. Үйіне дейін апарысайын деп еді, тал түбінде аты қалып қоятын болды. Сағымның қолының ұшы тигеніне мәз болған апа, рахметін айтып, атына мінгізіп жібереді.
Сондағы Сағымның білетіні: апа жуылып болған аш ішекті өзінің шашы сияқты әдемілеп өріп, ұшын мақта жіппен байлап қоятын. «Өрілген ішектің сүйкімділігін айтып сұрама, жеуге қимайсың шіркінді!» деп жүреді. Ал тоқ ішектің ішін сыртына айналдырып, жарты құлаштай ұзындықта кесіп-кесіп алып, «мынадан қима айналдырамын» дейді. Қима дегені – тоқ ішектің ішіне салынатын, туралған ет пен май еді. Кәдімгі жылқының қазысы сияқты. Оны Сағым өз әжесінен де көрген. Дәмді болады.
Апаның «үнемшіл» болғаны сондай, Сағымның әкесі итке тастай салатын көкбауырдың өзін кәдеге жарататын. Қарынға жабысып тұратын жағынан болар-болмас ауыз ашып, ішіне туралған май, сарымсақ, картоп сияқтыларды салып, ауызын ағашпен түйреп, күлі тазаланған пештің ыстық тартпасына салып, қарып пісіретінін өз көзімен көрген. Оны Салих бастаған балалары бір-бір асап қана жей салатын. Әлгі өріп алатын аш ішектерді ет орнына тамаққа қосады екен. Сол шаңырақтағы “жаңалықтың” бәрін Сағымға Салих айтып жүреді.
Ал Құрман ата болса, ересектеу балаларын шақырып алып, көрігін қыздыртып қояды. Көрік қыздыру деген керемет енді. Сағым да қызығатын. Бірақ, “шамаларың келмейді, ағаларың қыздырсын” деп, Салих екеуін көп жолата бермейтін. Қызып тұрған отқа небір темірлерді салып, қып-қызыл ғып алады да, дәу шойын төске салып, базғанмен ұрады да жатады. Ауылдың тайынан атына дейінгі тағаларын сол Құрман ата дайындайды. Елдің бәрі атаның шеберлігін айтып тамсанатын.
Шал мен кемпірдің қораларында көп мал да болған емес. Он шақты ешкі, бір ат, бір сиыры ғана бар. Ауылдағылар қысқа қарай соғым сойғанда, Әнипа апаның Салих секілді ересектеу балалары, сойылған соғымның төрт сирағын аңдып жүріп, иттерден бұрын алып кететін. «Құрман атаның үйі соғым сойыпты» деген әңгімені Сағым естімей өсті. Есесіне елдің бәрі соғымының бір жілігін «Әнипаға» деп арнап қоятын-ды.
Сағымдар үйде дайын тамақты жегісі келмей, палау басса сәбізін теріп тастап, етін іздеп; ет асса неге қуырдақ жасамадың деп тоқмейілсіп жүргенде, әжесі Әнипа апаның отбасын айтып, тәубелеріне түсіріп, естерін жидырып қоятын. Бар айтатыны: «бүйірі шығып тамақтанып көрмеген ана Салихты көріңдер, тамақ талдамайды сендер сияқты, құдай кесірінен сақтасын, дайын асқа тік қасық сала алмай кекжиіп отырсыңдар. Алдыңа келді ма, аянбай аса» деп жекіп отырады.
Ия, Салихтар алдына келген асты кері қайтарып көрген емес. Әнипа апаның қара қазанынан піскен асты жеу – кім-кімнің де арманы болған шығар? Ал Сағымда арман жоқ…
Әнипа апа бағып алған балалардың да арманы жоқ шығар-ау?… Соның бірі, 18-шы баласы Гүзәйнұр еді.
Гүзәйнұр басынан ескі тақиясын тастамай жүретін. Мектепте сынып ішінде де, үйге келіп тамақ ішкенде де шешпейді екен. Сөйтсе, байқұс қыздың басы сірескен жара. Бантик байлайтын жасында, бір тал шаш те шықпаса керек. Тақиясы басына жабысып қалады. Сыныптастары оны көрсе «сіркебас» деп мазақтайтын. Оны қалаға апарып емдетуге ақшалары жоқ. Әнипа апа бар білген емін жасап жүретінін білетінбіз.
Сағым Салихқа еріп бір барғанда, Әнипа апа Гүзәйнұрдың басын қара сабынмен жуып жатқан еді. Қыз жылағанда дауысы құдайға жеткен шығар, Сағымның жаны ашып-ақ кетті. Басынан аққан ірің қылдай мойынына құйылып жатыр. Ол қара сабынның көзді қандай ашытатынын жақсы біледі, ал оны жараға жағу деген үлкен азап. Қаршадай қыз бақырса да шыдап отыр. Басы жуылып болған соң, күкірттен жасалған дәріні сап-сары қылып, басына түгел жағып шықты да, дәкемен орап тастады.
Гүзәйнұр сол жарамен екі жыл алысты. Жоқ, дұрысы: Әнипа апа Гүзәйнұрдың жарасымен екі жыл алысты. Ақырында, басында бір тал тікенегі жоқ қыздың жарасы жазылып, орны қарая бастады. Бірақ, сыныптастары «Сіркебас» деп атаудан жазған жоқ… Оған бола өзі де ашуланбайтын болған. Ең бастысы, қыздың бірден бір көркі болатын шашы шыққан.
Ешбір емханаға апармай, өзі білетін қазақи ем-домымен қыздың бас жарасын жазып, ел қатарына қосқанын көріп-біліп жүретіндер Әнипа апаны мақтап жүретін.
Гүзәйнұр қатарға тез қосылды, бұрын басындағы жарасынан ұялып, достарымен емін-еркін араласа алмайтын еді. Дертінен айыққан соң өз ортасының гүліне айналды.
Алайда, дәл сол кездерде, Сағымның жақын досы Салих кетіп қалды. Ол әрине өз еркімен кеткен жоқ, Әнипа апа сыйдырмай қойған жоқ. Алыстағы ағайындас туысы келіп алып кетті. Салихқа қаншалық жақын екенін Әнипа апалар да білмейді, «өзімнің бауырым» депті, Салихтің жай-күйіне, әке-шешесінің қайда туып, қайда өскенін, қалай қайтыс болғандығына дейін әбден қанық екенін айтқан соң, Әнипа апа да көнген.
Салихтің кетуі Сағымға оңай тимеді. Жүрегі таза, өтірік айтпайтын, досқа адал бала болатын. Оған бар сырын айтқан, ол да Сағымнан сыр жасырып көрген емес. Шынайы дос бола алып еді. Әттең, өңі суық көкесінің қолынан тартып алып қалу мүмкін емес еді.
Оларды Әнипа апа мен Сағым қаладағы темір жол вогзалына дейін шығарып салатын болған. Межелі күні ауылдан қалаға таксимен кетіп бара жатыр, бәрінде үн жоқ. Тек шофер ғана күн райынан бастап, әкім-қараларға дейін әңгіме етіп, сөзге тартқан болады. Салихтің көкесі болған адам тіпті үндеместің өзі екен, қабағынан қар жауып, тіл қатпады. Әнипа апа шофердің көңілі қалмасын дегендей, анда-санда бір қолдап қойған болады. Сағым Салихтің бетіне ұрлана қараумен келеді. Салих терезе сыртына телміріп отыр. Сағым оның жүзіне тура қараса, немесе ол Сағымның көзіме тура қараса, екеуі де қосылып жылағалы тұр. Кеуделеріне кептелген ортақ бір өксік бар… Әнипа апа да Салихқа әнтек көз тастап қояды, бірдеме дегісі келеді-ақ! Бірақ, сол сөздері көзіне жас боп тығылып тұрғандай.
Сағым оған неше оқталып, «Салих кетпеші» дегісі келді, бірақ көкесінен именді. Айта алмады.
Олар пойызға мінер кезде, Әнипа апа Салихты құшағына басып жылады-ай кеп… Жолаушылардың бәрі тебіренсе керек, жасы егделеу апалар да қосылып жылап жүр. Өз туған баласы болмаса да, бес жасынан бастап бауырына басып, аналық мейірімін төккен құлыншағы алыстап барады. Басқа қала, бейтаныс жерге кетіп барады. Оны кейін таба ала ма, ол апасы мен Сағымды таба ала ма, бәрі белгісіз. Енді баратын үйі оны қалай қабылдайды? Ненің күнін көреді?
Сағым енді Салих сияқты дос таба алмасын біледі. Ол сағым сияқты дос таба ала ма? Бәрі Сағымның кішкентай жүрегін сыздатып, көз жасын тыйа алмады. Әнипа апа да дәл Сағым сияқты ойлайтын болу керек. Қимайды, қиналады.
Әнипа апа вогзалды басына көтеріп жылап болған соң, қоштасу сәті Салих пен Сағымға келді. Сағым оны құшақтап алып көп жылады, не дерін білмейді, ол да Сағымға көп нәрсе айтқысы келген шығар, бірақ ештеме дей алмады… Бар айтқандары: «өскенде бір-бірімізді тауып аламыз» деген серттесу болды.
Салих вагонға шыға бергенде, Әнипа апа Салихтің қолына шытқа түйілген бірдеме ұстатып жатып:
– Балам, мына шытқа түйілген алтын да емес, күміс те емес, өзің он жылдай дәмін татқан қара қазанның күйесі. Менің дәмім тартсын, қайта айналып сол қазаннан дәм тататын бол құлыным, – деп Салихтің қолына ұстата берді.
Салих кеткен соң, үйіне келген Әнипа апа ауырып, бір аптадай төсек тартып жатып қалды. Ол кезде ұл-қыздарының алды 15-тен асып, кез-келген шаруаға жарап қалған болатын. Сырқаттанып жатқан апаларының қасынан шықпай жүрді.
Басқа үйдің баласы болса да, Сағым Салих кеткелі апаның үйіне көп баратын болып алған. Бұрын көп барма дейтін әжесі енді өзі жұмсайтын болған. «Әнипа сені көрсе Салиғын көргендей болады, барып көңілін аулап қайт» дейтін. Айтса айтқандай, Әнипа апа Сағымды көрсе көңілі жұбанып қалушы еді.
Күндер зулап өтіп жатты. Салихтан ешкім еш хабар ала алмады. Әнипа апа өткен-кеткен жолаушыдан көп сұрастырыпты, ол барған қала туралы ешкім білмейтін болып шықты. Қайда, не істеп жүргені бәріне жұмбақ күйінде қалды.
Гүзәйнұр құлаң шашты қыз болып бойжетті. Апасының денсаулығы күн өткен сайын нашарлай берді. Үй жұмысының көбін қыздардың ең үлкені болған Гүзәйнұр қолға алды. Қалған 16 бала да қарап жатпай, шамалары келгенше апаларының көмекшісіне айналды. Апаның әр баласы ел ауызынан түспейтін үлгілі бала бола білді. «Қарашы әне өзіңдей Әбілезді», «Айнамкөздей пысық болмайсың ба», «Еркебұланның батырлығы сенде неге жоқ» деген сияқты сөздерге Сағым сияқты балалардың еті үйреніп кетті. Сәл қылдан тайса болды, әжесі де Әнипа апаның балаларын мақтай жөнелетін.
Бәрі бір Салихқа жету қайда?!
Әнипа апа үшін де Салихтің орны бөлек екенін кейіндеп түсінді Сағым. Кейде оны көрсе бір жылап алушы еді.
«Қарғам-оу, жарығым-оу, ненің күнін көріп жүр екен?» деп күрсінетін.
Дегенмен, өзге балалары есейіп, алды Сағым сияқты жоғары сыныпты қалаға барып оқып жүрген. Салих кеткен соң, Әнипа апаның өз баласы Еркебұлан Сағымды жақын тартып жүрді. Ағасы ретінде, қаладағы мектепте оны өзге балалардан қорғады. Демалыс сайын ауылға бірге қайтып жүрді.
Қазан айының басы еді. Бір жолы ауылға келгенде, ауа райы күрт бұзылды. Шелектеп жауған жаңбыр біресе қарға айналып, қайтадан жаңбыр боп жауып бірнеше күнге жалғасты. Еркебұлан мен Сағым қалаға қайта алмай қалды.
Қар аралас жаңбыр ауылдағы көп үйдің қорасын құлатып, көне үйлердің төбесінен тамшы сорғалады. Әнипа апалар үкімет салып берген кірпіш үйге көшіп алғанымен, тамақты ескі үйіне жасап жүретін. Баяғы қара қазанның орны жылжымаған еді. Үлкен ошақтың үстінде тұратын. Басқа емес, сол қара қазанынан алаңдаған Әнипа апа, көне үйден шығарып алғысы келген. Өзі барайын десе тұруға дәрмен жоқ, талай жылғы қол-аяқтан өткен суық ақыры алып соққан да, төсек тартып жатып қалған. Құрман атаға айтайын десе, ата да үйде жоқ. Ақыры, жасы үлкен балаларын жұмсаса керек. Қазанды алуға Еркебұлан мен Гүзәйнұр бастаған бес бала барады. Олар қазанды ошақтан көтеріп, есіктен шыға бергенде, жаман үйдің төбесі ортасына түседі де, соңында келе жатқан Еркебұланды басып қалады. Қалған балалар қара қазанды көтеріп, есіктен шығып үлгереді.
Еркебұланды қирандының ішінен алып шыққанда, Сағым сияқты балаларды жолатпады. Үлкендер жағы оның қимылсыз жатқанын көрсетпеді…
Ауыл елінің күңіренісінен жер беті солқылдаған шығар-ау сол күндерде. Әнипа апа қайта-қайта есінен танып қала берді. Әредік бір есін жиғанда: «өзегімді жарып шыққан тұңғышым еді, жетімектермен бірге жетісіп тойған күні жоқ еді шырағымның, қайтейін енді қайтейін! Қара қазан үшін қарашығымнан айырылдым» деп еңіреп жылағанын Сағым өз құлағымен естіді.
Әнипа апа Еркебұланнан айырылғаннан кейін көп өтпей «Жыл адамы – 2000» деген сыйлық алды. Үлкен бастықтар келіп кеудесіне медаль тақты, ауыл халқы енді қуаныштан жылады. Сол кездегі президенттің қолы қойылған мадақтама қағаз алды. Оның сыртында өте көп ақша берілді. Марапатталған сәті телевизордан апта бойы көрсетілді. Газет беттеріне Әнипа апаның күліп тұрған бейнесі көп басылды. Алайда, денсаулығы күн өткен сайын нашарлай берген еді…
Өмірінің ең соңғы сәтінде Әнипа апа: «Қазаным саған аманат, аманат…» депті дейді Гүзәйнұрға.
Ал Салих мың бір жапа шегіп ауылға қашып келгенде, Әнипа апа мен Еркебұлан жатқан мазараға оны Сағым ертіп барды. Салих қайғырып көп жылаған. Өксігін басып бола бере, жамау-жамау шалбарының қалтасынан әбден көнерген, күйе-күйе болған шытын алып шығып, көзін сүртіп жатты.
Салихтің қолындағысы – сол баяғы қазанның күйесі түйілген шыт екенін Сағым жазбай таныды…