Pavlodar, KZ
17°
Fair
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

Өткен аптада Алматы қаласында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» қоғамдық бірлестігінің ІІІ Құрылтайы өтті. Құрылтайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерманның өкімімен одақтың Павлодар облыстық филиалы құрылып, филиал Төрағалығына ақын, сазгер, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбек тағайындалды.

Құрылтай барысында, сонымен бірге, «Алтын домбыра» иегері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Аспанбек Шұғатаевтың Мәшһүр Жүсіп шығармаларын насихаттау мақсатында шығарылған «Мәшһүр жол» аудиокітабы көпшілікке таныстырылған болатын.

Бүгін Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың қатысуымен, Ертіс-Баян өңіріне белгілі айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің жиыны өтті.

Жиын барысында Айзада Құрманова Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманның бұйрығын оқып, Асығат Сәулетұлының жұмысына сәттілік тіледі.

– Халық өнерінің маңыздылығы, ел ішіндегі орны ерекше. Ұлы өнердің дамуына зор үлес қосып келе жатқан азаматтың тізгін ұстауы – жұмыстың жаңа биікке көтерілетінінің кепілі, – деді Айзада Амангелдіқызы.

Филиал төрағасы Асығат Тұрғанбек өз кезегінде, атқарылып келе жатқан жұмыстарды тұралатпай, одан әрі дамыта түсетінін айтты.

– Құрылтайда айтыс өнерін дамыту бағытында жоба-жоспарлар талқыланды. Ретро айтысты тұрақты ұйымдастыру қажет. Айтыстың алғашқы қарлығаштары – ағаларымыз бен апаларымызды ел іздейді, сағынады. Сонымен бірге, айтыс ардагерлерінің мерейтойларын ескерусіз қалдыруға болмайды. Ендігі уақытта, кез-келген деңгейде өтетін айтыстар Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одақтың келісімімен ұйымдастырылады. Құрылтайда, және де, айтыстың жүлде қорына байланысты да талаптар қойылып, мәселелер көтерілді, – деді Асығат Сәулетұлы.

Филиал төрағасы айтыс өнерін қолдау жұмысы еліміз бойынша да, Павлодар облысында да жолға қойылғанын атап өтіп, жыр мен терме өнеріне көп көңіл бөлу қажеттігін алға тартты. Осы мақсатта одақ тапсырмасы бойынша, еліміздің әр өңірінде жыршы-термешілердің республикалық байқаулары тұрақты өткізілетін болады.

Жиынға қатысқан қонақтар одақ филиалының ашылуы үлкен қуаныш екенін және басшылыққа Асығат Тұрғанбектің келуі әділ шешім екенін айтып, көкейдегі ойларын, мәселелерді ортаға салды.

Ақтоғайдың қара нары Бейсенбі Мұқажанов айтысты қолдау қорын ашуды және Айтыскерлер одағының филиалына жеке кеңсе қарастыру қажеттігін ұсынды. Павлодар қаласының Құрметті азаматы Шолпан Байғалы болса, өмірден өтіп кеткен айтыс ақындарын еске алып, олардың шығармашылығын таныта беру керектігін айтты. Айтыс ардагері Қанат Шайғазин өскелең ұрпақтың бойына ұлттық сана-сезімді сіңіру үшін ақындар ел-жерді, ауыл-ауылды, мектеп-мектепті аралап, ұлттық өнерді насихаттауы керектігін айтып, «Осы ауқымды жұмысқа қолдау көрсетілсе», – деген тілегін жеткізді.

Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Жұмкен Сейітов болса, «Ақын көп, шөңге-шөпті өлең қылған, көрініп жылпостықтай ерен қырдан. Шіркін-ай, атақ пенен мансап үшін, әлі де болып жатыр өнер құрбан», – деп жас ақындарды атақ пен даңқ үшін айтыспауға шақырды. «Ақын үшін халықтың ықыласы мен қолдауынан артық жүлде де, құрмет те жоқ», – деді ол. Жұмкен Арқалықұлы мәдениет саласы мен білім беру саласының арасындағы байланысты мығымдай түсу қажеттігін алға тартты. Сөз иесінің айтуынша, бойында таланттың ұшқыны бар оқушыларды мектеп ұстаздары қосымша үйірме жүргізетін мәдениет үйлерінен «қызғанады» екен.

«Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбіш Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернат басшылығының өнерге, оның ішінде оқушылар айтысына көрсетіп жатқан қолдауын бас бармақпен бағалады. Және де одақ филиалының жұмысына қатысты ұсынысын білдірді:

– Айтыскерлер одағының негізгі жұмысы айтыс өткізіп, жүлде тарату емес деп ойлаймын. Одақ жұмысының негізгі бағыты айтыс өнерін насихаттаған, дамытқан, бүгінге жеткізген алдыңғы буын өкілдерінің еңбегін жарқырата көрсету, терең тарихты зерттеу және жазу болу керек. Айтыстың Павлодар облысы өңіріндегі тарихының электронды базасын жасақтау аса маңызды. Бұл біздің рухты түгендеу болмақ, – деді ол.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Бөжен бірнеше айтыс ақынына республикалық сахнада жарқырап жүрсін деп сапалы да сәнді ұлттық киім тіктіруге қолдау көрсеткен Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанға алғыс білдірді. Алғыс сөзін ұсыныспен жалғаған ол:

– Жыршы Даниял Әсенов жыл сайын Түркияға арнайы барып, ол жақтағы қандастарға жыр оқитынын жалпақ жұрт біле бермейді. Бұл – үлкен еңбек. Өткен жылдары «Абай ауылды аралайды» деген жоба жүргізілді. Тағылымы терең, өнегесі мол сондай жобаларды қайта жандандыру қажет, – деді ақын.

Бейбіт Бөжен өз сөзінде марқұм Алмагүл Жүгінісова атындағы айтыс өткізуді, тігілген жүлдені толықтай марқұмның анасына, қос қызына беруді ұсынды.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асығат Тұрғанбекті таныстыруға арналған жиында осындай мәселелер көтерілді. Бұл жұмыстар зор жауапкершілікпен, асқан ыждағаттылықпен жүзеге асырылатын болады. Себебі айтыс, жыр, терме – халық қазынасы. Ал, қазына – баршаға ортақ.

Суреттер С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қорынан алынды.

Пікір үстеу