Жұмабек СМАНОВ
Бұл жерде мен адамның көз жанары жайлы айтып тұрмын. Алайда, айтпақ әңгімем бұл емес…
Елімізде 2019 жылдың 27 желтоқсанында ҚР “Педагог мәртебесі туралы” №293-VI заңы қабылданды. Ұлардай шулаған көппен бірге мен де қуандым. Қалай дегенмен саналы ғұмырымның он жылға жуық уақытын ұстаздыққа арнаған мен де саланың түйткілдерін бір кісідей білемін. Біреуден естіп емес, бүкіл еліміз тоқсаныншы жылдардың тоқырауын бастан кешіп жатқанда мұғалімдік ету пешенеме жазылған.
Заң күшіне енгелі үш жылдан асты. Орындалуы қалай? Не өзгерді? Бүгінде ерінбегеннің бәрі осы тақырыпта «сарапшылық» жасауды тамаша «меңгерген».
Енді аз-кем шегініс жасап қайта сол жоғарыда бастаған көз-жанарына оралсам. Әлемжеліде «хит» тақырыптың бірі осы – ұстаздар. Балабақшадағы апайдың балаға күш қолданып жатқаны, аузына «ақ ит кіріп, көк ит шығып» балағат сөз айтып жатқан оқушының алдындағы дәрменсіз апай, кәмелетке толмаған оқушысына «қырындаған» (кей жағдайда «жүкті қылып қойған») ағай жайлы жаңалық та, бейнеролик те «жауыннан кейінгі саңырауқұлақша» өріп жүр.
Бұл аз болса, саяси сахнада да осы мұғалімдер қауымына басты рөлді сомдау «бақыты бұйырған». Кешегі, кешегі емес-ау, отыз жыл бойы сайлау комиссиясының қылмыс жасайтын қолы деп қоғам тегін шуламаса керек. Бір білгені болған соң айтады да.
Міне көз-жанары осыларды көреді. Көрген соң ауызға сигнал береді. Биология пәні мұғалімдері мұны шартты рефлекс деп аталатынын біліп отыр. Алайда, бүгінгі таңда қарқынды дамыған IT технологиясы саласында әлемдік аренада, халықаралық жарыстарда қазақтың қаракөз балалары топ жарып жатқаны, пәндік олимпиадаларда көк туымызды асқақтатып жүрген оқушыларымыз барын, оларды сайыстарға дайындайтын дәл осы мұғалім екенін айтар кезде «көз – соқыр, ауыз – мылқау» күй кешетіні жасырын емес.
Әлеуметтік теңсіздік тақырыбы жиырмасыншы ғасырда да болған, жиырма біріншіде бізбен жағаласып бірге келеді. Ол кезде Сұлтанмахмұт «Кім кінәліні» жазды. Бүгін мұны бәріміз жазамыз.
Қазақта «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді»,- дегенді неге айтқан? Алты алаштың баласы бас қосқанда төрден орын алатын мұғалімдер неге қоғам талқыға салатын басты нысанға түсті? Ыбырайша айтқанда «…бәрінен қымбат, өйткені ол – мектептің жүрегі» дейтініміз қайда?! Менің ойымша кей-кейде өз қадірін өзі түсіріп жүрген мұғалімдер бар сияқты. Қит етсе «мәртебем мұқалды» деп орынды-орынсыз жерде шу шығаратын ұстаз барын несіне жасырайық. Мәселен, министрліктің білім беру сапасын қамтамасыз ету комитетіне «сенбілікке шыққымыз келмейді, бізді бөтен жұмысқа жұмсамасын» деген өтінішімен жүгінгендер бар. Оған жауап ретінде жергілікті әкімдер, ТҮКШ бөлімдері жоғарыда айтқан ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 6-бабы 2-тармақшасындағы «Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді» нормасын ұстануын ескерткен жауап алады.
Дұрысы дұрыс-ау. Бірақ, «мені заң бойынша сенбілікке тартуға құқығыңыз жоқ» деп тұрған мұғалімді көрген оқушы қандай тәлім-тағылым алады?! Бәлкім, «еріксіз жұмсауға болмайды» деген дұрыс болар ма екен? Егер мұғалім балаларға өнеге көрсетіп, өзі бастамашылдық танытпаса оқушыға тазалық туралы әңгіме айтуға моральдық түрде қиындық туады-ау… Осы жерде мұғалім оқушы алдында өз абыройын «айрандай төкті» дей беріңіз. Сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру қайда қалды? Өзін осыншама «төмендеткен» мұғалімге қай оқушы құрметпен қарайды?! Сенбілік – тазалық шарасы. Қоғамдық жұмысты балалармен бірге жүріп атқарып келген мұғалімге шәкірттері де бауыр басады емес пе?
Әлеуметтік желідегі пікірталасқа мен де араласып, өз позициямды жеткіздім. Келіспегендер де болды. Қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлының айтуынша, әркім өзі отырған жерін таза ұстау тиіс. Ал, «Сенбілік» коммунистік қоғамнан қалған анахронизм. Егер белгілі бір елдімекенде сенбілік жасауға қажеттілік туса, жергілікті әкімдіктің коммуналдық бөлімі жұмыс істемейді немесе соған бөлінген қаржыны талан-таражға салды деген сөз.
Сонда өзі он шақты түтіні бар ауыл болса, ондағы шағын мектепті ауылдағы кәрі-құртаң зейнеткерлер тазалап беруі керек пе?! Кейбір мұғалімдер тазалық жұмысын кіші техникалық қызметкерлер жасасын дегенді шығарып алыпты. Сонда шайлығына жетпей жатқан айлық алатын еден сыпырушы, күзетшіні осыншалықты кемсітуге оларға кім құқық беріпті?
Жақсының қадірін жақыны білмес, жат білер деген бар. Осыдан он шақты жыл бұрын осы жолдардың авторы облыстық «Saryarqa samaly» газетінде «Мұғалім мәртебесін мұқалтпайық» деген көлемді мақала жазған болатынмын. Онда мұғалімге артық қағазбастылықтан арылу керек, аттестациялау кезінде жөнді-жөнсіз сұралатын құжаттар (папка) санын азайту қажеттігі туралы мәселе көтерген едім. Тіпті, аттестациядан өту үшін міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан мақаласын көрсетсін деген талаптың артықтығын ашық айтқан болатынмын. Өкініштісі сол, қоғамдық пікір қалыптастыратын тақырыпқа келгенде ұстаздар қауымы ләм-мим дей алмап еді. Араға бес жыл салып заң да қабылданды. Біраз дүние өзгеруі керек еді. Өзгермеді. Әсіресе санаға сілкініс жасау керек едік. Сілкінбедік. Құлдық санадан шыға алмай жүрміз десем, тағы «түтіп жеуге дайын тұрған» қоғам бар. Енді қайтпек керек?! Сіз не дейсіз?