Біз бірін-бірі батыр дейтін елдің ұрпағы едік. Кей-кейде маған бүгінгі қоғамның ынтымағы ыдырап бара жатқандай көрінеді.
Сонау Күлтегін заманынан келе жатқан «бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылатындығын» естен шығаруға болмас. Себепсіз бірдеңе демейсің ғой.
Жақында еліміздің әр өңірінен жиналған жас ақындар бас қостық. Алматы, Астана, Талдықорған, Тараз, Павлодар, Қарағанды қалаларының әдеби ортасын думанға бөлеп жүрген жастардың талабы таудай, қарқаны қатты. Мүшәйраны желеу етіп, жыр-жалауын желбіретін келген жігіттер өлең оқып, әңгіме айтып отырдық.
Жеке шығармашылығымыздан бастап, замандастар туралы, аға буынға деген көзқарас, қазақ әдебиеті, әлем әдебиеті – бәрі-бәрі қамтылды.
Саясатты да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Еліміздегі саяси ахуал мен қоғамдық өмірді де сынап алдық. Әрқайсысының айтары бар, ойлары қорғасындай салмақты.
«Шіркін, біздің жігіттердің әрқайсысын билік басына отырғызып, мәдениет, ақпарат, ішкі-сыртқы саясат, ұлт аралық қатынас салаларының тізгінін ұстатса, жүрісімізден еш жаңылмас едік», – деп ойлап қоямын.
Жігіттер бірінен соң бірі өлең оқыды. Оқылған әр өлең тамаша. «Мына өлеңді неге мен жазбадым» дегізетіндей-ақ. Осылайша әр ақынның әр шумағына тамсанып отырғанымызда, кезек қарағандылық ақын замандасымызға жетті. Ол өз өлеңін оқыды. Қошемет көрсеттік.
Содан кейін бірден сөзін жалғап:
«Қазақтың қара өлеңіне жетер қандай дүние бар?! Бабаларымыз:
«Дегенде дүние шіркін өтер-кетер,
Түбіне сұм дүниенің кімдер жетер?
Қадір тұт, бір-біріңе құрмет көрсет,
Тірлікте сыйластыққа бар ма жетер?!», – деп бекер айтпаған ғой. Жарасымдылығымыз бұзылмасын, жігіттер!», – деп сөзін аяқтады.
Осындай азаматтардың бір-бірін қолдап, бірлігі жарасып отырғанын көзбен көрудің өзі қандай қуаныш дейсің ғой баяғы. Алайда олай болмады…
Арқаның арқалы ақынының арналы сөзіне тамсанған тараздық ақын Нұржан Қадірәлі: «Дұрыс айтасың, бауырым!», – деп «шаттық» толы көзесін көтере берді.
Сол сәтте бекем бірлік, тату тірлік жайлы тебіреніп отырған бағанағы замандасым: «Брат, бауырым демеші. Сен қай жылғысың?», – деп «тіреле кетті».
Түкке түсінбеген тараздық ақын: «92-інші жылғымын», – деп жауап берді. «Мен 90-ыншы жылғымын», – деген әлгі. «Маған бауырым демей-ақ қойшы», – деп сөзін нығыздай түсті.
Бойым балқып, ойым шалқып отырған менің қиялым бұзылып қана қойған жоқ, отырыстың шырқы бұзылды.
Оңтүстік жақта азаматтар бір-бірін бауырға басып, жақын тарта «Бауырым» деп айтатынына мен Алматыда оқып жүргенде әбден үйреніп алғанмын. Ал Павлодар, Қарағанды жақта «Бауырымды» кейбіреулер «Бірәтішке» ретінде қолданады.
Әлгі қарағандылық ақынның тулауының себебі осы ғана…
Жап-жақсы басталған басқосуымызда басымыз қосылмай, бет-бетімізбен кеттік ақыры. Сол сәтте менің есіме Ғабит Мүсіреповтың мына бір сөзі оралды: «Жиылсақ, көппіз! Жайылсақ, жоқпыз!». Жиылып көп болып отыр едік. Жайылып жоқ болдық. Мұны бізге арқа тұтар алдыңғы толқын өкілі Асыл Әбіш ағам жиі айтып отырады.
Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар… Мұны мен емес, Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов айтқан.
Шынымды айтайын, қарағандылық әріптесімізді «кейбіреу» қатарына қосуға қимай отырмын.
Зиялылар ізін басып келе жатқан жастарымыздың арасында мұндай «бірлік» болмауы тиіс еді ғой.
Биыл біз ғасырлық мерейтойын атап өтіп отырған Мұзағамыз: «Табаны – бар да, бүрі – жоқ, Зіркілі – бар да, зілі – жоқ» дегенді қалай тауып айтқан деп таңдай қақтым да, шарасыздықтан бір күрсіндім
Еламан Қабділәшім