Біз, яғни, Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің оқушылары белгілі жазушы, ақын және қоғам қайраткері Сайлау Байбосынмен және  облысымыздағы белгілі қаламгерлермен кездестік. Әңгімеміз жазушының шығармашылығы, әсіресе былтыр жарық көрген «Ажалын жоғалтқан адам» романы төңірегінде өрбіді. Бұл туындыда адам өмірі, оның мәні мен құндылықтары туралы терең философиялық ойлар бар. Кездесуде біз кітаптың негізгі идеяларына тоқталдық.

Романда Арғын атты жігіттің бастан кешкен қиындықтары мен азаптары, өмірге деген көзқарасы, өлімнен қорқу сезімі және оны жеңудің жолдары туралы баяндалады. Біз автордың кейіпкерлері арқылы қоғамдағы терең мәселелерге тоқталғанын қарастырып шықтық. Көптеген кейіпкерлердің прототипі бар екен.  Осы кітапта  динамикаға құрылған экшен оқиғаларды ғана емес,  шығарма арқылы біз отбасы құндылықтарын, сенім мен сүйіспеншілікті, адал махаббатты да  көре аламыз деген ой түйдім.

Әңгіме барысында мен және басқа да достарым ой-пікірлеріміз бен сұрақтарымызды ортаға салып, талдадық. Шығарманы барлығымыз оқығандықтан, оқиғалар көз алдымызда қайтадан өткендей болды.  Тіпті уақыттың қалай өткенін де сезбей қалдық. Кездесуге дейін сыныптас достарыммен  романдағы оқыған оқиғаларымызды айтып, күнде пікір алмасып жүрдік. Біздің романды оқуымыздың өзі қызық болды: Кітапхана қорында тек бір дана кітап бар екен. Апайымыз сол кітапты бізге сканерлеп, ксерокөшірмесін жасап берген еді. Осыны авторға айтып едік, Сайлау Әшенұлы ерекше қуанып қалды.

Кездесуге оқушылар да, ұстаздар да белсенді қатысты. Мектебіміздің кітапханашысы Сәуле Амренова: «Кітапты оқығанда кино көріп отырғандай болдық. Кейіпкердің тағдыры қалай болар екен деп уайымдап отырдық», – деп өзінің алған әсерімен бөлісті.

Ал, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағдат Акрамқызы: «Кітаптың аудионұсқасын жасау керек» деген ұсынысын айтты. Меніңше, бұл – тамаша бастама бола еді. Кітапты үйде отырып оқуға уақыты болмайтын адамдар, жұмыс істеп жүріп те, көлік жүргізіп отырып та тыңдай берер еді.

Тарих пәнінің мұғалімі Серік Көшербайұлы да өзінің ойын ортаға салды. Ол қазір қазақша сөйлейтін балалардың саусақпен санарлық екеніне қынжылыс білдірді. «Мен талай кітап оқыдым. Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесі», Сәкен Жүнісовтың «Ақан серісі» секілді бас көтермей оқыған кітаптарымның қатарына «Ажалын жоғалтқан адам» романын да қосар едім. Осынадай кітаптар көп болса, қазақ тілінде сөйлейтін оқушылардың саны артар еді», – деді ол.

Автор – Сайлау ағамыз да оқушылар мен ұстаздардың, кітапханашы апайлардың бастамасына алғысын білдірді. «Кітапхананың жұмысы автор мен оқырманды байланыстырып отыруымен, кітапты насихаттаумен, осындай кездесулермен маңызды. Қаламгерлермен кездесулер жиі өтіп тұруы керек. Газет-журнал, әлеуметтік желілерден Сәбит, Ғабит ақсақалдармен кездесулерін тебіреніп жазған естелік иелерінің жазбаларын оқығанда ерекше ғажап күйге бөленесің. Ертең бұл оқушылар да «Біз ақын-жазушылармен кездесіп едік» деп еске алып отырса, олардың өмір жолына түскен бір жарық сәуле емес пе?!

Осы кітаптың жаман емес екенін білем, бірақ бұлай әсер етеді, оқырман жақсы қабылдайды, талқылаулар, кездесулер жиі өтеді деп күтпедім. Әр кездесуде оқушылар, студенттер, қаламгерлер, тіпті танымайтын-білмейтін азаматтар әлеуметтік желіде хабарласып ойын айтып жатыр. Сын болсын, пікір болсын автор үшін өте маңызды. Оқырман ықыласын білдіріп жатса, көңілге жылылық береді. Шығармашылық стимул берді. Өзімді жазушы ретінде сезініп, шабыттанып қалдым», – деді Сайлау Әшенұлы.

Оқушылар Арғын мен Құралайды өмірде үлгі тұтуға болатын кейіпкерлер деп атады. Көпшілігіміздің авторға қояр сұрақтарымыз қалса да, осы кездесуге келген жазушыға, ұйымдастырған кітапханашы апайларымызға алғысымызды білдіреміз! Шынымды айтсам, кітапты оқып, автормен кездескенде, өзімді ғажайып күйде сезіндім. Кітапты оқуға кеңес беремін, бәлкім сіз де жазушымен бетпе-бет кездесе аларсыз.

 

Сабина ЕРКІҢҒАЛИ,

Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің оқушысы.

Добавить комментарий