Pavlodar, KZ
Ясно

Екібастұзда қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Поэзия – жанымның шуақ нұры» жыр кеші өтті.

Жыр кешін филиал директоры Серік Елікбай кіріспе сөзімен бастады. «Ақыны жоқ ұлттың болашағы жоқ. Ақыны бар жұрт өлмейтін жұрт. Мен бір жерден ақын болуға ұмтылған 5-6 ұл-қызды көрсем, қуанамын. Алдарыңызға жас ақындар келді, қарсы алыңыздар!», – деп, ақын жастарды, жалынды жастарды ортаға шығарды.

Ақындар екі сағат бойы өлең оқыды. «Сарыарқа самалы» газетінің веб-редакторы Алтынбек Мұқышев, Ақсу қаласындағы Ю.Гагарин атындағы мектептің ұстазы Алмас Ақтас, «Астана» телеарнасының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Өзгеріс Қуанар, Торайғыров университетінің студенттері Дәурен Бақытқажы, Абзал Рымбек, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жанболат Абайхан, Успен аудандық мәдениет үйінің директоры Перизат Құрманәлі, екібастұздық ұстаз Самал Сәрсенбекова, Ә.Марғұлан атындағы Педагогикалық университеттің студенттері Әйгерім Мүлікқызы, Ақбота Қуан, Қарақат Ғайыбиран кезек-кезек өлеңсүйер қауымның алдына шығып, түрлі тақырыптағы өлеңдерімен жүректерді тербеді.

Кейінгі толқын інілерді тыңдап алып, ортаға шыққан Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, белгілі ақындар Сайлау Байбосын мен Жұмағали Қоғабай ағалар өлең оқып қана қоймай әдебиеттегі буын сабақтастығы мығым екенін дәлелдей білді. Ағаларымыз ақындық һәм азаматтық болмысымен, шығармашылық шеберлігімен, тынымсыз ізденісімен жастарға үлгі болып келеді.

Жыр кешін жүргізген филиал директоры Серік Елікбай аға мен екібастұздық ақын, «Қалқа жүрек» кітабының авторы Ерболат Әміре де жыртарту жасады.

Түйінсөзді де Серік Елікбай айтты. «Ақындық деген – бақ пен сор, тағдыр. Ақындық деген – жылау мен күлу. Ақындық деген – өзіңде барды өзің білмеуің… Ақын жастарға өлең жолында сәп-сапар тілеймін», – деп түйіндеді ақын сөзін.

Кеш соңында бөлім басшысы Медығат Манапов Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының жұмысына сәттілік, өңірдегі барша қаламгер қауымға шығармашылық табыс тілей отыра Серік Елікбайға Алғыс хат табыстады.

Жанның шуақ нұры шалқыған кеш жалғасатын болады.

Добавить комментарий