Pavlodar, KZ
Облачно

 

Жуырда Ұлттық домбыра күні қарсаңында белгілі домбырашы, ұстаз, «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінің басшысы Серік Сыздықовпен сұхбаттасқан болатынбыз. Сол әңгіме барысында өнер саласының маманы Ұлттық домбыра күнінің аталып өту уақыты ыңғайсыз екенін алға тартып, ұсынысын білдірді.

  • Ұлттық домбыра күні айтулы мереке ғой. Дегенмен қазір көптің көкейінде жүрген бір мәселе бар. Оны өнер азаматтары арамызда көп талқылаймыз. Бірнеше рет БАҚ бетінде де қозғалды. Алқа жиналыстарда да мәселені көтерген болатынбыз. Өткенде Астанада болғанда осы мәселе айтылып жатқанын көрдік. Бірақ бұл әлі де күн тәртібіне қойылмай жүрген мәселе. Ол – Ұлттық домбыра күнінің аталып өту мерзімін өзгерту керек деген ойымыз бар, – деді Серік Сыздықов.

Оның айтуынша, музыка әлемінде шілде айы – «өлі маусым» деген ұғым бар. Шілде, тамыз айының бел ортасынан асқанша концерттер өтпейді.

  • Бұл аралық жалпы жұрттың бәрі демалатын, оқушы, студенттердің каникулға кететін, ұстаздардың еңбек демалысына шығатын, адамдардың көбі демалыста, саяжайда жүретін, шетелдерде қыдыратын кезі ғой. Өздеріңіз білесіздер. Сондықтан Домбыра күніне бір ұлттық белсенділікті насихаттау тұрғысынан қарағанда көп ұтылып жатырмыз. Дәл осы мерзімде аталып өтуіне кішкене көңіліміз толмайды, – дейді Серік Сыздықов.

Мамандар бұл мейрам мамыр айының басындағы жайма-шуақ күндерде немесе тамыз айының соңы, қыркүйектің басында, оқу қызып тұрғанда және жұрттың бәрі жұмыста жүрген кезеңдерде атап өтсе деген ұсыныс айтуда.

  • Неліктен? Өйткені Ұлттық домбыра күні деген тек домбырамен күй тартып, ән айтып қана қою емес қой. Бұл жерде біз үлкен тәрбиелік насихат жұмысын, ғылыми бағыттағы жұмыстарды алдыға қоюымыз керек. Ал, оны тыңдайтын аудитория қажет. Өздеріңіз көріп жүргендей бүгінгі таңда біз үлкен аудитория жинай алмаймыз. Өйткені бұл мерзім демалатын тыныш мерзім. Маман ретінде, осындай мерекелерді ұйымдастырушы ретінде осы Ұлттық домбыра күнінің аталып өту мерзімі сондай сәтті таңдап алынбаған-ау деген ойымыз бар. Ол ойымызға көзімізді жеткізіп жүрміз, – дейді өнер иесі.

Серік Сыздықов домбыра әрқашан қазақтың жаны, қазақтың қуанышы мен қайғысында, жеңісі мен жеңілісінде бірге жасап келе жатқан рухани болмысы екенін атап өтті. Сондықтан қазақтың күй өнері, домбыраға байланысты басқа да өнерлер дами беруіне тілекші. Әрқашан біз өзіміздің осы ұлттық құндылығымызды тек қана жоғары көтеріп бағалай білуіміз, жастарға соны насихаттай білуіміз маңызды.

Добавить комментарий