Pavlodar, KZ
Mostly Cloudy

«Сені жоғалтудан қорықпаған адамдарды жоғалтудан қорықпа!»

«Арманыңа жетуге қол созымдай қалса да қазіргі барыңа қанағаттана біл!»

«Дүние қатігез», – десең, жұмсартатын адам сен бол. «Бір кем дүние», – десең, толтыратын адам сен бол!»

«Әрқашан өзіңнен артық адамдарды таңда… Сені сынайтын, сенен ақылды адамдарды таңда… Әрқашан шәкірт бол!»

Бұндай мотивациялық сөздерді, оқырманды жігерлендіретін әңгімелерді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, жазушы-публицист, журналист Амантай Тойшыбайұлының «Өмір сүр!» кітабынан молынан кездестіруге болады.

Бүгін Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Амантай Тойшыбайұлының жаңа кітабының тұсауы кесілді. «Өмір сүр!» деп аталатын кітап «Өмір», «Махаббат», «Бақыт», «Жүрек», «Ақыл», «Арман» атты алты тараудан және қорытынды бөлімнен тұрады. Сондай-ақ, кітаптың әр бөліміне оқырманды жігерлендіруші жетекші сөздер қоса берілген. Олар кітаптың негізгі мазмұнын арттырып, мәнін аша түсетін секілді:

«Тірі жүр!», – деді Өмір маған.

«Сүйемін!», – деп, Махаббат жұмсақ құшақтады.

«Бер!», – деп Бақыт жымиды.

«Сенімді бол!», – деді Жүрек лүпілдеп.

«Шешім жаса!», – деп Ақыл маған көзін қысты.

«Әрекет ет!», – деп сыбырлады Арман.

Осылайша, автор адамды өмір сүрудің мағынасын табуға талпындырады.

Бұған дейін жазушының «Тұнық тамшылар» (2014), «Біреуі бес парыздың қажыға бару» (2019), «Павлодар өңірі, Ислам руханиятының тарихы» (2020), «Дана тұлға, дара ғимарат» (2021), «Жүректің көзі ашылса» (2020), «Ақылға сәуле қонбаса» (2021), «Сәулең болса кеудеңде» (2022) және «Адам бол» (2023) кітаптары жарық көрген болатын. Жаңа жинақ та оқырман үшін үлкен олжа, рухани азық болары күмәнсіз. Себебі кітаптың әр парағынан ғибрат лебі еседі, тағылым жұпары аңқиды.

Кездесу Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сяуыш Сәдуақасовтың беташар сөзімен басталды. Ол Амантай Тойшыбайұлына Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың құттықтау хатын оқып берді. «Сіздің кітаптарыңыз оқырманның аса бағалы, таусылмас тәрбие құралына айналғанына ел куә. Тіл төңірегіндегі, салт-дәстүр жайындағы озық ойларыңыз көпке белгілі», – делінген құттықтау хатта.

Қаламгерге құрмет көрсетілгеннен кейін, Павлодар облысының Құрметті азаматы Махмет Демесінов, ҚМДБ Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Бердімұратов және ҚЖО Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай «Өмір сүр!» кітабының тұсауын кесіп, оқырманға ұсынды.

Осы ретте атап өткеніміз жөн, 2023 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қорытынды Төралқа мәжілісі өткен болатын. Аталған жиында «Мүфтият үздігі – 2023» номинациясы табысталған еді. Салтанатты іс-шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, дін қызметкерлерін халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға себепкер болғаны, халық арасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оң имиджін нығайтуға қосқан үлесі үшін марапаттады. Мәртебе биігінен көрінген 31 жүлдегердің қатарында «Үздік діни сайт» аталымында Павлодар облыстық Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мешіттің «Mazhab.kz» сайты жеңімпаз атанды.

Тұсаускесер жиын барысында орталық мешіттің бас имамы Жолдас қажы Бердімұратов айтулы жетістікті айта келе, «Mazhab.kz» сайтының жұмысын асқан жауапкершілікпен және кәсібилікпен жүргізіп отырған Амантай Тойшыбайұлының еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен бірге, қаламгердің кітаптары өскелең ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке, тазалыққа тәрбиелеуге атсалысып келе жатқанын айтты.

Жазушы Амантай Тойшыбайұлы аймағымыздың әдеби кеңістігін өзінің ойлы дүниелерімен, қыруар еңбегімен, жылдар бойғы ой-толғаныстарымен, бүгінгі қоғамға қажет рухани азық беретін шығармаларымен толықтырып келеді. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай «Өмір сүр!» кітабы адамдарды өмір сүруге талпындыра түсетініне сенім білдірді.

Ал, жазушы, «Ақбеттау» журналының бас редакторы Сайлау Байбосын бүгінгі қоғамда адамға жігер сыйлайтын кітаптар көп керегін және ол кітаптар барынша насихатталып, оқырманға кеңінен таралуына жол ашылуы қажеттігін алға тартты.

Павлодар облысының Құрметті азаматы Махмет Демесінов: «Қаламгерлердің еркін көсіліп, ойындағысын жазып, бойда барын оқырманға ұсынуы – Тәуелсіздігіміздің арқасы», – деді. Ақсақал жиынға қатысушы жастарға қастарлі құндылық – Тәуелсіздікті сақтау үшін рухты, мықты болу қажеттігін айтып, оларды жігерлі болуға шақырды.

Амантай Тойшыбайұлы – дамыған заманның игілігін оңынан пайдаланып келе жатқан қаламгер. Біздің бәріміз де әлеуметтік желінің тұрақты пайдаланушысымыз. «Қоқыс жәшігіне» айналуға шақ қалған Инстаграм, Фейсбук парақшаларында ойлы сөздер, мағыналы мәтіндер, мазмұнды бейнелер көрсек, жанымыз жадырап қалады. Бүгінгінің тілімен айтсақ, «Блогерлікті» де біркісідей меңгерген жазушы Фейсбук парақшасын белсенді жүргізеді. «Өмір сүр» кітабының көп бөлігі сонда жарияланған. Солайша, ол арзанға алданған санамызды, мәнсіздікке арбалған ойымызды құлдырау мен қыл бұраудан арашалау үшін жанұшырып жүр…

Тұсаукесер рәсімінде кітап авторы Амантай Тойшыбайұлы «Өмір сүр!» кітабы туралы, кітаптың нагізгі ойы, мақсаты, мазмұны туралы баяндады.

Автор «Өмір сүр!» кітабында оқырманға, жалғызсырап жүрсе, махаббат, қиналып жүрсе, қуаныш, мәселе туындаса, тыныштық, шығар жол жоқ секілді болса, үміт тілейді.

Және әр адамға «Мың шақырымдық сапар алғашқы жалғыз қадамнан басталатынын» ескертеді. «Алғашқы қадам 47-ші, немесе 10 мыңышы қадамдар сияқты маңызды… Тұрған жеріңнен баста… Бар нәрсеңді пайдалан… Қолыңнан келгенін жаса… Жеткің келетін жер әлі көріне қоймаса да, оның барына сен… Күнделікті қадам сені сол жерге жеткізеді…», – дейді жазушы.

Жиын соңында жаңа кітапты қолына ұстап, парақтап отырған жастарды көзіміз шалды. Сондай зейінді жастың бірі Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы, Әбу-Бәкір Сыддық медресесінің 2-курс студенті Юсуф Ахатұлы. Кітап әлеміне еніп кетіп, өмір сүруге құлшына түскен оқырманды сөзге тарттық. Юсуф кітаптың өзіне ерекше ұнағанын айтты.

Бұдан кейін мен де жазушы кітабын қолыма алдым. Жиында айтылған сөздерді тыңдап, өз-өзіме деген сенімділігім артты, еңсем көтерілді. Кітаптың бір парағын аударғаным сол еді, «Сен – өзіңнің сеніміңсің» деген сөз көзіме оттай басылды.

«Сен – өзіңнің сеніміңсің

– Сен бұл әлемге не үшін келгеніңді білесің, сондықтан өмірден не қалайтыныңды білесің және қолыңнан келгеннің бәрін жасауға тырысасың…

Сенде мақсат бар, босқа өткізетін уақытың жоқ…

– Өз құндылығыңа сен ешқашан қауіп төндірмейсің…

Жеке мүддеге емес, құндылықтарыңа негізделген әрекеттер мен ойларды үнемі таңдайсың…

Сенде мызғымас қасиеттер бар…

– Сен ешкімді төмен немесе жоғары деп санамайсың…

Біз бәріміз ерекшеміз, әр адамда қандай бір ерекше нәрсе бар екеніне сенесің…

– Сен ешқашан біреуден өзіңнің өміріңде болуын сұрамайсың және оны мәжбүрлемейсің…

Сен жай ғана шақырасың, қалу немесе кету олардың проблемасы…

– Сенде таза шекаралар мен стандарттар бар…

Қорлауға, ақымақтыққа, шектен шығуға сен ешқашан жол бермейсің…

– Бақытты болу үшін саған әлдебіреудің немесе қандайбір нәрсенің кепілдігі қажет емес…

Өзіңе және өзіңде бар нәрсеге ризасың…

Өз құндылығыңды көрсету үшін сен ешқашан тырыспайсың…

– Өзіңе қалай қатынасуды тілегеніңдей, өзің де бәріне құрметпен қарайсың…

Қорытындылап айтсақ, адамдардың арасындағы негізгі айырмашылық олардың өздеріне белгілейтін стандарттарында деуге болады…

«Сен өзіңнің сеніміңсің», – дейді автор.

Иә, өз сенімімді сетінетпеу өз қолымда екен. Сенімді уыстан шығарып алмайын деп ойлап кеткен болуым керек, кітапты қатты қысып тұрып қалыппын… «Жиын бітті, көңіліміз толып-тоғайып қалды» деген жұрттың сөзі ойымызды бөліп жіберді…

Еламан Қабділәшім.

(Суреттер С.Торайғыров атындағы кітапхана қорынан алынды)

1 thought on “Жүрекке жігер сыйлар жазбалар

Пікір үстеу