Pavlodar, KZ
17°
Fair
Жанасыл СЕРІКБОЛ

Жасанды интеллект (ағылшынша artificial intelligence, AI) — интеллектуалды компьютерлік бағдарламалар мен машиналар жасау технологиясы, әрі бүгінгі таңдағы болашағы жайлы әр түрлі ойлар мен тартыстарға толы ғылым саласы. «Жасанды интеллект» сөзін алғаш рет 1956 жылы Дартмут университетінде өткен конференциясының преамбуласында Джон Маккарти қолданған. Содан бері жасанды интеллект яғни, робот жасау саласының дамуы бүгінде күн санап қарқын ала түсуде. Бұрындары жасанды интеллекті жай ғана адамның қолымен жасалған, белгілі бір енгізілген бағдарлама шеңберінде жұмыс істейтін робот ретінде ғана қолданылып келген. Бүгінде жасанды интеллектің өз-өзін дамыта алатын мүмкіндіктері де ашылып отыр. Тіпті, адамзат баласы ғұмыр бойы үйрене алмай кеткен тәжірибесін жасанды интеллект бар-жоғы бірнеше секундта игеруі мүмкін. Бір қызығы, олар әрмен қарай да дамып адамның қиялына да кірмес мүмкіндіктерге ие болу мүмкіндігі турасындағы болжамдар да бар.

Жасанды интеллектің дамуы тұрғысында беделді деген ғалымдардың өзі екіұдай пікірде. Бірі – жасанды интеллект адамның серігі, ең үлкен көмекшісі болады десе, енді бірі – адамзаттың түбіне осы роботтар жете ме деген күдігін де айтады. Десе де, жасанды интеллект ғылымдағы, адамзаттың дамуына жаңа мазмұн әкелетін сала ретінде дамытуды көптеген елдер қолға алып отыр. Бүгінде жасанды интеллектің көмегіне жүгініп, игілігін көріп отырған алпауыт компаниялар мен мемлекеттер аз емес.

Жасанды интеллектің дамуы әлеуметтік дағдарысқа әкеледі деген де болжам бар. Көптеген жұмыс орындары роботтандырылса, көптеген адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін. Мәселен, 2014 жылы америкалық миллиардер Джефф Безос Amazon.com компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатып, оларды роботтармен алмастырған. Қазіргі таңда компанияның қоймаларында жүз мың робот жұмыс істейді. Сондай-ақ, такси қызметін ұсынатын Uber компаниясы жүргізушісіз қозғалатын көлік жүйесін тестілеуден өткізіп жатыр. Егер жоба іске асса, 2 миллионға жуық такси жүргізушісі жұмыссыз қалуы мүмкін. Роботтандыру үдерістері қызмет көрсету саласын да дендеп енгізіліп жатыр.

1997-жылы IBM компаниясы құрастырған шахматшы суперкомпьютер әйгілі шахматшы Каспаровты алты партияда жеңіп кеткендігін еске алсақ, жасанды  интеллект адамзат тарихына төңкеріс әкелетін сала екендігіне күмәнданудың қажеті жоқтай. Тек, бұл саланы дамытудың этикалық жағын да ескерген жөн екендігін ғалымдар жиі алға тартып отыр. Әлемде теңдессіз қаруға ие болуды көздеп, жатпай-тұрмай ізденіп жатқан державалар да осы жасанды интеллектен зор үміт күтіп, алақандарын ысқылып отыр. Бұл тұрғыда аталмыш саланы дамыту бағдарламаларын жіті бақылауға алу керектігі күн сайын айтылып отыр.

Бұл уақытқа дейін жасанды интеллектің жеткен жетістіктері қатарында ойлай алу қабілеті де еніп отыр. Математикалық есептеулер арқылы роботтарға сезім сыйлауға да болатындығын ғалымдар алға тартады. Ғаламтор әлемінен роботтар жазған прозалық туындыларды да таба аласыз. Ал, соңғы айларда «Chatgpt» атты жасанды интеллектің мүмкіндіктері әлем ақпаратының негізгі тақырыбына айналды. Бірер күн бұрын ғана нейрожүйе орнатылған тележүргізуші Ресей телеарналарының біріне қызметке қосылғаны хабарланды. Қытайда бұл жаңалық бұдан да бұрын енгізілген болатын. Қалай болғанда да  дамудың жаңа бір кезеңі табалдырықтан аттап келе жатқан секілді.

Пікір үстеу