Қазіргі кезде технологияның дамуы, әлеуметтік желі, күллі ақпаратқа қолжетімділік – адамзат өміріне тікелей әсер етуде. Оның ішінде қазіргі қазаққа, қазіргі қазақ әдебиетіне өз ықпалын молынан тигізуде.
Желден жүйрік желінің жақсы тұсы – өз қатарластарымыздың, аға-інілеріміздің талғам деңгейін, қалам-қадамының қаншалықты ілгерілегенін бақылап отырамыз. Бізді де бағып отырған қырағы көздің барын да жақсы білеміз.
Жаманы… Жаманы – желіде жасандылық басым.
Кейде «Қаламымнан құйылған сиялы сыр, ақ қағаздың жүзінде өрнектелді» деген өлең жолы өтірік, жасанды, алдамшы болып көрінеді. Қаламгер қауымның қағаз бен қаламнан қол үзгені қашан?!
Адамзаттан дос таппай қалам дейтін құдіретке сырын ашқан кездердің орнын ұялы телефон мен компьютер пернетақтасынан әріп терген шақтар алмастырды.
Ендігі бірнеше жылда қолжазба деген ұғым мүлдем жоғалып кететін секілді.
Қандай үрейлі?!
Бұл қолжетімділік – қауіпті қолжетімділік. Технологияның дамуы жастардың ізденіс аясын тарылтып жатқанынан бөлек, жалпы адам баласының сауаттылық деңгейін құлдыратып жатқан секілді. Бұл дамудың негізгі көрінісі – интернеттің алға шығуы, әлеуметтік желінің төрге озуы. Барлық желі пайдаланушылары секілді біз де ғаламтордағы өсек-аяңға, жалтыраққа, бос мақтанға көп көңіл бөле бастағандаймыз.
Сондықтан да ізденісіміздің азая бастау қаупі бар. Осындайда, Жәркен Бөдештің «Ізденбеген іздеусіз қалады» деген сөзі аз да болса жігеріміз бен шабытымызды қамшылай түсетіндей.
Үлкен ізденіс соңында жүрген замандастарымды білемін, олардың «Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес» қосу үшін аянып қалмасын да білемін. Қызығамын. Бірақ, қызғанбаймын.
Әдебиетке бәсеке керек. Бірақ, ол бәсеке іштарлықтан шықпағаны абзал. Біздің бәсеке ізденіспен, жаңа шығармалармен, тың идеялармен өлшенуі қажет.
Ізденіп жүрмін деп өлең формасына түрлі ерекшеліктер енгізу, ұйқассыз өлең жазу, түсініксіз ойлар айту ұтқыр шешім деп есептемеймін.
Ақ өлең деп қазақ поэзиясының жаңа дәуірін бастауға ниетті достарымның ісіне сәттілік тілеймін! Бірақ, құйылып, төгіліп, тізіліп түспесе ол ақ өлеңдегі жасанды ой, құрама тіркес ғұмырлық қуатқа, өмірлік күшке ие болмайды.
Бізге ұлттық таным-түсініктен, тамырдан ажырауға болмайды. Тамыры жоқ қаңбақтың күйін кешпеуіміз үшін! Басқа үшін емес.
«Балталасаң бұзылмас» ұйқастың «тамырына балта шабу» дұрыс емес!
Өлеңде ең әуелі әуез, образ, жан, ой болуы керек. Бұның барлығы ұйқасып, үйлесіп тұруы міндет!
Біздің ой – осы.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.
(Сурет ашық ғаламтор беттерінен алынды)