Pavlodar, KZ
17°
Fair

Биыл – айтыс ақыны, жыршы Қимадиден Нығмановтың туғанына 100 жыл толды. Өлкетанушы,  Қимадиден Нығманов өмірі мен шығармашылығын насихаттаушы, ақын, ҚЖО мүшесі Бейбіт Бөжен бір еңбегінде ақынның 12 қырын талдап жазған екен. Оның ақындығын, жазушылығын, журналистігін, естайтанушылығын, айтыскер-жыршылығын, шежірешілігін, фольклоршылығын, сазгерлігін, шеберлігін, майдангерлігін, фотосуретшілігін, электр монтерлігін барынша ашып, анық, жан-жақты қамтыған екен. Осы мақаламда мен Қимадиден Нығмановтың айтыскерлік өнері туралы баяндамақпын.

…«Мен туғанда Құдайберген ақын шілдехана үстінен шығап, ат қоярға келгенде: «Менің әйгілі ұстазым Қимадидендей ақын болсын», – деп батасын беріпті», – деп еске алады Қимадиден ақын.

Қимадиден ақынның өмір жолының бастауында Құдайберген Әлсейітовтың ақ батасы тұрса, өнер жолының басында Иса Байзақовтың ақ тілеуі «нұр төгеді».

 «Исамен кездесу» естелігінде ақын былай деп жазады:

«Бұл 1940 жылы болған еді. Біз онда Павлодар қаласында тұратынбыз. Ол кезде мен оқушы болсам да, әлі есімде. 29 декабрь күні біздің үйге қонақ келді.

Келген қонақтың Иса екенін тани сала, оның қолына жабыстым.

Иса ұшқыр, жеңіл де көркем сөзді, топта желді, әрі қайратты адам екен.

…Иса біздің үйде үш қонды. Домбыраны безілдете отырып, өсіп келе жатқан ел тұрмысы, келешектің асыл ойлары туралы жанынан шығарып айтқан өлеңдері осы күнге дейін құлағымда тұрғандай. 

Иса осы жолы «Құралай сұлу» поэмасын айтып берді. …Мен поэманы түгел жазып алдым.

Иса аттанар алдында ас үстінде отырып менің «Павлодардың қаласы» деген өлеңімді тыңдады. Өлеңді тегі ұнатса керек, Иса қолындағы домбыраны бір тартып қалып, тақпақтай жөнелді.

Төрінде өршіл көңіл тойлаппын ғой,

Өмірге қанша еркелеп, бойлаппын ғой.

Исаға інілер бар талай ұқсар,

Туыс жоқ деп бекерге ойлаппын ғой.

Тегінде телмірмейді екен тарих,

Бар сөзді бір мен талдап қоймаппын ғой», – деді.

Атақты ақыннан қалған ескерткіш болсын деп бұл өлеңді де табанда қағазға түсіріп алған едім.

Сөйтіп менің келешек өмірімен жол сілтегендей естен кетпес бір кездесу осылай болған еді», – деп жазады Қимадиден.

Өмірі мен өнері ұлы тұлғалардан ақ бата алумен басталған Қимадиден ақын Павлодар облысының намысын республикалық айтыстарда қорғады. Сондай айтулы сөз сайыстарының бірі – 1971 жылыАлматыда өткен Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығына арналған айтыс. Қимадиден ақын таланты мен дарынын танытқан осынау айтыс туралы өзі естелік жазып қалдырған екен. Ақын Жамбыл тойын Қазақстан астанасы жасаған дүниежүзілік маңызы бар үлкен той еді деп бағалайды.

Естелікке кезек берейік:

«…Ғылым Академиясындағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет пен Өнер институтына барсам, барлығы Әди Шәріповтың кең кабинетіне жиналып, кеңесте отыр екен. Кім кіммен, қашан айтысатыны белгіленіп қойыпты.

Тойға келген өнерпаздардың көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент жақтан. Көкшетаудан үш, Семйеден төрт, Өскеменнен бес, Қарағандыдан алты өнерпаз келіпті. Бәрі де облыстарында жүлде алып, қолдарына айдарлды қағаз ұстағандар.

– Бір өзім бір облыстан келдім, елімнің үні бар. Кешегі суырып салма айтыстың дуы болған Иса туған жерденмін, – деп таныстым.

Бар тапқаным – «Жамбылға арнайы толғау айтарсың» деген сөз болды.

Бұл тойда ақынның ақиқатын шешетін жер айтыс сайысына қатысу ғана. Соған іліге алмай қатты торықтым.

Сайыстың мерзімі – екі күн.

Айтысқа алты-ақ пар ақын түседі деп жарияланды.

Өнер сайсының екінші күнінде  дайындаушы комиссия … әйел ақындар мен жігіт ақындар айтысын көбірек өткізуді көздеген. Бұл айтыста Шығыс Қазақстаннан келген Тоқтарбаева Сара талай жігіттің тауын шағып, шыдатпай қойыпты. Онымен айтысуы керек қарағандылық ақын жарамай қалыпты.

Мен өз бөлмемде Жамбылға айтатын толғауымды құнттап отыр едім. Филология ғылымдарының кандидаты Мырзабек Досанов шақырып алып, үш ақын әйелмен айтысқа бірден қосты. Қолма-қол айтыста екі әйел ақынды жеңіп тастадым. Сарамен де бірсыпыра қағыстым. Келесі күні осы Сарамен айтысқа шығатын болып белгілендім.

…Айтыста:

«Келіпті күншығыстан ақын Сара,

Сарамен айтысыпты Біржан ғана.

Сол Біржан бүгінгі күн мен боп тұрмын,

Халқым-ау, көремісің мына қара», – деп жұрт назарын аударып алған мен сұлу сөздерімді жеткізе айтып отырдым.

Айтыс төрт мәрте алмасқаннан кейін тоқтатылды. Тоқтабаева қазақтың ұлт киімі бешпент киді де, маған Жамбыл атам кмген үлгідегі сексен сомның сусар бөрігін сыйға берді. Бұл осы той бойынша екінші дәрежедегі сыйлық  болатын…»

Қимадиден Нығманов атамыздың осынау естелігін оқып отырып, қандай арқалы ақын, суырып саома өнердің шын шебері болғанын аңғарамыз.

Сара Тоқтарбайқызымен айтысында Қимадиден ақын былай деп жырлайды:

«Кереку әуелден-ақ, сауықшыл ел,

Өнерге кәрі-жасы шебер келер.

Махмұт Торайғыров классигім,

Исаның «Желдірмесі» қымбат нелер.

Жырлаған халық мұңын Жаяу Мұса,

Майра әнші облысымнан өрбігендер,

Дарынды композитор Естай ақын,

Солардың бар ұрпағы тілге шебер».

Бұдан бөлек, Қимадиден Нығмановтың Жүнісбек Жолдиновпен, Жақан Әбшайықұлымен, сонымен бірге, 1976 жылы Кеңес одағының тоғызыншы бесжылдығы қорытындысына арналған облыстық ақындар айтысында Ертіс ауданының ақыны Қабек Сағитовпен сөз қағыстырған.

Аталған айтыстар ақын өмірден өткен соң жарық көрген «Ақдидар» жинағына және Мұхамеджан Дәуренбековтың «Өнердің алтын тәжі» кітабына енген.

Қимадиден Нығманов пен Қабек Сағитов Қазан төңкерінісің 50 жылдығына орай облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газеті ұйымдастырған жазбаша айтысқа да қатысқан.

Екі ақын бірнеше күн бойы бірінің ауданын бірі аралап, танысқаннан кейін Үлгілі ауылында түйісіп, жазып отырып айтысқан екен. Әр ақын өзінің туып-өскен ауданы мен ауылын мадақтайды, көршілерінің де жетістігін жырға қосып, көздері шалған кемшіліктерін әжуа етеді.

Бұл айтыста Қимадиден ақын:

«Жайым бар желсем, жүйрік жел жетпейтін,

Жетілгем мектебімде еңбек дейтін…», – деп жырлайды.

«Ежелден ауылымның еркесімін,

Білімнің алмасам да көл-көсірін.

Жұмыста 15 жастан күсті қолым,

Танылған еңбегіммен елге есімім.

Қаламым, домбыраммен – қолқанатым,

Ерлерім – тақырыбым толғанатын.

Ауданым асқар таудай осы өңірде,

Мадақтар мақтанышым сол болатын», – деп толғайды.

«Айтыстың ұстаған соң жібек жалын,

Лаулады кеудедегі үдеп жалын», – деп өлеңдетеді.

«…Бір өзі бір топ жауды ойрандаған,

Мүткенов Серікбайды естідің бе?», – деп келе:

«…Айбарлы арыстан төс, алып тұлға,

Орнаттың зәулім мүсін батыр ұлға.

Мектепке өзі оқыған атын бердік,

Үлгі алып ұрпағы өсіп жатыр мұнда.

 Естайдың ескерткіші күмбезімдей,

Қасынан өте алады кім көзге ілмей?!

Төрт метр құлпытастың өзі дағы,

Алыстан жарқырайды күн көзіндей», – деп өзі туған, тұрған мекенді асқақтата жырға қосады.

…«Ертістің Кереку өңірінің тума таланттарының бірі – Қимадиден Нығманов. Ол қарапайым еңбек адамы болғанымен, әдеби ортада ақын, жыршы, шежіреші, халық ауыз әдебиетінің білгірі ретінде танылды, өңірімізде айтысты қайта түлетуге мол үлес қосты», – деп жазады ақын Арман Қани.

Арман Бақтанұлы жасөспірім кезінде Қимадиден ақынның айтысын тамашалаған екен. 1968 жылдың шамасында Павлодар қаласындағы Чехов атындағы орыс драма театрында облыстық айтыс өтіп, оған Жүнісбек Жолдинов, Зекебай Солтанбаев, Қабек Сағитов, Ілияс Оспанов, Мұқсихан Зайытов сынды ақындар қатысқан екен. Аталған айтыста ерекше талантымен жарқырап көзге түскен Қимадиден ақын жүлдеге ие болыпты.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу