Жанасыл СЕРІКБОЛ

1997 жылы Ұлыбритания елінің зерттеушілері әлемде алғаш болып креативті индустрияның құндылығын өлшеуге тырысып көрді. Аталмыш елдің үкіметі  1998 жылы Creative Industries – Mapping Document құжатын жариялады. Олардың ішіне қызметтің 13 саласы кіргізілді. Олардың ішінде жарнама, маркетинг, сәулет, қолөнер, дизайн, киномотография, видео мен фотоөнер, медиа, IT, баспа ісі, галерея, музыка мен бейнелеу өнері бар. Зерттеуде бір ортақ факт атап өтілді, «олар бастауын жеке шығармашылықтан, дағды мен өнерден алады, және зияткерлік меншікті жасау арқылы материалдық құндылық жасауға потенциалы бар». Біраз жыл өткеннен кейін «шығармашылық индустрия» тұжырымдамасы барлық дерлік әлемнің үкіметтерімен мойындалады және анағұрлым кең «креативті экономика» ұғымына өз орнын бере бастады. Осылайша шығармашылық тек өнер емес, экономика деген ұғым әлемге мықтап орнықты. Ой еңбегі де табыс табады, шығармашыл адамдар ел экономикасына үлес қоса алады.

Бүгінде креативті экономика тұтас елдердің саясатына да еніп, қолдау тауып отыр. Креативті экономика да жұмыс көздерін ашады, бірақ, ондағы вакансияларға автоматты құралдармен, роботтар, техникалар мен технологиялар баса алмайды. Өйткені, ол жерде міндетті түрде адамның қиялы мен бастамасы, миы керек. Бұрынғы ақпараттар емес, жаңа ойлар. Тікелей адамның эмоциясы мен сезімдеріне, шығармашылығына тәуелді.

Халықаралық сарапшылардың есебінше, креативті экономиканың дүниежүзілік жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3 пайыздың мөлшерінде.  Қазақстанда креативті сектордың үлесі экономикамызда 2,8 пайыз мөлшерінде деп бағаланады. Десе де, бұл бірнеше жыл бұрынғы сараптама. Тиімді мемлекеттік саясат жүргізіліп, жүйе орнатылып, заңнамалар қабылданса 10 жылдың ішінде бұл көрсеткішті 10 пайызға жетеді деген болжам бар. Ол жылына 15-16 млрд АҚШ доллары деген сөз.

Креативті экономиканың басты артықшылығы ретінде оның шикізатқа, жерасты қазба байлығына тәуелсіздігі айтылады. Бұл жердегі шикізат адам интеллектісі. Негізгі энергия көзі де сол. Басты мәселе, соны экономикалық айналымға түсіру. Жапонияның анимелері мен Кореяның дорамалары әлемнің барлық елдеріне тарап, өз елдеріне үлкен табыс әкеліп отыр.  Бір ғана Kрop (Korea pop) бір жылда Корея еліне 36 млрд. доллар табыс әкеледі екен. Бұдан бөлек, соңғы уақыттағы экономикалық, экологиялық, еңбек дағдарысы адамзатқа жаңа болашақ, жаңа өмір салты мен ұстанымдары қажет екендігін көрсетіп отыр.

Қандай дәуір болмасын адамның ақылы мен ойы басты орында. «Тас дәуірі тас бітіп ұялғандықтан» аяқталған жоқ. Демек, мұнай дәуірі де мұнай бітіп қалғандықтан аяқталмайды. Бұған мысал ретінде Дубай жобасын айтуға болады. Мұнайға бөккен Араб елдерінің өзі мұнайсыз болашаққа дайындалуда. Жер асты байлығы жоққа жақын Жапония ақыл-ойының арқасында әлемде жетекші елге айналды. БҰҰ 2021 жылды халықаралық креативті экономика жылы деп жариялады, бұл бастаманы әлемнің 80 елі қолдаған. Пандемиядан кейін дағдарға экономиканы қалпына келтіретін жалғыз үміт креативті экономика дейді аузы дуалы сарапшылар. Бүгінгі таңда әлемнің 30 миллион адамы осы саладан табыс тауып жүр екен.

Қазақстанда да креативті экономиканы дамытуға міндеттелген бағдарлама қабылданып, жауапты мекеме де бекітілген. Кино, музыка, әдебиет, сәулет өнері, заманауи өнер, театр мен опера және балет, сән, жаңа медиа мен цифрландыру сияқты сегіз бағыт айқындалған. Алайда, осы экономикаға жан беру тиіс мекеменің қандай да бір ауқымды шарасы, атқарылған жобасы ел есінде жоқ.

Павлодар облысында да бірқатар стартап орталықтары мен коворкинг орталықтары жұмыс істеуде. Бірнеше жыл бұрын облыстық кітапхана базасында да осындай орталық ашылғаны облыс жұртшылығына мәлім. Десе де, қаншалықты ауқымды жобаларды іске асырып, табыс тапқаны, экономикаға үлес қосқаны әзірге беймәлім.

Пікір үстеу