Мейрам Мақашевпен Баянауылда аудандық газетте жұмыс істеп жүрген кезімде танысқан едім. Оның әкесі  Ғалымжан Мақашев Ұлы Отан соғысының ардагері, журналист. Қазақтың белгілі қаламгерлері, халық жазушылары Әзілхан Нұршайықов және Мұзафар Әлімбаевпен өте жақын дос болған екен.

Ағамызбен бір кездескенде ол: «Әкем, Мұзафар және Әзілхан ағаларымның достығы мығым болды. Үшеуіне де Құдай Тағала егізден бала сүю бақытын бұйыртқан. Үш дос перзенттеріне бірдей есім берген. 1969 жыл. Менің он жасар кезім. Анам өте жұқа, арық кісі болатын. Ай-күні жетіп, толғағы келген уақытта анамның босануы өте ауыр болды. Содан Мұзафар аға анамды арнайы ұшақ жібертіп, Алматыға алдырды. Солайша менің егіз бауырларым ел астанасында дүниеге келді. Әкем егіздерінің есімі достарының балаларымен аттас болсын деп, сәбилерді Арнұр және Жаннұр деп атады», – деп бастады әңгімесін.

Бұл оқиға – үлкен достықтың белгісі, қимас көңілдің көрінісі, зор құрметтің нышаны. Осы оқиғаны Әзілхан Нұршайықов «Балаларға ат қойдық» деген өлеңінде былайшы жырға қосыпты:

«…Балалар аты мағыналы

болсын деп біз ойладық,

Жанна, Артур, Лаура деп,

шет елдік есім қоймадық…

Арнұр деп ұлды атадық,

арымыздың нұры деп,

Інісін Жаннұр деп қойдық,

жанымыздың жыры деп.

Біз қойған аттар ұнады,

дос-жаранның бәріне,

«Жөн екен!» деп құптады,

бас изеп жас, кәрі де.

Мұзафар-Шапау досымыз,

рұқсат алды үйге кеп,

Ұлдарына ат қойды,

олар да Арнұр, Жаннұр деп.

Керекуде Бәзила –

Ғалымжанның әйелі,

Балпанақтай екі ұлды,

дүниеге әкелді.

Егіздерге Арнұр мен

атын қойды Жаннұрдың…». Өлең Әзілхан Нұршайықовтың «Мәңгілік махаббат жыры» кітабына енген.

«Жаннұр інім қазір, Ж.Шанин ауылында, әкемнің қара шаңырағында тұрады. Бес баласы бар. Ал, Арнұр інім 2008 жылы қайтыс болды. Алматыда, Екібастұзда жұмыс істеді. Соңында бір қызы қалды. Арнұрды, ауылдағы бейітте, әкеміздің жанына жерледік», – дейді Мейрам аға.

Әдебиетте «Алыптар достығы» деген ұғым бар. Оның бір ғана көрінісі – қаламгерлердің бір-біріне жүрекжарды жырларын арнап, достықтың бағасын арттыру. Бұған Төлеген Айбергеновтың Мұхтар Шахановқа арнаған «Сағыныш» өлеңін немесе Мұқағали Мақатаевтың Төлеген Айбергенов қазасына арнаған «Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның» өлеңдерін мысал қып келтіруге болады. Сөз орайы келгенде айтқанымыз жөн болар, facebook әлеуметтік желісінде белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғай «Ақындар ақындарға үн қатады» айдармен белгілі ақындардың бір-біріне арнаған жырларын тұрақты жариялап, жақсы бір үрдіс қалыптастырған еді.

Сөз басында айтқанымыздай, Мұзафар Әлімбаев Ғалымжан Мақашевке деген құрметін жанашырлық, жақсылық жасаумен ғана емес, қазанама жырымен де жеткізген екен. Қимас досы өмірден өткенде ақын «Ғалымжан Мақашев ескерткішіне» деп күңіреніпті. Жоқтау-жырды толық ұсынайық:

«Бұлдырап көзім алды, нағып кетті,

Жүрегім соқпағандай талып кетті.

Қара бұлт қабағымды жауып кетті,

Ып-ыстық көзден жасым тамып кетті.

Аш қасқыр хас жүйрікті жарып кетті,

Ауылымды оқыстан жау шауып кетті.

Топан су егінімді шайып кетті,

Табаным тау басында тайып кетті.

Тағы да қыбын тауып, шалып кетті,

Ажал сұм жан досымды алып кетті…».

Құрылыс саласындағы жемісті еңбегімен танылған Мейрам аға, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғалымжан Мақашевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін құнды жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап жүр екен. Отбасылық мұрағатта – ардагердің ескі фотосуреттері, құжаттары, ордендері мен куәліктері бар.

Алдымен, суреттерге зер салайық. Ескі суреттерде Шәкен Айманов, Зейін Шашкин, Қалижан Бекхожин, Қалмұқан Исабаев, Мұзафар Әлімбаев, Ғабиден Мұстафин, Мұқағали Мақатаев сынды замана заңғарларының жарқын бейнелері өткен күннен бүгінгі күнге сұраулы жүзбен қарап тұрғандай әсер қалдырады. Хош! Осындай алыптармен дәмдес-тұздас, аралас-құралас болған Ғалымжан Мақашев кім? Бұл сұрақтың жауабын Мейрам Ғалымжанұлы сақтап келе жатқан ескі жәдігерлер береді.

1970 жылдың 20 желтоқсанында ардагердің өз қолымен жазылған «Автобиографияда»: «Мен 1923 жылы Баянауыл ауданының №19 ауылында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келгенмін. Анам 1934 жылы, әкем 1945 жылы дүние салды. 1942 жылы Павлодар педагогикалық училищесін, 1949 жылы республикалық партиялық мектепті бітірдім. 1942 жылдан 1945 жылға дейін Ұлы Отан соғысының майданында болдым. Әскер қатарынан оралғаннан кейін екі жыл Павлодар қалалық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс жасадым. Павлодар облыстық комсомол комитетінде хатшы, облыстық «дәріс бюросының» директоры, облыстық баспахананың басшысы, Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) аудандық газетінің редакторы, облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде әдеби хатшы және әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Баянауыл аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, КПСС ХХІ съезі атындағы (қазіргі Ұзынбұлақ ауылы) совхозда хатшы болып жұмыс жасадым. Қазіргі уақытта Южный (қазіргі Ж.Шанин ауылы) совхозында партия комитетінің хатшысымын», – деп жазылған.

Соғыс ардагерінің қысқаша өмірбаяны – осындай. Ғалымжан Мақашев 1976 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шығып, 1979 жылы дүние салыпты. Құдай қосқан қосағы Бәзкен (Бәзила) Шағиева екеуі 11 баланы дүниеге әкелген екен.

«Әкем мен әскерден қайтып келе жатқан кезімде қаза тапты. Әкеме топырақ салуға да үлгермедім. Қайтуыма сегіз ай қалғанда ауылға қысқа мерзімді демалысқа келген едім. Сол кезде мені қатты құшақтап, бетімнен сүйіп, қоштасқандай болып еді. Мен: «Олай айтпаңыз!», – деп, әкемнің сөзіне онша көңіл бөле қоймадым», – деп еске алады Мейрам аға.

Гвардия аға сержанты Ғалымжан Мақашев соғыс жылдарында Норвегия, Финляндия, Германия, Польша жерлеріндегі ұрыстарға қатысты. Ұлы Отан соғысындағы жорығын 1941 жылдың желтоқсаны мен 1942 жылдың тамызына дейін Алматы жаяу әскер училищесінде курсант болып бастады. Одан кейін 1945 жылдың шілдесіне дейін Волхов, Ленинград, 3-ші Балтық бойы, Карелия, 1-ші Белоруссия майдандарында танк полкі барлау взводы командирінің көмекшісі болды.  Ол майдан шебінде фашист басқыншыларымен күресте жауынгерлік тапсырмаларды орындағаны үшін 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалімен, 1944 жылы «Кеңестік польяр маңын қорғағаны үшін», 1945 жылы «Германияны жеңгені үшін» медалімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және бөлім командирінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойлық медальдерін кеудесіне тақты.

Соғыс ардагері жайлы Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінде 2015 жылы жарияланған Жанаргүл Қадырованың «Ердің аты өшпейді» мақаласынан да біраз жайға қанықтық. Сонымен бірге, «Голос Экибастуза» газетінде (2014 жыл) басылған шыған мақалада ардагер жайлы ұрпақтары сыр шертеді.

Соғыста үш рет – 1942 жылы қыркүйекте, 1943 жылы қаңтарда, 1945 жылы ақпанда жеңіл жарақат алыпты. Соңғы жарақаты 22 жасар жауынгердің елге қайтуына себепші болыпты. «Әкем соғысқа қатысқанын айтқанымен, соғыс жайлы, ондағы көргені мен кешкені жайлы мүлдем тіс жарған емес. Тек «Жеңіл жараландым», – дейтін. Жеңіл дегені – жай сөз. Аяғындағы жарақатқа қарап, жан түршіктірерлік азапты көргендей боласың. Әкем соғыстан келгенде 22 жаста ғана болыпты. Ол қылшылдап тұрған жас күнін майдан даласында қалдырып кеткендей. Сол кездің өзінде өңі қартаң тартып тұратын, өмірге өзгеше көзқараспен қарайтын», – дейді Мейрам аға.

Отбасылық мұрағатта сақталған Павлодар педагогикалық училищесін бітіргендігі туралы аттестат қосымшасында Ғалымжан Мақашевтің үздік оқығанын білдік. Болашақ педагог «Қазақ тілі мен әдебиетінен» «5» деген баға алыпты. Бірақ, үздік түлек ұстаз ретінде жұмыс жасамапты. Керісінше, журналистика саласында жемісті еңбек еткен екен. Бұл сөзімізге журналистің жоғарыда келтірген өмірбаяндық жазбасы мен 1960 жылдың тамызынан КСРО Журналистер одағына мүше болып қабылданғанын растайтын «Мүшелік билеті» айғақ. Ғалымжан Мақашев, сол кездегі Куйбышев аудандық (қазіргі Ақтоғай ауданы) «Социалистік еңбек» газетінің редакторы бола жүріп, 1958 жылы бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне белсене қатысты. Сонымен бірге, екі мәрте одақтық «Правда» газетін насихаттауда жасаған белсенді жұмысы үшін газет редакциясының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Құрметті оқырман, қазақ әдебиетінің алыптарымен дос болған жерлесіміз жайлы аз-кем сөз қозғадық. Ал, майдангер, қаламгер жерлесімізді әлі де насихаттап, тани түсер уақыт алда деп ойлаймыз.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий