Құрметті оқырман!

«Найзатас» журналының кезекті саны жарық көрді. 5-нөмір жазушы Ақын Алақанұлының 80 жас мерейтойына арналды.

Ақын Өзгеріс Қуанардың мерейтой иесінің шығармашылығы туралы «Ақын Алақанұлы – әңгіме жазудың шебері» мақаласы жарияланды. «Ақын Алақанұлының әңгіме жазудағы шеберлігі, өзіндік өзгеше стилі оқырманын елең еткізбей қойғызбайды. Оның проза жанрындағы алғашқы адымдарынан яғни, әңгімелер жаза бастағандағы аяқ-алысы, сөз саптауынан өзіндік сөз өрнегін сала бастады. Жазушы әңгімесі ойы мен қиялында тек ғана өмір шындығы, заман тынысы, кейіпкердің жан тазалығы, қилы-қилы тағдыры өзгеше сүрлеумен өріліп, оқырманның назарын өзіне тарта біледі. Оның «Ақ әже», «Ақтық арман», «Тер тамған жер», «Ауыл», «Тәрбие», «Кермарал», «Қызғаныштың кесірі», «Уайым», «Сағым дүние», «Өрт шалған жүрек», «Айналып ұшқан аққулар», «Тағдырлар», «Қызылшоқыдағы қыстау» қатарлы көптеген әңгімелерінде қаймағы бұзылмаған қазақи мінез-құлқымыздың қыр-сырын жан-жақты аша отырып, адамгершілік, жан тазалығы сынды ізгіліктерді, қасиет қонған әулиелер мен күнделікті өмірде біз байқай бермейтін тылсым құбылыстарды арқау етіп алған», – деп жазады автор.

«Поэзия» айдарында оқырманға Баянауылда, қоңыр күздің қоңыр кешінде өткен «Ақбетке қонған аққу-жыр» әдеби-сазды жыр кешінен жыр-тарту ұсынылды.

Алаштың ардақты ақын арулары, «Фаризаның ақын сіңілілері» – Анар Шамшадинова, Сағыныш Намазшамова, Танакөз Толқынқызы, Гүлнәз Файзулла, Толқын Қабылша, Жанаргүл Қадырова, Айзада Рахымжанова өлеңсүйер қауыммен жүздесті. Жүректі тербеген, көңілді толқытқан лирикалық жырлар жанға ләззат, ойға шуақ сыйлады. Жыр мерекесінде кеш қонақтарымен бірге баянауылдық өнерпаздар да өлең оқыды. Жырсүйер жастар Дана Нұрбаева, Ләйла Мадина, Расул Темеш және Зейтін Ақышев атындағы мектептің оқушылары – Санжар Ынтықбай мен Альмира Ермекқызы, Ш.Айманов атындағы мектеп-интернаттың оқушысы Ернұр Қанаш, Ш.Шөкин атындағы мектептің оқушысы Арайлым Сейсенбек көпшілікті сүйсінтті. Баянауылдық «Айбын» триосы, Жандос Адамов, Екібастұздан арнайы келген «Мұрагер» халықтық вокалды-аспапты ансамбль, Гүлмира Алданова кеш шырайын кіргізді. Успен ауданынан келген ақын қыз Перизат Құрманәлінің өлең оқып, жауқазын гүлдерден ақын әпкелеріне тарту-таралғы жасауы ақын қыздар арасындағы жарасымдылықты әсиялай түсті. Қадірлі оқырман, Ертіс-Баян өңірін тербей қалықтаған аққу-жырдың қанатынан төгілген маржандар сіздің де сезіміңізге қозғау салсын.

Сонымен бірге, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғабит Сапаровтың «Махаббаттың гүлін сындырды тағдыр» өлеңдер топтамасы жарияланды.

«Проза» айдарында алматылық жазушы Ретбек Мағаздың «Көк етік киген әйел» әңгімесі басылды.

Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Амантай Тойшыбайұлының «Исламдағы Ұстаздың орны» мақаласы «Таным» айдарымен жарияланды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Исабек ишан» жоқтауы туралы мақалада автор: «Әрбір адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, үйренуге талпынады. Сондықтан да бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден есейе келе, әлемді аузына қаратқан даналар мен ойшылдар шығады. Осынау ақылын толыстырып, білімін шыңдау сапарында ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол – ұстаз», – дей келе, ұстаздың қадір-қасиеті жайлы тебіренеді.

«Аударма» айдарында неміс қаламгері Элеонора Хуммельдің Қазақстанға депортацияланған немістер тағдыры туралы «Берлин балықтары» романының кезекті бөлігі жарияланды. Бұл романды аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рауза Мұсабаеваның тәржімалады. Алдағы 6-нөмірде романның соңғы бөлігі оқырман назарына ұсынылады.

«НАЙЗАТАСТЫҢ» СУРЕТ КӨРМЕСІНДЕ – ПАВЛОДАРЛЫҚ СУРЕТШІ СИСЕНҒАЛИ ТІЛЕНБАЕВТЫҢ ҚЫЛҚАЛАМЫНАН ТУҒАН ҒАЛАМАТ ТУЫНДЫЛАР.

Сисенғали Тіленбаев 1957 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауылында дүниеге келген. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін, көркемсурет-безендіру бөлімін бітірген (1979-1982). 1991 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Көптеген облыстық және республикалық көрмелердің қатысушысы. «Тау-Түрген» халықаралық пленэрінің қатысушысы (1993). Шығармалары Павлодар облыстық көркемсурет музейі қорында, Қазақстан, Ресей, Германия, Швейцария сияқты елдерінің жеке коллекцияларында сақталған. С.Тіленбаев пейзаж, портрет, сюжеттік кескіндеме секілді түрлі жанрларда жұмыс істейді. Сүйікті мотивтері – Ертіс өңірі мен Баянауылдың ландшафттары. Суретші тек майлы бояулармен ғана емес, сонымен қатар су бояуларымен де жұмыс істейді. Оның акварельдері осы күрделі техниканы шебер меңгергендігін көрсетеді. Ол дәстүрлі түрде ғана емес, сонымен қатар жаңашылдықты да қолданады.

Жаңа нөмірдегі жаңашылдық – журнал ішіндегі кітап. «Найзатастың» кітапханасы» айдарымен бастау алған жобаның тұсауын – ақын, Торайғыров университетінің студенті Дәурен Бақытқажы кесті. Оқырманға ақынның «Көшкен тау» кітабы жол тартты.

Журналда орыс тілінде де бірнеше материал басылды. а«Славные имена Великой Степийдарында » ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Алтынбек Нухұлының «Наследие и родословная Шорман бия» мақаласы оқырманға жол тартты. «Наследие» айдарында тұрақты автор, экономика ғылымдарының докторы Рашит Кареновтың «ТВОРЧЕСТВО ВИДНЫХ ПОЭТОВ-КОМПОЗИТОРОВ КАК СВОЕОБРАЗНАЯ ЧАСТЬ КУЛЬТУРНОГО НАСЛЕДИЯ XIX ВЕКА» мақаласы басылды. Бұнда автор Біржан салдың өмірі мен шығармашылық мұрасы» туралы баяндайды.

Құрметті оқырман!

Осы және өзге де қызықты әрі мазмұнды дүнилерді оқығыңыз келсе, «Найзатастың» 5-нөмірін қолға алыңыз!

Добавить комментарий