Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әйгілі жерлесіміз Рамазан Тоқтаровтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Ертіс перзенті» атты әдеби-танымдық конференция өтеді.

Іс-шараға мерейтой иесінің інісі Данияр Тоқтаров пен немере қарындасы Ғалия Тоқтарова бастаған жазушының туған-туыстары, ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі, қаламгердің шығармашылығын зерттеуші, белгілі журналист Фархат Әміренов және жергілікті әдебиеттанушылар мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысады.

Конференцияда бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне, әсіресе, проза жанрының дамуына арнаған жазушы Рамазан Айыпұлының шығармашылығына байланысты түрлі тақырыпта баяндамалар жасалады.

Р.Тоқтаров «Абайдың жұмбағы» секілді шоқтығы биік шығарманы дүниеге әкелген, М.Әуезовтан соң Абай тақырыбында роман жазған бірден-бір қаламгер. Әрі қазақ әдебиетінде проза жанрына ең көп қалам тартқан жазушы ретінде оқырман тарапынан жоғары бағасын алған болмысы  бөлек тұлға.

Конференцияда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана жазушының жеке заттары мен  кітаптарынан арнайы көрме-экспозициясын ұсынады.

Добавить комментарий