Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

Ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Аққулы ауданының Құрметті азаматы Серік Сатыбалдиннің «Шыншыл бала» кітабы оқырманға жол тартты. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана кітаптың тұсаукесерін ұйымдастырды.

Серік Сатыбалдин бұған дейін оқырманға «Қасиетті жұрт», «Қоңырүңгір хикаясы», «Қылмыс пен жаза», «Әр жылдар жазбалары», «Аудармалар» кітаптарын ұсынды. Қаламгердің жаңа кітабы балалар мен жасөспірімдерге, сонымен бірге тәрбиешілер мен ұстаздарға арналған.

Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығында өткен әдеби жиынға қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері жиналды.

Тың туындының тұсауын Қазақстанның Құрметті журналисі Социал Әйтенов пен Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай кесті. Жазушы, әдебиеттанушы Серік Төлеубайұлы автордың жазу алдындағы жауапкершілігін, әдебиет майданындағы жанкештілігін ерекше атап өтті. 

«Шыншыл бала» кітабы үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде автордың «Егемен Қазақстан», «Ақ желкен», «Ана тілі», «Адам және өмір» секілді республикалық газет-журналдарда жарық көрген мақалалары, әңгімелері мен ертегілері жинақталған. Екінші бөлімде ақынның балаларға арналған өлеңдері топтастырылған. Үшінші бөлімде аудармалар басылған. Серік Сатыбалдин Ганс-Христиан Андерсен, Оскар Уайлд, Редьярд Киплинг, Андрей Усачев, Сергей Седо, Валерий Раньшин сынды танымал шет ел қаламгерлерінің ертегілерін аударып, оқырман назарына ұсынып келеді.

Кітапқа Серік Сатыбалдиннің шығармашылығы жайлы жазылған мақалалар да енген.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сейфитден Сүтжанов мақаласында былай деп жазыпты: «Серік Сатыбалдиннің шығармашылық жолында алға қойған мақсат-мұраты мен келер ұрпақтың тәрбиесіне деген адал ниеті, адамдық қасиеті халықтың жарқын болашағын ойлаудан, туған ұлтына деген ұлы қасиеттің тектен жұққан ұшқыны десек еш жаңылыспаймыз. Сондықтан ел ортасында, көш басында Серіктей ұлағатты ұстаздың, белгілі аудармашы әрі жазушының бары бағалы».

Ал, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлы «Азамат келбеті» мақаласында Серік Қинаятұлы жүріп өткен азаматтық және шығармашылық жолға тоқталыпты. «Қаламгердің соңғы жылдары өлеңмен жазылған ертегі-мысалдары жас оқырманның оқуына жеңіл, әрі тәрбиелік, танымдық мәні зор. Өлең болғанда балалардың бал тіліне татырлық, бүлдіршіндер тәрбиесіне бағытталған қысқа да нұсқа шумақтары балғын оқырманын ғана емес, үлкендерді де елең еткізерліктей көңілге қонымды», – дейді Ақын ата.

Серік Қинаятұлының шығармашылық ұстанымы – адам баласының мықты болып қалыптасуы. Оның пайымынша, адамның мықтылығы үш нәрсеге байланысты. Олар: ата-ана, ұстаз және кітап.

Әдеби жиында сөз алған Серік Қинаятұлы кітаптың ұрпақ тәрбиесінде алатын орны орасан екенін айтты.

Жаңа кітапқа енген «Шыншыл бала» әңгімесі оқырманды зұлымдықтан аулақ болуға үндейді. Осы бір ғибратты әңгімеден Серік Қинаятұлы кітабын неліктен «Шыншыл бала» деп атағанын ұға аламыз. Автордың кітабын оқыған әр адам шыншыл болуға, адамгершіліктен аттамауға талпына түсері сөзсіз.

Серік Сатыбалдин «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің құрамында жастар тәрбиесіне белсенді атсалысып келеді. Жиында сөз сөйлеген бірлестік төрағасы Ермек Жұматов қаламгердің қоғамдық өмірдегі қажырлы қызметіне тоқталды. Ал, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Алпысбай Хонж автордың балалар әдебиетіне қалам тербеудегі тәжірибесін атап өтті.

Әдеби жиында оқушылар мен студенттердің қатары қалың болды. Жастар атынан «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі Айдана Боранбаева Серік ағаның «Ұлы далам – Түгел Түркі бесігі» өлеңін оқып береді.

Кітаптың алғысөзін жазған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан Серік Сатыбалдиннің шығармашылығына кеңінен тоқталыпты.

«Серік Сатыбалдиннің балаларға арналған туындылары мен аудармалары – ертегі терапиясы. Бұл шет елде, атап айтқанда, Еуропада және соңғы жылдары Ресейде кеңінен қолданылатын емнің бір түрі. Ертегімен емдеу – баланың мінез-құлқы мен санасын түзетудің өнімді әдістерінің бірі. Автордың «Төрт таблетка», «Сабырлы сахаба», «Он екі жасар патша», «Мейірімді пілдер», «Шоқ тоғайдағы шарайна» және басқа да туындылары соның айғағы», – деп жазыпты Айбек Тілеубекұлы.

Ертегі әлеміне енгісі келген кез-келген оқырман Серік Сатыбалдиннің жаңа кітабын қолына алсын. Мұзафар Әлімбаев, Есентай Ерботин, Мүбарак Жаманбалинов секілді қабырғалы қаламгерлердің ізімен балалар әдебиетін байыту жолында еңбек етіп келе жатқан шыншыл қаламгердің «Шыншыл бала» кітабы жас оқырманды шыншыл болуға шақырады.

Суреттер облыстық кітапхана қорынан алынды.

Добавить комментарий