Жақында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жазушы Төлен Әбдікпен онлайн кездесу өтті. Кездесуде жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен ұстаздары жазушының шығармашылығы туралы баяндама жасады. Жазушы оқырманның сауалдарына жауап беріп, әдебиет, қоғам жайлы ойларын ортаға салды. «Aiqara.kz» тілшісі әдеби жүздесуге қатысып, қаламгер сөзін қағазға түсірген болатын.
Үлкен әдебиет ұлттан жоғары тұрады
Мен әдебиетке ұлттық және әлемдік деп қараймын. Ұлттық әдебиет деген ұғымды әртүрлі түсінуге болады. Мысалы, бір елдің аумағында ғана ағатын кішкентай өзендер болады. Ол өзендер сол елдің ғана меншігі. Сол секілді пәленбай мемлекеттің аумағын кесіп өтетін ұлы өзендер, ұлы дариялар болады. Оны бір мемлекетке ғана телуге болмайды. Олар бәріне ортақ. Үлкен классикалық әдебиет те сондай. Мысалы, Шекспирді, Толстойды, Бальзакты белгілі бір ұлттың көлеміне сыйдыра алмайсыз. Шекспир тек ағылшындардың ақыны емес, ол бүкіл адамзаттың ақыны. Сондықтан менің ұғымымда біздің әдебиет әлемдік әдебиетке, әлемдік құндылықтарға ұмтылуы керек. Сонда ғана біз өркениетке бір табан болса да жақындай түсеміз.
Мен үлкен әдебиетті ұлттан жоғары тұрады деп есептеймін. Сол себепті әлемдік әдебиетті көп оқу керек. Ұлттық әдебиетпен қалып қоюға болмайды. Біз соларды оқып өзіміздің адамгершілік принциптерімізді қалыптастырдық.
Маған қатты ұнайтын жазушылар бар, мысалы Әбіш Кекілбаевтің «Шыңырау» деген повесі, «Аңыздың ақыры» деген романы, Дулат Исабековтың «Сүйекші», «Тіршілік» повестері қандай керемет?! Бұлардың барлығы шын мәнінде классикалық әдебиет болады. Оның сыртында шығармалары маған өте қатты ұнайтын достарым бар – Бексұлтан Нұржекеев, Әнес Сарай. Біз осындай жазушылармен бірге өстік, бірге қалыптастық.
Әуезов, Аймауытов, Майлин...
Қазақ әдебиетінде ең алғашқы даусыз оқылатын шығарма – «Абай жолы» романы. Қазақты білгің келсе, қазақтың даласын көз алдыңа елестеткің келсе, оның адамдарының қандай екенін білгің келсе, «Абай» романын оқу керек.
Екінші, әдебиетте керемет жол салған Жүсіпбек Аймауытов. Оның «Ақбілек» романын көз алдыңызға елестетіңізші. Мысалы, Шолохов «Тынық Дон» эпопеясында, өзінің әкесі зорлап кеткен, абыройы төгілген Аксиниядан героиния жасайды. Бұл – әдебиеттегі өте үлкен жаңалық. Бірақ, Шолоховтың алдында Толстой, Тургенев, Достоевский тұрды. Ол жетілген үлкен әдебиет еді. Ал, Аймауытов Ақбілектен, соншалық қорланған, зорланған Ақбілектен, керемет героиния жасайды. Ал оның алдында ешкім де болған жоқ. «Ақбілек» ең алғашқы романдардың бірі еді. Сондықтан Жүсіпбек Аймауытов секілді жазушыны біздің жастарымыз ұмытпауы керек, оқуы керек.
Одан кейін мен қатты сыйлайтын адамым – Бейімбет. Оның бүкіл әңгімелері ғажап. Бейімбеттің юморы деген, ойнап тұр. Кезінде өзіміз де Бейімбетті көп сынадық. «Большевиктердің идеясын қолдады», – дедік. Мәселе онда емес. Ол кезде басқаша жазу мүмкін болмады. Ал, Бейімбеттің сол кездегі юморы – Советтік шындықты келеке қылу. Бейімбеттің феномені осында. Оқысаң, сол кездегі барлық билік басында жүргендердің қаншалықты сұмырай екені көрініп тұр.
Білім ортамен келеді
Жұрт білім кітаппен келеді деп ойлайды. Білім ортамен келеді. Сен кіммен байланыс жасайсың, кіммен сырласасың, ортаң қандай – соған байланысты. Мысалы, менің Сейітбек Нұрханов деген ағам болды. Ол кісі өте білімді азамат еді. Текті тұқымнан, аталары болыс болған ақсүйек адам еді. Сол кісі мені өзінің шәкіртіндей тәрбиеледі. Соның әсерімен мен, шынымды айтсам, Совет үкіметін ешқашан қабылдаған жоқпын. Ішімде ұстадым. Айғайлап айтуға болмайтын кез еді. Бірақ мен сондай тәрбиеде өстім.
Ұлттың тағдыры біздің есімізден кеткен емес. Себебі Совет үкіметінің тұсындағы жағдайға қарап, «Қазақ халқында болашақ бар ма, жоқ па?» деген ой бәріміздің көкейімізде жүрді. Қазақтың болашағына сенбегендер де болды.
Совет үкіметінің кезінде қазақты қалай қырғанын, қалай өзінің жерінен айырғанын жазу мүмкін емес еді. Сондықтан мен «Тозақ оттары жымыңдайдыда» жер бетінен құрып бара жатқан үндістердің тақырыбын алдым. Сол арқылы қазақтың тағдырын көрсету үшін. Өзіміздің елімізге, алдымызда үлкен қауіп-қатер тұрғанын есіне салуға тырысым. Бұл цензура дәуірлеп тұрған кезде туды. Ондағы негізгі идея – «Ұлттың тағдыры – сенің өзіңнің тағдырың» деген идея.
Мен бұл повесті соншалықты үлкен табысқа жетеді деп ойлаған жоқпын. Қазір жастардың ғажап жақсы көріп, қабылдап жатқаны, менің ойымша, бүгінгі қоғамдық сананың, жастардың өмірге деген көзқарасының әлдеқайда биіктеп өсіп келе жатқанынан. Соған іштей қуанамын.
Адамның ақылына, бүкіл мақсатына еркіндік керек
Мені мазалайтын ойлар көп. Өзімнің отбасыма, қоғамның өміріне, бүгінгі еліміз-жеріміз жайлы ойлар, «Қайда бара жатырмыз?» деген сауалдар басымда жүретіні рас.
Совет үкіметі тұсында біздің халықтың дүниетанымына үлкен кедергі жасалды. Өйткені біз жақсыны жақсы деп, жаманды жаман деп айта алмадық. «Алаштықтарымыздың» атын атай алмадық. Яғни, бізде өмірді тану мүлдем басқаша болды. Соның кесірінен әлі арылдық деп айта алмаймын. Әлі күнге дейін сол советтік санамен ойланып жүргендер көп.
Мысалы бізді дінімізден, тілімізден айырғысы келді. Тәуелсіздіктің арқасында одан құтылдық. Бірақ, баяғы дінімізді қалпына келтіреміз деп діншілдікке қарай кетіп бара жатырмыз. Әрине, дін керек, әркімнің өзінің ішкі сенімі, адамгершілік, кісілік туралы ойлары қажет. Бірақ, діншілдік ешқашан қоғамды дамытпайды.
Жастар еркін өсуі керек. Мысалы, мен мешіттің қасында тұрамын. Мешітке барамын. Түнгі 12-лердің кезінде жап-жас жігіттердің мешітке топырлап келіп жатқанын көремін. «Шырағым, қайда оқисың? Қайда жұмыс істейсің?», – деп сұраймын. Еш жерде оқымайды, жұмыс істемейді. Көбінесе сәтсіздіктің шырмауында жүрген жастар екені білінеді. Бірақ үлкен әңгімеге дайын емес.
Мен оларға «Кітапханаға бармайсың ба? Кино көрмейсің бе?», – деп айтамын. Адамның ақылына да, бүкіл мақсатына да еркіндік керек. Егер сен дінге берілетін болсаң, оқшауланасың. Сен ешқандай үлкен ғылымға беріле алмайсың. Дін билеген ешбір ел әлемдік өркениетке қосылып кеткен жоқ.
Егер Еуропа бізден озып кетсе, діннен бөлініп, жеке зайырлы мемлекет құрғандығының арқасында озды. Біз де сол зайырлы мемлекет құрдық па, сол дәстүрмен, сол талаппен өмір сүруіміз керек. Конституциямызбен өмір сүруіміз керек. Рас, ол үшін Конституция дұрыс болуы керек. Конституцияда елдің тағдыры бар. Заңды құрметтей білуіміз керек. Бүгінгі заманның ұлтына, бүгінгі заманның адамына айналуымыз керек. Осы жағы кішкене кешеуілдеп жатыр. Сол жағын ойлаймын, уайымдаймын.
Адамның өзін-өзі жеңуі – үлкен жеңіс
Әр шығарманың өзіндік орны бар. Мысалы, бес балаң болса, соның біреуін бәрінен артық жақсы көремін деу қиын. Бірақ мені кәдімгідей қиналтқан, пәленбай жыл бойы миымнан кетпей қойған, қанымды ішкен шығарма – «Парасат майданы».
Басқа да шығармаларым бар. «Тұғыр мен ғұмыр» деген соңғы шыққан повесімде бүкіл Совет үкіметінің қазақ ұлтына жасаған қиянаты бір адамның тағдырымен берілген. Ол шығармамды да өзім іштей жақсы көремін.
«Тозақ оттары жымыңдайды» кезінде журналдар баспай қойған, ешкім мойындамай қойған шығарма болатын. Өйткені ол кезде заман солай болды. Ал қазір жастар менімен әңгімелессе де, сұхбат алса да тек сол шығарма туралы сұрайтын болды. Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын жазылған шығарма бүгінде сондай өзекті болып жатса, жұртқа ұнап жатса, ол жазушының бақыты екені рас.
Мен мынау бір шығармамды ерекше жақсы көремін деп айтпай-ақ қояйын, мен үшін маңызды шығармалардың бірі – «Парасат майданы» екенін жасырмаймын.
Өмір деген өте үлкен, күшті күрестен тұрады. Бірі – зұлымдық, бірі – ізгілік. Біз «Ізгілік біздің ішімізде, ал зұлымдық алыстан келеді», – деп ойламыз. Олай емес. Екеуі де біздің ішімізде.
Абайдың:
«…Махаббат пен ғадауат майдандасқан,
Қайран менің жүрегім, мұз болмай ма?!», – деген сөзі бар. Адам өзімен өзі күресуі керек. Ең үлкен жеңіс – сол. Мен «Парасат майданында» осыны айтқым келді.
Мемуар – өз образыңды жоғары қою емес
Өткен өмірімнен мемуарлық тақырыпта бір кітап жазу ойымда бар. Қазір материалдарымды жинап жүрмін. Мемуарлық шығарма жазған кезде көбінесе адам өзінің образын жоғары қояды, ешқашан да қателеспейтін адам ретінде көрінеді, өзіне қиянат жасаған адамдарды жамандайды. Бұл енді табиғи нәрсе. Бірақ, қазіргі заманда ол соншалықты өзекті емес.
Мемуар – өмірдің шындығын жазу, өмірдегі қиындықтарды көрсету, өмір туралы дұрыс пікір айта білу. Мысалы, Александр Герценнің «Былое и думы» деген мемуарлық шығармасын оқысаңыз, сол кездегі бүкіл әлемнің көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Соншалықты терең. Сондықтан адамның өзінің жеке өмірін қоғамның өмірімен, ұлттың өмірімен байланыстыра жазған дұрысырақ болады деп ойлаймын.
Амандық болса, менің де болашақ жазатын шығармам осы бағытта болады деп ойлаймын.
Жазып алған: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.