Pavlodar, KZ
27°
Ясно
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

Ақын, жазушы, Торайғыров университетінің профессоры Серік Елікбай – Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры болып тағайындалды.

Серік Елікбай оқырман қауымға «Назым» жыр жинағы, «Қанжығалы Бөгенбай», «Мәшһүрдің мұңы» романдары, «Бақ-бұғау» әңгімелер кітабы арқылы жақсы таныс.

Бұған дейін филиал директоры болған Жарқынбек Амантай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайлануына байланысты бұл қызметтен босатылды.

Жаңа директорды таныстыру жиынына Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова қатысты. Ол Қазақстан Жазушылар одағының өңір әдебиетін, мәдениетін, руханиятын дамытуда алар орны зор екенін атап өтіп, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің бұйрығын оқыды.

Айзада Амангелдіқызы: “Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалы құрылған уақытта директорлықты күрескер ақын Арман Қани ағамыз басқарды. Одан кейін талантты ақын Жарқынбек Амантай жетекшілік етті. Кейінгі үш жыл ішінде одақ мүшелерінің қатары толықты. Онға тарта қаламгердің кітабы жарық көрді. Түрлі деңгейдегі әдеби-мәдени жиындар ұйымдастырылды. Осының басында Жазушылар одағы тұрды. Халықты біріктіруде, қоғамдық өткір мәселелерді шешуде, рухани құндылықтарымызды дәріптеуде қаламгерлер қауымының пікірі аса маңызды, еңбегі елеулі. Осы ретте өңір қаламгерлері атқарушы билік пен халық арасында алтынкөпірге айналды“, – деп Жарқынбек Амантайдың филиал директоры ретінде атқарған жұмысына оң бағасын берді.

Облыс әкімінінің орынбасары, сонымен бірге, әдебиет саласындағы өзекті мәселелердің бірі – қаламгерлердің кітабын шығару ісі екенін атап өтті. Осы істі шешуде Серік Төлеубайұлының табандылық танытатынына сенім білдірді.

Қасиетті қадірлі орданың бір жақ шетінде жүру – үлкен мәртебе. Мен үшін әдебиетте екі-ақ өлшем бар: «Талантты» және «Талантсыз». Болды. Талантты қаламгер оқылады, мойындалады. Талантсыз қаламгер босағада қалада. Бізге бәйге керек. Бірақ ол таланттың бәйгесі болсын.

Филиалдың алдағы жұмыс жоспарын барлығымыз бірігіп, ақылдасып құрып, әрекет етеміз. Сол жұмыстың алғашқысы – Кереку өңіріндегі Әдеби агенттік құру. Қуатты, өткір, халық қабылдайтын шығармаларды өзіміз насихаттап, өзіміз шығарып, ұсынбасақ, біздің жазғанымызды ешкім елемейді, сатып алмайды.

Филиал кеңсесінің есігі әр қаламгер үшін айқара ашық. Бұл жерде біз бір-біріміздің шығармаларымызды талқылауымыз керек. Театрда өтетін премьераларға да баға беретін біз болуымыз керек. Өйткені идеологиялық жұмысқа біз тікелей жауаптымыз, – деді Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай.

Кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері кезек-кезек сөз алып, аймақ әдебиетін дамыту бағытындағы бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.

Ақын Сайлау Байбосын өңірімізде әдеби жиындарды жандандыру қажеттігін және қаламгерлердің шығармашылығын қолдау мақсатында берілетін қаламақы мәселесін ретке келтіру керектігін айтты. Сонымен бірге, облыс басшылығынан биыл туғанына 100 жыл толған Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығы туралы жазушы Құлбек Ергөбек жазған кітаптың жарық көруіне қолдау білдіруін сұрады.

Жазушы Шолпан Байғалы жергілікті қаламгерлердің кітаптарын шығаруда демеушілердің қолдауына арқа сүйеу қажеттігін айтып, бұл бағытта Жарқынбек Амантайұлы жасаған жұмыстың жүйелілігін атап өтті.

«Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбішев: «Қаламгерлердің бәрі – идеологтар. Бірақ, біздің өңірімізде идеология тұралап жатыр. Неге? Ғабит Мүсірепов айтады: «Жиылсақ – көппіз, жайылсақ – жоқпыз!» Жиылайық бәріміз», – деп қаламгерлерді ортақ мүддеге жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Ақын Бейбіт Бөжен драматургтердің ірі бәйгесін ұйымдастыру керектігін айтты. Ал, аудармашы Рауза Мұсабаева аударма саласына көп көңіл бөлу керектігін, сол арқылы балалар әдебиетін, детектив жанрын дамытуға мүмкіндік туатынын алға тартты.

Жиында филиал жанынан қаламгерлердің көркемдік кеңесін құру ұсынылды. Көркемдік кеңес жұмысы әр автордың жарыққа шықпақ жаңа кітабын талдау, талқылау бағытында жүргізілетін болады.

Добавить комментарий