Әйгерім СОЛТАН

Ең әдемі киім – ұлттық киім. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де ерекше болып келеді. «Заттың құны жылтырында емес, сапасында» демекші, қазақ ұлттық киім­дері аң терілерінен, жүннен, киізден, был­ға­ры­дан және матадан тігілген. Қазақ халқының қолөнері – көне заман­мен бірге дамып, біте қай­на­сып келе жатқан бай қазына. Сол қолөнердің бірі – қыз-келіншектерге арналған ұлттық нақыштағы киімдер. Қазақ халқының ұлттық киімдері қолөнер­дің озық үлгісі ретінде ғана емес, дала жағдайына ыңғай­ланған сан алуан әше­кей­лерімен, ою-өрнектерімен ерекше екені мәлім. Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отыра, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлер қолданысқа еніп, заманауи үлгіде жаңғыртып жатқан дизайнерлер көбейіп жатқаны қуантарлық жайт.

Тігіншілердің айтуынша, күнделікті өмірде ұлттық киімдер киіп, әшекейлерді тағып жүретіндер көбейген. Қазір қыз-келіншектердің ұлттық нақыштағы көйлектерге қызығушылықтары артып келеді. Жастар арасында ұлттық киіммен фотосессия жасау жақсы үрдіске айналып жатыр. Әсіресе, жас жұбайлар той алдында этностильдегі ұлттық киімдерді жалға алып, әдемі фотосессия жасайтындарын көріп жүрміз.

Павлодар қаласында қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап жүрген, тапсырыс берушінің талғамына сай, дизайнерлік киімдерді сататын «Дәмелі»  сән үйінің басшысы Салтанат Сембекқызымен әңгімелескен едік.

– Қазақтың ұлттық киімдерін сататын дүкеніміз «Дәмелі» сән үйі деп аталады. Павлодар қаласында орналасқан сән үйіміздің ашылғанына осы сәуір айында 1 жыл болды. 1 жыл негізі аз уақыт болса да, Аллаға шүкір осы уақыт аралығында инстаграм парақшамызда 4 мыңнан астам оқырманымыз бар. Күннен-күнге сатып алушылар саны артып, саудамыз жақсы өтіп жатыр деуге де болады. Сән үйімізде өзіміздің  қазақтың ұлттық киімдерін сатамыз. Ұлттық киімдерімізді әдейілеп қазақстандық дизайнерлерге тіктіртеміз. Дизайнерлеріміздің қатарында Шымкент қаласынан атақты қолөнер шебері, дизайнер, ұлттық өнердің жанашыры – Ғани Кубеев, дизайнер-сәнгер Эльмира Абдалиева бар. Тапсырыс берушілердің талғамына сай керек киімдерге тапсырыс беріп, арнайы тіктіртеміз. «Бізде неліктен отандық өнімнің бағасы қымбат?» деген сұрақ жиі қойылады. Ұлттық киімнің бағасы қымбат болуының ең басты себебі – киімнің матасында. Бізде мата өндіретін цех болмағандықтан, шетелден тапсырыс беріп, матаны алғызамыз. Матаны біздің елге дейін жеткізу үшін қомақты ақша керек. Мата өндейтін цех ашылса, тігіншілер мен сатып алушыларға қолжетімді баға болар еді. Мата өндіретін цех ашылып, ол жерде тек сапалы мата өндірілсе жақсы болар еді. Бірден-бір себеп – осы. Сол үшін қымбат деуге болады, – дейді Салтанат ханым.

Отан­дық өнімнің бағасы шет­елдік киім­дермен бірдей деген пікірге келісетін шығарсыздар. Себе­бі отан­дық өнімді қалыптасты­ру­шылар ма­та­дан бастап, қажетті жабдық­тар­дың барлығын сырттан алдырады. Қазір қажетті материалдардың сырттан әкелінуі экономикадағы қалыпты үдеріске айналып отыр. Бұл жалпы сатылымдағы бағаның аспандап кетуіне негізгі себеп.

Павлодар қаласында орналасқан «ҚазӨнер» сән үйімен және «Орамал коллекшн» сән үйінің басшыларымен тілдескен едік. Басқа сән үйлері сияқты олардың да ең басты мәселесі – матаның қымбаттығы.

– «Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» дегендей, қазіргі уақытта заманауи үлгіде жарасымды киім киюге тырысуымыз керек. Отан­дық өндірісті қолдап, күн­делікті ұлттық үлгі­де тігілген киімдерді киіп жүрсек өте әдемі көрінер еді. Ұлттық үлгіде тігі­л­ген киім арқылы жастардың бойы­на пат­риоттық сезім ұялатуға болады деп ойлаймын.

Біз қазақтың ұлттық киімдеріне Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен тапсырыс береміз. Қазақтың ұлттық киімдеріне сай, ою-өрнегін салып, біздің ұлттық нақышта шапан, қамзол, көйлектерді қазіргі үлгіге сай тігіп береді. Әрине, біздің елде де оның барлығын тігуге болады. Бірақ Қазақстанда мата өндірісі өкінішке орай жоқ. Мата өндірісі болмағандықтан, матаға тапсырыс беру қымбатқа түсетіндіктен, ою-өрнектің барлығы қолдан тігілетін болғандықтан тігіншілер мен дизайнерлердің жұмыстары қымбат деуге болады. Мысалы, басқа елден алып келетін киімімізді 12-15 мыңға сатсақ, дәл сондай ұлттық киімді қазақстандық дизайнер тіксе, оның бағасы 50-60 мыңның шамасында болады, – дейді «Орамал коллекш» сән үйінің басшысы Қымбат Қоқанқызы.

«ҚазӨнер үйінің» ашылғанына биыл – 6 жыл. Мейіргүл Бағытқызы киімдерді жұрт күнделікті киетіндей тұрмыстық қажеттілікке айналдыруға болады деген ойда.

– Осы 6 жылда көптеген жұмыс атқардық. Қазір ұлттық киімге сұраныс бар. Заман талабына сай тігілген ұлттық киімдер мен орамалдар сұранысқа ие бола бастады. Осы биыл сұраныс бұдан ары артты деуге болады. Осы уақыт ішінде көптеген ұлттық киімдерді саттық. Біздің сән үйімізде ұлттық киімдер, тақия, орамал, тойбастар қоржындар, әмиян мен белдіктер сатылады. Роза Әлқожаның «Мен сыйға тартқан орамал» атты қазақи нақышта тігілген орамалдарын сатамыз. Бірақ ұлттық киімді өзіміз тікпейміз. Көптеген сән үйлері сияқты біз Қырғызстан,, Өзбекстан елдерінен алып сатамыз. Біздің елде тігіп-сату қымбатқа түскендіктен, тапсырыс береміз, – дейді ол.

Дизайнер болғысы келіп жүрген павлодарлық тұрғын Айбике Мадиярқызының ойынша, тым қа­зақы, яғни бұрынғының кимешегі мен қамзолдарын күнделікті тұр­мысқа ешкім кие қоймайды. Сол үшін қазіргі заманға сай заманауи көйлектер көбірек тігілуі керек. Біздің елде қазақтың ұлттық өнеріне көп көңіл бөлсе екен, мата өндіретін цех ашып, мықты дизайнерлер дайындап шығарып, сатып алушыларға қолжетімді баға қойса екен. Қазақтың ұлттық киімдерін дамытамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан көмек берілсе, сол кезде сұраныс та көбейер еді.

Дизайнердің қолынан шыққан эксклюзивті дүниені сатып алғыңыз келсе, оның арзан болмайтыны бәрімізге мәлім.  Ісмер, талғамы жоғары, бес саусағынан өнер тамған дизайнерлер өзінің брендін жасап, өзінің жұмысын арзан бағаға бағаламайтыны белгілі. Ұлттық киімдерімізді Қазақстанда тігіп, өз еліміздің киімінен бренд жасап, әлемдік аренаға ұсынсақ, әлемдік аренада қазақтың жарасымды шапаны мен тымағы, бүрмелі көйлегі мен бөрігі бәсекеге қай қырынан алып қараса да сөзсіз төтеп бере алады. Дизайнер болам деген жастар жетерлік. Елге қызмет жасаймын деген дизайнерлер мен тігіншілерге жағдай жасалып, шет елдерге өзі­міз­дің ұлттық эле­мент­тері бар сапалы киім­дері­міз­ді ұсына отырып, отандық өнімдері­міз­ді экс­порт­қа шығаруға  мемлекет тарапынан жағдай жасалса, осы салаға ауқымды инвестиция салынса, кәсіпкерлердің мата өндіретін цех ашуына қызығушылық артар еді.

Бүгінде ұлттық нақыштағы киімге тек қыз-келіншектер ғана емес, ерлердің де сұранысы артып барады. Қыз-келіншектерге қарағанда, ер азаматтардың көшеде ұлттық киім киіп жүргендерін көп көрудеміз. Әр қазақтың көркіне көрік қосқан ұлттық киіміміз сұранысқа ие болып жатқаны қуантарлық жайт. Бірақ осы ұлттық киімді насихаттап, күнделікті киюге қызықтыру қажет. Ол үшін ең бірінші күнделікті сахнада жүрген – әртіс, әнші, тележүргізуші, мемлекет қызметкерлері, мектеп оқу­шы­лары мен студенттердің киімдеріне қазақтың ұлт­тық эле­мент­терін салып, қыз-келіншектерге заманауи үлгіде тігілген көйлек, қамзол киіп, әдемі әшекейлер тақса, ер адамдарға қамзол, аба, бешпет т.б. ұлттық нақыштағы киімдерді әрдайым киіп отырса, оны көрген жұрт үлгі тұтып, көзге үйреншікті дүние болып қалыптасып, адамдар  күнделікті өмірде кие бастайды деген ойдамын.

Әрине, дәстүрімізге сай, атадан-балаға мирас болып келе жатқан ұлттық киімдерімізді ұлықтасақ, тарихымыз ешқашан жойылмайды. Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті киетін киім, тағатын бұйымға айналдырсақ игі болар еді.

12 thoughts on “<strong>Ұлттық киім – үздік үрдіс</strong>

  1. Ұлтық киімді дәріптеу әр қазақтың міндеті деп есептеймін, Қазақ халқының ұлттық киімі өте ерекше осымен мақтанамын, Осы мақаланы шығарған ӘЙГЕРІМ СОЛТАН үлкен рахмет, еңбегіңіз жемісті болғай👏

  2. Ұлттық киімді дәріптеу – үлкен мақтаныш! Қазіргі заман талабына сай етіп жасалған күнделікті киіп жүруге арналған киімдер де үлкен сұранысқа ие болып келеді. Жарайсыздар! Еңбектеріңіз биікке шыға берсін!

  3. Айгерім өте өзекті мәселені қозғапсың,Ұлттық киімдерімізді күнделікті өмірде киіп жүргенге не жетсін, Қазағымыздың ұлттық киімдерін заманауи түрін дамытуға ат салысайық.

Добавить комментарий