Pavlodar, KZ
24°
Ясно

Ақын, «Ғасырауған» кітабының авторы, Баянауыл ауданы, Ақсаң ауылындағы Д.Рахметов атындағы мектептің мұғалімі Жоламан Әйткен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Ақынға мүшелік куәлікті «Қарағанды көктемі» поэзия фестивалінде Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет табыстады.

ҚЖО мүшесі атанған 25-ші павлодарлық қаламгер Жоламан Төлеутайұлының шығармашылығы жайлы жазылған қаламгерлер пікірін оқырман назарына ұсынамыз. Әдебиет әлеміне «Қаламға – серт!» деп енген ақынға шалқар шабыт тілейміз!

Арыны бөлек ақын

Жоламан Әйткен деген жас жігіт – Қарағандыда өз қатарынан қара үзіп шыққан ақын. Ол – қазақ жырының тереңінен жүзіп ішіп, әлемдік поэзияның құнарынан нәр алған буынның өкілі.

Жазғаны жинақы, ойы орамды, тілі жатық, сөзі салмақты жас ақын Светқали Нұржан, Ғалым Жайлыбай секілді ағаларының ақ батасын алды. Мен де артыма бұрылып қарасам, Серік Сағынтай, Қайрат Асқар, Руслан Нұрбай бастаған тоқсаныншы жылдардағы тегеурінді толқынды көремін. Олардан кейінгі асау толқынның арасында осы Жоламан Әйткен, Ерік Нарын секілді жастардың арыны бөлек.

Жоламанның өрнекті өлеңі қандай бәйгеге түссе де мәреден маңдайы жарқырап көрінеді. Қарағандыда өтетін Бұқар жырау, Қасым Аманжолов, Ақселеу Сейдімбек сынды тұлғаларға арналған мүшәйраларда, Атырауда өткен Әбіш Кекілбаев атындағы, Баянауылда өткен Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтбаев атындағы жыр додаларында жүлдегер атанды.

Анау бір жылы үздік жас ақынға берілетін Жұмабек Тәшенев атындағы жүлдені жеңіп алды. Тырнақалды кітабы жарық көрді. Онысын «Ғасырауған» деп атады.

Одан бөлек бірнеше ұжымдық жинаққа өлеңдері топтастырылды. Қарағандыдан шыққан «Жыр-тұмар» жастар жинағынан, Павлодардан шыққан «Баян-жыр», «Ұлтымның құрсағы алтын құт анасы» кітаптарынан Жоламанның жігерлі де, жұмыр жырларын оқуға болады. Мерзімді басылымдарда да, әдеби сайт-порталдарда да тұрақты жарияланып келеді.

Жоламан Әйткен Қарағандыдағы әдеби іс-шараларға белсенді қатысады. ҚЖО-ның Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жанқаштың жанында жүріп, бір топ қатарласымен бірге өңірдегі барлық әдеби жиындарды ұйымдастыруға атсалысып келеді.

Жоламанның азаматтығы бір бөлек. Нағыз далалық дархан мінездің иесі.

Осындай талантты, талапты азамат ақынға шығармашылық жолда сәт сапар тілеймін.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

Ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Өмірді өлеңімен жеңілдеткен

Жоламан Әйткеннің өлеңдері – айналасы жұп жұмыр тегіс келген, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлеңдер.

Ақын:

«…Жылтырынан жалғанның көзіңді алмау –

Шынайыны пір тұтқан сезімді алдау.

Сорақысы көңілде – жалған күлу,

Сорақысы өмірде – өзіңді алдау…» («Жапандағы жалғыз үй»);

Немесе:

«…Санамызды арман һәм қиял басқан,

Жер бетінде адамдар жиі алмасқан.

Өзім сүріп жазылған ғұмыр-дәптер,

Өзім оқи алсам ғой ұялмастан.

Өзің оқи алсаң ғой ұялмастан…» («Амал дәптер»);

Немесе:

«…Жұлдызға қарай ұмтылып біреу,

Жердегі әсем гүлді басады…» («Өмір-ай»);

Немесе:

«…Саған жазған жырыммен толығар ма,

Жүрегіңе орнаған бос кеңістік…» («Сұрша қыз»);

Немесе:

«…Биікке шықсақ, тек сенің арқаң,

Құлап та қалар кезіміз.

Өмір сүргенге жеп-жеңіл, қалқам,

Қиындататын өзіміз…» («Сезім айнасы») деген секілді шумақтарымен өмір, махаббат, адалдық секілді тақырыптарды әсерлі жырлай алды. Оның өлеңдері оқырманын елең еткізетін тапқыр теңеулерге, тәтті тіркестерге бай.

Осындай көркем де келісті жырлар оқырманды баурап алады.

2017 жылы Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы кітапханада «Алатаудан Баяным бір аумайды» атты баянауылдық ақындардың жыр кеші өтті. Аталған кеште Жоламанның өлеңдерін жырсүйер қауым сүйсіне тыңдап, сүйіспеншілікпен қабылдады.

Қазіргі уақытта туған жерінде мектепте – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Жоламан өңірдің әдеби-мәдени өміріне белсенді араласады. Аудандық кітапхана жанынан «Жыртұма» поэзия клубын құрып, Баянауылдағы жас өркендерді поэзия әлеміне жетелеуде аз еңбек еткен жоқ. Нәтижесі де жоқ емес, бірнеше шәкірті аудандық, облыстық деңгейде өтетін оқуларда, мүшәйра аталымында жүлде алып жүр. Ең бастысы, ұстаздың бағыт-бағдар беруімен өлеңге деген құмарлығы мен құштарлығын арттыруда.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

ҚЖО Павлодар облыстық филиалының жастармен жұмыс бағытының жетекшісі.

1 thought on “<strong>Қаламға – серт!</strong>

Добавить комментарий