Pavlodar, KZ
28°
Ясно

«Шәкірт ойы» атты өлеңінде «Қараңғы қазақ көгіне / Өрмелеп шығып күн болам! / Қараңғылықтың кегіне / Күн болмағанда кім болам?» деп жырлаған ақын, ағартушы, Алаш қайраткері, әрі ұстаз ‒ Сұлтанмахмұт Торайғырұлының туғанына биыл міне, 130 жыл толып отыр. Ол қысқа ғана ғұмырында Алашқа аянбай еңбек етіп, тыңнан түрен салды. Сұлтанмахмұт 1893-ші жылдың 28-қазанында Көкше маңындағы Қызылту, қазіргі Шоқан Уәлиханов ауданында дүниеге келген. XX ғасыр адамзат үшін, сондай-ақ қазақ жұрты үшін ауыр, зұлмат-зобалаңға толы ғасыр болды. Кер заманның кесірі кімге тимеді десеңізші?! Нақақтан-нақақ атылып, қудаланып, жазықсыз айыпталғандардың қарасы ‒ мол. Алашұранды азаматтар қазақтың жоғын жоқтап, сынғанын бүтіндеуді мақсұт тұтты. Солардың қатарында, белортасында Сұлтанмахмұт та жүрді.

Ол арғын тайпасы, Сүйіндік руының Айдаболынан тарайды. Алаш қайраткері, жазушы-драматург, ұстаз, көсемсөзші Жүсіпбек Аймауытұлы «Өз жайымнан мағлұмат» атты мақаласында былай дейді: «Руым – Сүйіндік, оның ішінде – Күлік. Айдабол, Күлік бір туысады. Сұлтанмахмұт Айдаболдан. Екеуміз сегізінші атадан қосыламыз, Мәшһүр Жүсіппен 4-нші атадан қосыламыз» [1, 286 б.]. Демек, Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт – аталас, туыс.

Оның өмірі қиын болды, әттең, және ерте дүние салды, 27-ге қараған шағында, нағыз қылшылдап тұрған кезінде ажал құшты. Арынды ақын анасынан ерте айырылып, алты жасына шейін әжесі – Монтайдың қолында өсіп, тәрбиесін көреді. Ол әкесінен қара танып, сауатын ашып, он үш жасынан Әбдірахман, Тортай, Нұрғали делінген молдалардан білім алады. Әкесі – Әбубәкір – арабшаға жүйрік, көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді. Анасы – Зүплен Сұлтанмахмұтты Мақыш, ал бауырын – Байқоңырды Бәшен деп еркелеткен-ді. Ал, Сұлтанмахмұттың ақын есебінде қалыптасуына, толысуына, өлең өлкесіне аяқ басуына Мұқан молданың әсері орасан болды деуге негіз бар. Осы аралықта Сұлтанмахмұт бір жағы тағдыр тауқыметін тартып, екінші жағынан бала кезден бергі өкпе дерті асқынған, бұған тағы сүйген сұлуы, кейін құсадан көз жұмған – Бағила арасындағы баянсыз махаббатты қосыңыз. 1914-ші жылы жарық көрген «Қамар сұлу» романындағы сүймеген адамына тұрмысқа шығып, жаны жаралы кейіптегі кейіпкерге ешкім мән де бермес, назар да аудармас, ойлары – сый-сияпат пен ет, ас-ауқат аңдығандардың көркем бейнесі шығармаға шырай беріп тұр. Ал, әке сөзіне қарсы шыға алмай, дәстүрден аттай алмай іштен тынып отырған қыз – сол Бағилаш болуы да ықтимал. Автордың сыншылдығы, байқампаздығы, өмірді тануы, көрген-түйгенін ой елегінен, парасат-пайым сүзгісінен өткізетіндігін мына бір қысқа өлеңнен көре аламыз:

Қызық қандай адамды қыздыратын,
Қайғы қандай қаныңды бұздыратын.
Қанды кек, намысты өштік неден тумақ,
Жібітпей жүрегіңді мұз қылатын.

Ер бар ма елі үшін жан қиятын
,
Басшы бар ма етегіне ел сиятын.
Жанның бәрі өз ісін мақұлдайды,
Адам қайда сезетін ар-ұятын
[2].

Әсілі, әр көркем туынды – аяқталған, бас-аяғы бүтін дүние. Сондай-ақ, оны байланыстырып тұрар тұтас желі болмақ. Әдебиет тарихи даму үстіндегі феномен екенін ескерсек, қазақтың алғашқы поэма, романынан бастап, тәуелсіздікке шейінгі аралықтағы бұл жанр тұрақты белгілерін сақтай отыра, әр кезеңде түрлі трансформацияға ұшырағаны сөзсіз. Халық көкeйіндегісін тап басып тану – әр қаламгердің aбыpoйлы міндеті. Тiптен, бұл – тек aбыpoйлы ғaнa eмec, сонымен қатар Алаш жұрты aлдындaғы пepзeнттiк бopышы. Тегінде, автор атаулысына тән басты ерекшелік – оның өзіндік тіл өрнегі мен сөз саптау шеберлігімен үндес келген қайталанбас қолтаңбасы. Осы ретте, С. Торайғырұлы 1918-ші жылы жариялаған, «мен бала», «мен жігіт», «мен тоқтадым», «мен кәрі», «мен өлік» деген бөлімдерден бас құраған «Адасқан өмір» поэмасында адамның тұтас өмірін, «тал бесіктен, жер бесікке» шейінгі аралықтағы өмір-өзен деп аталатын кеңістікті келісті суреттеп, өзін ойшыл ретінде аңғартса, 1914-1915-ші жылдары жарық көрген, аяқсыз қалған, өлеңмен жазылған «Кім жазықты» романында (роман в стихах) өзін лирик, эпик, сюжетке, композициялық тұтастыққа ұмтылатын ақын, шебер қалам иесі екендігін көрсетеді. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ақынның өмірі мен шығармашылығы бойынша докторлық диссертация қорғаған Арап Еспенбетов «Сұлтанмахмұт – дәуір суреткері» атты мақаласында ақынға мынандай жоғары баға береді: «С. Торайғыров – төтенше өзгерістер мен дүрбелең сілкіністер дәуірінде тарих сахнасына көтеріліп, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде өзіндік жол салған, шығармаларына тұтас бір дәуірдің шынды­ғын сыйғызған суреткер. Ол артына өлмес те өшпес мол мұра, қымбат қазына қалдырған ұлы ақын. «Ақынның хаты өл­мей­ді», – дейді халық нақылы. Осы дана тұжырымды Торайғыровтың өміршең шығармалары дәлелдей түспек» [3].

Анасы өмірден өткен соң Сұлтанмахмұт әкесі – Шоқпыт, бауыры – Байқоңыр, бәрі атақонысы – Торайғырға көшіп барады. Сөйтіп, ақынның жастық шағы Баяндағы Торайғыр көлінің маңайында өтеді. Сол сурет, сол сәт кейін автордың көркем шығармаларында көрініс табады. Сұлтанмахмұт мінезі – сабырлы, біртоға, оқуда озат боп өседі. Кейін Троицк қаласына білім алуға аттанып, ізденісін медреседе жалғайды. 1913-ші жылы өкпе дерті асқынып, жиырмадағы Сұлтанмахмұт дәрігер Әбубәкір Алдиярұлының көмегіне жүгінеді. Кейіндері Томск қаласына барып, даярлық бөліміне қабылданады. Сол қалада Сұлтанмахмұт Әлімхан Ермекұлымен жолығады. Филология ғылымдарының докторы, профессор, ұстаз Тұрсынбек Кәкішев: «Сұлтанмахмұттың публицистикалық шығармаларында негізінен оқу-ағарту, әйел теңдігі, искусство мен әдебиет және социализм туралы мәселелер әңгіме етіледі. Бұл мәселені ол өзінің көптеген поэтикалық шығармаларымен қатар, 1912-ші жылы жазған «Зарландым», 1913-ші жылғы «Қазақ ішіндегі оқу, оқыту жолы қалай» деген публицистикалық еңбегінің арқауы етті. Жәдитшілердің әрбір игілікті қадамын құптады» [4, 12 б.] деп жазады. Ал, ғалым Арап Еспенбетовтың айтуынша, Сұлтанмахмұт: «Троицк қаласы маңындағы қазақ ауылдарының балаларына сабақ береді, «Айқап» журналында қызмет етеді, өлеңдері көптеп жарыққа шығады. Кейін күнкөрістің қамымен Қатонқарағай, Тарбағатай жаққа кетеді, бала оқытады. Тарбағатайдағы Терісайрық болысында көзі ашық, көне шежіре, аңыздарды көп білетін Құрбан қажымен кездеседі. Қажыдан естіген аңыз-әңгімелердің негізінде «Ақ найман Ойсынбай», «Жалаңаш баба», «Ескі сөз» сынды туындыларын жазған. Бұл елде жүргенде 1916-ші жылы ел ішінде үлкен дүрбелең, үркіншілік басталып, ел Қытайға ауа көшеді. Содан ақын бала оқытқан еңбегін де ала алмай, туған еліне оралады». Иә, жоғарыда айтылған сөзден көп дүниені аңғаруға болады. Сұлтанмахмұттың ақын, ұстаз, көсемсөзші, жазушы екендігімен қатар, ол – Алаш қайраткері, Алаш идеясын насихаттаушы, Алаш Орда үкіметінің хатшысы болғандығын да естен шығармаған жөн. Бұған дәлел – автордың атақты «Алаш ұраны» өлеңі. Ол туынды былай басталады:

Алаш туы астында,
Біз алаштың баласы.
Күніміз туып көгерді,
Сарыарқаның даласы.


Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Ерімізді айдаған,
Елімізді лайлаған.
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы.

1917-ші жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Томскіде жүрген Сұлтанмахмұт патшаның тақтан құлағанын естіп, Әлімхан Ермекұлы екеуі Семейге сапар шегеді. Сонда Петербордан Семейге жеткен Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханмен жолығып, Алаш арыстарын кезіктіріп, әлгіндей отты жыр дүниеге келеді. Ақын «Таныстыру» атты туындысында «Қара қазақ» пен «Оқыған қазақты» айтыстыру арқылы сол кездегі саяси-әлеуметтік мәселелерді көтерген еді. Жазушы Дихан Әбілев Сұлтанмахмұттың көркем образын сомдап, туындыларына өзек етіп, 1964-ші жылы жарияланған «Ақын арманы», 1968-ші жылы жарық көрген «Арман жолында», 1975-ші жылы жазылған «Баянауыл баурайында» атты роман-трилогия арнаған-ды.

«Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын / Ұранға алаш деген атты аламын / Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ / Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!» – деп жырлаған ақынның арғы аталары мықты кісілер болған екен. Мәселенки, Торайғыр – өзі би, өзі батыр тұлғалы, аузы дуалы, сөзі уәлі кісі болыпты. Ал, ақынның әкесі – Әбубәкір жуас, қарапайым, қулық-сұмдықтан алыс, қолы ашық адам-ды. Ол Троицкіден оралған соң «Айқап» журналына жұмысқа тұрады. Бұл нәрсе оған күш беріп, жаңа шығармалардың тууына ықпал етеді. Қаламгердің әзілі уытты. Баяндағы жастарды көтеріп, білімге, мәдениетке тарту мақсатында ұйым құрып, қаржы қажет болып, Сұлтанмахмұт бай-бағлан Шорманның Мұстафасынан көмек сұрағанда, ол бас тартады. Сонда ақын «Бір кісіге» атты өлең жазып, іс-әрекетін, қылығын қалжыңмен қағытады. Қаламгердің «Кедей» поэмасындағы басты қаһарман қоғаммен бітіспес күреске түссе, «Айтыс» атты поэмасында ол дала ақыны және қала ақынын айтыстырады. Бұл әдеби әдіс-тәсіл, бұл форма кезінде үлкен жаңалыққа баланады. Сұлтанмахмұт – поэма, роман, очерк жанрларының қазақ топырағында бекуіне зор еңбек сіңірген қалам иесі. Оның шығармаларына тән, көзге ерекше шалынатын басты-басты артықшылықтары – қоп-қою текетірес, интрига, перипетия, жинақы сюжет, талас-тартыс үстінде ашыла түсер характер, финалдың әркез тосын түйінделуі, қаһармандардың қайталанбауы, формалық ізденіс, мазмұндылық. Автор өмірдегі қилы-қилы құбылыстарды сырттай бақылап қана қоймай, оны өз дүниетанымы арқылы да өткізеді. Оның поэмаларындағы әдеби кейіпкерлер іс-әрекет, ұмтылыс-құлшыныс үстінде ашыла түседі, автор ойын тереңінен толғай отыра, әлеуметтік ортаның қарама-қайшылығын, қарым-қатынасын, сан түрлі көзқарасы мен өмір заңдылықтарын тамыршыдай тап басады. Ол сұлу сөз қумайды, керісінше кейіпкер жанының динамикасын, құрылымын, интонациясын айқындауға күш салады.

Алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбай «Мамановтар әулеті» атты мақаласында 1914-ші жылы Есенқұл қажы Маманұлы тұңғыш рет роман бәйгесін жариялап, сонда Сұлтанмахмұт «Қамар сұлумен», ал Тайыр Жомартбаев «Қыз көрелік» романымен қатысып, орын алғандығы туралы жаза келе, былай деп ой қорытады: «Жүлде қоры негізінен 2000 сом болған. Кейбір деректе 200 сом деп қате көрсетілген. Ақиқаты – 2000 сом ақша. Ол қазіргі ақша жүйесімен есептегенде 33 миллион теңгенің шамасында екен» [5]. 1920-жылдың мамырында ұлы ақынның отаншылдыққа, ұлтшылдыққа толы жүрегі мәңгілікке тоқтайды.  Ол – Көкшеде туып, Баянда дүние салды, қазақтың екі тамаша, табиғатымен тамсандырған жерлері ғой. Қазақтың аса көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбайұлы: «С. Торайғыров – тым ерекше тылсым тұлға: мына дүниеге таң қалуға емес, таң қалдыруға келгендей» [6, 4], – деп жазады. Айтса айтқандай-ақ, ауруымен алыса жүре, тынымсыз ізденістің, білім жиюдың нәтижесінде осындай қысқа ғұмырында аталған қайраткер, қаламгер, күрескер 140-қа тарта өлең, 2 роман, 5 поэма, 7 әңгіме жазып қалдырған. Алашқа, елге, жерге қызмет етті деген осы емес пе?!

Автор – транзистор, тасымалдаушы, жанның сөзін жеткізуші. Құдайдың құдіреттілігі сонда, Ол үзілуге дайын нәп-нәзік жанды қаламгердің кеудесіне енгізген-ді. «Адам – Алланың ұлы туындысы», – дейміз, ал суреткер – қоғамнан тыс туған жаратылыс. Сол атты арқалап, сызат түсірмей алып жүру үшін де жүрек, сезім, табандылық пен талант қажет. Ақын – Алламның хабарын жеткізуші, әлсіздік дендеген әлеуметті, адамзатқа қауіп-қатер төндіретін апаттардан сақтандырушы. С. Торайғырұлы туындыларында оймақтай болса да көтерген жүгі ауыр-ауыр ойлар, рақымды бастамалар, адамның адамшылықтан безіну сыры менмұндалайды. Сұлтанмахмұт – жанр талғамайтын қаламгер. Сол себепті де, ол қаузаған тақырыптар, ол үңілген мәселелер басқа ұлтқа бөтен деп айта алмас ек, қайта керісінше бәріне – ортақ. Әттең, ғұмыры қысқа болды, әйтпегенде қазақ әдебиетіне, қазақ руханиятына одан да көп, одан да мол дүние берер еді. Десек, оның аты өшпейді, ұмытылмайды, ұлтпен бірге жасай бермек…

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Аймауытов Ж. Алты томдық шығармалар жинағы. «Комплекспен оқыту жолдары» (оқу-әдістеме), мақалалар, хаттар. ‒ Алматы: «Ел-шежіре». ‒ 2013 ж. Т. 6. ‒ 286 б.

2. Торайғыров С. Қызық қандай адамды қыздыратын. Bilim-all.kz порталы. ‒ 2015 ж.

3. Еспенбетов А. Сұлтанмахмұт – дәуір суреткері. «Қазақ әдебиеті». – 2018 ж.

4. Кәкішев Т. Сұлтанмахмұттың публицистикасы. Лениншіл жас. – №75, 22 маусым. – 1956 ж. – 12 б.

5. Тоқтарбай Е. Мамановтар әулеті. – Абай.кз порталы. – 2016 ж., 1 ақпан.  

6. Кекілбайұлы Ә. Қалың қазақтың қабырғалы қаламгері. – «Әділет» газеті. – № 54. – 2019 ж., 6 желтоқсан.  

Әлібек Байбол,

Гуманитарлық ғылымдар магистрі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универсиеті Филология институтының докторанты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультеті Абай ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий