Сейділда хазірет атындағы Тереңкөл аудандық мешітінің ұйымдастыруымен «Дінім – діңгегім, дәстүрім – қазынам» атты Мәуліт кеші өтті.
Іс-шараны №3 жалпы білім беретін орта мектептің 4-сынып оқушысы Нұрсұлтан Үрстем Құран аяттарын оқып бастады. Одан кейін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілі – Мәшһүр Жүсіп атындағы Павлодар облыстық мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы бата беріп, сөз сөйледі.
Ол өз сөзінде: «Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде: «Ей, адамдар! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар – Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128-аят), – деген. Сол өте жанашыр, Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Он сегіз мың ғаламның сардары, адамзаттың абзалы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген айының құрметіне Мәуліт мерекесі тойланады. Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) өз ата-анамызды танып, құрметтегендей сүю ләзім. Өйткені, хадис шарифте: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре алмайсыздар», – деген…», – деп мұсылман жұрты үшін аса қадірлі һәм қасиетті мерекенің мән-маңызын түсіндіріп өтті.
Кеш барысында жиналған қауымға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі, мінез-құлқы жайлы, сахабалар мен ғұламалар туралы, ата-ана, тәлім-тәрбие жайлы, асыл дініміздің ұлылығы мен қасиетін паш ететін ғибратты әңгімелер айтылды.
Сондай әңгіменің бірі – сөз бен істің сай келуі туралы. Ол сөз былай айтылады: «Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сапарда ат басын тежеп, достарымен бірге көліктерінен түсер-түспес жүктерін жерге қойысты. Жолсоқты боп қарын ашқандықтан бір қой сойып жеуге ақылдасты. Бар жұмысты әркім өзара бөлісе бастады. Біреуі:
– Қойды мен сояйын, – деді. Екіншісі:
– Терісін мен сыпырайын, – деді. Үшіншісі:
– Ет пісіру менің мойнымда болсын, – деді. Сол кезде Пайғамбарымыз да:
– Шөлден отын жинап қайтуға мен барайын, – деді. Бұны естігенде сахабалардың бәрі әбігерленіп:
– Уа, Аллаһтың құрметті елшісі! Еш әуре болмастан сіз көлеңкеде сәл тыныға тұрыңыз. Біз өзіміз-ақ бәрін қуана-қуана істейміз, – десті. Сонда Пайғамбарымыз:
– Иә, бұл жұмыстарды мен сендердің өздерің-ақ істей алатындарыңды білем, алайда Аллаһ Тағала қандай да бір құлдың өзін өзгелерден артық сезініп дос-жарандарынан бөлек отырғанын ұнатпайды, – деп жауап берген еді. Сөйтті де, шөлге барып бір құшақ отын теріп әкелді…
Бұл – Алла елшісінің сөзі мен ісі тең, турашыл сипатының қарапайым ғана бір көрінісі».
Мәуліт кешінің құрметті қонақтары айтыскер ақындар Дидар Қами мен Аспанбек Шұғатай жиналған жұртшылыққа жырдан шашу шашты. Дидар ақын «Пайғамбарлар Падишасына арнау» айтып, Ержеңіс Әбдінің «Ана туралы» және Майлықожаның «Ата-ананың қадірі» термелерін тарту етті. Ал, Аспанбек ақын тереңкөлдік текті жұртты арнау жырына арқау етті.
Павлодар қаласындағы Әбібәкір Сыддық медресесінің ұстазы Нұрсұлтан ұстаз бен шәкіртері мәуліт орындап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтты.
Жиналған қауым тағылымды да тәлімді, ғибратты да өнегелі іс-шараны – Мәуліт мерекесін өткізуге мұрындық болған аудандық мешіттің бас имамы Қобыланды қажы Рүстемұлына, қолдаушы, қаржыландырушы ауылдың азаматтарына шынайы алғыстарын білдірді.
Мәуліт айы – мейірімнің есігі ашылған шақ, бар ғалам ізгілікке бас ұрған шақ. Жаратқан бізге ғұмыр кешуді нәсіп еткей, Пайғамбардай кіршіксіз асылды аңсап…