Өткен ғасырдың сексенінші жылдары. Кеңес заманы. Мәскеудің Кремль сарайында өскемендік студенттердің бірлескен хоры шалқыта ән салуда. Вальс екпіндегі ырғағы байсалды қоңыр әуенді төгілте орындағаны соншалық, кең залға жиналған орталықтың (сол кездегі) талғамы биік, кірпияз тыңдармандары өлеңнің сөзін түсінбесе де «құлақтан кіріп, бойды алған» музыканың құдіретіне орындарынан тік тұрып қол соқты. Көрерменнің қабағын жадыратқан бұл туынды марқалық сазгер Төлеухан Абедимовтың «Ертісім» әні болатын…

«Ертісімді» естімеген жан баласы жоқ-ау деймін біздің өңірде, тіпті, еліміздің әр шетіндегі өнерсүйер қауым да жақсы біледі оны. Үлкен сахналардан талай рет тыңдаған, теледидардан, радиодан сан мәрте естіген. Бірақ осы бір тамаша әнді дүниеге әкелген авторлары мен оның шығу тарихы туралы ел арасында мағлұмат аз.

Мәскеуді мойындатқан әннің авторы Төлеухан Абедимов 1945 жылы 5 қазанда Марқа топырағында туған. Жастайынан өнерге жуық өскен тума талант иесі мектепте оқып жүрген шағынан бастап түрлі музыкалық аспаптарда, әсіресе, баянда ойнауды жақсы меңгерген. Бойындағы өнерге деген дарыны мен қарымының, қабілетінің арқасында ол кейін сол кездегі Марқакөл ауданының (қазір Күршім) мәдени өміріне етене араласып, жұрт аузына ілігеді. Өзінің еңбек жолын Қарашілік ауылында Қызыл отау меңгерушісі болып бастаған Толя ағамыз (жерлестерінің еркелетіп қойған аты) 1967 жылы аудандық мәдениет үйіне ауысады. Баяншылар курсын бітірді демесеңіз, ол кісінің ауыз толтырып айтатын музыкалық білімі болған жоқ. Нотаны өздігінен үйренді. Дегенмен, табиғат берген талант бір жерден жарып шықпай қойсын ба?! Тұла бойын кернеген саз құдіреті ауылдың қарапайым азаматын ән жазуға жетеледі. Нәтижесінде 1968 жылы аудандық мәдениет үйінде істеп жүргенде «Ертісім» жарыққа шықты.

Бұл әннің өлеңін Әйкен Мусина дейтін марқалық ақын апайымыз жазыпты. Ақын өзінің туған жер тақырыбында жазған басқа бірсыпыра өлеңдерімен бірге топтастырып аудандық «Шамшырақ» газетіне жариялауға беріпті. Сол топтаманың ішінен «Ертісім» өлеңі сазгерге ерекше әсер етіп, жүрек түкпіріндегі сезімін оятқанға ұқсайды.

Мәдениет қайраткері, ақын-сазгер Нәбиолда Кемешев айтады:

– «Ертісім» Төкеңнің бойында жастық жігері тасып тұрған, шығармашылыққа мықтап ден қойған шағында туды. Аудандық мәдениет үйінде қызмет ете жүріп, Марқа өңірінде ең алғашқы вокалды-аспапты ансамблін құрды. Іргесі жаңадан қаланған ұжымның қам-қарекетімен күндіз-түні шапқылап жүргенінде газет бетінде жарық көрген Әйкен Хәкімованың «Ертісім» өлеңімен танысып, соған ән жазды. Артынан өзі құрған және жетекшілік ететін «Ақтолқын» ән-би ансамблі ол әнді ауданды қойып облыс, республика, тіпті шет мемлекеттерде шырқады. «Ақтолқын» бүкілодақтық фестивальдердің лауреаты атанды, 1975 жылы халықтық деген атаққа ие болды. Құрамында еліміздің өнер қайраткерлері бар аталмыш ансамбль Ресейдің, Германияның үлкен сахналарында тыңдармандарын тәнті еткен. Міне, осы сапарларда «Ақтолқынның» репертуарында шырқалған басты әндердің бірі «Ертісім» болды.

– Мен бұрынғы Марқакөл ауданының Боран ауылында Қара Ертістің жағасында дүниеге келдім. Бала кезімнен Ертістің суына шомылып, құмына аунап, балығын аулап дегендей асыр салып өстік қой,-деп еске алады өлең авторы.

Туған жерге деген осынау махаббатымның, зор сүйіспеншілігімнің куәсі ретінде 1967 жылы 21-ге толған шағымда «Ертісім» деген өлең жаздым. Бір жыл өткен соң 1968 жылы Марқакөл ауданының орталығы Теректі (ол кезде Алексеевка болатын) ауылына барған кезімде туған жерге арналған біраз өлеңдерімді «Шамшырақ» газетіне жариялауға бердім. Артынша басылым бетіне шыққан өлеңдерімді аудандық мәдениет үйінің қызметкері Төлеухан Абедимов оқып отырып, ішінен «Ертісімді» ұнатып қалса керек. Айналасы үш-төрт күннің ішінде оған тамаша ән жазып шығыпты. Содан бері «Ертісім» әнін майталман әншілер, өнер ұжымдары орындап келеді. Жолдасым екеуіміз қосылып орындаған кезіміз болып еді. Оны таспаға түсіріп алған едім, өкінішке қарай, кейіннен жоғалтым алдым,- деген өкінішін де айтып қалған.

«Ертісім» әніне қатысты тағы бір қызықты деректі біз сазгермен талай жылдар қоян-қолтық еңбек еткен, өнердің ыстық-суығын бірге көрген ақын-сазгер ағамыз Нәбиолда Кемешевтен естідік. Ол кісінің айтуынша, «Ертісім» әні ел ішінде алғаш шырқалып жүргенде Марқакөлге гастрольдік сапармен Қазақстан және КСРО-ның халық әртісі, Халық қаһарманы, аты аңызға айналған әнші Роза Бағланова бастаған кіл мықтылар келіп, шалғайдағы жұртты өнермен сусындатыпты. Сол кезде ауданның бетке ұстар әншілері Роза Тәжібайқызының алдында «Ертісімді» нақышына келтіре орындап берген екен. Әннің жалпы табиғаты, назды мелодиясы, ішкі иірімдері алматылық құрметті мейманның жүрегіне бірден жол тапқан. Бұрын естімеген әннің жан дүниені тербетіп, өзіне баурап алған сиқырлы сазын жоғары бағалап және жаңа туындының алғашқы сыншысы өзі болып тұрғандықтан Роза апамыз оның қағазға түскен нұсқасын өзімен ала кетуге ниет білдіреді. Жаңа әнді репертуарындағы таңдаулы туындылар қатарына қосып, ел ішінде кеңінен насихаттауға келіседі. Дәл сол кезде «Ертісімнің» нотаға түскен нұсқасын ала кетудің сәті тумай қалғандықтан мұндағылар артынша Алматыға жолдайтындарын айтып, әйгілі әншіні аттандырып салады. Алайда, ауылдағы ағайынның ештеңені парық қылмайтын, арқаны кеңге салып жүре беретін мінезінің кесірінен Алтайда туған әсем ән Алатауға дер шағында жете алмады. «Ертісіме» Роза Бағлановадай біртуар тұлғаның орындауымен жалпақ жұртқа таралу бақыты бұйырмағанмен, басқа әншілердің насихаттаумен тыңдарманның еліте тыңдайтын сүйікті әніне айналғаны ақиқат.

Әзірлеген Жұмабек СМАНОВ.

Пікір үстеу