Автор мен оның шығармашылығын бөлек қарастыру мәселесі өнер әлеміндегі ең өзекті және күрделі тақырыптардың бірі. Бұл мәселе, әсіресе, қазіргі кезде жеке тұлғалардың қоғамдық және саяси көзқарастары шығармашығы мен өнер туындыларынан тәуелсіз бағалануы тиіс деген пікірталастарда өз орнын табуда. Ролан Барттың «автордың өлімі» тұжырымдамасы осы дискурсқа аргумент ретінде қызмет етеді. Ролан Барт автордың жеке ниеті, тұлғасы, өмірбаяны мен қоғамдық позициясы мәтіннің мағынасына тікелей әсер етпейтіндігін, ал шын мәніндегі мағына шығарма мен оқырманың арасында қалыптасып, оқырман интерпретациясы арқылы туатынын айтады.
Мысалы, киносыншы Антон Долин (жартылай еврей) бір сұхбатында өзінің сүйікті композиторы ретінде Вагнерге деген ерекше ықыласын былай түсіндіреді – «Вагнерді адам ретінде антисемит деп жек көрсем де, оның музыкасын жақсы көремін», дейді. Мұнда біз шығармашылықтың екі түрлі қырын – автордың жеке тұлғасы мен оның шығармашылық мұрасы – айқын бөлініп тұрғанын көре аламыз.
Бұл көзқарас «өнер – өнер үшін» концепциясымен де үндеседі. Бұл идеяға сәйкес, өнердің басты мақсаты – эстетикалық және шығармашылық құндылықтарды ұсыну, ал оның әлеуметтік, саяси, дидактикалық немесе жеке сипаттамалары екінші орынды болуы тиіс. Шығармашылық тек автордың жеке өмірімен немесе сенімдерімен шектелмей, өз алдына бір автономды, көп жағдайда бейсаналы әлем ретінде қалыптасады.
Әрбір шығарма – өз алдына бір әлем, және оның шынайы құндылығы автордың жеке көзқарастарынан әлдеқайда асып түседі.
Маған біреу бір авторды ұнатпаса оның шығармашылығын тұтастай жоққа шығаруы «жеке тұлғаға шабуыл жасау» – апелляция к личности (лат. argumentum ad hominem — «адамға бағытталған дәлел») – логикалық қателігіне ұқсайтындай көрінеді. Онда пікірді жоққа шығару үшін айтылған дәлелдің мазмұнын талқылаудың орнына, оны айтқан адамның мінез-құлқы, тұлғасы немесе басқа да жеке басының қасиеттері сыналады. Бұл жағдайда аргументтің өзіне емес, оны алға тартқан адамға назар аударылады, бұл объективті фактілер мен логикалық тұжырымдарды елемеуге әкеледі.
Өнер субъективті дүние болғандықтан мен өз пікірімді соңғы абсолютті ақиқат деуден аулақпын. Өзінің моральдық-этикалық құндылықтары және жеке өмірлік ұстанымдары тұрғысынан «өзі үшін» өнерге баға беретін адамдардікі де дұрыс шығар. Бұл жерде кім не нәрсеге басымдылық береді, соған байланысты.
***
Өнер ең алдымен адам мен өмірдің болмысын эстетика-философиялық көзқараспен «зерттеп» оны шығармашылық арқылы көркемдік тұрғыда бейнелеуге бағытталған процесс. Ол әлеуметтік, мәдени немесе саяси нормалардан тәуелсіз…
Өнердің миссиясы – адамның ішкі әлемін, өмірдің көпқырлылығын және адамзат тәжірибесінің терең мәнін эстетикалық және шығармашылық тіл арқылы ашу мен бейнелеу.
Алмас АҚТАСОВ,
ақын, ұстаз.