Pavlodar, KZ
17°
Fair

14 наурыз – Көрісу күні. Жер бетіндегі тіршілік атаулы жаңаратын бұл кезеңді біздің халқымыз «Амал мерекесі» деп те атайды.  Бастауын сан мыңдаған ғасырлардан алатын, бүгінде еліміздің солтүстік өңірінде сақталып қалған дәстүрдің бірі. Көрші-қолаң, ағайын-туыс, дос-жараң бір-біріне «Жыл басы – Наурыз мерекесі құт-береке әкелсін!»,  «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» «Амал келді – Жыл келді!» деп бір-бірін құттықтап, бір дастарханда дәм татып, ескі жылдан жаңа жылға аман-есен жеткеніне қуанған.

Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылатын күн. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. 

Бұл дәстүрдің тарихына үңілетін болсақ, ертеректе көшпенді өмір сүрген ата-бабаларымыздың қыс айларында бір-бірімен көрісе алмай, көктем шығып, күн жылына бастағанда сағынысып, амандық-саулық сұрасуы дәстүр ретінде сақталып қалса керек. Ал «Амал мерекесі» деп айтылу тарихында да ешқандай өзгешелік жоқ. Шығыс күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан. Мұндағы «амал» сөзі ескіше парсы тілінің «хамал» сөзінен алынған. Наурыз айын парсыша «Хамал» айы деп атауы себепті, «Амал мерекесі» аталып кеткен. Яғни, «Амал мерекесі» мен «Наурыз мерекесі» дегеннің ешқандай айырмасы жоқ.

 Бүгінде аталған мерекені барлық аймақтарда тойлау ұсынылды. Халық үшін бұл – қастерлі әрі орны ерекше дәстүр. 14 наурыз Көрісу күні болса, 15 наурыз «Қайырымдылық күні» етіп белгіленді. Бұл күнді ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналадв. 16 наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» етіп белгіленді. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шараларды өткізу жоспарлануда. 17 наурыз «Шаңырақ күні» болып белгіленді. Осы күні отбасылық құндылықтарды дәріптеген, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді. 18 наурыз күні «Ұлттық киімдер күні» етіп белгіленді. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шара өткізіледі. 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды. 20 наурыз «Ұлттық спорт күні» етіп белгіленді. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурыз «Ынтымақ күні» деп жарияланған. Оның басты мақсаты – жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады. Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жаңа Жыл – 22 наурыз мерекесін қарсы алады. Ал, Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз «Тазару күні» етіп жарияланды.

Әйгерім Солтан

Пікір үстеу