Күләш Ахметова

Жан дала – жәннат дала

Өзіңсің , Қазақстан, ән, арманым да,
Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар
Өзіңдей ұлан байтақ далам барында.
Гүл дала – Қазақстаным.

Сен үшін бар сөздіктен сөз таңдайын көп,
Сен барда басылмайды жез таңдайымда от.
Мен сенен кете алмаспын, амалсыздан
Бір кетсем, оралармын бозторғайың боп.
Ән дала – Қазақстаным.

Сен барда ғажап шебер, ғажап ұстамын,
Түсінем өзендердің саз ағыстарын.
Қалай ақын болмайын, мен түгілі
Ұшады көгіңе жыр жаза құстарың.
Қырандар қанатында даңқы кеткен,
Дән дала – Қазақстаным.

Сен менің шұғылаға толған даламсың,
Жасампазым, сан асу жолдарды аларсың.
Бабамның көздерінің қарашығы ең,
Баламның бақытына да қорған боларсың.
Жан дала – Қазақстаным.

Керемет өріледі гүл өңірде өлең,
Кезің қандай өрік пен шие гүлдеген.
Жүрегіме сыйғызып бар бейнеңді,
Қалсам деп ем өзіңнің жүрегіңде мен.
Кең дала – Қазақстаным.

Керегі жоқ даңқ дейтін маған сөренің,
Жетер біраз есіңде қала алса өлеңім.
Халқым маған сенеді әлсіз демей,
Өйткені мен, туған жер, саған сенемін.
Жасай бер , Қазақстаным.

Шаймерген Әлдибекұлы

Ту

Күнді құшқан қас қыран,
Аясында қалқыған
Аспан түсті туым бар
Көк теңіздей шалқыған.
Көкірек жауар шымқай өң,
Көрген жерден елітер,
Көркем өрнек, кең көңіл
Көл пейілге кенелтер.
Тәжім етіп бас иер,
Туы елімнің егемен.
Тұтастығым куәсі
Туғандай бір енеден.
Елдігімді әлемге
Паш ететін байрағым,
Тұнық менің көгімдей
Әуемде мәңгі жайнаған!
Бақытбек Бәмішұлы

Елтаңба

Дүние әлем көзіндей,
Дөңгеленген жамалы.
Еге елімнің қорғаны-
Кереге қанат қамалы.
Көгілдір көктің жүзінде
Шаңырақ-күн, уық-нұр.
Мәңгі сенбес күйінде,
Маңдайдан жұлдыз туып тұр.
Қуат отын қоздырған
Қос қанатты пыпағым.
Хас тұғырға қондырған
«Қазақстан» -Ұраным.
Тұлғасында түзілген
Ыстық қаным, діл, арым.
Төріме іліп,
Төсіме
Тағып жүрер Тұмарым!

Әнұран

Қаһарман қажыр, қайратым
Шайлықпас текті айбатым.
Арман, абырой, толғаныс-
Айтылатын ар, затым.
Жұртымның мұң, мұратын
Құлқыма құйып тұратын
Сіңірген тұла бойыма,
Тәңірлік күштің қуатын.
Жан дауысы халқымның
Шабыттана шырқалар.
Киелі сөз, сазды әуен
Шырқағанда, нұр тамар.
Беріле тыңдап,
Егіле
Жанып тұрар мың жанар.

Тұманбай Молдағалиев

Елтаңба

Қатар шапқан қос тұлпар,
Ай астында қазақ үй.
Қалықтаған жас сұңқар,
Шарықтаған таза күй.

Бұл таңбасы елімнің –
Елдігімнің белгісі.
Мұнда да бар ерлігім,
Мұнда да бар жер күші.

Қара шаңырақ – ел күні,
Асқақтатып тұр мұны.
Елтаңбасы – елдігім,
Елдің тыныш тірлігі.

Оразақын Асқар

Өз туым


Бұлтсыз ашық аспанымдай көк туым,
Ту төрінен елге нұрын төкті күн.
Ту төбемде қалықтады қырандай,
Қуанбаған бір де қазақ жоқ бүгін.
Көз тартады тудан ұлттық өрнегім,
Өнерім ғой, өлеңім ғой ол менің.
Осы емес пе ашылғаны бағымның,
Өшкен жанып, тірілгені өлгенім.
Қандай бақыт өз туымды көргенім,
Кермей кетті қанша сабаз ерлерім.
Шат боп тұрып соларды ойлап қамықтым,
Осы жолда төккен қан мен терлерін.
Көтер еңсе, көкке қара ұлы елім,
Тәуелсіздік алып тумен түледің.
Тоймас көзім өз туыма қараудан,
Көтеруден талмас әсте білегім.
Кірлетпейміз сені әсте көнертіп,
Ием бар де жауға бермей өлер тік.
Жаса мәңгі өз көгімде өз туым,
Желбірей бер көсегемді көгертіп!

Дайындаған – Әйгерім СОЛТАН

Добавить комментарий