Асыл ӘБІШ
«Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе,
Қайрап ап қалың жауға сермегендей!» (Мәди Бәпиұлы) «ауыздықпен алысқан сәйгүлік» кезде қатарлас-замандас, аралас-құралас жігіттердің бірі үйленсе: «Қап! Қандай жігіттен айрылдық!» деп қалжыңдайтынбыз. Үзеңгілестің үйленгені жақсы ғой, әрине. Бірақ өзің бойдақ жүргенде күні кеше лап-лап етіп оттай жанған қасыңдағы серілердің шетінен «сирей» түскеніне қарап, жапанда жалғыз қалып бара жатқандай көңілің налиды ғой…
Әлбетте, бұл – өмір заңдылығы. Бұған да көндігесің. Уақыты келгенде азаматтық өсу кезеңіне сәйкес өзің де солардың қатарын толықтыратыныңды лажсыз түсінесің… Негізі айтпағым бұл емес.
Кейде рас, бұрын танысып-білісіп, араласып-құраласып жүрген қайбір адамның қызметтік өсу жолында кешегі тап-тамаша «мінез-құлқы лайланып, қапелімде басы айналып» шыға келетінін естіп, көріп-біліп, налисың. Қызмет барысында сатылай өскен сайын бұқараға барынша жақын болуға қамдана түседі-ау дегендерің, керісінше, қысқа күнде қырық құбылып, паңдана түседі. Халықтың қызметшісі екенін естен шығара, сол халықты құдды өзінің қызметшісіндей қабылдап, бұқара мен өзінің арасына бюрократиялық барьер қалыптастырып, мансапқорлыққа салынып, маңғазданады, кіріптар жұрттың көңілімен ойнайды, т.т.
Қайыпназардың:
Ықпалың сәл асса да,
Санасып көппен жүр деген.
Пайда бір бермес басыңа
Көкірек керіп сөйлеген, – деген өсиеттерін қаперге де алмайды-ау, алмайды. Ал, Ж.Баласағұн: «Бәлеқорды байытпа, тәкаппарды өсірме!» – дейді.
Қысқасы, сосын ортырғаның: «Қап! Қандай азаматтан айрылдық!» деп күйіп-пісіп.
Әрине, басшы, жетекші болудың жөн-жосығын үйрететін, ақыл соғып, мән айтатын мен емес. Менікі – тек Қоғамға, Елге, Ұлтқа Қызмет ету Мінезден деген қағиданы еске салу, азаматтық ішкі ой-арман ғана. Түптеп келгенде, Ашықтық пен Қарапайымдылыққа жетері жоқ екенін өмір әлдеқашан-ақ дәлелдеген.
Әрине, басшы, лауазым иесі болған соң қоластындағы қауымды бір мақсатқа үйлестіре білу оңай шаруа емес. Терең біліктен басқа тегеурінді характер де, мықты жүйке де қажет. Шенеуніктік жұмыс жұртты өргізіп-тұрғызып, танауды шүйіріп, төбеден қарап, әкіреңдеп, «бір шыбықпен айдау» емес, тағы айтамыз, ең бастысы – қарапайым мінез, еркін ұстаным, ашық араластық.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасындағы Құнанбай мен ұлы Абайдың арасындағы мына әңгімені еске түсіріп көрелікші:
Құнанбай ұлына мін таға отырып, былай дейді ғой:
«Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды.
Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйрілмейді».
Сонда Абай:
«Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын.
Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «ай» десе өргізіп, «шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөк» десең, аңырап барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады… Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады» – демей ме?!
Мұны талқылап жату – артық. Түсіне білгенге терең ғибрат жатыр.
Маған осы жазбаны салуға түрткі болған – мына сурет:
Біздің қоғамда, соның ішінде басқарушылық кеңістікте мұндай аса ұят тірліктердің неше түрлісі бар екені жасырын емес. Лауазымға қол жетті екен деп қарапайым адами ұстанымды ұмытып, шектен шығу, паңдану, айнала-төңіректің апшысын қуыру, өзін – зор, өзгені – қор санау, бірді бірге соғып, сеңделту – түбегейлі жазылмай келе жатқан дерт…
Шашбауын көтеретін қалың нөкерсіз жүрмейтін, қызыл кілемсіз босағадан аттап кірмейтін, қоғамды басқара тұрып, сол қоғамы пайдаланатын көліктерге отырмайтын, өзі басшылық ететін елдімекенде емен-жарқын, жұрт қатарлы серуендеп көрмеген чиновник дегеніңіз – осы бірінші суреттегідей адамдар. Бәрі де өткінші дүние екенін ұғынбайды да мұндайлар. Жаңа Қазақстан құруға бет алған біздің қоғамда осындайлар қанша екен қазір? Өкінішті.
Басқарушылық пен басқарушылар туралы Жүсіп Баласағұннан қалған небір ғибратты сөздер барын бүгінгі шенеуніктер біліп, тауып, оқи жүрсе ғой, ә… Осы Ж.Баласағұн тағы былай депті:
1. Басшы қабандай қайсар, қасқырдай күштi, сауысқандай сақ, қаршығадай қырағы болсын. Бастық елдi билеу, шаруашылықты ұйымдастыру туралы жазылған ғылымның негiзiн жақсы бiлуi қажет. Халықты дұрыс басқару үшiн басқару ғылымын меңгермей болмайды.
2. Ел билеушiлердiң ең негiзгi мiндетi — халқына адал қызмет ету, соларды бақытқа жеткiзудi ойлау, сөйткенде ғана басшы жұрттан сүйiспеншiлiк, қадiр-құрмет күте алады.
3. Жақсы бастыққа iстiң мән-жайын бiлетiн жақсы жәрдемшi, ақылгөй кеңесшi, қолқанат қажет. Мұндай жағдайда оның iсi жанып, ол өз халқына, қоғамына, өзiне де көп пайда тигiзедi.
4. Егер қолыңнан келсе қайда да болса халқың үшiн жақсылық қыл. Сөзiң де, қылығың да жақсы болсын.
5. Ақылдылықпен ел биле, бiлiмдiлiкпен жұртты аузыңа қарат.
6. Бек қызыққа құмар болса, қалған елдің күні қараң.
Азаматтар! Өсіңіздер, өніңіздер, алға ұмтылыңыздар. Тек Ұлтқа қызметтің толыққанды табысы қарапайым мінезден екенін естен шығармасақ екен.
Жағымды мысал болар істеріңіз көп болсын!