Ерболат ӘМІРЕ
Сайлау өтті.
Бір нәрсе анық.
Бізде азаматтық жауапкершілік қалыптаспаған.
Бұқараға бәрібір болмауы керек!
Бәрібір болмауы үшін де «бәріне қарсымын» деген нұсқа қосылды. Бұл бір.
Екіншіден. Қоғамдық институттар мен қоғамдық қауымдастықтар және қоғамдастықтар той тойлау мен ой ойлаудан нақты жоспарлы іске кіріспесе біз дамымаймыз. Өкінішке қарай, дәл осы қауым мен қоғамды қозғайтын ұйымдар халықтың сауаттылығын (саяси, мәдени, адами, тіпті керек десеңіз тұлғалық даму) өсіру үшін емес жеке дара тұлғаны өсіріп шығару үшін жұмыс істеуде. Сондықтан да біз бас басымызға би болғымыз келеді.
Қысқасы, жауапкершілік артпайынша Жаңа Қазақстан ауыз әдебиетінде мың нұсқасы бар аңыз-әңгімелер сияқты. Ішінде неше түрлі оқиға мен сюжет бар. Бәрінің айтатыны бір – баяғы күн…
Сосын Қоғам белсендісі болғандықтан қоғамның тынысын бақылап, тамырын басасың.
Ақыры «таңдалатын» кандидаттардың қарсыластары да «қолдан жасалатынын» да түсінесің.
Мысалы, қалалық мәслихатқа менің округімнен өткелі жатқан бір кандидатты білемін. Ол барлық үгіт-насихат кездесулеріне қатысты. Ал қалған кандидаттардың аты-жөнін тек бюллетень қағазында көрдім.
Сайлауалды науқан тұсында штабтың Ресми өкілі болғандықтан кандидаттардың түрлерін танимын (тура және ауыспалы мағынасында). Осы арқылы конкуренциясының жоқтығына көзім жетті. Яғни, «негізгі» кандидатпен таласатын һәм тартысатын «бәріне қарсымын» деген нұсқа ғана екенін түсінесің…
Әрісін өздеріңіз қорытып алыңыздар.