Pavlodar, KZ
10°
Mostly Cloudy
Мұрат АЯҒАНОВ

Ертіс-Баян өңірінің халқы биыл ономастика саласында жағымды жаңалықтар мол бола ма деп елеңдеп отыр. Облыс орталығының іргесіндегі Ленин кентінің атауын өзгерту туралы көпшіліктің ұсынысы алғашқы қоғамдық тыңдауда қабылданып, жергілікті қауымдастықтың қолдауына ие болды. Бұдан былай қала қақпасы саналатын кент «Атамекен» деп аталмақ.

Кезінде Жетінші ауыл, одан соң ұзақ жылдар Ленинский атанған кент облыс орталығы үшін географиялық тұрғыдан аса маңызға ие.  Күре жолдың бойында қанатын кең жайған елді мекеннің тарихы көне замандармен жалғасқанмен, тарихы, өлкемен байланысты тұлғалары аз зерттелген. Кент ретінде негізі 1914 жылы қаланып, Бидайық деп аталатын жерде №7 ауыл құрылады. Ал 1965 жылы пролетариат көсемінің аты берілді. Кеңес заманынан Павлодар қаласына қарайтын кентке тәуелсіздік жылдары ауылдардан көп отбасылар көшіп барды. Монғолиядан келген қазақ отбасылары да мұнда молынан қоныстанды. Елді мекен қаладан небәрі 10 шақырым жерде орналасуы себепті, облыс орталығына келіп жұмыс істейтіндер үшін аса қолайлы. Сөйтіп, соңғы 30 жылда халықтың саны өсіп, қазақтың да қатары артты. Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде мұнда 10 050 адам тұрады. Оның тең жартысы өзіміздің қандастарымыз. Жалпы кент көпұлтты болғандықтан ба, оның атауын өзгерту мәселесі көпке дейін жергілікті қауым тарапынан қарсылыққа ұшырай берді. Ауылдың ақсақалдары мен бас көтерер азаматтары бірнеше мәрте Қазанғап бидің атын бергісі келіп, ұсыныс жасағанымен халқымыздың өткен тарихын онша-мұнша білмейтін жергілікті жұрт одан үзілді-кесілді бас тартты. Әйтпесе ХІХ ғасырда өмір сүрген орта жүздің белгілі биі, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған Қазанғап Сатыбалдыұлының өмір жолы бұл өлкемен тығыз байланысты. Зираты да ауылдан алыс емес.

Идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген «Ленинский» атауын картадан сызып тастауға талпынған қоғам белсенділері бұл жолы кентке 6 түрлі нұсқа ұсынды. Олар – Қазанғап, Бидайық, Атамекен, Ынтымақ, Қазына және Жетінші ауыл. Қорытынды жиында Қазанғап би мен Атамекен атаулары қалып, жергілікті қауымдастықтың 50 мүшесінің 49-ы Атамекенге дауыс берді. Осылайша халықтың қалауы «Атамекен» болып отыр

Кент әкімі Маржан Алшымбаеваның айтуынша, қазіргі күні елді мекенде 2300 түтін бар. Мұнда елімізге танымал «Рубиком» ет өңдеу комбинаты, теміржол бөлімшесі, 2 элеватор, 1 диірмен, 3 мектеп пен 2 балабақша орналасқан. Халықтың негізгі бөлігі жергілікті еңбек ұйымдарында жұмыс істейді дегенмен, нәпақа іздеп қалаға ағылатындар да аз емес.

– Бұған дейін жер-су, көше атауларына қатысты мәселелер көтерілгенде тұрғындар: «Ең әуелі кенттегі инфрақұрылым мен ауызсу мәселесін шешіңдер», деген талап қоятын. Соңғы үш жылда бұл мәселелер шешімін тапты. Ауылдағы барлық үйлерге орталықтандырылған ауызсу жетіп тұр, тұрғындар бір текше метр су үшін 139 теңге төлейді. Асфальт төселмеген 16 көше, жарық тартылмаған небәрі 14 көше қалды. Бұйыртса, жоспарымыз бойынша биыл кент ішіндегі жолдар 100 пайыз асфальтталып, барлық көшелер жарықтандырылады. Тиісті қаражат бөлініп, жұмысты атқаратын мердігерлер де белгіленіп қойды. Ауылымыздың әр жерінен балалардың ойын алаңдары, воркаут-алаңдар салынып, қаладағыдай супермаркеттер ашылуда. Өмір сүру сапасы артып келеді, – дейді кент басшысы.

Негізі бас жоспар бойынша кент маңайынан әлі де 3 мыңдай жер учаскесі жеке тұрғын үйлер салу үшін азаматтарға үлестіріледі деп күтілуде. Алдағы уақытта 300 учаске теміржолдың арғы жағынан, яғни шығыс бөлігінен берілмек. Одан соң республикалық автожолдың оң жағынан да үй салуға жерлер рәсімделеді. Бұл өз кезегінде кент халқының 2 есе өсуіне алып келетіні анық. Сондықтан ең әуелі инфрақұрылым мәселесі шешімін табуы керек. Биыл кентте болашақ үйлер салынатын аумақтарға ауызсу жүйелерін жүргізу жобалануда. Ол жұмыстар аяқталған соң электр бағандары да тартылады. Кезегін күтіп отырғандар үшін бұл әрине қуанышты жаңалық. Дей тұрғанмен, жергілікті жұрт мал бағатын жайылымның тарылып бара жатқанына алаңдаулы. Бұрын мал өрісі болған жерлерге үйлер тұрғызылса, төрт түлікті қайда айдаймыз деген қорқыныштары бар. Әйтсе де ауылдағы жеке аулаларда жүздеп, елулеп мал ұстайтындар атымен жоқ. Әр отбасыдан бірлі-жарым сиыр, ондаған қой-ешкі ғана шығады. Елді мекен қала аумағына еніп тұрғандықтан, мұнда лік жақсы түсініп отыр.

Жергілікті жұртты толғандыратын үлкен мәселе – орталықтандырылған жылу жүйесінің жоқтығы. Мұнда көпқабатты нысандар саусақпен санарлық, соған орай көмірмен жұмыс істейтін қазандық салу да тиімсіз. Көпшілік кентке газ жүйесі тартылса екен дейді. Әр үй басы көгілдір отынмен жұмыс істейтін автономды пештер орнатып, қыста үй жылытуда қиындық көрмес еді.

Пікір үстеу