Қарапайым Қоңыров
Келер жылы қаңтарда журналист, «Құрмет» орденінің ковалері Төлеубек Қоңыров 85 жасқа толар еді. Келместің кемесіне мініп кете барғанына да бес жыл уақыт өте шығыпты. Қарымды қаламгермен біраз жыл қызметтес болып тәлімін алдым. Сол уақытта ағалық қамқорлығын көп көрдім.
Төкеңмен 2000 жылдардың басында танысқаныммен ол кісінің атына бала кезден қанық едім. Май ауданының тумасы, ұзақ жылдар басшылық қызметтер атқарған жездем Сейфолла Алшынбаев менің анамның туған апасы Балшекердің өмірлік жары болды. Зиялы қауымның әңгімелері де ерекше болады ғой. Шамамен жеті-сегіз жасымнан нағашы апам мен жездемнің әңгімелерінен Төлеубек Қоңыров, Мерзихан Шайхин, Мұқсихан Заитов, Шахан Мусин есімдерін жиі еститінмін. Жазғы демалыста қыдырып келгенде үйлеріне араласып жүрген замандастары жиі келетін. Жездем өте балажан адам еді. Менімен кәдімгідей әңгімелесіп отырады. Олар кеткен соң қонақтарды таныстырып, «анау пәленбай», «мынау түгенбай» деген кісі деп айтып жатады. Ойын баласына ол қызық болсын ба?. «Иә, иә ұқтым»,- дей салып қалалық саябаққа қашан апарасыз дегенге салушы едім.
Өмір жолы қызық қой, сондағы Төлеубек Қоңыровпен 2001 жылдың маусым айында жақын танысудың сәті түсті. Ауыл мектебінде мұғалімдік қызметте жүріп анда-санда ел жаңалықтарын қағазға түсіріп, кей-кейде шимайлап өлең жазатыным бар еді. Почта арқылы облыстық газетке хат жіберемін. Екі-үш күнде басылым бетінен жарқ етеді. Мен мәзбін. Бірде өлеңімді алып өзім келдім. Поэзия бөліміне жауапты Қажымұрат Смағұлов ағамның кабинетінде отыр едім бойшаң, денесінде артық еті жоқ бір ағай кіріп келді. Қажекең: «ойбу, Төке, мен мына «сволышпен» отырып қалғанмын ба? Түскі астың уақыты боп қалыпты ғой»,- деді де, айтпақшы мынау Қимаш ақынның жерлесі екен. Жұмабек Сманов деген осы жігіт деп таныстырды. Төлеубек аға да мені бұрыннан танитын адамдай қол беріп амандасқаннан кейін құшақтап, маңдайымнан иіскеді. Бауырмалдығын сездім. Сол күннен бастап өмірінің соңына дейін осы бір әдетінен жаңылған емес.
Қажекең екеуінің қалжыңы жарасымды еді. Нағашылы-жиен болып бір-бірін «қағытып» отыратын.
-Біздің санымыз 9 миллионға жетті,- деп бастайтын әңгімесін. Шыққан тегі Найман атаның ұрпақтарын түгендеп жүретін. Бұл оның рушылдықтан емес, аппақ жүрегінен шыққан әзілі ғана еді. Оның өзінде өскелең ұрпақ тегін біліп жүрсін дегеннен туған ой екенін іштей сезіп тұратынбыз. Десе де, «сонда өзі 18 миллион қазақтың тең жарымы Сіздер екенсіздер-ау,- деп бір күліп алатынбыз.
Ол кісі зейнеткерлікке шыққаннан соң да редакциямен байланысын үзген емес. Жиі-жиі келіп тұратын. Кейде далада шылым шегіп тұрғанымызда келіп қалатыны бар. -Әй, Қажымұраттың сволышы, бұрқыратып тұрсың ба?- дейтін. Өзімсінген адамға аса еркінсініп алатын әдетіміз бар емес пе. -Иә, әкем түтін шығарсын деп тастап кеткен жоқ па?-деп қоямын. Бір күліп алады да: -Әй, сволышым-ай, басқа түтін ғой ол,- деп маңдайымнан тағы иіскейтін.
Менің есімде Төкең өте салиқалы, момын, қарапайым адам ретінде қалды. Жас кезінде бокспен шұғылданған екен. Бойын тік ұстайтын, қарттық жеңіп барады, ауырып жүрмін дегенін естіп көрмеппін. Жазуы моншақтай еді. Ол кездерде редакция компьютермен толық жабдықталмаған. Ақ қағазға түсірген материалдарынан адамның мінезі де сезіліп тұрады ғой. Кейіннен отбасылық жағдайымен Елордаға көшіп кеткенде де маған үнемі хат жазып тұратын. Енді міне арамызда Төкең де жоқ, хат-хабар да жоқ. Қалғаны – жаны жайсаң жақсы адаммен өткізген сол бір күндердің естелігі мен сағыныш қана…
Жұмабек СМАНОВ.