Ойды ой қозғайды емес пе?! Бірде кешкісін ас ішіп отырып, келіншегім: – Осы жұртшылық Құдайберген Сұлтанбаевты ұмытқан ба қалай? Дүниеден озғалы марқұм туралы ештеңе айтыла қоймайды,- деп «ұрып» қалмасы бар ма. Неге және кімнен екенін білмеймін, бетім ду ете қалып, ұялып кеттім. Ойланып қалдым. Бұл естеліктің жазылуына себеп осылай болды.

Өнердегі жолын 1970 жылы «Гүлдер» ансамблінде жарық берушіліктен бастаған ол сан қырлы талантымен халықтың сүйікті актеріне айналған Құдайберген ағамыз 2010 жылдың желтоқсан айында дүниеден озған еді. Содан бері бір мүшел жас уақыт өтіп кетіпті…

Жас кезінде ауыр атлетикамен, акробатикамен айналысқан екен. 1974-1992 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік өнер институтының актерлік мамандығын, Абай атындағы Мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданып, өмірінің соңына дейін осы театрда қызмет етті. Қара шаңырақ сахнада: Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Жарас, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Жантық, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Анасында» Майсалбек, «Ғасырдан ұзақ күнінде» Сәбитжан, Оралхан Бөкеевтің «Құлыным меніңінде» гитарашы жігіт, Асқар Сүлейменовтің «Төрт тақта-жайнамазында» собес қызметкері, Әбдіжәміл Нүрпейісовтің «Қан мен терінде» тілмаш, Дулат Исабековтің «Әпкесінде» Тимур, Уильям Шекспирдің «Гамлетінде» актер, «Ричард ІІІ»-де Епископ, Ф.Эрвенің «Түлкі бикешінде» режиссер көмекшісі, Николай Гогольдің «Ревизорында» Бобчинский, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» тілші, Е.Уахитовтың «Құдаларында» Әбдісалам тағы да басқа көптеген толымды бейне сомдады. Актердің соңғы сәтті жаңа жұмысы Ә.Рахимовтің «Қылмыскерге куәлік» спектакліндегі Әкім бейнесі еді. Оның бұл бейнелері қазақ театр тарихынан өзіне лайықты орнын алары анық.

Қ.Сұлтанбаев сан қырлы талант болды. Оның ерекше бір таланты – сатира жанрында жарқырай көрінді. Бұл тұста «Тамаша» әзіл-сықақ театрының іргесін қалаушылардың бірі болған актер өмірінің соңына дейін оның бағдарламаларына белсене қатысып, көрерменін хас өнерімен сусындатып өткенін атап айту керек. Бала кезімізде Тұңғышбай Жаманқұлов екеуі теледидар экранына шыққанда үлкендердің «нағашы мен жиен шықты»,- деп жататынын қалай ұмытайық?!

Көрнекті актер кино өнерінде де өзіндік із қалдырды. Ол режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің бірнеше фильмінде, сондай-ақ «Б.Шамшиевтің «Көктөбедегі кездесу», З.Подольскийдің «Қош бол, Медеу», С.Тәуекелдің «Махамбет», Рүстем Әбдірашевтің «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе», т.б. көркем фильмдерде әрқилы да қызғылықты бейнелер жасады.

Сан қырлы талант иесі ән салып, бірнеше аспапта шебер ойнады, суретшілік өнерден де кенде болмады. Ал, Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық еткен кезеңінде 2005 жылы оның студенттері Қырымда өткен Халықаралық студенттер мен жастар фестивалінде Бас жүлдеге ие болды.

Құдайберген Сұлтанбаев 1995-1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы І сайланған кәсіби Парламентінің депутаты да болды. Ол осы кезеңде ел үшін өзекті мәселенің бірі Арал мәселесіне ерекше назар аудартып, сайлаушыларының аманатын орындады.

Бір сөзбен айтқанда тума талантты тұлғалар ешқашан ұмытылмауы керек. Өскелең ұрпаққа кеңінен насихатталуы тиіс. Жаныңыз жәннатта, орныңыз жұмақта болсын, жақсы аға!

Жұмабек СМАНОВ.

Пікір үстеу