2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан тарихындағы маңызды саяси оқиғалардың бірі – жаңа Конституция негізінде қалыптасатын бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған конституциялық реформалардың заңды жалғасы әрі тәуелсіз Қазақстанның демократиялық дамуындағы жаңа кезең.
Құрылтай сайлауы – жай ғана депутаттарды сайлау емес. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға, азаматтардың саяси үдеріске қатысуын арттыруға және елдің болашақ даму бағытын айқындауға бағытталған маңызды қадам.
Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстан бір палаталы Парламент – Құрылтай моделіне көшті. Бұл өзгерістің басты мақсаты – заң шығару үдерісін оңтайландыру, депутаттардың жауапкершілігін күшейту және халықтың мүддесін тиімді қорғауға мүмкіндік беру.
Бір палаталы жүйенің артықшылықтары аз емес. Заң жобаларын қарау мерзімі қысқарады, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісі жеделдейді, бюрократиялық кедергілер азаяды. Сонымен қатар әрбір депутаттың жеке жауапкершілігі артып, қоғам алдындағы есептілігі күшейеді.
Ең бастысы – Парламенттің басты міндеті өзгермейді. Ол халықтың үнін жеткізіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті сапалы заңдарды қабылдайтын негізгі өкілді орган болып қала береді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өзінің саяси институттарын кезең-кезеңімен жетілдіріп келеді. Әлемдегі өзгерістерге бейімделу, заман талабына сай мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру – кез келген егемен елдің табиғи даму жолы.
Құрылтай сайлауы да осы жаңғырудың маңызды көрінісі. Оның нәтижесінде қалыптасатын жаңа Парламент ел экономикасының тұрақты дамуына, инвестициялық ахуалды жақсартуға, әлеуметтік саясатты жетілдіруге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған заңдарды қабылдауға қызмет етеді.
Саяси тұрақтылық пен заң үстемдігі – экономикалық өркендеудің басты кепілі. Сондықтан бұл сайлау елдің ұзақ мерзімді дамуына тікелей ықпал ететін маңызды кезеңдердің бірі болып саналады.
Сайлау нәтижесінің әділ әрі шынайы болуы ең алдымен азаматтардың белсенділігіне байланысты.
Дауыс беру – әр адамның конституциялық құқығы ғана емес, азаматтық жауапкершілігінің де көрінісі. Әрбір берілген дауыс еліміздің алдағы даму бағытын айқындауға өз үлесін қосады.
Сондықтан 23 тамыз күні дауыс беру құқығына ие әрбір азаматтың сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасауы – мемлекет алдындағы жауапкершіліктің, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның белгісі.
Белсенді қоғам ғана күшті мемлекет қалыптастыра алады.
Биылғы Құрылтай сайлауының тағы бір ерекшелігі – алғаш рет дауыс беретін жастардың қатарының көбеюі.
Он сегіз жасқа толған азаматтар үшін бұл – ел өміріндегі алғашқы маңызды саяси таңдау. Олар тек өз құқықтарын пайдаланып қана қоймай, мемлекет болашағына қатысты жауапты шешім қабылдауға қатысады.
Жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы олардың азаматтық санасының қалыптасуына ықпал етеді. Бүгінгі белсенді жас – ертеңгі кәсіби маман, білікті басшы, жауапты азамат.
Елдің ертеңі жастардың білімділігімен, жауапкершілігімен және белсенділігімен өлшенеді. Сондықтан жастардың Құрылтай сайлауына кеңінен қатысуы Қазақстанның жарқын келешегіне салынған маңызды инвестиция деуге болады.
Бүгінде Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өздерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазіргі таңда сайлау науқаны жалпы алғанда ашықтық, жариялылық және заң талаптарын сақтау қағидаттарына сәйкес ұйымдастырылуда. Саяси партиялар сайлаушылармен кездесулер өткізіп, бағдарламаларын таныстырып, өз ұстанымдарын түсіндіруде.
Бәсекелестіктің өркениетті сипатта болуы, заң талаптарының сақталуы және барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндіктің қамтамасыз етілуі – демократиялық сайлаудың басты талаптарының бірі.
Бұл үрдіс қоғамдағы саяси мәдениеттің нығайып келе жатқанын да көрсетеді.
Құрылтай сайлауы – еліміздің саяси тарихындағы жаңа белес. Ол мемлекет басқару жүйесін жетілдіруге, заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Әрбір азаматтың таңдауы – елдің ертеңіне қосылған үлес. Сондықтан 23 тамыздағы сайлауға белсенді қатысу арқылы қазақстандықтар тек депутаттарды ғана емес, мемлекетіміздің алдағы даму бағытын айқындауға өз үлестерін қосады.
Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы – жауапты азаматтардың белсенді ұстанымына, заңға құрметіне және ел тағдырына деген ортақ жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай сайлауы – өткенге есеп беретін емес, болашаққа сеніммен қадам басатын елдің маңызды саяси таңдауы.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий