Мәшһүртану белестері
Мәшһүр Жүсіп бабамыздың ұрпағы – Абай Шарапиевтің 2019 жылы басып шығарған «Ақиқат» кітабына енгізілген «Мәшһүр Жүсіптің Баянауыл, Кереку төңірегінде жақсы көрген, араласқан дос-жарандарының немересі Төлеубайдың естелігі бойынша тізімінде» Әбдіразақ Дүржанұлының есімі де бар.
Әбдіразақ ата туралы құнды жайттарды бізге бұл жолы ұрпағы – Жанат Әбдіразақов және оның жұбайы – «Алтын алқа» иегері Күлдана Мұқашқызы әңгімеледі. Өңірінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Олжабай батыр» төсбелгілері жарқыраған Жанат Әбдіразақов – саналы ғұмырын жүргізушілікке арнаған, «Жаңажол» кеңшарында тер төккен азамат.
Алдымен Мәшһүр бабамыздан қалған жалғыз суретке тоқталсақ, ондағы өзге екі адам оның досы Әбдіразақ және Аллажар Әбдіразақұлы екені қалың көпшілікке мәлім. Байқасақ, осы суретте Мәшһүр атамыздың кеудесінде тұрған ақ түсті зат көзге шалынады. Сөйтсек, атамыз суретке түсер алдында «Иелерім шошынады» деп кеудесіне құран қойған екен. Осы сурет тарихына Абай Шарапиевтің «Ақиқат» кітабынан қосарымыз: «Нағи ата 1965 жылы Әбдіразақов Аллажар ақсақалдан сол кісінің 1923 жылы Павлодар қаласында мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып жүрген кезінде Мәшһүр бабамызды қолқалап, Багаевтың фотостудиясына апарып түсіртіп алған фотосын Алматыдан бірнеше дана қып үлкейттіріп әкеп елге таратады. Осы фотосуретті Аллажар әкесі Әбдіразақ екеуі Мәшһүр бабамыздың қарсы болып, «қайтесіңдер мені сүйреп, қартайғанда ел көретіндей бізде небір түр-әлпет қалды дейсің» деп барғысы келмегеніне қарамай түсіртіп алған екен».
Жалпы, бүгінгі күнге дейін түрлі ғылыми еңбектерде аталған фотоға сипаттама ретінде аты-жөні кездескені болмаса, Әбдіразақ Дүржанұлы есімі әр жерде там-тұмдап қана аталып жүрді. Тек журналист Бақи Әбдіқадыров Әбдіразақ ата туралы тұшымды мақала жазып қалдырды.
Осы тұста бір қызықты жайтқа тоқталмай кетуге болмас. Бақи Әбдіқадыровтың есімін әулие Мәшһүр Жүсіп қойыпты. Бұл туралы бізге белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрманов әңгімелеп еді:
– Бұл әңгімені мен журналист Бақи Әбдіқадыров ағамнан естідім. «Мәшһүр Жүсіп ата біздің айналамызда төрт кісінің атын қойды, соның үлкені – Ақжігіт», – дейтін. Мәшекең Бақи ағамызға ат қойғанда, әкесі: «Бақиы несі? Аузыңызға басқа ат түспеді ме?» – десе керек. Сонда Мәшекең қарқылдап күліп, «Әй, Әбдіқадыр, менен несін сұрайсың, ақылдан әлі жұтаған жоқпын. Осы заманда мен Мұрат қожаның баласы Исабек ишанды жоқтадым, Шорманның Мұсасын жоқтадым, Боштайдың Құсайынын жоқтадым. Мен жоқтамаған адам бар ма, біз өлгеннен кейін бізді кім жоқтайды?! Сонда бұл бақилықтарды іздейтін бала болады, – депті. Осы оқиғаға қатысты Бақи ағам: «Алдымен Ақжігіттің (Торайғыр ауылының тумасы Ақжігіт Көпейұлы – Ж.Қ.) атын қойды, содан кейін оңбастай қып менің атымды Бақи қылып қойды», – деп қалжыңдайтын…
Ендігі әңгімемізді Бақи Әбдіқадыровтың жазбасымен өрбітелік.
Бақи Әбдіқадыров естелігінен:
«1927 жылдың 20 мамырында Шымкент қаласынан Мәшекеңе жазған хатының соңында Жүсіпбек: «Міне, сізге әзірше жазатын әңгімем осы. Амандығыңызға тілеулес мағұлым ініңіз – Жүсіпбек. Әбдіразақ ағайға сәлем, суретіңіз сақтаулы, балалар сау» деп жазған. Сонда Жүсіпбектей атақты, Мәшһүрдей шарапатты адамдар ауызға алып, әдейі сәлем айтатындай Әбдіразақ деген адам кім? Мен осыны ойлай отырып, Жүсіпбек пен Мәшекеңнің арасында бірдей сыйлы болған Әбдіразақ жайлы айтпақпын.
Әбдіразақ – Әбағаң жүзі өте сұсты, шегір көз, ақсары адам болатын. Әйелі ерте қайтыс болып, екінші рет төсек жаңғыртпаған Әбағаң ұлдарының қолында, Зағира, Күлғалима сияқты келіндерінің күтімінде болды. Күлғалима – менің туған әпкем, Әбағаңның төртінші ұлы Аллажарға ұзатқанбыз».
Осы тұста Жанат Аллажарұлы: «Мен негізі Мұхамеджардың баласымын. Аллажар әкемнің баласы болмай, мені асырап алған. Туған шешем Зағира Жәми деген ұстаның қызы екен. Кішкентай күнімнен темірден керек-жарақ жасай қоюға ыңғайым бар еді. Әлдеқандай зат жасап, не қирағанды жамап-жасқай қалсам, әкем жақтырмай: «Жәми ғой, Жәми!» – деп қағытып өтетін. Әке-шешем өзімнің туған ата-анамнан қызғанып, ол жаққа жолатқылары келмеді», – десе, жұбайы Күлдана Мұқашқызы: «Атамыз Мұхамеджар ақкөңіл, жақсы адам еді. Бірде сапардан келсе, үйдегі бесік бос тұр екен. «Бала қайда?» – деп сұраса, әйелі: «Өліп қалған!» – деп жауап беріпті. Сөйтсе, алты айлық баланы абысыны мен қайынағасының бауырына салып беріпті, – деп жалғады.
Бақи Әбдіқадыров естелігінен:
«Әбдіразақ пен Мәшекең екеуі түйдей құрдас. Құдалығы, құрдастығы өз алдына, екі жақсының арасында тек қана өздеріне түсінікті ерекше бір сыйластық болғаны анық. Біздің білетініміз, тек қана сыртқы қарым-қатынастары. Мәшекеңнің қыстауы Ескелді мен Баянның арасы ол кезде араға бір қонып баратын жол. Жасыбай асуының аузындағы біздің Қызылшілікте қонақ түсетін үйлер, оның бер жағында Мәшекең секілді шақырып келтіре алмайтын қадірлі кісіні хан көтеріп алатын ауқатты адамдар болғанымен, дуанға бара жатқан жолында Мәшекең ылғи осы Әбдіразақ үйіне ат басын тірейтін. Қызылшілікте ең сауатты үй де осы Әбағаңның үйі, өйткені бүкіл ауылда Әбағаң ғана газет алдырып оқитын. Қалыңдығы бір қарыс бөлке нанды да біз алғаш рет осы құданың дастарханынан көріп едік. Орысша сөзді де алғаш рет осы үйде естідік. Әбдікәрім-Әкетай ағамыз гитара тартатын. Әңгімемізді толықтыру үшін Аллажар жездеміздің аузынан естіген мына бір әңгімені айта кеткім келеді. Ағасы Мұхамеджар Вознесенск темір жолының құрылысы тоқтағаннан кейін, Қызылшіліктегі үйге бір орыс жолдасын ертіп келіпті. Сол жылдың күзінде ақ патшаның тақтан құлаған хабар естілісімен, Әбағаңның «орыс қонағы» түнделетіп Баянға тартып кетеді. «Кейін білдік, бұл Баянауыл ауданының алғашқы ревком төрағасы Поздняков болып шықты», – дейтін Аллажар жездеміз».
Жанат Әбдіразақовтың әңгімесі:
– Боқырау жәрмеңкесі болса керек. Елден керек-жарағын алуға келген ауылдың бір адамымен аудандық милиция қызметкері арасында жанжал шығады. Бұдан бірнеше ай бұрын жоғалған милицияның аты әлгі адамның астында жүр екен. «Мен далада жайылып жүрген жерінен тауып алдым!» – дейді ол. «Жоқ, бұл атты сен ұрлап мініп жүрсің!» – дейді милиционер. Даудың аяғы төбелеске айналады, қолында наганы бар милицияға ешкім батып «қой» дей алмайды. Осы кезде бұлардың жанынан өтіп бара жатқан атам Әбдіразақ милиционерді қамшымен тартып-тартып жіберіпті. Сөйтіп атамды жауып тастайды. Таңертең түрме бастығы «бунтарь шал» жатқан камераға кірсе, ол шапанын шешіп астына төсеп, арқасын қабырғаға сүйеп, малдас құрып, жайбарақат отыр екен. Қараса, шалдың жан-жағында, қабырғаға қаптатып жабыстырып қойған Ленин суреттері дейді. Мұны көріп сасып қалған түрме бастығы: «Ты кто такой?» – деп сұрайды. Сонда атамыз жан-жағындағы Лениннің суреттерін нұсқап: «Я правый глаз Ленина!» – деген екен. Сол кезде атам Лениннің суреттерін газеттен қиып алып, қалтасына салып жүреді екен. Мұны көрген түрме бастығы мынау нағыз большевик қазақ екен деп, атамнан кешірім сұрап, аттандырып салыпты.
Бақи Әбдіқадыров естелігінен:
«Ауыл арасында Әбағаңның беделі айрықша болатын. «Әбдіразақ айтыпты» десе болды, шешілмеген дау да, кешірілмеген сөз де қалмайтын. Бәлкім, табиғатынан әділ, тумысынан батыл, алғыр ақылы үшін де Мәшекең өз құрдасын қадір тұтқан шығар. Мәшһүрге жазған хатында Жүсіпбек Әбдіразақты «ағай» деп құрметтеп, көп сәлем айтуының себебі де, міне, осында жатыр. Және Әбағаңмен төрт-бес атадан қосылатын Сұлтанмахмұт ауылы Қызылшіліктен тай шаптырым жерде ғана. Сырқат ақынның көңілін сұрауға бірнеше рет келген Жүсіпбектің Әбдіразақ үйіне соқпай кетуі мүмкін емес. Ал енді Жүсіпбектің хатындағы «суретіңіз сақтаулы» деген сөзге келсек, ол былай. Совет өкіметінің алғашқы жылдары ауыл жастарының біразы оқу-білімге жаппай талпынғанын білеміз. Баяндағы жаңа мектепте Сұлтанмахмұтпен бір жылдары оқыған зерек баласы Аллажарды әкесі Керекуге одан әрі оқуға жібереді. Жүсіпбектің хатында көрсетілген сурет осы тұста, жиырмасыншы жылдары түсірілген. Мәшһүр Жүсіпке деген теріс көзқарастың кесірінен ұзақ уақыт құпияда сақталған бұл суретті мен Жаңажолда алтыншы класта оқып жүргенде көріп едім. Осы суреттің толық тарихын 1967 жылы ғана жездемнің (Аллажардың) өз аузынан естідім».
Жанат Әбдіразақовтың әңгімесі:
– Суретке түсуді ерсі көретін екі ақсақалды Багаевтың студиясына алып бару оңайға түспеген. Әсі-ресе, артық жүрісті сүймейтін Мәшекең «Қайтесің бізді сүйретіп, ел көретіндей бізде не бір келбет қалды дейсің» деп барғысы келмепті. Мәшекең әкем Аллажардың бала күнінде аузына түкіріп ырым қылыпты. Екі ақсақалға бірдей еркелеп өссе керек. Сонысын пайдаланып: «Мәшекең көнбесе, ашуланған болыңыз. Немене, ортамыздағы бір баланың меселін қайтарып… Суретке мен-ақ түсейін. Тозақтан қорқып отырған шығарсың, тозақ отына мен-ақ күйейін, сен жұмаққа бар»… деп айтыңыз депті әкем атама. Сол сөздерден кейін әулие бабамыз: «Жектір атты!» деген көрінеді.
Біле білсек, Мәшһүр Жүсіп бабамыздың жалғыз суретінің дүниеге келіп, сақталуы, жұртшылыққа таралуы – Аллажар Әбдіразақұлының арқасы. Алайда бүгінгі күнге дейін ол кісінің осы еңбегі журналист Бақи Әбдіқадыровтың еңбектерінен басқа жазбаларда өз дәрежесінде аталған жоқ.
Осы материалды жазу барысында Әбдіразақ атаның тағы бір ұрпағы – Мереке Әбдікәрімовпен хабарласқан едік. Мереке Талқайратұлы бізге екі шумақ өлеңнің фотосуретін жіберді:
«Жолдасым Көпейұлы Мәшһүр Жүсіп,
Отыр ғой күлімсіреп көзін қысып.
Данышпан дара туған құрдасым-ай,
Болжайсың келешекті ойлап-пішіп.
Ортада сүйеніп тұр Аллажарым,
Береді кемтарларға бар жиғанын.
Ақ пейіл қолың ашық қарағым-ай,
Көрерсің ақыретте хақ дидарын.
Әбдіразақ Дүржанұлы, 15.12. 1924 жыл. Кереку қаласы».
Бұл өлең Бақи Әбдіқадыровтың мақаласында да аталып, «Суреттің алғашқы даналарының бірінің сыртына Әбдіразақ Дүржанұлы өз қолымен жазған» делінген. Ал Мерекенің айтуынша, төте жазудағы өлеңнің түпнұсқасын Талғатбек Әбдіразақов (Әбдіразақ атаның ұрпағы) кирилл қарпіне көшіріпті.
Бақи Әбдіқадыров естелігінен:
«1959 жылдың күзгі күндерінің бірі болатын. Мен ол кезде Семей облысының Жарма ауданында аудандық газеттің қызметкерімін. Бірде мал қыстақтарының қысқа әзірлік жайын білмек болып іссапарға шықтым. Мен іздеп барған бақташының қыстауы аласа адырдың етегіндегі жалғыз үй екен. Үй иесі мені, аудандық газеттің тілшісін солай қарай бастады. Кенет мал қорасына кіреберісте қабырғаға сүйеулі тұрған тас сынығына көзім түсті, зиратта қабір басына қойылатын тас екен. Шапқымен ойып түсірілген араб әріптерін ежіктеп оқи бастағанда, өз көзіме өзім сенбедім. «Әбдіразақ» деген жазуды анық таныдым. «Адамның басы – Алланың добы» деген осы. Кешегі бір ашаршылық келген аумалы-төкпелі заманда Әбағаң тағдырдың айдауымен осы жаққа келіпті. Сөйтіп, Мәшһүр сынды ғұламамен үзеңгілес, төрде отырса тізелес болған досы, аяулы ағамызға топырақ Семей елінен, Жарма ауданындағы Қазаншұңқыр тауының бөктерінен бұйырған екен. Жездем Аллажар ол кезде елде, Баянда болатын, дереу хат жаздым. Көп бөгелген жоқ, Күлғалима әпкем, Жанат жиенім үшеуі келді де, марқұмның басын ретке келтірді».
Жанат Әбдіразақовтың әңгімесі:
– Бақи ағамыз айтып отырған сапар еміс-еміс есімде. Одан кейін атамыз жатқан топыраққа араға ұзақ жыл салып, яғни, 2012 жылы жол түсті. Кейін, 2014 жылы, балаларым мен немерелерімді ертіп барып атамыздың басына тас қоюдың сәті туды.
Айта кетерлігі, Жанат Аллажарұлы мен Күлдана Мұқашқызы жеті бала тәрбиелеп өсірген. Балаларының бірі – Әсет Әбдіразақов С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген. Бүгінгі таңда жеке кәсіппен айналыса жүріп аталарының игі жолын насихаттауға да үлес қосуда.
Осы жолдар авторы баянауылдық ақын, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторант Бағдат Дүйсеновке хабарласып, Әбдіразақ Дүржанұлының басындағы құлпытас жазуын оқып беруін сұрады. Тастағы мәтін мынадай екен:
«1934.8.9. Марқұм Әбдіразақ Дүржанұлы опат болды 76 жасында. Зады Сүйіндік, Баянаула ауданы».
2014 жылы ұрпақтары орнатқан қара мәрмәр құлпытастағы мәтін мазмұны мынадай: «Әбдіразақ Дүржанұлы. Баянауыл тумасы. Сүйіндік-Айдабол. Белгі қоюшы немересі Жанат, шөберелері. Шөпшектері (ары қарай тізім берілген – Ж.Қ.). Бұл тас мәтінін Бақи Әбдіқадыров жазып берсе керек.
Біз Жанат Әбдіразақовтан «Әбдіразақ атадан жәдігер қалуы кәдік. Әкеңіз Аллажардан естелік бар ма?» – деп сұрағанымызда, ақсақал әкесінен шапан қалғанын айтты. Бұл шапан – әзірге Аллажар мұғалімнен қалған біз білетін жалғыз бұйым…
Жанаргүл ҚАДЫРОВА,
ҚР Ақпарат саласының үздігі.