«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең», – дейді халқымызда. Әсіресе, біздің бүгінгі қоғамға айтары мен көргені бар, жастарға рухани азық болатын тағылымды әңгімесі бар қариялар керек болып тұр. «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнеки жағада тұр»,- дейді Мұқағали. Кейінгі буынды туралыққа шақырып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, немереме, шөбере сүйіп өткен абыз аталардың бірі – Тәжібай Шәймерденов еді. Жарықтық, жақсы адам жайлы естелік жазу көптен ойымда жүр еді.
Тәжібай атамыздың өмірлік жолы өнегеге толы еді. Небары он сегіз жасында жігері жалын атқан жас жігіт арман қуып Алматы қаласына аттанады. Ауыл баласы бөтен қаладағы тірлікке бірден бейімделіп, Абай атындағы Қазақ педагогика инстинутының студенті атанды. Туған ордасы, ата-ана мен жекжат-туыстан жат жүрсе де еті тірі Тәжібай Рахметоллаұлы мұратқа жету жолында еш қиналмады. Мақсат қойды, соған жетті. Бұл өзі өскен ортада алған тәрбиенің дұрыстығынан шығар.
Тіпті, студенттік шағында өзге замандастарынан оқ бойы озып тұрған жас жігітті байқаған деканат басшылығы шақырып алып, Мәскеуге академияға тегін оқуға жібереді. Сәл кейінірек, 1950 жылы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмәмдаған соң, оны сол кездегі тәртіп бойынша жолдамамен шекара асырып, Ресей Федерациясының Омбы облысына жібергенде де жүрексінбегеніне қалай таң қалмайсың?!
-Мұндай ұсынысқа қарсылық таныта да алмас едім,- деп еске алып еді бір кездескенімізде. Өйткені, институтта жүргенде-ақ партия қатарына өтіп алған екен. Омбы облыстық оқу бөліміне барады. Негізі ол сондағы педагогикалық училищеге баруы керек еді. Бірақ, бөлім меңгерушісі аз-кем әңгімелескеннен кейін, жанарына тіктеп қарап: «Сізді біз алыстағы ауыл-село мектептерінің біріне жіберуді ұйғарып отырмыз»,- дейді. Ол кезде үлкен айтса, басып айтады, оны жастар мүдірмей орындауы тиіс деп есептейтін шақ еді ғой. Сөйтіп басшы айтқан ұсынысты бөгетсіз қолдап, ауылға кете барады. Алғашқы еңбек жолы Омбы облысының Таврический ауданындағы Стахановка деп аталатын орта мектепте басталады. Соғыстан енді есін жиып жатқан елдің еңсесін тіктеп үлгермеген шағы. Ұжымда кілең қарттар мен соғыстан жарақат алып, мүгедек болып қайтқан жандар дәріс береді екен. Жоғары білімі бар жалғыз жігіт көп ұзамай мектеп директорлығына тағайындалады…
Зырылдаған уақыт бір орында тұрсын ба, көзді ашып-жұмғанша келісім-шарттың үш жыл мерзімі өте шығады. Әр ісінің берекесі жеміс беріп тұрған жігіт біраз мүмкіндіктерге жол ашылып тұрғанына қарамастан туған жеріне деген ыстық махаббатының лебімен Майқайыңдағы орта мектепке тартып тұрады. Бұл жерде де білікті маманның бойындағы өткірлік, өзіндік көзқарас сынды қасиеттері қылаң беріп тұрған жоқ па?! Өзі оқыған, өзіне дәріс берген ұстаздарының ортасына келіп, бірден оқу ісінің меңгерушілігіне ұсынылады. Араға бір жыл салып Тәжібай Рахметоллаұлы Баянауыл аудандық партия комитетінің ұйғарымымен Екібастұз кентіндегі жаңадай бой көтерген №2 орта мектебін басқаруға аттанады.
Заманауи үлгімен салынған білім ошағында 600-ден астам оқушы бар еді. Барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру міндеті қойылған. Көпшілік жақсы біледі, ол кезде жаңа бой түзеп келе жатқан кеншілер қаласына ойдан-қырдан ағылған мамандар көптеп келген-ді. Қолдың бес саусағы секілді арасында әлеуметтік жағынан түрлі отбасылар жиналған қалада қызмет атқару да анау айтқандай оңай шаруа емес еді.
Әсіресе, орыс сыныбында оқитындардың ішінде оқу үлгерімі төмен, қатарластарынан бір-екі жыл қалып қойған, тәрбиесі қиын балалар басым болыпты. Тіпті, апталап сабаққа келмеу олар үшін, олардың ата-аналары үшін қалыпты жағдай сияқты болатын. Бір шешім қабылдап, мұндай бассыздықты жүгендеу керек болды. Мәселені шешу үшін арнайы Украинаның осы типтес қалаларының тәжірибесімен бөлісу мақсатында іс-сапарға да барып келеді. Соңында қала басшылығының қолдауымен мектепке өндірістік мақсатта қолданылатын станоктар алып, балалардың бос уақытындағы еңбекке баулу ісін қолға алған. Бұл қадамы кәдімгідей нәтижесін беріп, балалардың қызығушылығы арттырған көрінеді.
Біз Тәжібай атаның жүріп өткен жолының кезең-кезеңдеріне ғана тоқталып отырмыз. Әйтпесе, бір мақаламен шектелу мүмкін емес. Абыз ата туралы аңыз қылып айтуға болады. Орта мектептің қатардағы мұғалімінен бастаған еңбек жолында талай баспалдақтан өтіп, облыстық білім беру басқармасының басшылығына дейін көтерілді. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ақсақал талай ғылыми еңбектердің авторы болды. Мәселен, «Мектеп басқару менеджменті» атты кітабы бүгінгі күнге дейін облыс мектептерінде таптырмас әдістемелік құрал ретінде кәдеге жаратылып келеді. Тәжібай Рахметоллаұлының облысымыздың білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі жоғары бағаланды. Ол екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Одақтық деңгейдегі медальдармен марапатталды. Халықтың қалауымен Павлодар облысының халық депутаттар Кеңесінің депутаттығына бірнеше рет сайланды. Инновациялық Еуразия университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент деген атақтары тағы бар. «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мұғалім» деген ең жоғары атаққа лайықты деп танылды. Тәжібай атаның Павлодар облысы мен Екібастұз қаласының «Құрметті азаматы» екенін атап өтуіміз керек.
Түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетов өзінің «Қариялар» атты кітабында шал, қария және ақсақал деген қазақтың үш сөзінің мәнісін терең түсіндіріп береді. Ғалымның айтуынша, шал – өзінің отбасы, ошақ қасынан шыға алмайтын кәрі кісі, қария болса – өзінің ауыл-аймағына ептеп сөзі жүретін, аз да болса беделі бар адам, ал ақсақал бір ауыл ғана емес, бүкіл аймаққа абыройлы, ақты ақ, қараны қара деп төрелік айтатын ауылдың қазынасы болса керек.
Қандай тамаша айтылған сөз. Қарт дегеніміз – ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, қарияларымыздың да білетіні сондай терең. Бәлкім, әдемі қартая білу екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермейтін шығар. Әттең, бүгін арамызда бұл атамыздың жоқтығы сезіліп-ақ тұрады. Бәрі Алланың жазуы шығар…
Жұмабек СМАНОВ.