Жұмабек СМАНОВ

Жаратылысынан бойына өжеттік пен қайтпас қайсарлық дарыған қоғам қайраткері Әби Сарқыншақов ағамыздың келместің кемесіне мініп, танымайтын елге кеткеніне де бір жыл болыпты. Ағамен соңғы бір сөйлескенімде: «Слушай, Жұмабек балам, рухани тұрғыда қарным ашып жүр. Біз осы қайда кетіп барамыз?» – деп қоғамымыздың өзгеріп кеткеніне налығаны бар-ды.

Әби Сарқыншақов бұқараға таныстыруды қажет етпейтін тұлға еді. Көрген-түйгені мол, қызметінде абыройлы, ешқашан болдым-толдым демей ізденіп жүретін. Көп оқыды. Кітапты, мерзімді басылымды «кеміретін». Түйген ойымен бірден қоңырау шалып, қыжылын деймін бе, шерін деймін бе білмеймін, әйтеуір ақтарылып сырласатынбыз.

– Біреулер мақтаумен «арзан абырой» жинап жүр. Енді бірі даттаумен белсенділік танытып жүр. Сонда кімнің кімге өкпесі қара қазандай?! Жалпы, кімге сенерімізді білмей дал болып жүрген жайымыз бар. Айналайын-ау, ішімде іркіліп тұрған назымды шығарғаным ғой. Біле-білсең, бүгінгі қоғамға керек дүние – өскелең ұрпаққа тағылымы мол әңгіме болуы керек, – деп бір тоқтады.

Бұрын аса мән бермеген екенмін, неге екенін бүгін ұқпай жүрмін, әйтеуір Әби аға бір нәрседен көңілі қалғанда маған қоңырау шалатын. Оның өзінде өте мәдениеттілікпен уақытыңды алып жатқан жоқпын ба, бос болсаң келіп кетші, болмаса телефонмен айта берейін, – дейтін де әңгіме «тізгінін» еркіне босатып жіберетін. Мен де тыңдауға жалықпадым. Шын мәнінде қанша сырлассам да ол босқа өтпеген екенін бүгін ұғып отырмын. Сол себепті жадымда қалған бірлі-екілі эпизодтарын ойға жүгіртіп отырмын.

– Бізде мақтанатын, мақтана алатын тұлғалар жеткілікті ғой. Әттең, соны жеткізетін адам табылмай тұр. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай алмай жатырмыз. Тек саяси науқан тұсында кейбіреулер «жалған патриотизмдік» танытып қойғаны болмаса. Басқаны былай қойғанда мемлекеттік тіл мәселесі БАҚ-та әбден «жауыр» болып біткен тақырып. Бәрі жазады. Бос сөз, сөзбұйдаға салу. Ұрандату. Ал, мәселенің оң шешімін табу жолын көрсетер бірі жоқ. Алғашында 1989 жылы «ҚР Тіл туралы» заңы қабылданды, кейіннен өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Не өзгерді? Ештеңе. Қаржы мәселесі бөгет пе? Жоқ. Қыруар қаржы бөлінуде. Тіл саясатын жүргізуге де, жемқорларға тиесілі «үлесін» таратуға да жетіп тұр. Меніңше, атқарып жатқан істері әлі де жеткіліксіз. Шала деуге болады, – деп еді.

Ол кісі жай уақыт өткізіп аузын ауыртпайтын. Шамаларың келсе ұлтымыздың ұлы азаматтарын ұлықтай жүріңдер дегенді үнемі ескертетін. Көзі тірісінде жақын араласқандар растауы керек. Кабинетінде бәленбай жылғы газет-журналдардың тігіндісі, қиындысы қаптап тұратын.

Бірде маған әбден күнге қақталғандай сарғайған газет қиындысын көрсетті. Сөйтсем сонау 1957 жылы Англия Премьер-Министрі Энтони Иденнің Қ.И.Сәтбаев туралы айтқан пікірі бар газет екен. Дипломанттың сөзін оқып берді.

Біздерде, Англияда әлемге мақтан тұтарлықтай тұлға жоқ. Бірақ мұндай таңғажайып құбылыс Кеңестер Одағында бар деп кәдімгідей таң қалады. Сондағы айтып отырғаны өзіміздің Қанекеміз. Қалай, ет-жүрегің елжірей ме? Елжірейді, әрине, – деп өзі де орынан екпін-екпін жұлқынып қойды.

Қатарлас замандастарының әсіресе, аға буын өкілдеріне деген ренішін де бүкпесіз айтатын. Елде ақыл айтар қария азайып бара жатқаны жанына қатты бататынын да жасырған емес.

– Баяғыда үлкендер «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деп жататын. Қазір жастардың алған бағыттарының дұрыс-бұрысын бақылап жатқан ата жоқ. Жастарды «анандай», «мынандай» деп сөге бергеннен гөрі барынша өткеніміз бен болашағымызды болжауға, жақсы менен жаманды айыруға баулып жатсақ тәлімді іс атқарар едік, – деп түйіндеген сөзін қалай ұмытайын?!

Телефон да үнсіз.

Расымен, «Слушай…» деп бастайтын дауысыңызды сағынып жүрмін, аға-ау.

Амал қанша, ханға да, қараға да иілмей өткен бәйтерексіз дегім келеді. Тамырын тереңге тартқан, дауыл жықпас қайсар ағамыздың дәм-тұзы таусылды. Бірақ, артында ешқашан өлмейтін мұрасын қалдырып кетті.

Бақұл болыңыз, жақсы аға!

Добавить комментарий