Pavlodar, KZ
21°
Ясно

Қарап тұрсаң бұл жалғанда уақыттан асқан жүйрік жоқ екен. Билігін де жүргізетін, сыйлығын да ұсынатын осы уақытқа бәріміз бағыныштымыз. Кеше ғана мәуелі бәйтеректей болып ортамызда жүрген, төріміздің сәні болған атамыз Зекебай Солтанбайұлының дәм-тұзы таусылғанына да зымырап бір жыл өте шығыпты. Бүгінгі күн – ертең естелік дегенді мойындамасқа лаж жоқ.

Менің өмірлік жарым Мадияр – атаның немересі. Асылында Зекебай атамды бұқараға таныстырудың қажеті жоқ. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған, «Оқу-ағарту ісінің үздігі», ұстаздық қызметке арнаған 43 жылының отыз төрт жылында Егіндібұлақ орта мектебін басқарған.

Әулеті ғана емес, бүкіл Баян баурайының халқы асқар таудай әке, ардақты ата, ақылы мол қария деп сыйлайтын. Ал мен үшін ол кісінің орны тіпті бөлек еді. Шыны керек туған атамдай бауыр басып кетіп едім. Айтары мол асыл қазынамызды жоғалтқан осы бір жылдың әр күні, сағаты мен минуты сағынышқа толы.

Қазақтың осы жер дегені көш жер деп жатады ғой. Елордада тұратын біздер бір күні Гүлнәр және Күнсұлу тәтелермен хабарластық. Амандық сұрасқаннан кейін атамыздың аздап сырқаттанып, төсек тартып жатып қалғанын айтты.

Жолдасым Мадияр екеуіміз ақылдасып, Алла қаласа таңертең жолға шығуға қамдана бастадық. Ал… Түнде атамыздың дәм-тұзы таусылғаны жайлы қаралы хабар алдық. Жайшылықта зырылдауық дейтін уақытың тоқтап қалғандай болып, таң атқанын күтсеңші. Көз ілместен өксіп-өксіп жылап шықтым. Бар әлемім аспаннан жерге құлағандай күйзелісте болдым.

Әттең, ажал шіркіннің қалай, қашан келетінін кім білген?! Соңғы рет кездескенімізде:

– Ата-ау, әлі көрісеміз. Алла қаласа жазда келеміз,- деп сөз берген едім. Абыз атамнан әлі де көп нәрсе сұрағым келетін, ғибратқа толы әңгімесін тыңдағым келетін. Қайран сол күндер-ай…

Біз келгенімізде атам балаша қуанатын, мәз болатын. Шөбересі Ердәуірді бірге алып келетінмін. Айтпақшы, тұңғышымыздың атын өзі қойған еді.

– Айналайындарым-ау, Құдайға шүкір, сендердің замандарың тәуір. Жаңа дәуірдің адамы, атқамінер азаматы, елінің қамын жер ері болсын. Атын Ердәуір деп қойдым,- деп ақ батасын берген.

Осы әулетке келін болып түсіп, ақ босаға аттағанымда ерекше қуанғаны әлі есімде. Мені алтын ұямнан алып кетуге Жұмат аға мен Күнсұлу тәте барған. Сол күні атамыз ақ батасын беріп, керемет өлең жолдарын жазған болатын:

              Туған құдам: Сертай, Гауһар – туысым.
              Алтын Орда қызығымның туысың!
              Күлік атаң – Шобалайдай киелі
              Құт, береке берді жомарт уысың.
              Алтынайжан, жолың болсын, кең, даңғыл,
              Бағың өссін, биіктесін ең алғыр.
              Қосағыңмен қоса ағарып өмірде
              Ақылыңмен дүниені сен таң қыл!
              Ботам, Мадок, тілегімді ақтадың,
              Көп жасаңдар, баянды болсын бақтарың
              Екі жұлдыз жарқыраңдар, жаныңдар!
              Сүрінбеңдер, жаңылмасын жақтарың!
              Күнсұлу қолың құтты болсын!
              Алла жолдарыңды оңғарсын!
              Аталық ақ тілекпен!

25.07.2020 ж.

Жаңа құрылған отаудың өзіндік қиындықтары болатыны заңдылық қой. Сондай сәттерде атаның қуанышы мен аталық ақ батасы бізге жаңа дем берді. Ата мен әжені бала кезімнен танитынмын, Егіндібұлақ ауылына жиі барып тұратынмын. Ол кезде оқушы едік. Жазда жан-жақтан немерелері жиналатын, бірі қой бағуға, бірі жылқы қарауға, енді біреулері қора тазалауға келетін. Менің туған апам Құндыз сол әулеттің келіні, Айсұлтанның жұбайы, қазір үлкен берекелі отбасы құрып, атаның соңғы деміне дейін жанында болған адам.

Шалғайда жүрген соң ауылды аңсап тұрамыз ғой. Атасы шөбересін, шөбересі атасын сағынатын. Сәті түскенде елге келіп, апта бойы ауылда болып, ауылдың тіршілігіне кіріп кететінбіз. Келгенімізде атамның қалай қуанатынын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Баладай мәз болып, дастарқан басында сөйлесіп, жағдайымызды сұрайтын, не өмірде болған қызықты жайттарды еске алатын.

Атаның өз қалыптасқан күн тәртібі болатын. Әдетте таңғы сағат 08.00-де сағат қоңырауы шырылдап, атаның күні басталатын. Кейде ұйықтап кететін, сол кезде немерелері: «Ата, ата, шайға жүріңіз,» – деп оятып, аяғына аяқ киімін кигізіп, қолына таяғын ұстатып, ас бөлмеге жетелей жөнелтетін. Бір қағар әзілдері де бар еді. Кей-кейде: «Мен ерте келіп қойыппын ғой. Кіре берейін бе?» – деп қоятын.

– О не дегеніңіз. Ата, бәрі дайын, төрлетіңіз»,– деп, атаның орындығын жөңдеп, алжапқышын кигізіп, шайын беріп, әңгімелесіп отыратынбыз. Ас ішіп болған соң ақ батасын беретін.
«Кішкентай көбелектеріміз аман болсын,»- деген дұғасынан жаңылмаушы еді.

Ғасырға жуық қағаз-қаламды серік еткенін былайғы жұрт жақсы біледі. Тек өмірінің соңғы айларында ғана жазудан қалды. Сыртқа да көп шықпайтын. Терезеден алысқа көз салып, ойға батып кететін. Ауылдың тірлігі сол ғой, шаруа бітпейді, таңның атуымен түнге дейін жұмыс. Сол кезде атамен бір отырып, өмір жайлы, адами құндылықтар мен жалпы оймен бөліскім келетін, сәті келмеді. Ауылға Ердәуірмен үш-төрт аптаға барып, уақыттың зымырап өткенін байқамай қалатынмын.

Астанаға қайтуға уақыт жақындап қалғанда: «Ата, үйге қайту керек, Ердәуірдің сабағы басталады, Мадок та сағынды, ертең Алла қаласа, жолға шығамыз», – десек, ата: «Ойбуй, келгендерің кеше ғана емес пе»?! – дейтін.
– Жоқ, ата, үш-төрт апта өтіп кетті ғой.
– Алтош, енді қашан келесіңдер?
– Қалада жұмыстарымызды бітіріп, ауылға шауып келеміз, ата, уайымдамаңыз.
– Бұйыртса де.

Бір сәт атамның көңілі түсіп, іштей қимастығы барын сезетінмін. Ондайда менің де жүрегім ауырып, қимай-қимай қоштасатынбыз.

Қайтуға бір күн қалғанда атаның тырнағын алып, қасын қиып беретінмін. Атамыз да әңгіме ауанын қалжыңға бұрып, «Келесі келгеніңше өсіріп қоямын», – дейтін.

Жолға шығар күні ата ақ батасын беріп, терезеден не сыртқа шығып қоштасатын, көп уақыт артымыздан қарап, аман-есен оралуымызды тілеп тұрушы еді жарықтық.

Соңғы рет атамен мамырдың басында көріскен болатынбыз. Сонда ата Мадок екеуімізге өзінің соңғы жарық көрген «Наз» кітабын сыйлап, өмірлі болыңдар, қатар қартайып, менің жасыма келіңдер деген ниетпен табыстаған. Ал шөбересі Ердәуірге «Егіндібұлақ вальсі» кітабын «Құлыным Ердәуірге» деп жазып берген. Бұл біздің соңғы кездесуіміз екен.

Атаға келеміз деп уәде берген едім, бірақ та қайта кездесуге үлгермедім, сол үшін қатты өкінем. Себеп пен салдар көп қой. Ердәуірдің сабағы, менің екінші жүктілігім, денсаулығымның сыр бергені…

Көрегендігі емей немене?! Қоштасып тұрғанда атам:
– Алтош, ботам, нешеусіңдер? Ердәуірге бауыр керек,- деп қалып еді.
Аллаға сансыз шүкір. Жарық дүниеге сүйкімді Ерназ есімді бауыры келді. Атаның сөзін жерге тастамадым, отбасыммен өсіп-өніп келеміз, шүкіршілік етемін.

Мен үшін атам мәңгілік жылыжүзді, өткір ойлы, езуінен күлкі кетпейтін, жаны мен жүрегі әрқашан да жас болып қала беретін тамаша адам, керемет ата болып есімде қала бермек.

Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын. Әжетайыммен бізге қолдау болдыңыздар, жандарыңыз жәннатта болсын. Сіздерді сағына еске аламыз, ұмытпаймыз, дұға етеміз.

Алтынай Зекебаева,
немере келіні

Добавить комментарий