Pavlodar, KZ
21°
Облачно с прояснениями
Бүгін - академик Қ.И.Сәтбаевтың туған күні

Қанағаңның Сіз білмейтін қырлары

…Баянға да жетіп қалдық. Пәуеннің үйінде түстеніп, Павлодар қайдасың деп тағы шықтық жолға…

Қонақ үйден люкс алып жайғастық. Келесі күні ерте тұрған ағай Ертіс жағасындағы екі қабатты үйге барып қайтты. 1911-1914 жылдары осындағы гимназияда оқыған екен. (Қазір бұл ғимаратта Сытиннің «ЭКО» баспаханасы орналасқан).

Оразамызды ашқаннан кейін ағай обкомға кіріп-шығып, содан кейін жаңа салынып жатқан алюмин зауытының кеңсесіне беттедік.

Облыс басшылары Қаныш ағайға қонақасын Ертіс үстінде катерде берді.

Қайтарда Екібастұзға соқтық. Бұл жерде ағай ешкімнің де кеңсесіне кірмеді. Өзін сыртта күтіп тұрған өндіріс басшыларымен аз сөзге келді де, бәрі машиналарына мініп, үйлерінен алаңы мол жас қаланың оңтүстігіне қарай тура тартты да, о шеті мен бұ шеті атшаптырым разрезге келіп тоқтады. Жерге түскен ағай оқшау шығып, жан-жағына қарады. Терең апан түбінде көмір көсіп жатқан экскаватор мен оны тасып жүрген машиналар қоңыздай ғана болып көрінеді. Осы кездегі ағайдың тұрысы үлкен шайқасқа жер белгілеуге келген қолбасшыға ұқсар еді.

– Мына разрезді қалай атап жүрсіздер? – деді ағай жергілікті басшылардан.

– «Богатырь» деп атауды ұйғардық.

– Пішенбаев Қосым дегенді естулерің бар ма?

– Ондай адам бізде істемейді, – деді біреу.

Қаныш ағай күліп жіберді.

– Ол қазір дүниеде жоқ адам. Екібастұз көмірін тапқан сол. Құжаттарын іздестіріп тауып, мына разрезді соның атына койғандарың дұрыс болар еді. Ол көмірді осы жерден тапқан ғой.

Өндіріс басшыларынан үндей қойған ешкім болған жоқ.

– Осындай таусылмайтын байлық тапқан адамға ескерткіш қойсаңдар да артық болмас еді…

Қосым есімін өзім естігенім бар. Баянауылда осы есіммен әр жер аталатын. Жолшыбай ағайдан Қосымды көрген-көрмегенін сұрадым.

–Көргенмін, – деді ағай, – әлде жас айырмашылығынан ба, сөйлескен сәтіміз болған жоқ.  Сабындыкөлдің ар жағындағы үңгірді көргеніңіз бар ма?

Мен көргенімді айттым. Ол Баянауыл селосы жағынан көрініп тұратын.

Жол ұзақ болғаннан кейін Қосым жайлы сұрай бердім. Сондағы ағай айтқан әңгімеден есімде мынау ғана қалыпты: Қосым бозбала кезінде бір қызбен көңіл қосады екен. Бір қу қызды бір байға айналдырып жүрген. Мұны білген Қосым кездескен жерінде ананы өлтіріп жібереді. Оқиға төңкерістен көп бұрын өтеді. Әлгі байдың шығымдануымен казак-орыстар Қосымның соңына түседі. Сонда Сабындыкөлді малтып өтіп, ана үңгірге тығылып, құтылған көрінеді.

– Соны «Қосым үңгірі» дейді, – деді ағай.

– Көлдің ені үш шақырымдай болады ғой, Қаныш аға?

– Болады. Соны малтып өткен дейді…

– Өзімен тілге келіп көрмеген болсаңыз, оның көмірді манағы разрез қазылған жерден тапқанын қайдан білдіңіз?

– Қосымдар кенді көбінесе суыр, қарсақ індерінен іздейді. Әлгі разрез жиегіндегі сары топырақ жұқа. Бұл яғни, егер суыр қазған десек, сол қатты қыста інін тереңдете түсіп, көмірге жетіп қалған ғой. Қосымның көмірді осылай табуы әбден мүмкін.

Павлодарда бізге Алматыдан ұшып келген күйеу баласы, ақын Қайнекей Жармағанбетов қосылған. Осыған байланысты тағы да Айырыққа соғуға тура келді. Жолшыбай Мәшһүр Жүсіп басына құран оқытып, Теңдікке қайтып оралдық та, тағы да Айырық басында болдық.

Айырықтан кейін ағайдың айтуымен өзінің тайға мініп, соңынан шапқылаған әке көшінің ізі қалған Төрткөл – Батпақкөл – Сұңқарқия – Шыбындыкөл – Қаракөл – Аюнияздатып жүрдік Қарағандыға қарай. Ағай өте қобалжулы еді. Кенет машинаны тоқтатып, осы тұстағы ең биік Қаратөбеге шығып, жан-жағына ұзақ қарап тұрды да, бір уақытта сахнадағы артистерше қолын жан-жағына сермеп, өзінен өзі тақпақтата жөнелсін:

«Шаңтимес», «Қотыр Кызылтау», «Алабас»,

«Жыланды», «Шолаққайың», «Керегетас»,

«Талпақ» тұр «Ақирекпен» сол жағында,

«Ақкелін», «Көкдомбақ» пен сол «Найзатас».

«Ақтөбе», «Беріктас» пен «Саржал» тұрған,

«Қарабасқан», «Шақаман» мен сол «Үштаған».

«Бүркітті», «Жайын» мен «Қарашоқы»

Қатардан айтылмаған «Желтау» қалған.

«Далбаның» ең биігі «Тотия»-ды,

«Қараүңгір» бауырында «Найзақара»,

«Белағаш», «Күркелі» мен ол «Қандыадыр»

«Тастыүрпек», «Жылыадыр» мен «Сартау» және

«Жапалақ», «Құттыбайтау», «Мырзағұлтас»,

«Қараадыр», «Шоқпартау», «Мәудікебас».

«Ақбура», «Тұлпар» тосы толып жатыр

Айтуға «Қызылтаумен» жері аралас…

Құдай-ау атап тұрғандарының бәрі осынау өңірдегі жер аттары ғой. Өз басым бұл атаулар жыр жолына тізіліпті дегенді естігенмін. Мұны кім жазған? Кім тізген? Сұрайын деп жанына жақындап барғанымда шарасы жасқа толған екі көзін көрдім де, не айтарымды білмей, кідіріп қалдым. Ол екі көз алысқа-алысқа, өзі көргендей ғана бір нүктеге тіреліп тұрғандай еді. Бүйтпей қайтсін. Бұл жерлердің бірінде Қаныш ағай асық ойнаған, бірінде тайға мініп жарысқан, бірінде қалыңдығына ұрын барған.

Қарағанды төбесі көрінгенде, ағайдың сабасына түсе бастағанын байқап, әлгі жырды кімнің шығарғанын сұрадым.

– Күліктен шыққан Жанақ ақынның «Баянтау» дастаны, – деді.

«Қаныш аға осындай еді» кітабынан.

Б.Аяпбергенов, Қ.Исабай.

Добавить комментарий